Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Салықтан құтқарған сөз

Баяғыда бір кедей көшерге көлігі болмастан, жыл сайын қыстауда қала береді екен. Бір күні оның үйіне елді сүлікше сорған бір ұлық келіпті.

— Сені жарлы қылған мен емес ем, жазған Құдайыңа жыла. Жан басы алпыс қадақ бидайдан, үйіңдегі алты адамға тоғыз пұт астық төлейсің, — деп ұлық қиғылық салып отырып алыпты.

Жалғыз сиырдың сүтіне қарап отырған жарлы байғұс қалай мақұл дей қойсын, қатты сасыпты. Ауыл-аймаққа шешендігімен аты шыққан қаршадай ған  кедейдің бір баласы бар екен.  

Ұлық сол баланы шақырып алыпты да:

— Бала, сені жұрт шешен деседі. Мына әкеңді биылғы алым-салымнан босатайын, сол өнеріңді көрсетші! Мәселен, адамға мына көз, мұрын, қол мен ауыздың қаншалықты керегі бар? Осыған ойланып жатпастан, табан астынан жауап тауып айта қойшы, қане! — депті.

Сонда бала тұрып:

— Тақсыр, қапылыста шыққан сөз қанжардан өткір келуші еді. Жазатайым қытығыңызға тиіп кеткендей болсам, біздей пендеңізге әңгіртаяқ ойнатып жүрмес пе екенсіз? — депті.

— О, ол не дегеніңіз?! Сөз тапқанға қолқа бар ма? Жауабың нанымды болса, жазғырар жайым жоқ. Сөйле, қорғанба! — депті ұлық.

— Е,  ұлық басымен уәде беріп, қаршадай бала сенің сөзіңе өкпелеп не көрініпті? Бәріміз де куәміз? — десіп, ұлықтың қасындағы нөкерлері де қаумалап әкеткен соң, бала:

— Олай болса тақсырым, Сөйлейін сөздің тап шынын:
Көз деген көпті үйіруге керек,
Қол — жарлының малын жылатып алуға керек,
Ауыз — алғаныңды көмейге салуға керек, — деген екен.

Ұялғанынан құлағына дейін қызарып, қасындағылардың бетіне қарай алмаған ұлық:

— Қап! Мына жүгірмекке тіпті дауа жоқ екен! — деп, атына мініп, жөніне жүре беріпті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама