Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Құлқымыздың құлдығы болмайық!

«Сыбайласу», «пара алу», «коррупция» - мәні мен мағынасы сайма – сай, егіз ұғымдар. Қазіргі таңда өзекті мәселелердің алдыңғы шебінде тұрған, тамыры тереңге жайылған нашақорлықпен пара – пар келетін, бүгінге дейін шешімі табылмай отырған қауіпті кеселдердің бірі де бірегейі – осы сыбайлас жемқорлық. Бұл әлеуметтік мәселенің жалпы адамзат өмірінде маңызы зор екендігі анық. Үйреншікті сөзге айналып бара жатырған сыбайлас жемқорлық адамзаттың арамдануына да, яки болмаса ұлттың жойылып, қоғамның күйреуіне де әкелуі мүмкін. Ресей тарихында І Петрдің өз заманында пара алып, пара бергенді де өлім жазасына кескенін көреміз. Кейіннен ІІ Екатерина да сыбайластарды қатаң түрде жазалап отырған. Ал АҚШ – та 60 – 70 жылдары орын алған «Шейх» операциясында ірі шенеуніктердің пара беру арқылы адалдықтары мен сатқындарын тексерген. Бұл жерден байқағанымыздай, сыбайлас жемқорлықпен күрес көне заманнан бастау алған.

Заманмен бірге өсіп – өркендеп, бүгін де етегін кеңінен жайған сыбайлас жемқорлық өзге елдер секілді, біздің мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Қоғамға дерт болып жабысқан кеселден құтылу үшін не істемек керек?! Әсте, әзір жойылмасы анық. Дегенмен, тоқтап қалуға да болмайды. Белгілі бір деңгейде сыбайлас жемқорлықтың көрсеткішін төмендетуге болатын да секілді. Германия мен Францияда сыбайластықпен ұсталғандар 6 жылдан 10 жылға дейін сотталса, Қытайда оларға өмірлік сотталу немесе өлім жазасын береді. Ал Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлықтықты, яғни құқық бұзушылықты хабарлағандарға көп мөлшерде сыйақы төленеді екен. Бірақ, қылмыстық қудалау не болмаса заңнаманы күшейту шараларымен ғана жағдайды өзгертуге болмайды. Кез келген дертті оның себептеріне, пайда болу нүктесіне әсер ету арқылы ғана жаза аласың. Бүгінгі таңда Сингапур мен Гонгконгте қылмыс үшін жазалағаннан гөрі, ең дұрысы оның алдын алу приципі бойынша әрекет ету деп есептейді. Яғни алдын алу шаралары бұл жерде жемқорлыққа қарсы күрестің тіреуі болып саналмақ. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес. Оған ем жасамас бұрын дерттің пайда болу жолдарын біліп, сол жолдың салынбауына жағдай туғызу керек. Ол үшін ең алдымен бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз тиіс. Бұқара болып жұмылуымыз үшін билікте отырғандар үлгі болуы керек. Осы жерде тағы да үш жақты достық қалыптастыруға болатынын көреміз. Тәрбиені тал бесіктен сіңіретін ата – ана, тәрбие мен білімді қоса құятын ұстаз һәм биліктің тізгінін ұстаған мемлекеттік қызметшілер. «Ең бастысы – әрбір мемлекеттік құрылыстың жанындағы істі, лауазымды тұлғалар пайдаға батпайтындай етіп қою керек». Бұл пікірді мен емес, ұлы ұстаз Аристотель айтқан. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімдерінің дәрежесін жоғарылатып, жұмысқа жеке басын күйттейтін емес, мемлекет мүддені ойлайтын жандарды алу керек. Ол үшін жоғарыда аталған «Шейх» операциясын орындау қажет секілді ме деп те ойлаймын. Заң органдарында қызмет қылатындарды да қадағалау керек. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жаратын, турасын айтқан қаймана халықтың ұрпағы ретінде біз де сол адами қалыптан ауытқымауымыз керек. «Тәрбие тал бесіктен» деген дана халқымыз. Бала – ата – ананың айнасы. Бала тәрбиесіне баса назар аударуымыз тиіс. Баланы жіті бақылап, қатаң ұстаудың қажеті шамалы. Алдымен өзімізді қадағалап, адами тұрғыдан тәрбиелесек ұрпағымыз да бізге қарап бой түзейтіні анық.

Германияда мұғалімге шоколад бергенің үшін де жауапқа тартылады екенсің. Елімізге осы заңды да қолдану керек секілді. Балабақшадан бастап үйретуіміз керек. Баламыздың үлгерімін көтереміз деп, адами құндылығын түсіріп алмағанымыз жөн. Яғни, ата – ана ұстазға жағымпаздануды қойып, ал ұстаз «сыйлық әкелді ғой, осы жолы бағасын көтерйін» деген ойдан аулақ болса, бала да кішкентайынан жемқорлықтың не екенін ұғынбай өсетініне кәміл сенімдемін. Әр істің өз маманы жұмысқа алынса, жұмыс тұрақты әрі жоғары деңгейде жүріп тұрады. Осы жерде еңбек етуші тұлғалардың жалақысын көтеруді қолға алу керек десем қателеспеспін. Қарапайым ұстаз күні – түні қағазбен де, өзге жұрттың баласымен де алысады. Бірақ, алатын еңбек ақысы шынымен де аз. Содан келіп осындай сыбайлас жемқорлық кейпіндегі факттар орын алып жатады. Кезегін күттірмей алу, өтірік анықтамалар жаздырту, жақсы жұмысқа тұру үшін дипломды кілең «бестікке» толтыру тағысын тағы жеке бастың қамы үшін жасалатын қитұрқы әрекеттер толып жатыр. Бұлар да жемқорлықтың кішкентай көрінісі. Мұндайды «құлқының құлдығы болу» дейді. Егер сіздің сыбайлас жемқорлықпен шатысыңыз болса, ойланыңыз. Қазақ айта береді дейміз ғой. Дегенмен, мына тұста дөп басқан. Түптің түбінде «мың асқанға бір тосқан» болары анық.Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономикалық тұрғыдан болсын, ұлт дамуына да болсын шектеу қояды. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» делінген. Заңды күшейтейік, жобаларды жүзеге асырайық, құқықтық сауаттылығымызды арттырайық. Бірақ, бәрін де өзімізден, ошағымыздан бастайық. Өзіміздің алдағанға көніп, арбағанға сүйретіліп жүруімізді доғарып, өмірлік принциптерімізді қалыптастырайық. Қазіргідей ию – қию заманда бәрін байқау мүмкін емес. Кімнің ойында не жатқанын аңғару қиын. Сондықтан да, нақты принциптерді бойымызға сіңіріп, оны ұрпағымызға да түсіндіруіміз керек. Ең бастысы – адамның өзінің алдындағы адалдығы. Өзіңе адал болсаң ғана, өзгеге де, қоғамға да адал боласың. Қоғам адамдардан құралады. Қай саланың маманы болмасын, бәрібір ол – тұлға. Экологиялық мәселені шешуде де, тал егіп, қоқыс жинауда дауға келетініміз секілді, бұл мәселеде де жауапкершілікті не мемлекетке, не өзгеге артпауымыз керек. Өзімізден бастап күресіп, құлқымыздың құлы болмай, адами құндылығымызды сақтасақ, жемқорлықтан да құтылудың ауылы алыс болмауы да мүмкін. Кім білсін...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама