Рақымжан Тұрысбек: "Қазақ романы және «Ақбілек» әлемі. «Ақбілек» романының жазылу-жариялану тарихы мен көркемдік- эстетикалық құндылықтары"
Қазақ тарихы мен тағылымынан ұлт руханиятының бел-белестері де жан-жақты көрініс береді. Осы орайда, ұлттық сөз өнерінің жетекші һәм күрделі саласы – роман жанрының // қара сөз, өлең үлгісінде де кездеседі// өзіндік қалыптасу, даму жолдары бар / 1/.
Прозаның көркем де көрнекті үлгісі- романның байырғы түрлері,жекелеген нұсқа-салалары ежелгі кезеңдерде,әлемдік әдеби үдерістерде ерте байқалған-ды. Ал, ұлт руханиятында: « Проза қазақ әдебиетінде кешеңдеу туған, бірақ орасан шапшаң дамыған сала»/ 2.324-325 беттер/.
Қазақ прозасының алғашқы үлгі-өрнектері // қысқа әңгіме,шағын ғақлия – хикая т.т.// ХХ ғ.б. ұлттық сөз өнерінде көрініс бергенімен, жеке жанр, реалистік сипат түрінде байқалған тұсы - Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің шығармашылық мұраларымен тығыз байланысты// мысалы, М.Дулатұлы – «Бақытсыз Жамал», Т.Жомартбаев - «Қыз көрелік», С.Көбеев- «Қалың мал», С.Торайғыров - «Қамар сұлу», «Кім жазықты», Ш.Құдайбердиев - «Әділ-Мария» т.б.//.
Ақиқатында, «...қазақ әдебиетіндегі роман жасауға ұмтылыс 20 жылдардың орта тұсынан басталады. Оның алғашқы үлгісін Жүсіпбек Аймауытов жасады. Оның «Қартқожасы» - тек жазушының бұл жанрдағы алғашқы туындысы ғана емес, бүкіл қазақ совет романының төлбасы. Ол 1926 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылды. Бұдан бір жыл кейін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» шықты. Бірақ, бұл - тарихи-мемуарлық кітап еді. Онда жазушы революция жылдары өзі көрген, қатысқан әлеуметтік тартыс уақиғаларын ешбір әдеби қоспасыз деректі фактілер көлемінде суреттеді. Көркем шығармаға тән оқиғаны жинақтап, бейнелеп, тиісті жерін жазушы қиялымен жетілдіріп суреттеу әдісінен Сәкен саналы түрде бой тартты, ол шығарманың деректілігін, тарихилығын сақтады. Жазылу, басылым мерзімдері қатарлас болғанмен, «Қартқожадан» «Тар жол,тайғақ кешудің» жанрлық форма жағынан айрылысатын жері -осы. Әйтпесе, екеуі де үлкен прозаның үлгілеріне жатады»/ 3.73-74 беттер/.
ХХ ғасыр басында ел өмірі мен тарихында, ұлттық санада ерекше өрлеу мен серпін,даму айқын аңғарылды. Осы кезеңде Абай әлемі мен дәстүр,тағылымына адалдық танытқан, ұлт руханиятының көш-керуенін бастаған - Алаштың қайраткер- қаламгерлері: Ә.Бөкейханов,А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров,С.Садуақасұлы т.б бірге ел тарихындағы қаралы кезең-нәубет пен зұлмат жылдарының зобалаң-зомбылығын,алапат аштықтың қасірет-қайғысын көрген,30-жылдардың ойранын да бастан өткерген. «...елі үшін күйген»көп қырлы,сан сырлы ақын-жазушы,аудармашы Һәм драматург,ұстаз-ғалым Жүсіпбек Аймауытұлы да әдебиет әлеміне еркін еніп, талант қуатын кең көлемде көрсетті. Өткір ұшталған ұшқыр қаламымен ұлттық сөз өнерінің әр алуан жанрында ерен еңбек етіп, ар айнасы, әсемдік әлемі – әдебиетке мол рухани мұралар қосты.
Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» романы ХХ ғ.б. қоғамдық ахуал мен кезең көріністерін, өмір-уақыт шындықтарын,қыр көріністері мен ауыл суреттерін,жазушы еңбегі мен шығармашылық шеберлік сырларын, шабытты шақ пен талант қолтаңбасын айқындаумен қоса негізгі тұлғаның (Ақбілек ) адами әлемі мен бедерлі бейнесін, тағдыр-талайын, ауыл-елдің тұрмыс – дәстүрлерін,қарым-қатнасын, тәрбие тағлымдарын т.т. жан-жақты ашады.
«Ақбілек» романы «Әйел теңдігі» журналының 1927 жылғы -3-5:10-11 және 1928 жылғы №10 сандарында жарияланды.Романның қолжазбасы І.Жансүгіровтың жеке мұрағатында сақталған екен.Оны-Ф.Ғабитова ҚР ОММ тапсырады. Бірақ ,дербес кітап болып басылған жоқ. Демократия тағылымы нәтижесінде -Ж.Аймауытұлының аталмыш романы белгілі аудармашы Х.Өзденбаевтан алынған нұсқасы бойынша 1989 жылы «Жазушы» баспасынан (құрастырғандар- М.Атымов, Қ.Керейқұлов) жарық көрді. Роман бұдан кейін- «Жұлдыз» журналында жарияланды (1989, № 6-9 сандары). Жазушының бес томдық шығармалар жинағының бірінші томына енді (А.,Ғылым,1996,144-325 беттер).БАҚ жүйесінен көрініс тапты.Әдеби-ғылыми айналымға түсті.
