Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Қыс ғажайыптары
Ортаңғы топ
Білім беру саласы: "Қатынас"
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекеті: Көркем әдебиет
Мақсаты: Жыл мезгілі қыс туралы түсініктерін кеңейту, өзіне тән ерекшеліктерін ажырата білуін, сурет көріністерін бейнелей білуге үйрету, өз ойын толық жеткізе білуге, жүйелі әңгімелеуге үйрету, бұған дейін алған білімдерін тиянақтау. Балалардың сөйлеу әрекетін, тілін, есте сақтау қабілетін, көркемдік талғамын, ой - қиялын дамыту. Табиғатты аялауға, әсемдікті сезініп, көре білуге тәрбиелеу.

Әдіс - тәсілі: Әңгімелесу, түсіндіру, көрсету, сұрақ - жауап, әңгімелету, ғажайып сәт, ойын, сергіту әні.
Көрнекілігі: Орман көрінісі, қыс туралы, бейнелі суреттер, магнитті тақта, тіс пастасы, сүрткіш, аққала, шырша, ағаштар, аю, қоян, түлкі кейіпкерлері.
Пәнаралық байланыс: Тіл дамыту, қоршаған орта, математика, сурет, ән.
Алдын - ала жүргізілген жұмыстар: Серуен, қыс туралы өлеңдер жаттату.

А. Меңжанованың «Бұл жылдың қай мезгілі?» өлеңін оқу.
Шанамен зырғып желетін
Коньки, шаңғы тебетін,
Аққала жасап ойнайтын
Қай мезгіл деп ойлайсың?
- Қыс мезгілі
- Жарайсыңдар, балалар, қыс мезгілінің белгілерін білеміз бе?
- Қар жауады, аяз болып, боран соғады.
- Ендеше, боран соққанын қимылмен қалай көрсетеміз?
(Қолдарын жоғары көтеріп, гуілдейді)
- Қатты аяз болып тоңғанда не істейміз?
(Қолдарын қусырып, аяқтарын топылдатады)
- Ал күн шыққанда не істейсіңдер?
(Алақай, деп қолдарын көтереді)
- Жарайсыңдар, осындай тамаша көңіл - күймен орманға барғыларың келе ме?
- Ия, барғымыз келеді.
- Ендеше, менің сиқырлы қалпағымның көмегімен біз орманға барамыз. Қане, бәріміз көзімізді жұмамыз.
(Балалар көздерін жұмады, ашқан кезде орман көрінісі көрінеді)
- Міне, балалар, біз орманға келдік. Орманнан нелерді көріп тұрмыз?
- Қар басқан шыршалар, ағаштар, аққала, үйілген қарлар.
- Қар туралы сендер не білесіңдер?
- Аппақ, аппақ қар аппақ
Айналаның бәрі аппақ
- Шыршаның түсі қандай? Бойлары бірдей ме?
- Түсі жасыл, бойлары биік және аласа
- Орманда тағы нелер бар екен? (Қоян, түлкі шығады)
- Аңдар бар.
- Аңдар туралы не білесіңдер?
(Балалар тақпақтар айтады, қоян мен түлкі келеді)
- Ой, қандай тамаша! Біз де сендермен бірге жүрейікші.
- Балалар, мына ағашқа қараңдаршы, жапырақтары бар ма?
- Жоқ
- Мынау ақ болып тұрған не?
- Ақ қарлар
- Балалар, мына жерде біреу бар сияқты, бұл кім болды екен?
- Аю ғой
- Балалар, аю қыста ұйықтап жатады, шуласақ оянып кетеді.(Аюдың апанының қасында қорапша тұрады). Мына қорапшаны біреу жоғалтып алған сияқты, өзімізбен бірге ала кетейік, сұраса берерміз. Ал, мынау не нәрсе?
- Бұл аққала
- Ия, біздің алдымызда да, балалар келіп, аққала жасап кеткен сияқты. Аққала неше бөліктен тұрады?
- Үш бөліктен тұрады
- Пішіні қандай?
- Пішіні дөңгелек.
- Ал түсі қандай?
- Түсі ақ.
- Аққаланы неден жасайды?
- Ақ қардан жасайды.
- Балалар, біз тоңып қалдық, аңдармен бірге сергіту ойынын ойнасақ қалай болады?

Сергіту
Аяз болса секіреміз. (Балалар секіреді)
Шуақ болса тоқтаймыз. (Балалар тоқтайды)
- Балалар, біздің қайтатын уақытымыз болды, сиқырлы қалпақтың көмегімен балабақшамызға қайтайық. (Балалар көздерін жұмады)
- Міне, балалар, біз балабақшамызға да келдік. Қысқы орманнан не көрдік?(Балалардың жауабы)
- Балалар, орманнан тауып алған қорапшаны ашып көрейік. Міне, қызық! Бұл жерде қыс мезгілін бейнелейтін суреттер бар екен. Бұларды құрастырып, әңгіме құрап айтайық. (Балалар суретке қарап әңгімелейді)
- Балалар, біздің қысқы көрінісіміз бұдан да әдемі болу үшін, қар жауғызсақ қайтеді? Ендеше, бәріміз кезекпен оң қолымыздың саусақ ұшымен ақ қардың суретін бейнелеп салайық. (Балалар дәстүрлі емес әдіспен, тіс пастасын пайдалана отырып, қардың бейнесін салады)
- Ой, қандай керемет! Енді бәріміз «Көңілді қыс» әнін орындайық.

Күтілетін нәтиже: Білуі: Қыс мезгілінің ерекшеліктерін ажыратып, атай біледі
Меңгеруі: Сурет бойынша әңгіме құрастырып айтуды, сұраққа толық жауап беруді үйренеді.
Жасай алуы: Бейнелі суреттерді құрастырып, қардың бейнесін саусақпен салады.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама