Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Алтын дән
ІІ кіші топ
Білім беру саласы: "Әлеуметтік орта"
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекеті: Қоршаған орта

Мақсаты: Тақырып мазмұнын меңгерту, күз туралы білімдерін тиянақтау, дәннің түрлерін таныстыра отырып, одан не жасалатынын айтып түсіндіру. Нан туралы түсініктерін кеңейту, балалардың қызығушылығын арттыру, тіл байлығын, ой - өрісін дамыту, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру. Балаларды табиғатты сүюге, аялауға, қорғауға, нанды қадірлеуге, үлкендер еңбегін бағалауға тәрбиелеу.
Әдіс - тәсілдері: Әңгімелесу, сұрақ - жауап, ойын - жаттығу.
Көрнекілігі: Компьютер, суреттер, ағаш жапырағы мен жұлдызшалар салынған себет, дән түрлері, күріш, бидай сабақтары
Пәнаралық байланыс: Тіл дамыту, ән сабағы

Тәрбиеші: - Балалар, мен бүгін көңілдімін, сендер ше?
- Біз де көңілдіміз.
- Көңілді болғандарың маған ұнайды, сол үшін бізді ғажайып сыйлық күтіп тұрған сияқты. Мына себеттен не көріп тұрсыңдар?
- Жұлдызшалар көріп тұрмыз.
- Ия, қараңдаршы, ішінде қаншама әдемі жұлдызшалар бар! Бұл түрлі - түсті жұлдызшалар бізге сүйіспеншілік белгісін білдіреді. Сонымен сүйіспеншілік әртүрлі болады екен. Ол әр адамның жүрегінде сақталады. Енді осы жұлдызшаларды алып, тілегімізді айтып, аспанға қатты лақтырамыз.
Жұлдызды жерім қабылда
Ұшырып аспан көгіне
Жұлдызым менің қабылда
Нұр төгілсін еліме
Алақай!!!
- Балалар, мына ағашқа қараңдаршы, қай мезгілдегі ағашқа ұқсайды?
- Күз мезгіліндегі ағашқа ұқсайды.
- Бұл ағаштың жапырақтары түсе - түсе азайып қалыпты. Қалған жапырақтарын біз жинап алайық. Қане кім алғысы келеді? (1 - 2 балаға жинату).
- Ой, балалар, бұл жапырақтар жай жапырақ емес, сиқырлы жапырақтар сияқты. Жапырақтың сендерге қояр сұрағы бар екен. Егер дұрыс жауап берсеңдер, жапырақтарын сыйлайды.

