Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Құстар біздің досымыз
Тақырыбы: Құстар біздің досымыз.
Мақсаты: 1. Балаларға құстар туралы түсінік беру.
2. Құстарға қамқор болуға, аялауға бейімдеу.
3. Құстар туралы ой - өрістерін дамыту.
Көрнекілігі: Құстардың суреттері, короналар, шарлар, гүлдер, ертегідегі үй, құстың ұясы.
Ұйымдастыру кезеңі:
Балалар бізге апайлар қонаққа келіпті. Біз апайлармен сәлемдесіп алайық.
Амандасу үлкенге,
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанекей, бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге
Сәлеметсіз бе, апайлар!
Өте жақсы, балалар. Балалар жыл мезгілдеріне тоқталайық. – Балалар бір жылда неше мезгіл бар?
- Бір жылда 4 мезгіл бар.
- Қазір қай мезгіл?
- Көктем мезгілі.
- Көктем мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?
- Қар еріді. Ағаштар бүршік жара бастады. Күн жылынды. Жылы жақтан құстар келді.
- Өте жақсы, балалар.
Олай болса біз бүгін құстармен танысамыз. Қазір біз құс туралы жылулық шеңберін құрамыз.
Тәрбиеші: - Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны аялап мәпелер едім.
«Тәрбиеші құс мүсінін алақанына салып, келесі балаға ұсынады.»
Служан:- Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны жуындырар едім.
Айнат:- Егер менің қолыма келіп қонса, мен оған әдемілеп ұя жасап берер едім.
Дилнара:- Егер менің қолыма келіп қонса, мен оның аузына дәм салар едім.
Жанел:- Егер менің қолыма келіп қонса мен оның қанаттарын тазалар едім.
Жангүл:- Егер менің қолыма құс келіп қонса, мен оны құшағыма қысар едім.
Өте жақсы балалар, сонымен біз құстарды жақсы көреміз. Оларды күтіп баптаймыз, қамқор боламыз.
Яғни, бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы:--
«ҚҰСТАР БІЗДІҢ ДОСЫМЫЗ»

Служан: Көлдің беті көк айна,
Келді құстар тоғанға.
Көктем деген ғажайып,
Көктем деген керемет.
Дилнара: Көктем. Көктем дегенің,
Далада өскен көп егін.
Бұлқынуы бұлақтың,
Құлпыруы даланың.
Салтанат: Ұя жасап тақтайдан,
Талға апарып байладым.
Жыл құсының шаттанған
Күттім қалай сайрауын.
Диас: Жыл құстары келді деп,
Балдырғандар мәз болды.
Қос қанаты желпілдеп,
Көлге үирек – қаз қонды.
Меруерт құстар - біздің досымыз
Бау - бақшаны қорғайды
Ұя жасап қарсы алсақ
Құстар бізді қолдайды.
Ән. «Біз өмірдің гүліміз»

Тәрбиеші:- балалар құстар 2 түрге бөлінеді
- үй құстары және дала құстары.
- Дала құстарымен үй құстарының айырмашылығы неде?
- Үй құстарына қандай құстар жатады?
- Тауық, әтеш, қаз, үйрек. т.б.
Қанекей олай болса үй құстарын ортаға шақырайық.
Әтеш
Жақын түгіл шалғайды
Оятудан талмайды.
Төбелеске келгенде
Алдына жан салмайды
Үирек
Шығып ауыл шетіне,
жайылады бетімен.
Қызықтырар ол бізді,
Жұмыртқамен, етімен.
Тауық
Балапанын тауық,
Қызғанады жаман.
Қанатымен жауып
Санатпайды маған
Қаз
Қауіп қатер жоқ алда,
Малту керек оған да.
Жұмыртқадан шыға сап,
Жүгіреді тоғанға.

Тәрбиеші:- Өте жақсы балалар. Үй құстарының бізге тигізер пайдасы қандай?
- Үйде өсіреміз. Жұмыртқа береді. Етін жейміз. Мамықтарынан жастық жасаймыз.
- Тәрбиеші:- Жақсы. Енді дала құстарына қандай құстар жатады.?
- Қарлығаш, торғай, қарға, көгершін, көкек.
- Олай болса дала құстарын шақырайық.

Қарлығаш.
Мен адамның досымын
Мекенінде тұрамын.
Шыбын келсе кәсібім
Ұстап жеймін қырамын.
Тазалаймын үй - ішін
Шыбын деген кеселден.
Ел аузында мақтаулы
Санитармын төселген.
Торғай.
Ұшып келген ең алғаш,
Қара торғай қырағы.
Ұяларға қонақтап,
Дейді менің тұрағым.
Қарға.
Тысқа шықсам аула қар
Басып қапты маңайды.
Тал басында қарғалар
Тамашалап қарайды.
Сауысқан.
Ала қанат сауысқан,
Құртты көрсе жабысқан.
Бір томардан томарға,
Секең-секең ауысқан.
Көгершін.
Қанат қағып шарықтап,
Мұхит асып қалықтап.
Шарлап бүкіл әлемді
Шаттандырып бар елді.
Бейбіт күнге сән болған,
Мен көгершін ән болған.
Көкек
Жаршысымын көктемнің
Көкек дейді мені жұрт.
Өз атын айтар ән қылып,
Көктемді күтсең мені күт.
Тәрбиеші:- Ал енді балалар дала құстарының бізге тигізер пайдасы қандай?
- Олар ағаш басына ұя салады. Ағаштарды құрттардан тазалайды. Айналаны әсем әнге бөлейді.
- Өте жақсы, балалар.
Енді біз «Түлкі мен тырна» ертегісін тамашалайық.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама