Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Сарыала қаз — Феникс

Қара қарғалар қарақұрым болып топ-тобымен ұшады. Ала қарғалар да жалғыз-жарым жүре бермейді.

Жылы жаққа ұшар алдында қарлығаштар телеграф сымына тізіле қонып алып ұзақ сырласады.

Жылы жаққа қарай тырналар үш бұрыштанып алып, улап-шулап ұшып бара жатады.

Қорғалжыннан қайтқан қоқи қаздар да топтасып ұшады.

Жабайы үйрек-қаздар да ұйымшыл.

Тіпті жауыз торғайлар да топ-тобымен жүреді.

Ал сарыала қаз неге жалғыз?

Ай-қасқа атқа мініп, Тәңіртауды бетке алып бара жатқан мен жалғыз. Төбемнен ұшып бара жатқан сарыала қаз жалғыз.

Әлде қанаттарының сусылы, әлде мұңды үн сарыны — сарыала қаз ұшқан биіктен бір аянышты үн шығады.

Айнакөл — Көксай аңғарының төрінде, шамада үш мың метр биіктікте.

Шығысында — атақты Манас шыңы.

Жылқышы Асқар, орманшы Мұрат және мен үшеуміз үш атқа мініп, Айнакөлге жеттік-ау, әйтеуір.

Көлдің түбіндегі тастар көрініп жатыр. Соған қарап: «Е-е, таяз екен ғой» деп қалуың мүмкін. Қайдағы таяз, түйе бойламайды. Түбінен тастар көрініп жатқаны — көлдің соншалықты мөлдірлігі, періштенің көз жасындай тазалығы.

Көлдің арғы шеті әрең көрінеді. Екі жақтан: Шығыс пен Батыстан аспан тіреп тұрған шыңдардың арасын жалғастырып тұрған кезең бар екен. Ұлан бел десе болғандай. Мұз құрсанған.

Биік-биік шыңдардан құлаған үлкенді-кішілі сулардың тоспасы сол.

Айнакөл — сол тоспаның астынан шым-шым шығып жатқан айдын. Егер осы тоспа болмаса, бүкіл су лақ етіп төменге бірден құласа, біздің Мыңбұлақты әлдеқашан су шайып кетер еді.

Табиғат шебер. Тоспа, тоспа — саты-сатымен құлаған су аса жойқын емес.

Бұған дейін мен көрген көлдер мен теңіздер жер деңгейінен төменірек жатыр еді. Оларда жаға, жағалау деген болар еді. Егер өзен яки теңіз жағадан шығып, арнасынан асып кетсе, ондайда:

— Ойбай! Тасқын! Топан су қаптады! Ақырзаман! — деп адамдар алжасқандай алақ-жұлақ етіп, естері шығып кетер еді.

Ал, мына айдын жер бетінен ең жоғары, тым биікте, тау басында, шыңға жақын жатыр. Жатысы жайдарлы. Алқынған ештеңе жоқ. Тасқынның, топан судың елесі де жоқ. Тек қатар тұрған қос шыңның арасын бөліп жатқан кезеңнен соққан жібек самалдан көлдің бетінде қаз таңдайлы майда толқын бірін-бірі қуалап ойнайды.

Сол үлбіреген майда толқынға қарсы алты балапан қатар жүзіп барады. Олардың үстінде, биікте Сарыала қаз нәзік үнмен жалынышты кейіпте шырылдайды.

Бізге қарай жақындай түсіп:

— Қайтыңдар! Не бар сендерге?! Балақайларды қорқытпаңдар! Қайтыңдар, — дейді.

Үні нәзік. Көп болса, үйректің үлкендігіндей. Реңі сарыала. Қанаты да қысқалау. Сөйте тұра, егер біз көлге жақындай берсек, төбемізден шүйілетін түрі бар. Өте өжет.

Тіпті қамшымен салып кеп қалсаң жететін жерге дейін жақындайтынын қайтерсің. Бірақ біз қамшы сілтемедік. Бейбіт адамдар екенімізді білдіруге тырыстық.

Балапандар едәуір алыстап кеткенше Сарыала қаз алдымызды кес-кестей берді. Қаздың жалынышты үні:

— Кетіңдер бұл арадан. Бұл жер адамдар мекендейтін орын емес. Бұл араны Құдай бізге бұйыртқан. Тиіспеңдер, кетіңдер, — деген кейіп танытады.

Балапандар алдыдан соққан майда толқындармен арпалысып, алыстап барады. Жалғыз жанын пида қылып, жанталаса қорғаған анасы болмаса, бейшара алты балапан тым қорғансыз.

Сарыала қазды шырылдата бермейік деп біз жағалаудан кейінірек кетіп, аттардың ауыздығын алып, тұнып тұрған шалғын көкке қоя бердік. Алуан-алуан хош иіс гүл-майсаны төсеніп, жантайып-жантайып жата кеттік.

Теңіз бетінен үш мың метр биіктікте адам тез шаршай ма деп қалдым. Лезде ұйқым келді. Бірақ Сарыала қаздың шырылдаған даусы әлі естіліп тұр еді.

Кенет гүрс еткен мылтық даусы шықты да ұйқым шайдай ашылды. Орнымнан атып тұрдым. Қасымдағы серіктерім де үрпиісіп түрегелді.

Сол-сол екен, мылтық даусы тағы да гүрс етті. Көл үстіндегі шырылдап жүрген Сарыала қаз аспанда селк еткендей болды да, отқа оранып-өртеніп төмен құлдилай берді.

Мылтық екінші рет атылған соң барып, ап-ашық күнде найзағай шартылдағандай болып, аспан тіреген шыңдардан төмен қарай үйдей-үйдей тастар домалай бастады.

Біз жаққа қарама-қарсы қабақтан қалбаң етіп көрінген атты адамды жоғарыдан домалаған сандықтай тас ат-патымен қоса көлге тулақтай қылып лақтырып кеп жіберді. Көлдің суы аспанға шапшыды.

Төбеден құлаған сусыма тастар едәуір толастамай, сәлден кейін барып, сатыр-сұтыр басылды. Көлдің беті тынши қалды.

— Мұндай биіктікте мылтық атуға болмайтынын білмейтін қандай адам? — деді орманшы Мұрат.

— Ажал айдаған байғұс қой. Әйтпесе, балапан қорыған жалғыз Сарыала қазда несі бар, — деді жылқышы Асқар.

— Сарыала қаздың балапандары көрінбес пе екен? — деп көл бетін тінти қарап мен тұрмын.

Ештеңе көрінбеді. Төбеден құлаған түйе тастар да, Сарыала қазды атқан адам да ат-патымен зым-зия. Былай қарасаң көлдің түбі көрініп жатыр.

Ал, түйені түгімен, кемені жүгімен жұтатын түрі бар.

Түсініксіз құбылыс: көлдің түбіндегі майда тастар көрініп жатыр.

Ал, таудан домалап түскен түйедей тастар көрінбейді.

Әлгі мылтық атқан адам ба, пері ме, ол да көрінбейді. Астындағы аты да жоқ.

Қанаты қатпаған алты балапаннан белгі жоқ.

Сол балапандар үшін басын оққа байлаған, балақайлары үшін шыр-пыр болып, бізге:

«Қайтыңдар!» деп жалынған Сарыала қаз із-түзсіз.

* * *

Сарыала қаз бен оның қанаттары қатпаған алты балапанының жаназасына Айнакөл айналасындағы аң мен құс біткен түгел жиналды.

Тау басына бұлттар үйіріліп, аспан асты түнеріп, қараңғы тартып, шарт-шұрт найзағай ойнап, нөсер жауын долдана, ышқына сиіп-сиіп жіберді.

Нөсер сәл-пәл басылғанда, жартастың текшесінде тұрған Теңбіл барыс ақырды:

— Біз осынша кең дүниеге симай қалғандар емеспіз. Бізді сидырмады. Содан кейін тапқан жалғыз панамыз — Тәңіртаудың ұшар басы еді. Жауыздың оғы бұл жерге де жетті. Бірақ жауыз жазасын алды. Құдірет оның жазасын берді. Ал, енді Құдірет бізді қашанғы қорғай береді. Құдай: «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Сондықтан біз өзімізді ұйымдасып қорғауымыз керек! — Осыны айтып Теңбіл барыс текше таста отырған ұлар құсқа мойын бұрып:

— Сен қалай ойлайсың, Ұлар ханым? — деді.

— Мен де сендей ойлаймын, Барыс мырза, — деді Ұлар ханым. — Адамдар айтады: «Ұлы тауға шыққан бар ма? Ұлар етін жеген бар ма?» деп. Өйткені біздің етімізді жеген адам ең қауіпті деген кеселден жазылады. Осыған бола біздің тұқым өте аз, тіпті құрып барады.

— Ал, Құлжа мырза не айтар екен? — деді Теңбіл барыс ыңырана сөйлеп.

Сансыз сақиналы иір-шиыр мүйізін бір сілкіп тастап, апайтөс Құлжа күйіс қайырып жатқан жерінен асықпай түрегеліп:

— Біздің адамнан басқа жауымыз жоқ, Барыс мырза, — деді. — Бір жау болса Сіз өзіңіз болар едіңіз, Барыс мырза, бірақ сіз біздің ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқауымыз болмаса, басқаларымызға тиіспейсіз. Құдай сізге нысап берсін. Ал, енді біздің осы мекеніміздегі жалғыз Сарыала қаздың тұқымы үзілді. Әлде мүмкін Жаратушы құдіреттің рахымы түссе, тұқымы үзілмес те, кім біледі, — деп Құлжа қайтадан күйіс қайыра бастады.

Алдына арқарлардың Құлжасы түсіп кеткеніне намыстанып, шытынап тұрған Таутеке шыдай алмай, алдыңғы аяғының тұяғымен текше тасты шекіп-шекіп жіберіп, ай мүйізді басын шайқап-шайқап қойып:

— Барыс мырза, кешіріңіз, менен де бір ауыз сөз тыңдаңыз, — деп бақылдады. — Осы өкімет біз сияқтыларды қорғайтын мекеме құрды деп еді, бірақ алдымен бізді аңдып ататындар сол мекеменің адамдары ма деген күдігім бар, бақ-бақ-бақ... Ал, бейшара Сарыала қаздың Құдай иманын берсін, бақ-бақ-бақ...

Теңбіл барыс: — Тағы да кімде қандай пікір бар? — жан-жағына таңдана қарап қойды.

Қоңыр аю қорбаң-қорбаң етіп алға шықты:

— Егер Сарыала қаз шыннан өлген болса, өлігі су бетіне қалқып шығар еді. Мына мен көлдің бетіне тесіле қарап-ақ тұрмын, ешқандай белгі жоқ. Оның жаны аспанға ұшып кетті. Құдай бар болса, Сарыала қаздың тұқымы үзілмеуі тиіс. Мен солай ойлаймын, — деп қорбаңдап барып орнына отырды.

Теңбіл барыс жартастан төменге қарай үңіліп, текше тастардың үстінде шоқиып-шоқиып отырған көк қасқырларды көрді.

— Сендер мұнда қайдан жүрсіңдер? Мұндай биікке көтерілмеуші едіңдер ғой, — деп қасқырларды жақтырмағандай сыңай танытты Теңбіл барыс.

Қасқырлардың көкжал арланы:

— Ол рас, Теңбіл барыс, біздің мекеніміз төмен, ылди жақта. Бірақ мылтық асынған адамдардан көбінесе қорлық көрген біз, қасқырлар әулеті боламыз. Биікте осындай аң-құстардың құрылтайы болып жатыр дегенді алақанат сауысқаннан естіп, біз де барып тыңдайық деп келіп едік. Ешкімге зиянымыз жоқ. Бейбіт мақсатпен келдік, — деді алпауыт Арлан.

— Бұл жиын биік шыңның маңайын мекендейтін аң-құстардың марқұм Сарыала қаздың жаназасына арналған қаралы жиыны, — деп Теңбіл барыс тастардың текшесінде тұрып қасқырларға ескерту жасап қойды. — Осындай қиын-қыстау сәтте Көк Бөрі атаның балалары қорқаулығыңды істеп жүрмесең болғаны, әйтеуір.

Көкжал Арланның желке жүні тікірейіп, Теңбіл барыстың мына ескертуіне намыстанып қалды:

— Ол не дегенің, Теңбіл барыс мырза, Көк Бөрінің балаларын «қорқау» деп қорлама. Біз де, өзің сияқты байтақ даланың төсінде мың-мыңдап жорытқан ақбөкендердің ауру-сырқауын ғана қанағат тұтып күн көрген халықпыз. Бірақ бір кезде біз өзіміз асырап өсірген адамдар есірді. Шыққан тегін, киесін ұмытып кетті. Ақбөкенді қырып салды. Бізді де аспаннан «вертолет» деген бәледен атып, азайтты.

Адамдардың малын жесең жегеніңді желкеңнен шығарады.

Сонда не істейміз? Қайда барып күн көреміз, Теңбіл барыс?!

Қабырғадан қойылған қаһарлы сұраққа Теңбіл барыс не деп жауап берерін білмей, жаны күйзелгендей ыңырана берді.

— Обалың адамдарға, — деді ақыры Теңбіл барыс. — Адамдардың ақылы қысқа, бір кезде Көк Түріктердің түп атасын қасқырлар асырап, содан тұқымы өсіп кеткенін ұмытып кеткен. Көк Бөрі Көк Түріктердің киесі ғой! Соны олар қалай ұмытады? А, мүмкін адамдарға Құдай ақыл-сана беріп, мейірім бұйыртып, ақбөкендерді енді қыра беруіне тиым салып, дала киіктерін қайта көбейтер...

Көк бөрілердің арланы аспанға қарап тұмсығын көтеріп:

— Уа, Теңбіл барыс, айтқан сөздерің Жаратушы Құдіреттің құлағына шалынсын! — деп озаңдата ұзағынан ұлығанда шың-құздар жамырай жаңғырықты.

* * *

Аспан астын күңірентіп Арлан ұлығанда, біздің аттарымыз құлақтарын тікшитіп, оқырынып, тіпті біреуі үрейлене сиіп-сиіп жіберді.

* * *

Осының бәрі өң мен түстің арасында өткендей таңғажайып көріністер болды.

Әлде мен үш мың метр биіктікте өкпеме ауа жетпей қиналып, ұйықтап қалдым ба?

Үш салт атты жоғарыдан төмен түсіп, ылдилап келе жатырмыз.

— Осы мен әлгінде ұйықтаған жоқпын ба? — деп сұрадым қасымдағы Асқар мен Мұраттан.

— Жоқ, — деді Мұрат орманшы бетіме таңдана қарап.

— Аздап қана көз шырымын алған сияқтысың... Әлгінде біз аттарды отқа қойып, көгалдың үстінде қисайып жатқанда, — деді Асқар жылқышы.

— Аң-құстардың құрылтайы болған сияқты, — дедім мен күмілжіп.

— Аң-құстардың құрылтайы болушы ма еді? — деп таң қалды Асқар жылқышы.

— А-а? Қайдағы құрылтай? — деп сұрады Мұрат орманшы.

— Е-е, түсім екен ғой, — дедім мен ыңғайсызданып.

— Қандай түс көрдің, айтсаңшы, — деді Асқар.

Мен көргенімді түгел айтып тізіп бердім.

— Міне, қызық, — деді Асқар жылқышы.

— Болса — болар, — деді Мұрат орманшы. — Өйткені Сарыала қаз аспаннан отқа оранып, көл үстіне шырылдап түскені рас.

— Үйдей-үйдей тастар құлады ғой, әйтеуір, — деді Асқар жылқышы.

— Сарыала қазды атқан адам ат-патымен суға құлағаны да рас. Бірақ бәрі көрінбей кетті, — деді Мұрат орманшы.

— Мұның бәрін мен де көрдім, — дедім мен. — Ақ Теңбіл барыс бастаған жиналыс... түсім болды ғой сонда.

Асқар мен Мұрат үндемей бетіме қарады. Дәл осы кезде төбемізден Сарыала қаздың таныс даусы естілді.

— Мынау сол ма, басқа ма? — деді Асқар.

— Дәл өзі! — деді Мұрат орманшы.

— Қалайша? — деді Асқар жылқышы.

— Бұл — Феникс! — деді Мұрат орманшы.

— Ол не тағы да? — деп сұрады Асқар жылқышы.

— Өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін сондай әулие құс болады, — деді Мұрат орманшы.

— Естімеген елде көп, — деп басын шайқады Асқар жылқышы. Сарыала қаз төбемізден шырылдап ұшып, бізді аңғардың аузына дейін шығарып салды. Жападан-жалғыз.
Мазмұны


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама