- 04 нау. 2016 00:00
- 267
Қыздарға сыйлық
6-сыныптың бір топ ер баласы үйлерінен осы үшін сұрап алған ақшаларына 8 наурыз мерекесіне байланысты сыныптас қыздарына сыйлық сатып алмақ болып дүкенге қарай келе жатты. Олар дүкенге кіре бергенде дүкен ішінде тұрған өздерінің сынып жетекші ұстаздарын көріп ыңғайсызданып қалды. Бірақ сынып жетекші ұстаздары балалардың не мақсатпен жүргенін білгеннен кейін олардың ісіне араласқан жоқ.
Енді дүкеншінің назары балаларға ауды. Балалар қолдарындағы ақшаларының бәрін дүкенші тәтейдің алақанына салды. Дүкенші ақшаны тез-тез санап шықты да, балаларға күлімсірей қарап: "Сыйлық неше қызға жасалу керек?" - деп сұрады. Балалар сыныптас қыздарының санын айтты. Дүкенші тәтей балаларға өздері айтқан сыйлықты әсемдей отырып жасап берді. Балалар сыйлықтарды сөмкелеріне жасырды. "Қыздарға бірден көрсетіп алмау керек, - дейді олар. - көрсетіп алса, сыйлықтың қызығы қалмайды. Тек тапсырар кезде бір-ақ көрсетеміз".
Ақыры сыйлық тапсыратын сәт те келді-ау. Балалар кезекті пән мұғалимасынан рұқсат сұрап алып, қысыла-қысыла жүріп қыздарға сыйлықтарын тапсырып шықты. Қыздар оларға рақметтерін айтты. Ал сыныпта отырған мұғалима өзінің де шәкірттік шақтары есіне түскендей, балалардың қылығына күлімсіреген күйі қарап отырды.
Бірақ оқиға мұнымен біткен жоқ еді. Дәл сабақ аяқталар тұста қыздар мен ер балалар әлденеге шекісті де қалды. Сол-ақ екен, балалар шұғыл шешімге келді:
"Сыйлықтарымызды қайтарыңдар!"
Қыздар сөмкелерін ашып жіберіп, сыйлықтарын қайтарып жатты. Балалар бәрін де қайтадан жинап алды. Қыздар үйлеріне қайтып кетті. Балалар сыйлықтарын құшақтаған күйі әлі отыр. Көктемнің құбылмалы күні де ұясына барып қонақтады.
"Мына сыйлықтарды не істейміз? - дейді балалар. - Мұны ақыры қыздар үшін алдық қой, ендеше, өздеріне қайтып берейік".
Балалар енді Жаңа жыл кешіндегі Аяз Аталар құсап сыйлықтарын арқалаған күйінде қыздардың үйлерін аралап шықты. Оларға сыйлықтарын қайтадан табыстады. Қыздар балаларға күлімсіреп тұрып тағы да рақметтерін айтты. Сөйтіп, ер балалар бір күннің ішінде қыздарға 8 наурыз мерекесіне арнап екі мәрте сыйлық беріп, олардан екі мәрте алғыс естіді.