- 11 ақп. 2020 00:00
- 224
Қожа мен қайыршы
Бір күні Қожанасыр үйінде отырса, біреу есік қағады.
— Не керек саған? — деп дауыстайды Қожа.
— Төменге түсіп кетіңіз, — деген аянышты үн естіледі. Қожа төменге түссе, келіп тұрған қайыршы екен.
— Құдайы садақа беріңіз, — дейді.
Қожа жатып ашуланады, бірақ онысын қайыршыға сездірмей:
— Жоғары көтеріл, — деп өзі жоғары шығып кетеді.
Қайыршы байғұс қуанып, Қожаға еріп, жоғары көтеріледі, Қожа отырған бөлмеге келеді.
Қожа енді түсін суытып:
— Садақасын Құдайдың өзі береді, бар, — дейді.
— Мұның қалай, пақыр адамды неге тәлкек етесің? — деп қайыршы ренжиді. — Құр қол қайтаратыныңды төменде тұрғанда-ақ неге айтпадың?
Сонда Қожа:
— Мен жоғарыда тұрғанда, шаруаңды бірден айтпай, мені неге төменге түсірдің? — депті.