Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Қожанасыр мен асхананың иесі

Бір күні Қожанасыр үйіне келе жатқанда, жауын құйып кетеді. Таяу жерде асхана бар еді, Қожанасыр жауыннан қашып сонда барып кіреді. Асхана іші жып-жылы, кәуаптың иісі бұрқырап тұр. Жауын тоқтаған соң, Қожанасыр шығуға бет алады, бірақ асхана иесі оны кідіртіп:

— Сен, немене, құр кетпекшімісің, ең әуелі ақшасын төле! — дейді.

— Не үшін төлеймін ақшаны? — деп аң-таң болады Қожа.

— Не үшін деймісің? — дейді асхана иесі. — Сен тамақтың тәтті иісімен дем алдың ғой.

— Иә, тамақтың тәтті иісі танауымызды қытықтады ғой, бірақ ол тамақты көрген де, жеген де жоқпыз ғой!

— Бәрібір ақша төлейсің, кәуаптың иісін босқа жұтып кете беремісің, — деп тақақтап қоймайды ол.

Асхана иесін сөзден жеңіп болмайтынын сезген Қожанасыр:

— Жақсы, мен төлейін, бірақ әуелі үйге барып, ақша алып келейін, — дейді.

Ол үйіне барып ақшасын алып келеді. Қожайын күтіп отыр екен.

— Ақшаны әкелдің бе? — дейді ол

— Әкелдім, — дейді Қожанасыр. Ол қолын қалтасына асықпай салыпты да, тиындарын біраз сылдыр-сылдыр еткізеді.

— Ақшаның сылдырын естимісің?

— Естіп тұрмын.

— Ендеше, екеуміз есептестік. Мен сенің кәуабыңның иісін иіскедім, ал сен менің ақшамның сылдырын естідің, — деп Қожанасыр шығып жүре беріпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама