Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 45 минут бұрын)
"Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды": Танымал ақынның сөзі жұртты дүрліктірді

Ақын Танагөз Толқынқызы қазақ қоғамындағы рухани құндылықтардың жоғалуына алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің өткір ойын ортаға салды. Оның пікірінше, қазіргі қазақтар тәуелсіздігін сақтап қалудан қауіптенуі тиіс.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық сананың төмендеуіне алаңдаушылық

Ақынның айтуынша, қазіргі қазақ қоғамындағы кейбір жағымсыз көріністер ұлттың болашағына қауіп төндіреді. Ол мұны былайша сипаттайды:

«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі, біз сапасыз ұлтқа айналып барамыз. Принципі жоқ, надан ұлт қалыптасты. Жағымпаз, өтірікші, екіжүзді, сатқын, намыссыз, фейк, псевдо ұлт болып барамыз. Өз тілінде сөйлемейді. Құлдық сана етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен. Ешкімге ештеңе керек емес. Қорқақ, мақтаншақ, дарақы, критикалық ойлаудан жұрдаймыз. Бейғам, жайбарақат өмір сүріп жатырмыз. Басымызға кім көрінген аяғын сүртіп кете береді. Әлсіз, қауқарсыз, дәрменсіз халыққа айналдық. Бір-бірімізге қайырымсыз, тасбауырмыз. Бір-бірімізді иттің етінен жек көреміз.

Өзімізді-өзіміз тонап, өз тамырымыздан ажыраған тобырға айналдық. Ұры ұлт болып барамыз. Бұл – қазіргі біздің басты қасиетіміз. Жеу үшін жаратылғандаймыз. Қай жерден нені жымқырып жеп қалуды ойлаймыз. Құндылық жоқ. Қарнымыз тойса, бәрін сатамыз. Адам емес, тек құлқынды көремін. Сендер ертең өз тілдеріңді ұмытып, жоқ боласыңдар. Астананы басып алған қара құмырсқалар бұл елді тастап, өз отанына қайтпайды. Олар келген жерін өз отаны санайды. Себебі, принципі жоқ ұлттың жерін де, тілін де, туын да, тәуелсіздігін де ақшаға сатып жіберетінін біледі. Сендер енді өзгермейсіңдер!» – деп жазды ақын.

Қоғамның пікірі

Ақынның бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік оның айтқан сөздерінің бүгінгі қоғамдағы ащы шындықты көрсететінін айтып, қолдау білдірді. Кейбір оқырмандар қазіргі қоғамдағы мәселелерге назар аударып, жастардың тағдырына алаңдайтындарын жеткізді.

Жаңалықтар

Жарнама