Бұдан басқа-Ж.Аймауытұлының бес томдық шығармалар жинағына ( «Жібек жолы»,2003, 2 том), алты томдық шығармалар жинағына (Алматы:Ел-шежіре,2013, 2 том.-3-230 беттер) енді. Астанадан да жарық көрді. «Қазақ прозасы қазынасынан» сериясы арқылы да қалың көпшілікке жетті // Алматы: Раритет, 2003. - 240 бет//.
Романға қатысты кейбір дерек көздері М.Жүсіп Көпеев пен Ж.Аймауытұлының өзара жазысқан хаттарынан да көрінер еді. «Хатқа» маңыз беруіміздің себеп – сыры – «Ақбілек» романының шығармашылық тарихына қатысты құнді дерек,маңызды мағлұматтар беріліп, ұнамды- ұтымды пікірлер білдіруінде деп білеміз. Мәселен, романға қатысты ойын автор былай білдірген: «Екі жарым ай болды, үйден шықпағаныма.Не істеді десеңіз, «Қылауатта»жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе болады.Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын.Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке – бала оқытуға кетемін.Күніне алты сағат бала оқытамын.Сағат үште үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты – жетілерде оянамын. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі – үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім осы». Бұдан кейін автор сөз еткен романның соңғы нүктесін қойып, «баспаға жіберіп отырмын» дегенді де анық-қанық жеткізеді.
Жазушы өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер үшін бұл келтірілген үзіндінің маңызы жоғары екені арнайы дәлел, дәйектемені қажет етпесе керек. Бастысы, жазушы еңбегі мен шығармашылыққа өте-мөте қажет. Жалпы, жоғарда еске алған «Хат» автордың М.Ж.Көпеевпен байланысты болғанын ғана көрсетпейді .Сонымен бірге әдеби мұраны жинау, бастыру ,көпке ұсыну мәселесін де көтереді. Айталық, 1927 жылдың 20 мамырында Шымкент шаһарынан жазылған хатта М.Ж.Көпеевтің өткен өмірі, көп жасағанын еске ала отырып автор: «.... қалған өмірде қаламмен сырласып өткен дұрыс» дейді.Оған тоқсан үш жастағы түрікмен ақынның сөзі, Майлы (Майлықожа) мен Шәңгерей өлеңдерінен маңызды ой, ұтымды мысалдар келтіреді. Сөйтіп, кейінгі және бүгінгі өлеңдерін қазақ шежіресі мен ақындар айтысын, би-шешендердің өнегелі сөздердін еске түсіріп, жинап, жолдауын өтінеді, «... өз атыңызбен басылады» деуді де ұмытпайды.
Бұл – Ж.Аймауытұлының ұстаздық – ғалымдық ,шығармашылық жұмыстан тыс әдеби мұраға, ұлттық қазынаға деген көзқарасын айқын аңғартады.Ұлт руханиятын байыту ісінде де мұның берері көп-ақ.
Ендігі бір түйінді мәселе - «Ақбілек» романының қайда жазылғандығы хақында. Біздінше, мұның жауабы қысқа: алғашқы көлемді де көркем, «ұзақ әңгімесі» (автор осылай көрсеткен – Р.Т) «Қартқожа 1926 жылы Қызылордада жарық көрген. Ж.Аймауытұлы көп ұзамай Шымкент шаһарында алдымен ұстаз, сосын директорлық қызмет атқарған (пед. техникумда – Р.Т. ). Ж.Аймауытұлы осы кезеңде ұстаздық қызметін абыроймен атқара жүріп кезең көріністері мен өмір-уақыт шындықтарына толы,тағдыр талқысы мен тұрмыс суреттері кеңінен көрінетін келесі көркем әрі шабытты жазылған, талант қарымын мол жұмсаған - «Ақбілек» романын қысқа мерзімде аяқтады.Оны жоғарыда еске алған «Хат»та, филология ғылымының кандитаты Ә.Оспанұлының «Ақбілек» - Шымкентте жазылған» атты мақаласындағы: «... ең әуелі жазыла бастауы да, аяқталуы да біздің облыс орталығында жүзеге асқан» ,профессор Қ.Ергөбек. «... «Ақбілек» секілді қазақтың тұңғыш психологиялық романы болса да Шымкент қаласында,педагогикалық училищеде сабақ бере жүріп жазылған»деген жолдар да жан-жақты нақтылай түседі / 4 /.
«Ақбілек» романының жазылуы мен оған әсер еткен өмір – тұрмыс жағдаяттары, жалпы жазушының осы тақырып төңірегіндегі мұрат – міндеттері Қ.Оспанов, К.Тіленшіұлы секілді шәкірт – оқырмандарының сыр – сұхбаттарынан, ақын – қаламгер Д.Әбілев пен ұстаз- ғалым Б.Кенжебаевтің естелік – әңгімелерінен, әдебиет пен өнер зерттеушілері С.Қирабаев, Б.Құндақбаев т.б ізденіс -еңбектерінен де кеңінен көрінеді / 5 /.
Жоғарыда еске алған естелік- әңгіме, дерек көздерінің қай- қайсысы да «Ақбілек» романының өмірден алынғанын ,кезең көріністері мен уақыт шындықтары,кейіпкерлер жүйесі мен сюжеттік желісі,ой-сөз мәнері,тіл-стиль құбылыстары шынайы шабыт пен шын шеберлік жемісі екенін жоққа шығармайды. Айталық, жоғарыдағы « Хаттан» келтірілген үзіндіден-ақ аталмыш романның өмірге келу сәті,шабыт шалқары мен шығармашылық үдеріс, яки жазылу тарихы хақында мол мағлұмат аламыз. Сондай – ақ, автордың көлемді романды қысқа мерзімде (екі жарым ай көлемде) аяқтауы мен қолтаңба ерекшелігі, таланты,ықыласы жөнінде де өз аузынан естиміз. Ең негізгісі, «Хат» авторының М.Ж.Көпеевке ықылас -құштарлығы жоғары, әдеби мұраға деген жанашыр көзқарасы, тазалығы да ерекше танылады. Сондай – ақ, Б.Кенжебаев,Д.Әбілов т.б айтып, жазған естелік, әңгімелерінен де өткен күндердің белгі- бедері, Ақбілек әлемі, Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ ауылының өмір – тіршіліктері, ақ гвардияшылар әрекеті,адамдар қарым-қатнасы,тағдыр талқысы т.т кеңінен көрініс береді.Маңыздысы – жазушының жан әлемін (жаулап алған)болашақ туынды табиғаты, тағдыр -талайы, шеберхана өрнектері айқын аңғарылады. Аристотель кезеңінен белгілі ақиқат – адам өмірі, тағдырынан тыс сөз өнері болуы мүмкін еместігін ойға алсақ ,Ж.Аймауытұлының шығармашылық әлемінде әдебиеттің негізгі нысанасы – адам, өмір шындығы, сол арқылы ғана көркем ,нақты бейне, бедерге айналады. «Ақбілек» әлемінің сыры, ұлттық -эстетикалық әсері, көркемдік нәрі мен рухани олжасы осында жатыр.
Осы реттен келгенде,қазақ романының өзіндік тарихы мен тағылымы мол.Ал, «Ақбілек» романының тақырыптық Һәм жанрлық жүйесі, жазылу-жариялану тарихы мен көркемдік-эстетикалық құндылықтары көп.Академик С.Қирабаев; «Ақбілек» тақырыбы жағынан «Қартқожа» романымен үндес.Егер «Қартқожада»жазушы ескі қоғамдық құрылыс жағдайында теңсіздікке үн кешкен қазақ кедейінің құлдықтан құтылып,азаттық күрес жолына шыққанын суреттесе, «Ақбілекте» де осы идеяны жалғастырады.Мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып,өз бақытын табуы,тең құқылы азамат болуы бейнеленеді.Романның басты кейіпкері – Ақбілек әкесіне өшіккен Мұқаш деген жігіттің кқрсетуімен қашқан ақ әскерлерінің қолына түсіп,бірқатар қорлық кқреді.Одан кейін өз аулында әйелді қолжаулық көрген ортаның азабын шегеді.Ақыры жаңа заман туып,Ақбілек ағасының көмегімен қалаға кетіп,оқу оқып,бақытын табады.Бұл Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа заманның еңбекші халыққа әкелген қуанышын,соның арқасында бұрын теңдікті сезбеген ,білмеген кедейлер мен әйелдердің теңдік алып,күрес пен бақыт жолына шыққанын жүйелі түрде суреттегенін дәлелдейді «/ 6.13-14 /.
Романның жазылу әдіс – мәнерінде аса бір қалыптасқан жүйелілік жоқ. Автор өмір арнасы мен оқиға өріміне сай алдымен Алтай өңірін, Күршім мен Марқакөл маңайын, табиғат тамашаларын, әсерін шабытты сөз етсе, енді бірде ала ат мінген жалғыз адам туралы, оның өзі бірнешеу болып бейбіт елге зәбір көрсетуін, сосын жекелеген бейнелердің (Ақбілек, Бекболат, офицер, Мұқаш) өзін сөйлетеді. Адамдық мұрат пен міндет төңірегінде кейіпкер монологтары да қолданылады. Романының соңғы бөлігінде әуелдегі бейнелердің бірсыпырасымен есейген, көзқарастары өзгерген қалпында қайта кездесеміз. Әсіресе, Ақбілек пен Камила әңгімесі, Ақбала – Ақбілек, Балташ желілері, күнделік жазбалары жаңа өмір белгілері ретінде сыр толғайды. Бұл айтылған жайлар роман композициясына көркемдік нұсқа келтіріп тұрған жоқ. Керісінше, шындық өмірдің бейнесі ретінде оңды, сенімді әсер қалдырады. Мұның мысалын романның әлеуметтік мәнінен, рушылдық – тартыстарынан, жекелеген кейіпкер мен өмір оқиғаларынан көптеп кездестіреміз. Айталық, романның әлеуметтік мәніне назар аударсақ, сол кезеңнің саяси ахуалы, қазақ ауылы мен ондағы адамдар өмірі мен тұрмыс – тіршілігі, қоғамдық жаңарулар мен қайшылықтар, басқа да көптеген мәселелер уақыт шындықтарына сай суреттеледі. Туынды тұлғалары дәуірімен бет – бет келіп, өмір, уақыт талаптарына сай әрекеттер жасайды. Бұл ретте автор Ақбілекті өмір – тағдыр талқысына сала отырып, ауылдың өсек аяңынан арашалап, қара мұрттың алдындағы әлсіздігін де сездірмей, қаладан бақытына жолығуы – кеңестік кезеңнің көрінісі,сөз өнері дамуы мен жанр талабы,авторлық ұстаным мен көркемдік мұраттың тоғысы,кейіпкер әлемі мен қазақ әйелінің еркіндік алған салтанатының қызықты, жемісті сәті.
Назар аударарлық бір жайт –жазушы негізгі туындыларының тақырыбын:басты тұлға атымен атайды ( «Ақбілек»).Оның өзі көптеген танымал туындыларына тән ( мысалы, «Қартқожа», «Күнікейдің жазығы», «Қанапия-Шәрбану», «Рәбиға», «Шернияз» т.т.). Бұдан басқа,анық аңғарылатыны:автор роман оқиғасын түйінді, шешуші сәттен бастайды.Келесі кезекте соның себеп-сырын таратып,оқиғалық желісі кең өріс,шынайы сипаттарға ие болып,көркем де келісті баяндалады.Қоғамдық құбылыстар мен кезеңдік көріністер,өмір-уақыт шындықтары ,ауыл,тұрмыс суреттерінің баяндалу жолдары реалистік сипаттарымен,көркемдік парадигмаларымен,тілдік-стильдік айшық-нақыштарымен назар аудартады. Роман оқиғасы бұлайша өріс – арна алуы кейінгі жерде баяндалар оқиғалардың бастауы,яки кілті іспеттес.
Ендігі сөз роман кейіпкерлері туралы.
Шығарма атын иемденген басты тұлға – Ақбілек аяулы әке мен қымбат ананың алдында ерке де әсем болып өсті. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ, бұл жарастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт «қалпағы бар, мылтығы бар, көк шекпенді, қақаңдаған,қоқиланған» төрт атты бұзған-ды. Олар бейбіт ауыл мен елдің апшысын қуырды. Үлкен – үй, дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсіріп, орны толмас өкінішке қалдырды. Оның бәйбішесін атып, «жас түлегі, жалғыз қызы- Ақбілекті»ойбайлатып алды да жөнелді. Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан азап – тауқыметін ешкім де дұшпанына тілемес.Өмір шындығы-өнер өрнегі мен өрісіне айналар тұсы да осы сәт.
Бұл – бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың түсі суық, жүрістері суыт әрекеттерімен де алғаш кезігуі еді.Үмітін үрей басып, көлеңкесінің өзі қорқыныш әкелгендей болатын. Ең болмаса, ол ортада Ақбілектің көңіл – күйімен, жағдайымен санасқан ешкім болмады.
Қосты айналып, қашуға әрекет жасамақшы да еді. Бірақ ,қырағы көз қалт жібермеді. Сұмдық сойқан, жантүршігерлік жәбірлеу, азап – қорлыққа толы өмір енді басталды. Бұрын еркек атаулыға қарсы келмек тұрмақ, тікелей қарамаған, он екіде бір гүлі ашылмаған - Ақбілек енді содырлы топтың ортасына түсті. «Ашу – дұшпан, ақыл – досты»да, айла – амалды да жүзеге асыру қиын – ақ. Жан сауғалап «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер, флоттар» Ақбілектің еркінен тыс әрекеттер жасады, асыл қазынасы – абыройынан айырды, Қарамұртқа ермек болды...
Феодалдық – патриархалдық сана мықтап қалыптасқан кезде Ақбілек басынан өткерген ауыр хал, жан азаптары, тағдыр талқысы өмірлік таңба болып басылды. Жан сауғалап қашқан ақтардың артында «бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек» жалғыз қалды. Ақтардан тартқан жан азабынан соң да Ақбілектің жақын-жуықтан көрген қорлығы,күйзелістері көп –ақ.
Ақбілектің жандауысы, шерлі мұңы кеудесінде жаны, сезімі барға жеткендей – ақ. Бірақ, оған тіл қатып, үн қосқан ешкім болмады. Ең негізгісі, ол ертеңгі күнге сенімін жоғалтпады, жақсы, қайырымды жандарға жолығармын деген үмітін де үзбеді. Осы мақсатпен көк пен жерге де, тау мен өзенге де сыр ашты, «күздің сарғыш жапырақтарына», «саялдық қара бұлттарға»мұң шақты. Көзі көріп, көңілі сенген, бастан өткерген көрініс – жайларды бөлісті. Іскендір дуанамен кездескеннен кейін жанын жегідей жеген азап пен қорлықтың салмағы бір мезет жеңілдеп, ұмытылғандай болып еді. Бірақ, нағыз азап, күйзелістер алдынан тағы шықты. Ел ішіндегі өсек – аяң, бұрынғы ғашығы Бекболаттың тояттаған соң сырт айналуы т.т Ақбілектің жан- жарасын одан сайын қоздырды. Бұған «көзі тікшиген, тымырайған» қатыгез мінезді өгей шешесі - Өріктің де кері әсері мол болды. Ес біліп, бой түзей бастағаннан тағдыр тауқыметін мол тартқан Ақбілекті араға бес жыл өткен соң көргендегі әсер өзгеше. Ағасы Төлегеннің артынан іздеп барып, оқуға түседі. Нағашысы Кәмиләмен кездесіп, өз өмірлері төңірегінде өрбіткен сыр – сұхбаттары, Ақбала,Балташ т.б қатынастар мезгіл әуенін аңғартумен қоса ,басты тұлғаның дүниетаным эволюциясын да танытады. Жас өмірін өксікпен өткізген Ақбілектің Балташ сынды азаматпен көңіл қосып, Іскендірмен қайта табысуы жан жарасын жазып, нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасатады. Роман тілімен айтсақ, Ақбілектің «жүрегін жуып тазартқан алтын леген – аяулы жаны, Қаратаудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді». Қысқасы, дүбірлі дәуірдегі қазақ қызының өмір, тағдыр жолы шындыққа сыйымды ,келісті көрініс тапқан. Демек, Ақбілек бейнесі – қазақ қызының тағдыр – талайын танытумен бірге бақытқа ұмтылған, жаңа өмірді, қызық – қуанышты алдан күткен күрделі әрі бедерлі бейне. Қаламгер мұраты – жеке адам, яки Ақбілек арқылы халық өмірін, тарихы мен тағдырын, тұрмыс – тіршілігін шындық оқиғалар, нақтылы көріністермен көрсету болса, бұл міндет күрделі жанр – роман арқылы ұлттық – эстетикалық деңгейге көтерілген, әрі Еуропалық үрдістегі туындылар табиғатына жазылу баяны,суреттеу мәнері тұрғысынан үндес, сәйкес келеді.
Романда жекелеген бейнелердің монологтары, өмірдегі мұраты мен міндеттері де айқын бедерленген. Мәселен, Бекболат өзі жайында төмендегіше сыр толғайды: «Қара торы,орта бойлы, қошқар тұмсық,түлкі мұрт,шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қында мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім – менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар».
Одан әрі Бекболат «бұрын байдың», қазір «орта шарқы үйдің ортаншы баласымын» дейді. Үй – ішілік, тұрмыстық жағдайларын да еске алып өтеді. Балалық, жастық шағының да босқа өтпегенін айтады. «Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырғанын», соған жолыққалы шыққанда, ақтарға кезігіп, оң иығынан жарақат алғанын қысқа, шешен баяндайды. Алайда, Бекболат бейнесі адамдық қасиеттері тұрғысынан, айнала – әлемге көзқарасы жағынан көңілге ұялағанымен,жастық пен достық, махаббат мәселесінде, әсіресе «елден таңдап айттырған» Ақбілегін аялап-бағалау ісінде тұрақтылық, жігерлілік жетіспейді. Қаламгер де Бекболат өрісін аса көп дамытпайды.
Офицер – романның басты тұлғасын жәбірлеп, арын аяққа таптаған жиіркенішті жан ғана емес, империялық саясаттың ғасырлар бойы халқымызды билеп, басып – жанышып келген көрінісі ретінде де есте қалады. Автор роман өзегін – Ақбілек пен офицер арасындағы қатынасқа қарағанда «махаббат символының» үлгісі ретінде емес, керісінше, қазақ – орыс арасындағы «тамыр Һәм туыстық» байланыс тұрғысында терең ашады. Бұған өз жайынан бірер мағлұмат берген офицердің төмендегідей ойлары айқын дәлел: «Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубе қылу керек қой. Анығында, қазақ мемлекетке не пайда келтіріп отыр?....Тек қымызын ішіп, қарнын сипап, қатынына қарап, борбайын тыр – тыр қасығанды біледі....Тегінде қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес. Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді?....Әйтеуір, қазақ өз алдына ел болып жатқан жоқ. Ендеше, орысқа бағыну керек».Бұдан кейін офицер қазақ жеріне,ауыл-тұрмысына,оның адамдарына,атап айтқанда әйеліне, малына көз тігеді.Орайлы тұста, Ресейдің «келешегі мен тағдырын» ойлап қамығады.
Демек, офицер бейнесінен, іс – әрекеттерінен Ресей экспанциясы, яки «ұлы халықтың» державалық-империялық саясатын, қазақ халқын ұлтсыздандыру мен әуел бастағы мәдени құнарынан қол үздіру секілді тағылық «мінезін» танимыз.Билік пен білек күшін де,зорлық-зомбылығын, озбырлығын да көреміз. Ендеше, өткеннің өкініші келешекте қайталанбайтындай сабақ болуға тиіс. Офицер бейнесінің «тағылымы» осы.
Ал, Мұқаш өзі жайында былай дейді: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау,жарқабақтау,кірпі шаш,қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым 35-те.Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес біле есікте жүрмін». Онан соң Тілеубайдың қозысын, Шаманбайдың қойын баққанын, балалық базары жат босағада, кісі қабағын бағумен өткенін еске алады. «Қалай Бадығұлдың жылқысын бақтым, солай көзім ашыла бастады,-дейді ол.- Қашағанды жалғыз ұстаймын. Асауды жалғыз үйретемін. Күзетке жалғыз барамын. Боданда жылқы бағамын. Аязбен, асаумен, қараңғы ұзақ түнмен, ұрымен,қасқырмен, қауіп – қатермен алыспай, адам адам болмайды екен...Жылқы бақтым,кісі болдым».
Мұқаш аузынан баяндалатын монологтан бұдан кейінгі жерде ел қатарына қосылғанын, отбасы болғанын, қызметке кірісе бастағанын, болыс болу ниеті барын да естиміз.Бірақ, ел үстінен күн көрген жоғарыдағы «қызметтерінің» әсерінен болыстыққа сайланбайды. Мамырбайдың баласы іс – қағаздарды кеңсеге тапсырыпты дегенді естиді. Тілін шайнап, тісін қайрайды. Кек қайыруды ойлайды. Ақтармен астыртын байланысып, Мамырбайдың Ақбілегін оларға көрсетіп беріп, ағасынан кегін қайтарады. Мұның соңы белгілі – Ақбілек бір топ еркектің ортасына түсіп, Қарамұртқа ермек болады...
Бұл ретте Мұқаш – өз мүддесі үшін жан алып, жан беретін, бір есебі ішінде.Қолы қалтасында,бірақ қастандықты жүзеге асыратын «қаруы бар». Түпкі ойында соны жүзеге асыруды ғана діттейтіні анық.. Әйтсе де, «ішкі есебі» уақыт өте келе жария болып, соның азап – күйігін молынан да тартып жүреді. Жанама кейіпкер ретінде Мұқаш өз міндетін атқарғанымен Ақбілектің азапты, қасірет – күйінішке толы өміріне себепкер болды.Өмір-тағдырына балта шапты.Жолын кесті. Сол үшін де Мамырбай ауылының алғысын емес, қарғысын алады. Ал, біздің қоғамымызға әділетсіздік,жауапсыздық, екіжүзділік мінез жат. Мұқаш шындығы осы.
Жазушы жаңа өмірдің тыныс – тірлігін әр алуан деңгейдегі адамдар арқылы да көрсетеді. Айталық, Ықаң(Ыстыбай), Тыпаң(Тышқанбай) кезінде беделді де, достары да көп болғанымен «дәулет құсы бастарынан ұшқан адамдар».Әйтсе де ағалық – үлкендік жолдарын, ескі беделдерін көңілге медеу етеді. Төлегеннің үйіндегі басқосуда Ықың мен Тыпаңның мұндай «қасиеттері» танылған – ды. Олардан басқа да онда талай жігіт болған-ды.Оның бірі «қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді Ақбала еді, енді бірі келбеті де, киімі де қоңырлау, жүріс – тұрысы да солапаттау Балташ деген жігіт еді. Төртінші – Доғаның жанында ершіктей ,балтаның жанында шапашоттай жымырайған Жорғабек деген кісі еді ».Жорғабек жеңіл,жылпостау көрінсе, Доға беделге ие, ішімдікке де жақын болып шықты. Ақбала сөзге жақын болса, Балташ тәп-тәуір қызметкер, махаббат мәселесінде де баянды ғұмыр кешеді. Бұл реттен алғанда, аталмыш бейнелер өзіндік көзқарас,әрекет-қимыл Һәм өмірдегі орындарымен ерекшеленеді.
Жылтыр – ісінде бірлік, сөзінде береке жоқ кейіпкердің бірі. «Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ол әуелде Матайдың Әбеніне тілмәш болған. Әбенмен бірігіп елді қанаған. Әбенге шәкірт болған. Ол қазынаның ақшасын да жеген. ...абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан...Оның өтірігіне найза бойламайды». Бұл реттен алғанда, Жылтыр ойымен де, ісімен де Әбен, Мұқаштар қатарында. Романдағы оқиғалардың даму эпизодтарының өзара байланыстары тұсында бұған әбден көз жеткізуге болады. Осы орайда ,жазушы бедерлеген бейнелердің әрбірі өз орындарында әрі іс –әрекеттерімен нанымды сөз болатындығын байқаймыз. Демек, қаламгер кейіпкерлер жүйесін жасауда, жансарайларын ашуда,әрекет-қимылдарын көрсетуде де едәуір жетістіктерге жеткен.Оларды даралауда дәлдік,бейнелеуде нақтылық,суреттеу сәттерінен шынайылық секілді сипаттарымен де ерекшеленеді.Қысқа қайырғанда: «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» (Р.Тоқтаров).
Күрделі жанрдағы туындының төртінші бөлімі алғашқыларына қарағанда екпін – серпіні мол, публицистикалық сарында өріс алады. Ақбілек пен Кәмиләнің кездесуі, өткен өмірлері, өзара сұхбаттары, күнделік шерткен сырлары – тұтастай қазақ әйелі тұрмысынан, іс – әрекеттерінен,дүниетаным арналарынан, сыр-сезім иірімдерінен де мол деректер береді.
Романдағы әйелдер бейнесін еске алғанда, Ақбілектің жақын, жақсы көретін жеңгесі – Ұрқия жақсылыққа жаны құмар, мейірімді жан. Адами әлемі,мінез қырлары бай.Жан жылуы,мейірім шуағы да мол.«Бар айыбы – пұшпағы қанаған жоқ,әйтпесе жібі түзу әйел». Мамырбайдың бәйбішесі дүниеден қайтқанда да, Ақбілектің ақ солдаттары жұртында қалып, Іскендір дуана арқылы еліне келген соң жанашыры да, сырлас – мұңдасы да Ұрқия болды. Қайын сіңлісінің бақытты болғанын қалаған Ұрқия оны Бекболатпен де кездестіреді .Баласын бауырына басып, тәрбие де береді. Бұл реттен алғанда – Ұрқия жаңалық, жақсылықты өзгенің басына тілеуді,өзі соның жылу – шапағатымен өмір сүргенді қалайтын, әрі оның үстіне адалдығы мен адамгершілігі мол, қиындық – қиналыста жол табатын бедерлі бейне ретінде есте қалады.Бастысы,адам жанын терең түсінеді,Қиналғанда қол ұшын беріп,ақыл-кеңесін де орынды айтып,тиісінше шешім шығарады.Ақбілек басындағы ауыр хал,отбасылық ахуал,тағдыр талқысы-Ұрқия жанына да батады.Күрделі кезең,қиын сәттерде Ақбілек жанынан табылып,аялай да,бағалай да біледі. Ал, Өрік болса «үйге жылан кіріп келгендей сүйкімсіз», «қара сұр адам».Ақбілектің бауырларына да жағымсыз, жайсыз жан. Өмір – тағдырына назалы Өрік ашу – ызасын да Ақбілектен алатындай, жас өскін – Сара мен Қажікенге де осы ретпен қырын қарап, қаһарын,қарғысын сәт – сайын сездіреді. Әсіресе, «Ақбілек екіқабат» деген сөзді естігенде көктен іздегені – жерден, жанынан табылғандай «рахат сезімге»бөленіп, «ғажайып-ғаламат» күй кешеді. Ақбілекке бірер күн «араздығын ұмытқан кісідей» сөйлесіп,жылы ұшырап ,оң қабақ танытады. Ақбілек мұның шын екенін, аярлық екенін біле алмаған кездері де болады. Бірақ, бұл «кісімсу кезеңі» ұзаққа созылмайды. Ақбілектің аяғы ауырлығына көзін жеткізген соң аяушылығын ұмытып, араздығы мен өшпенділігін өршіте түседі. Бұл орайда, Өріктің мінезі мен іс – әрекеттерінен образ болмысына қатысты белгілер мол, әрі троптың түрлері:ирония(кекесін)иірімдері,сарказм(мысқыл)сипаттары , сатиралық элементтер де молынан ұшырасады.Автор сөз өнерінің көркемдік құралдарын бар бояу, бедерімен пайдалану нәтижесінде Өрік образын күншілдіктің көрсеткіші, арсыздық пен аярлықтың, теңсіздіктің барометрі ретінде көрсетеді. Сондай – ақ, бағынан соры басым Кәмилә –ескі салт, әдет – дағдының құрбаны болғанымен,романның даму арнасынан аңғарылатыны: адами әлемі бай,ақыл-парасаты мен дүниетанымы кең, жан-жүрегі таза, төзімі берік,ой-сөз жүйесі айқын бедерлі бейнелердің қатарына жатады.
Өмірде өз ісі мен орнын білетін адамдар аз емес. Романда да ондай тұлғалар бар, бірақ көп те емес. Айталық, Алтынайдың (Мұқаштың келіншегі) күйеуі кекшіл, даңқ пен дақпыртқа жақын болғанымен, өзі «үй міндеті - әйелде» екенін жақсы түсінеді. Ал, Іскендір дуана-жақсылық, жанашыр жанның бейнесі ретінде көрінеді. Тау- тас,сай-сала,ескі мола –бәрі де оған үй. Онда ел де жоқ. Оның елі дүйім қазақ.Онда мал да жоқ.Ол дүние жинамайды. Ақша берсең,кез келген ауылдың балаларын жарастырады да, бәйге үлестіреді.Іскендір дорба салмайды, ірімшік, құртыңды алмайды, оған қолма-қол тамақ берсең болғаны.Ол істеген ісін,жасаған жақсылықтарын саудаға салмайды.Онда жасырын сыр,ішкі есеп жоқ.Міне,осындай кісі,яки пайдасы болмаса зияны тимейтін жан Ақбілекке кезіккен болатын.Ақбілек адасқанын айтқанда: «Алып барайын,жолға салайын»,-деп нақты көмек еткен.Жасын да,еңбегін де есепке алмаған Іскендірдің бұл жақсылығы - Ақбілекке ғана емес,оқырманға да жылы,тағылымды әсер қалдырады.Роман авторы адам-пенденің өмірдегі орны: ақиқат жол,әділетті іс,арман-аңсарларын жүзеге асыру,осы бағытты басты тұғыр ету болса,оның өзі жақсылық жасаумен,ізгілік-өнеге көрсетумен баянды,мағыналы екені Іскендір дуана арқылы кең өріс,терең мәнге ие болып реалистік сипат алады.
«Ақбілек»романы жанр табиғаты мен талабына толық жауап берумен бірге кемел ой мен көркемдікке,нақышты тіл мен келісті суреттеулерге де толы.Оны,атап айтқанда,Алтай мен ауыл көріністері,Ертіс – Күршім сипаты,Марқакөлдің мөлдір суы мен оның айналасындағы аң -құс,жан-жануарлар әлемі,алуан түсті адам портреттері мен этнографиялық деректер байыта,толықтыра түседі.Сайып келгенде,қазақ қызының өмір,тағдыр жолын баяндағанда да Ж.Аймауытұлының ескі ауыл,этнографиялық суреттерді,адамдар қарым-қатынасын ой мен сезім өрілімі арқылы риясыз жеткізер тіл байлығына,шеберік иірімдерінің үлгі –өрнектеріне көз жеткіземіз.Сондай-ақ,романдағы әлеуметтік-психологиялық иірімдерден,жекелеген кейіпкерлерді мүсіндеу мен олардың ішкі монологтарынан,ең негізгісі қазақ тұрмысы мен заман көріністерінен,уақыт сырынан реалист суреткердің көзқарас, қолтаңбасы айқын көрінеді.Демек,Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұрасындағы басты туындылардың бірі- «Ақбілек» романы қоғамдық құбылыстар мен кезең көріністерін өмір-уақыт шындықтарына сай сенімді суреттеп,адам әлемін бар қырынан жарқырата көрсетіп,әсіресе қазақ қызының тарихы мен тағдырына,өсіп-есею жолдарына тағылымды сипаттар беріп,оны айрықша мәнді,көркемдік өріс пен өзгеше өрнектермен бейнелеуі бедерлі орын алады.
Көрнекті сөз зергері Ғ.Мүсірепов «Чудесный нәрсе» деп романға қатысты қысқа да ұтымды баға беріп, «Мен Аймауытовтың қолын таныр едім», «Менің ұстазым – Аймауытов!» деуі оның таланты мен шығармашылығына әділ көзқарасын аңғартары анық. Бұл бағытта, академик С.Қирабаев: «Ақбілек» бір қыздың тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріндегі ахуалдың жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романының бірі» десе, профессор Т.Кәкішев: «Ж.Аймауытовтың әдебиет тарихына оралуы – оның «Қартқожа» «Ақбілек» романдарымен, талай мәнді драматургиялық шығармаларымен әдебиетіміздің қалыптасу дәуірінде де сыншыл реализм дәстүрінің озық үлгілері өзінің орасан зор ықпалын жасап қана қоймай, жаңа көркемдік әдіске ұласқанына нақты дәлел бола алады» деп жазушы шығармашылығын, сөз өнеріндегі орнын нақтылы көрсетіп берді. Осындай көзқарастар мен ой-пікірлер - М.Атымов, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, С.Мұратбеков, Б.Байғалиев, Д.Досжан, С.Дәуіт, Б.Майтанов, К.Керейқұлов, Р.Тұрысбек, А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, Д.Ысқақұлы т.б.мәнді мақала, зерттеу еңбектерінің негізгі нысанасына айналды. Атап айтқанда,профессор Б.Майтанов: « Өзіне дейінгі қазақ прозасында роман дәстүрі терең тамыр жаймағанына қарамастан, «Ақбілек» романы стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі бойынша іргесі көркемдік талаптарға қысылмай қымтырылмай жауап береді. Қыр қазағы үшін өлең сөздің айрықша қадірін білетін қаламгер, әсіресе бірінші бөлімдегі алғашқы тарауда эпикалық жыр ырғағына сай өлшем қолданады. Қара сөз ұйқаса жорғалап желіп отырған...
Жазушының жеке адамға қатысты тартыс сипатын зор әлеуметтік белеске көтере білуі, тарихи шындық пен нақты кейіпкерлер жан жүйесінің ақиқатын шебер үйлестіре талдауы, жалпы шығарма поэтикасындағы айшықты қолтаңба, «шыбынсыз жаздай» тамылжыған тіл - «Ақбілек» романын қазақ әдебиетінің қымбат жауһарына айналдырар жоталы стильдік белгілер» десе, әдебиет зерттеушісі Қ.Ергөбек: «Бүгінде қазақ романының ХХ ғасыр басында туғанына ешкім де күмән келтірмейді. Алайда, бұрынғыдай бірді-екілі роман төңірегінде күмілжіп, қорыныңқырап сөйлемейміз. Қазақ романының түу бастауында М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», «Кім жазықты?», «Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек», М.Әуезовтің «Қилы заман», С.Мұқановтың «Адасқандар», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбай» секілді алуан табиғатты шығармалары түр деп нық сеніммен айта аламыз.
Қазақ романы - ХХ ғасыр жемісі. Қазақ романы әлі жас жанр. Осы эпикалық жанрдың қалыптасуында жампоз жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы көтерген жүк ауыр, атқарған міндет сондай зор. «Ақбілек» аты роман ғана емес, роман жанрының бар талабына толық жауап беретін классикалық шығарма»,-деп бағалады.
Тегінде, мұндай ой-пікірлер, ізденістер көп-ақ. Бәрінде де «Ақбілек» романы қазақ халқының өмірі мен тұрмысынан алынып, болған оқиға ізімен жазылған, идеялық-тарихи тұрғыдан негізді, көркемдік-тілдік, стильдік құбылыстары жағынан өзіндік көзқарасы, қалыптасқан қолтаңба мәнері бар шығарма екендігі ашық айтылады. Бұған қоса аталмыш шығарма табиғаты әйел теңдігі тақырыбындағы туындылар - «Бақытсыз Жамал», «Қыз көрелік», «Қалың мал», «Әділ мен Мәрия», «Адасқандар» т.т. адам әлемін ашуымен, оның өмірдегі болмыс-бітімін, тағдыр-талайын бейнелеу мәнерімен де, образдық өзгешеліктерімен, дүниетаным иірімдерімен дараланатынын айрықша атап айтқымыз келеді. Демек, «Ақбілек» романы – халқымыз басынан өткерген күрделі кезең көрінісін, негізгі тұлға мен оның төңірегіндегілер өмірін, елдік дәстүр - өнегені, тәлім-тәрбие тағылымдарын кең көлемде көрсететін терең мәнді,көркемдігі нәрлі парасатты туынды.
Тұтастай алып қарағанда, Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұрасы, әсіресе күрделі жанрдағы туындылары («Күнікейдің жазығы», «Қартқожа», «Ақбілек») қазақ әдебиетіндегі реалистік прозаның даму жолдарын айқындап қана емес, қоғамдық, кезеңдік құбылыстарды, адами-рухани мәселелерді көркемдік-идеялық тұрғыдан шебер де шынайы бейнелеуімен биік белеске көтерілгендігінің, алыс-жақын шет ел қаламгерлерінің профессионалдық дәрежесіне жеткендігінің бірден-бір дәлелі де, дерегі де бола алады.Мұның өзі халық даналығында айқын бедерленгендей: «Шеберлік өмірді көре де, түсіне білуден, сосын объектіні дұрыс таңдап ала білуден басталады».
Жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылық шеберлігінің мың сан қыры,шынайы шындығының бір сыры.терең мәні осында жатыр.
Бұл – «Ақбілек» романына да қатысты айтылар кемел ой мен маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, «Ақбілек» әлемі – халқымыздың өткен өмірі мен тарихының, қазақ қызы мен әйелінің тағдыр-талайын кең көлемде суреттеген тағылымды туынды. Ел мұратын асқақтатқан,ұлт руханияты мен көркемдік танымды биік белеске көтерген даңқты туынды.Жазушы еңбегі мен шығармашылықтағы ізденіс арналарын,жанр жүйесі мен көркемдік мұратты,тілдік-стильдік құбылыстарды бейнелі бедерлеген айшықты қолтаңба жемісі.
«Ақбілек» әлемінің ақиқаты осы.
Әдебиеттер
1.Әдебиеттану.Терминдер сөздігі.Құраст; З.Ахметов,Т.Шаңбай.- Семей- Новосибирск, «Талер Пресс»,2006.- 298-300 беттер
Қазақ әдебиеті//Энциклопедиялық анықтамалық//.-Алматы;Аруна,2005.- 443 бет
Литературный энциклопедический словарь.- Москва;Советская энциклопедия,1987.- стр.329-333
2. Қабдолов З. Сөз өнері.-Алматы;Мектеп,1976.- 324-325 беттер
3.Қирабаев С.Жүсіпбек Аймауытов.- Алматы; Ана тілі,1993.- 73-74 беттер
4.Оспанұлы Ә. «Ақбілек» Шымкентте жазылған.- «Жібек жолы» журналы, 1990, желтоқсан;Қ.Ергөбек.Ел үшін жаралған ерен тұлға.- «Жебе»,2013, 5 қыркүйек
5.Кенжебаев Б. Телегей теңіз/естелік/. - «Лениншіл жас», 1989, 6 қаңтар; Әбілев Д. Көкейде қалған кездесу /естелік/. - «Егеменді Қазақстан», 1992, 26 желтоқсан, т.т.
6. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы. Ғылым, 1996, 1-том / Алғы сөз – « Жүсіпбек Аймауытов»/.- 13-14 беттер
7. Майтанов Б.Қазақ романы және психологиялық талдау.- Алматы; Санат,1996.- 31, 49-50 беттер
8. Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар.- Астана; Таным, 2003.- 182,204 беттер
Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының докторы, профессор