Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Қожанасырдың Темірге сыйлық әкелуі

Бір күні Қожанасыр үлкен табаққа үш өрік салып Темірге сыйлық деп әкеле жатады. Өрік әрлі-берлі домалап, табаққа тұрмайды.

— Тырп етпеңдер, тыныш отырыңдар, әйтпесе жеп қоям, — десе де болмайды, өріктер бұрынғысынша секеңдеп қозғала береді. Ашуланған Қожа екі өрікті жеп алып, Темірге біреуін ғана әкеледі. Ақсақ Темір қатты риза болып, Қожаның табағына көп ақша салып беріп қайтарады.

Арада бірнеше күн өткен соң Қожа кәрзеңкеге қызылша салып ап, тағы да патшаға әкеле жатады. Жол-жөнекей бір таныс адамы кездесіп, Қожаның Темірге қызылша әкеле жатқанын білген соң, ол:

— Қызылшаны таста, инжір апарып бер, бұрынғысынан да қатты разы болып, қуанады, — дейді.

Қожа әрең дегенде бірнеше қадақ инжір тауып алып, Темірге алып келеді.

Темірдің жарлығын орындап, нөкерлері өзі әкелген инжірін Қожаның өзіне лақтыра бастайды. Басына инжір тиген сайын Қожа:

— О, тәубе, жасаған, әлгі айтылған ақылдың сырын жаңа түсіндім ғой, — дей берсе керек. Ақсақ Темір көреген Қожаның сөзін естіп қалды:

— Қожа, неге сонша тәубешіл болып кеттің? — деп сұрайды.

Сонда Қожа:

— Тақсыр, мен саған кәрзеңкеге салып қызылша әкеле жатқанмын, жолда бір адам апарма деп тастатқан еді. Алда-жалда қызылшаны әкелсем, менің көрген күнім ие болмақ? Көзім шығып, басым жарылып, сау тамтығым қалмас еді, — депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама