Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 13 сағат бұрын)
Қазақстандық ғалымдарға атаулы сыйлықтар табысталды

Бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жеті ғалымға ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар табыстады. Салтанатты шара барысында Ратбай Мырзақұлов, Майнұр Бөрібаева, Гүлнас Ахметова, Күләш Нұрымжанова, Максим Здоровец, Ольга Андрющенко және Нұркен Күзембаев қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегі үшін жоғары марапатқа ие болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ғылым мен білім саласында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгін Қазақстанның ғылым саласындағы белгілі ғалымдар мен қайраткерлері марапатталды. Бәріңізге бақыт тілеймін, Отанымыз тыныш болсын», - деді Ерлан Сағадиев.

Биыл сыйлыққа 75 ғалым-үміткердің жұмыстары ұсынылды. Олардың әрқайсысы өзінің қызмет саласында қызықты зерттеу жұмысын жүргізген. Бірақ сараптамалық талдау мен комиссияның талқылауларынан кейін ең үздік 6 жұмыс таңдап алынды.

Ғалымдар еңбектері үшін 150 АЕК мөлшерінде М.О. Әуезов пен Д.А. Қонаев атындағы мемлекеттік сыйлыққа, сондай-ақ, 350 АЕК мөлшерінде Қ.И. Сәтбаев, Ш.Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Күлтегін атындағы мемлекеттік сыйлықтарға ие болды.

«Біз жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Қатты толқып тұрмын. Барлығыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, тәуелсіздік - бұл бақыт, баршаңызға денсаулық пен бақыт тілеймін. Керемет қоғамда және мемлекетте тұрып жатқанымыз үшін Елбасымызға рахмет», - деді профессор, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің педагогика ғылымдарының докторы Гульнас Ахметова.

«Мен өте қуаныштымын, бүгінгі күн мен үшін аса маңызды. Бұл сыйлықты студент кезімнен армандағам. Міне, енді қолым жетті. Отанымыздың игілігі үшін зерттеулерді жалғастыратын боламыз. Барша қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтаймын. Тарихшы ретінде тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенімізді және тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды екенін білемін», - деді Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақстан мен шет мемлекеттер тарихы» кафедрасының доценті Нұркен Күзембаев.

Елімізде атаулы сыйлықтар 2010 жылдан бастап табысталып келеді. Жыл сайын алты ғалым марапатталады және 75 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі. Сонымен қатар, биыл 25 жетекші және 50 жас талантты ғалым мемлекеттік ғылыми стипендияға  ие болды. Стипендия 2017 жылдың қазан айына дейін ай сайын төленеді.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен бағдарлама жасаудан 17-ші Бүкілресейлік командалық олимпиаданың жеңімпаздары, Астана және Алматы қалаларының Білім-инновация лицейлерінің оқушылары Санжар Бидайбек, Асхат Жалғасов пен Нұрбақыт Мадибек марапатталды. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама