Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 35 минут бұрын)
"Қуан, қазақ елі": Нартай Аралбайұлы садақшылардың жеңісімен бөлісті

Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы Түркияда өткен FETIH KUPASI халықаралық турнирінде топ жарды. Бұл қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркиядағы турнирде қазақстандық садақшылардың табысы

Байрақты бәсеке Түркияның Стамбул қаласында өтті. Жарыстың екінші нысанасы – Түрік путасы, яғни 50 метр қашықтық бойынша сайыс аяқталды. Онда қазақстандық спортшылар жүлделі орындардан көрінді.

Ерлер арасында Түрік путасы нысанасы бойынша Жәнібек Саламатұлы алтын медаль жеңіп алды. Ал Марат Лұқпанов қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында Сабира Жаппар үздік үштікке еніп, қола медаль иеленді.

Жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орын алды

Айта кетейік, FETIH KUPASI турниріне 40 елден 500-ден астам садақшы қатысты. Жалпы командалық есеп қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы жеңімпаз атанды.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өз сөзінде:

"Қазақ елі, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті ретінде, дәстүрлі садақ атудың жанкүйері ретінде баршаңызды құттықтаймын! Садақшыларымызға, жаттықтырушыларымызға, біздің федерацияның бастамаларын қолдаған ҚР Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Сұрмергендерімізге жанкүйер болыңыздар!" – деп жазды ол.

Осылайша қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ұлттық спорттың мәртебесін тағы бір мәрте көтерді.

Жаңалықтар

Жарнама