Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Қожа ұрмай-соқпай ұрыны мойындатыпты

Бір кісі жоғалтқан ақшасын көршілерінен көріп, жүгініске Қожаға ертіп әкеледі.

Көршісінің ешқайсысы ақша ұрлағанын мойындамаса керек. Сонсоң Қожа әрқайсысына ұзындығы бірдей таяқ береді де:

— Ертең бәрің де осы таяқтарды алып маған келесіңдер, ұрының, демек, көршісінің ақшасын ұрлаған адамның таяғы бір түнде жарты кез ұзарады, — дейді.

Көршілер бір-бір таяқты ұстап үйді-үйіне тарасады. Қолы тазалары түнде жайбарақат ұйықтап қалады. Ал ұры болса, ұзақ таңға дөңбекшіп, «ертең таңертең таяқ жарты кез ұзарып шығады, сөйтіп, жұрт алдында масқара болам-ау» деп ұйықтай алмайды. Түн ортасында тұрып, пышақпен кесіп, таяқты жарты кез қысқартып тастаған соң ғана жаны жай тауып, көзі ілінеді.

Таңертең қараса, таяқ ешқандай ұзармапты. Бәрі Қожаның алдына қайта келгенде, Қожа ұрыны көзге шұқып тұрып:

— Қайтар, ақшасын, қолма-қол, — дейді. Ұры сасқанынан:

— Осы да шариғат жолына жата ма, таяққа қарап, билік айта ма екен? — десе керек.

Сонда Қожа:

— Таяқпен ұрмай-соқпай қылмысыңды мойындатқаныма тәубе қылғайсың. Егерде қазы құсап таяқпен дүре соқтырып, жалған қылмысты мойындатсам, не айтар едің? — депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама