- 01 қар. 2019 00:00
- 263
Тараздық оқушы бизнес жобасын жүзеге асыруға 2 млн теңге ұтып алды
Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің он екінші сынып оқушысы Дана Құрманбек құрғақ сарысу өндіретін бизнес-жобасын жүзеге асыруға екі миллион теңге ұтып алды. Оның бизнес-бастамасына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдау танытып отыр.
Жас бизнесмен өз идеясын жақын арада іске асыруды жоспарлап отыр. Жоспарын жүзеге асыруға инвестиция дайын дейді ол.
«Біздің елге құрғақ сүт сарысуы Ресей мен Беларусьтен импортталады. Ал оны өзіміз өндіре бастасақ қосымша шығыннан арылар едік. Құрғақ сарысу 150-ден астам өнім түрлерін шығаруға қолданылады. Бұл - косметикалық және фармацевтикалық құралдар, шұжық және кондитерлік өнімдер, балмұздақтың түрлері», – дейді Дана.
Айта кету керек, Дана Құрманбек - бағдарламаның ең жас қатысушысы. Оның жасы небәрі он сегізде. Данамен қатар байқауға зейнет жасына дейінгі тәжірибелі кәсіпкерлер де қатысқан. Оқушы бизнес-жоспарын жетекшісі, экономика пәнінің мұғалім-модераторы Әлия Жусанбаеваның басшылығымен мұқият құрып, есептеген.
«Сүт өнімінің қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрғақ сарысу өндіру жобасын Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жүзеге асырғалы отырмыз. Еңбегіміз болашақта өңірдің және елдің экономикасына ерекше пайда әкеледі деген үміттеміз», – дейді Әлия Махтабекқызы.
bilim-all.kz