1. Қай кезде қызыл, сары жапырақтар көп болады?
2. Жеміс, көкөніс, егіндер қай кезде жиналады?
3. Неге біз күзді «алтын күз» деп атадық?
4. Күз мезгілі кетіп, қай мезгіл жетті? (Балалар жауап береді)
(Осы кезде қапшық толы арбаны сүйретіп, тышқан кіреді. Балалар шулап, тышқан қашып кетеді.)
- Қызық мына қапшықтарды не бар екен? Балалар, не істейміз?
- Ашып қарайық.
(Қапшықтар қозғалып, ортасынан бидай кейпіндегі қыз бала шығады)
- Сәлем, достар!
- Сәлем сен кімсің?
- Нан анасы бидаймын,
Елге астық сыйлаймын
Дәнім толып піскенде
Қауызыма сыймаймын.
Бидай: - Балалар, сендер мені және менің достарымды тышқаннан құтқарып қалдыңдар, рахмет!
- Қош келдің бидай, төрлет! Ал, балалар, енді қапшықтарды ашып қарайық, не бар екен?
- Дәндер бар екен.
- Ия, балалар, бұл кешегі күз мезгілінде жиналған дәндер. Бұл дәндердің аттарын білесіңдер ме? Мен айтып түсіндірейін. Міне, мынау күріш өзіміздің күнде жеп жүрген. Ал, мынау осы күріштің дән болып пісіп тұрған сабағы. Мынау тары, сөк. Ал мынау бидай.
- Балалар, бидайдан не алынады?
- Ұн алынады.
- Дұрыс, бидайды диірменге тартып ұн жасайды. Ал, ұннан не пісіреді?
- Нан пісіреді, тоқаш пісіреді.
- Өте жақсы, енді осы дәндердің бізге қалай жеткені туралы білуіміз үшін, компьютерге назар аударайық.
(Сурет бойынша әңгімелеу)
- Көктемде диқандар жерді трактормен жыртып, жерге тұқым себеді. Одан егін өніп шығады. Жаз бойы оны суарып, күтіп баптайды. Ал, күзде егінді комбайнмен орып, машинаға тиейді. Жүргізушілер машинамен астықты қабылдау орындарына жеткізеді. Ол жерде бидайдан ұн дайындалады. Ұндарды наубайханаларға таратады. Наубайханаларда ұннан неше түрлі нан пісіріледі. Ал, ертеңіне сол нандарды дүкен сөрелерінде көреміз. Мұның бәрі адамдардың еңбегі. Соншама еңбек сіңірілетін нанды барынша қадірлеуіміз керек.
- Балалар, ұннан наннан басқа да тағамдар, өнімдер жасалады. Енді сол өнімдерді көрейік.
- Балалар, осы бидайға, нанға байланысты не білесіңдер?

Данияр: Астық – дала сәулеті
Астық - Отан дәулеті
Біздің дала – бай дала
Алтын астық айнала!

Венера: Дәм патшасы – аппақ нан
Дастарханның басында
Үмітіндей ақталған
Мен де отырам қасыңда.

Дияс: Нан қиқымын шашпаңдар
Жерде жатса баспаңдар
Теріп алып, қастерлеп
Торғайларға тастаңдар!

Теңел: Еңбектің наны тәтті
Жалқаудың жаны тәтті

Жазықбай: Күз дәнімен көрікті
Қыс қарымен көрікті

Ақбаян: Нанды бір қолыңмен үзбе!
Ержан: Нан – тамақтың атасы.

Айдана: - Апай, мен бір жұмбақ айтайыншы.
Егістікте сары алтын,
Дастарханда наны алтын.(Бидай)

Марғұлан: Ал, мен жұмбағымды апайларға айтсам деймін.
Үсті тас, асты тас
Ортасында піскен ас. (Таба нан)
- Ой, жарайсыңдар балалар, нан туралы тақпақ, мақал - мәтел, тыйым сөздерді жақсы айттыңдар. Жұмбақтарыңда қызықты болды. Ал, енді «Қайдан келдің бауырсақ?» өлеңі бойынша ойын - жаттығу жүргізіп, бойымызды сергітіп алайық.
Ө. Тұрманжанов. «Қайдан келдің бауырсақ?»
- Балалар, менің де сендерге қояр жұмбағым бар. Соның шешуін кім тез табар екен?

Тамшыдай көлемі
Ал таудай беделі. (Дән)
- Міне, балалар, осы кішкентай тамшыдай дәннің қасиеті үлкен екен. Адамға нәр беретін, дастарханның берекесі нанның қасиетін, оның қандай еңбекпен жасалатынын білдік. Сондықтан нанды шашпай, баспай қастерлеу керек. Бидайды егіп, баптап, жинап, қамбаға құятын егіншілердің еңбегі зор, олардың еңбегін құрметтеу керек.

- Ал, бидай, біздің балаларға риза шығарсың. Сен туралы қаншама жақсы сөздер айтты.
Бидай: - Әрине, ризамын. Сендер мен туралы өте көп біледі екенсіңдер. Мен сендерге өзімнің дәнімді сыйлаймын.
Балалар орындарынан тұрып «Ақ бидай» әнін орындайды.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама