Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Сүдігерде изен ызыңдайды

Сүдігерде изен мен мия ызыңдайды.

Егер мия у болмай, жеуге жараса, біз ашықпас едік. Күрдек бас мия жасымықтан үлкен топ-толық дәнін көтере алмай, жерге жеткенше еңкейіп қалыпты. Ал Шақпақтың желі тұрғанда, күрдек бас мия мен қызыл изен ызыңдайды. Бір-бірімен жарысып ебелек домалайды.

Суық тиіп ауырғалы бері басымды көтеріп терезеге қарап отырғаным бүгін. Кеше Айша қызыл жантақ қайнатып, соның суын ішкізгелі бері тәуір болғандағым. Бірақ төсектен тұрып кетер дәрмен жоқ. Тұрсам да бәрібір далаға шыға алмас едім.

Айша таңертең:

— Жалаң аяқ қалып ауырдың ғой, Барсхан. Сенен аяғанды ит жесін. Өтсе — жалғыз тоқтыны сатып, саған бәтеңке қарастырайын,—деп базарға кеткен.

Күн бесіннен ауып, терезе алдындағы сүдігер қарауыта түскендей болды. Айша әлі жоқ.

Кешегі күн шуақты қоңыр күзде сүдігерді Жақаш екеуміз жыртқанбыз. Жақаш маған қарағанда ересектеу, бойы да ұзын. Бригадир әдейі қосқа бір кішкентайдың қасына бір ересектеу бала қойған ғой. Онысы ақыл болған. Әйтпесе мен өліп қалар едім...

Менің соқам алдында, Жақаштікі артта болатын. Менің соқама жегілген екі тарғыл өгіз — соқамен жер жыртудың чемпиондары. Жақаштікі — екі қызыл өгіз. Біреуінің мүйізі сынық.

Мен соқаның жалтыраған екі тісінің арасына аяғымды тіреп, шоқиып отырғанды ұнатушы едім. Жап-жалтыр өткір тістер қопарған қыртыс топырақ қара бұйраланып, шексіз қара су ағып жатқандай. Ұзақ қарап отыра берсең басын айналады.

Әлдене тырылдағандай, әлде тыраулағандай болды. «О не»? — деп жан-жағыма қарап едім — бөтен нәрсе көрінбеді. «Айырплан ба?» – деп аспанға шалқайып едім: екі қатар нүкте сызық көрінді де, екеуінің алдыңғы ұшы бірігіп кетіп, сәлден кейін жалғыз нүкте жеке-дара сақа шықты. Содан үшкіл пайда болды. Тырналар.

Жақаш екеуіміз жыртып жатқан сүдігердің үстінде біраз аялдағандай болды да, Аспантаудың Шоқыбас шыңына бет түзеді. «Енді көрінбей кететін болды-ау» дегенімше, сақа-нүкте Манас шоқысына қарай бұрылды. Бірте-бірте ылдилай Маймақ, Күркүреусу тауын, сауырлап, Күйік асуының тұсынан аунап түсіп, Қаратауды жебелеп көп ұшты. Батыстағы Боралдай, Құлан, Шақпақтауларын айналып өтіп, қайтадан біздің сүдігердің үстін күннен көлегейлеп сәл тұрды да, тура батысты бетке алып, тыраулап ұшып кете барды. Сонда барып «А-а-ай!» деп айқайлап жібергенім есімде... Сөйтсем, тырналар дегенім адамдар сияқты елестеп кеткен екен. Сақа-нүкте — Орха көкем. Ол фин соғысында болып оралған. Соғыс көрген деп алдына қойған шығар. Үшкіл сызықты суретке салса мынадай болады.

*ОРХА!

*Ноха! *1Жиренбай!

*Сұлтан! Төреқұл!

*Нәметқұл! *Өскен!

*Сейсенбай! *Сәмбет!

*Байбосын! *Қайып!

*Махан! *Рәсілхан!

*Нұралы! Бейшенбек

*Найын! Тұрарбек

*Кәмет! *Сайлау

*Өскенбай! *Қожагелді!

*Поштақұл *Сайлаубек!

*Тәшкен! Жарқынбек!

*Тоққұлы! *Сыпабек!

Егемберді! Күзембай!

*Алдаберген! *Әнуарбек!

*Құдайберген! *Сәрсенқызы!

Ержан! *Орынбек!

*Таутана! *Кәрібай!

*Тарбақбай! *Керімбай

*Сияқұл!

«А-а-ай!» — деп айқайлап жібергенім есімде... Одан әрі, сірә: «Мені де ала кетіңдер!» —деп айқайласам керек, бірақ үнім шықты ма, шықпады ма — білмеймін. «Мені де...» деп қол созып тұра бергенімде, қос өгіз қолымдағы жыландай ысқырған қамшыдан қорықты ма, білмеймін, әйтеуір, оқыс бұрылып, бораздадан шығып кетіп, мен соқаның екі тісінің арасына құлап түсіппін...

Әбүйір болғанда, Жақаш көріп қалып, айқай салып, екі тарғыл өгізді әрең тоқтатып, мені екі тістің арасына кептеліп қалған жерімнен шығарып алды. Аузы-мұрныма қара топырақ тығылып, енді болмаса тұншығып өлетін екенмін.

Жақаш әуелі:

— Ей, болбыраған боқмұрын, қараптан-қарап отырып өліп қала жаздағаның не-ей?! — деп әбден жерден алып, жерге салды.

Ақыры отыра қалып, қара топырақты қобырата шашып жіберіп, солқылдап жылады.

— Саған соқа айдатып қойған соғыс оңбас, сені маған серік қылған шолақ бригадир оңбас. Ей, болбырақ боқмұрын.

Егер сол жолы Жақаш болмаса, яки көрмей қалса, мен бүйтіп қалқайып, терезеден сүдігерге қарап отырмас едім. Мені сол жолы топырақ көміп қалғанда, ешкім таба алмас та ма еді?..

Осылай ойлауым мұң екен, өзімді өзім аяп, жападан-жалғыз отырып жылағым келді. Қоңыр күзде өзім жыртқан сүдігер, сұлқ түсіп жатыр, тек соқа жыртпай кеткен мия мен изен ызыңдайды. Теп-тегіс қылпықсыз сүдігерде аядай жер арал болып, миясы мен изені қырқылмай аман қалған.

Мылтық даусы гүрс етті. Жалт қарап, терезеге үңілдім. Сүдігерден басқа ештеңе көрінбеп еді, кенет сүдігердің жал-жал топырағын малти кешіп, артына қарай-қарай Ақжол қашып барады.

Жүрегім зу ете қалды. Ақжол қылмысты сияқты. Ол ұзай түскенде құтылып та кететін еді. Бірақ ол сүдігерге малтыққандай тоқтай қалып, артына бұрылып қарады. Оны қудалаушы адам ұратынын, әрине, біледі. Білмесе, қашпас еді ғой. Ал сол адам өлтіретінін Ақжол қайдан білсін. Өлім бар деп ойына да кірмеген шығар. Сондықтан ол енді қудалаушы адамның таяғы жетпес-ау деген жерге барып, артына бұрылып қарады. Көзқарасы кінәлі еді. Содан да бір сұмдық істегенін сезе қойдым.

Енді сүдігердің шетіне шыққан адам сұлбасы да көрінді. Жуанқұл көрші галифе шалбарлы аяғын алшайтып қойып, мылтықтың дүміне басын қисайтып, әбден көздеді.

– Қаш,—деп айқай салғанымша, мылтық гүрс етті...

* * *

Ақжолды жазда Евгеньевкадан алып келіп едім. Шынын айтсам, өзі ілесіп келді. Борандының элеваторына бидай тапсырып, шаңқай түсте бір топ бала ауылға қайтқанбыз. Арасындағы ең кішісі мен едім. Астымдағы көк тайқар да қашыр сияқты шабан неме, арам қатқыр. Басқалардың көлігі әсіресе ауылға қайтарда есіре жөнеледі. Бірінен-бірі қалғысы келмей қосаяқ қағып андыздайды.

Менен басқалары ызы-қызу, қиқу салып топтана қарауытып, қара жолдың шаңын бұрқылдатып, ұзап кетті. Көптің аты — көп. Көпке ешкім тиіспейді. Евгеньевканың әккі балалары жалғыз-жарымды ториды. Серіктерім мені жалғыз тастап кетейін демеген де шығар, бірақ қалың шаңның арасынан кім бар, кім жоғын байқамай қалған да болар. Не десе де мен жалғыз қалдым. Қашыр тектес тайқарды қанша қамшыласам да, жүрісі өнбей, дүние өртеніп бара жатса да мимырт жүрістен танбайды.

Төбесіндегі қамысы қарауытып, тозып кеткен мая жон үйдің бұрышынан айнала беріп, ауылдың жолына енді түсейін дегенде, көк тайқардың әдеттегі салпаң құлағы тікшие қалып, жалт бергені. Басына жаман тонды айналдыра жамылып, үйдің тасасынан бір бала шыға келгенде, тайқар үрейлене үркіп, оқыс бұрылғанда, үстінен ұшып түстім. Аузы-басымның шаңын сүртіп, орнымнан тұрып болғанша, Евгеньевканың қағынды келгірлері көк тайқарға ит қосып қуалап, мәз бола қалыпты.

Егделеу бір әйел қамысы тозған маяжон үйден шығып, әлгі мені жәбірлеушілерге бажылдап, қарғыс жаудырған сияқты. Не айтып айқайлағанын онша түсінбесем де, әйтеуір, маған пана болып тұрғанын сезіп, ішім жылып қалды. Өзге тұрмақ, өз шешеңнен айналайын деген сөзді сирек еститін заманда бейтаныс адамның мені аяп, араша түскеніне көңілім босаңсып, көкіректе қатып жатқан көп қоя мына бір жылудан еріп ала жөнелгендей, еңіреп жылағым келді.

— Болды. Сеники үлкен бала. Қорықпа. Олар енди саған урмайды,—деп жұбатты әлгі егде әйел үсті-басымның шаңын қағып, жерде жатқан кенеп дорбаны қолыма ұстатып. Шұбар ала алжапқышының астына күс-күс қолын жасырып:

— Бедные,—деді.

Онысын мен түсінбедім. Рақмет айтуды да білмей, ауылға қарай кете бардым. Арам қатқыр көк тайқар алды-артына қарамай ауылға қашып кетті. Үстімде бала бар еді-ау деп қарамады.

Евгеньевканың тағы бір қамыс шатырлы шеткі үйінің тұсынан өте бергенімде, ажырық тұтқан арықтың ішінен бір бітік көз күшік тырмысып, тырбаңдап жатып, жолға шығып, жанары жылт-жылт мөлиіп, құйрығын бұлғаңдатты.

— Күшкә, күшкә,—дедім кетіп бара жатып. Неге айттым, өзім де білмеймін. Сол-сол екен, әлгі жәрбиген жаман күшік құлдыраңдап маған ілесе берді...

Евгеньевкадан былай ұзап шыққан соң, бір терең сай кездеседі. Әдетте бір топ бала сол сайға түсіп, бұлақ суына жуынып-шайынып, таңертең үйден ала шыққан там-тұм тамағымызды бидайдан босаған қапшықтың үстіне жайып, әлденіп алатынбыз.

Бұл жолы мен жалғызбын. Ербиіп, жападан-жалғыз отырып тамақ жегім келмейді. Үйге тезірек жетсем деймін. Дегенмен, жалбыз бүркенген бұлаққа етпеттеп еңкейіп, мұздай судан сіміріп болып, енді түрегеле берсем, артымда шоқиып әлгі көк қасқа күшік отыр. Менің таңдана қарап қалғаныма жауап бергендей тез тұрып, құйрығын бұлғаңдатты. Қызғылтым нәзіктілін шығарып, жаланып қойды.

— Е, байғұс, бір нәрсенің иісін сезген екенсің ғой,—деп дорбадағы жарты таба нан мен қос жұмыртқаны шығарып, алдымен өзім наннан бір тістеп, содан соң барып көк қасқа күшікке бір үзімін тастадым. Лезде қақшып алып, шайнар-шайнамас бір-ақ қылғытып, басын қисайта қалып, тағы мөлиді. Енді оған жұмыртқаның бір түйірін тастап ем, шайнамай жұта салды. Бірақ қызғылт тілімен сүп-сүйрік дымқыл қара тұмсығын жалай-жалай берді. Мұнысы маған ұнаған болуы керек, жұмыртқаның қалғанын түгел тастай салды. Ол өзбектердің аңшы иттерінің жоңышқа арасынан бәденесі бас салғанындай, қақшып түсті.

Кейіннен ойлаймын: менің қателескен жерім — күшікке жұмыртқа тастау болды.

Не керек, сайдың арғы қабағына шығып, ауылдың борпылдақ қара жолына түскенде де, күшік соңымнан қалмады.

— Қайт!—деп бір-екі рет жекіп едім, әлгі неме қаймығып, сәл шегінді де, шоқиып отыра қалып, мұңая қарағанда, шыдамадым.

Мейлі, жүрсе жүре берсін, — дедім.

Әйтсе де, Евгеньевка жаққа бұрылып көз салсам, күшік жоқтаған ешкім көрінбеді.

* * *

Үйге таяп қалғанда, бөрте лағын жетектеп, аузынан түспейтін махорка шылымын бұрқыратып, Хадиша кездесті.

— Барсхан-ау, мынауың не сұмдық? — деді ол көк қасқаға ернін шығара, менсінбей қарап.

Евгеньевкадан өзі ілесіп қалмай қойды, — дедім, ұрлады демесін деп ақтала сөйлеп.

— Сенің үйіңнің жуындысы біздің Майлыаяққа енді бұйырмайды десеңші, — деп Хадиша аузынан түтінді шеңберек атқызан түтінді шығарып, қасын керіп қойды. — Мейлі, ит жарықтық жеті қазынаның бірі дейді ғой, атын Ақжол қой, соғыстағы боздақтар аман келіп, жолдары ақ болсын.

Хадиша шылымын кебісімен таптап өшіріп, көк қасқаға енді сыпай қарап:

– Тұмсығы біздей екен кәпірдің: не түлкі алатын тазы болады, не көзіне ұры болады,—деді.Тіпті күшіктің артқы бір аяғын тарбитып көтеріп те көрді. Күшік байғұс әуелі жағымпазданып, құйрығын бұлғаңдатып, көзі жылтың-жылтың етіп еркелеген болып еді, аяғын көтеріп абыройын ашқанда, қыңсылап тартыншақтан, менен көмек күткендей, маған қарап жаутаңдай берді.

Хадиша қолына бірдеңе жұғып қалғандай, алақанын бір-біріне үйкелеп тұрып:

— Қарай гөр өзін — төбет екен, — деді. — Дүбәра ма, қалай? Жоқ, тазы-тазы...

Хадиша жеңешем сөйтіп мені дал қылып, ойға қалдырып кетті. Біресе тазы, біресе ұры, біресе дүбәра дейді. Көңіліме күдік алсам да, тазы дегеніне сенгім келіп, өзімше бір үміттеніп те қалдым.

* * *

Үмітімнің түрі — осы таяуда Керегетаста көрген түлкінің баласы. Керегетастағы тракторшыларға жалғыз өгіз жеккен арбамен су тасып, түс ауа ауылға қайтар жолда қызыл изен қалың өскен ойпаңнан бір түлкінің баласы жалт ете қалған. Есім кетіп, арбадан аунап түсіп, ұзын қамшымды серт ұстап, тұра кеп қуайын. Дәл иегімнің астынан ат басындай алтын қашқандай, ышқына жүгіргенім сонша, ә дегенде түлкі кәдімгідей қорқып, қос құлағын жымқыра зытты. Едәуір ұзап кетіп, құлағын біресе тікшитіп, біресе жымқырып, шоқиып отыра қалып, қиқ-қиқ күлгендей болды. Дәме шіркін қиын екен, енді ұрып алатындай барымды салып бағайын. Түлкі орнынан ыршып түсіп, дөңгеленіп ала жөнелді де, бұрылып тағы қарады.

Аузы-басын қисаңдатып мазақтап тұрғандай көрінеді. Енді оны ұстап алудан күдер үзе бастасам да мына ыржаңдап күлгендей күйігіне шыдай алмай, ентіге ентелей тағы бір ышқындым. Даусым да ащы шығып кетті.

Түлкі бұлаң етіп, изеннің қалыңына қарай бұралаң тартқанда, алдымыздан пырдай болып бозғылт балапандар жан-жаққа шашырап жорғалай жөнелді.

Әлі қанаттанбаған бұлдырық балапандар болды. Қанаты қатайған күннің өзінде бұлдырық аспандап алысқа ұша алмайды. Мына қу түлкінің қызыл изен алабын жағалап жүргені де осы әдемі құстың әлегі шығар. Дүниеде бұлдырық етінен тәтті дәм бар дейсің бе?

Мен түлкіні ұстай алмадым, бірақ оның аранынан бұлдырықтарды сақтап қалдым-ау деймін. Түлкі аңдып жүргенін олар көрді ғой, ендігі амалын өздері табар.

Айдалада, көз ұшында қалған арбама салбырап әрең жеттім.

* * *

Әлгі Хадишаның сөзінен кейін кәдімгідей үміттеніп, Ақжолды өзімше баптауға кіріскен болдым. Арманым: Ақжол қысқа дейін өссе, оны алғашқы қарда қансонарға, Керегетасқа, қызыл изенді ойпаңға алып бармақшымын баяғы. Сөйтіп, қызыл түлкіден өшімді алмақшымын. Тек Ақжол дүбәра болмай, тазы болып шықса ғой...

* * *

Мылтық тарс етті. Таңертең, Айшаның:

— Орныңнан қозғалма. Бүркеніп жат, буын-буыныңды буып алған суық термен шығады. Тер қатып қалмасын, шошаңдамай тыныш жат, — деп қатаң ескерткені енді далада қалды. Жалаң аяқ, жалаң бас, жейде-дамбалшаң алба-далба болып үйден атып шығып, сүдігерге қарай сүріне-қабына жүгірдім-ау... Барсам, Ақжол күзде өзім салған бораздаға құлап, артқы сол аяғы сүйретіліп жатыр. Алға жылжиын деп біраз тырмысқан-ақ екен. Жаралы аяғын жия алмай, жыламсырап ыңырсиды. Мені көргенде көзі жаутаңдап, қыңсылағаны үдеді. Әлдене дейді, бірақ түсінбеймін. Түсінетін не бар, мұңын шаққаны шығар. Дереу көтеріп алып, қанын сорғалатып үйге алып келе жатқанда, алдымнан кәдімгі Хадиша:

— О, қуратқан қу құдай! Енді көрсетпегені осы ма еді, — деп гөй-гөйлеп қарсы алды. — Өзің төсек тартып жатқанда бұл не сұмдығың? Итте нең бар, ойбай. Ит тұрмақ әкеңнің қайда қалғанын білмейсің... — Ол кенет оқшия қалып:

– Ойбу, қаран қалғыр-ау, мына байғұстың аяғы сіңіріне ілініп қалыпты ғой, обал-ай, — деп күшікті өзі көтеріп, мені желкелеп үйге кіргізді, — Жат, ойбай, көрпеге оран!

– Жеңеше,—деп алқымыма өксік тығылып әрең сөйледім.

– Не?

– Енді Ақжол түлкі ала алмайтын болды ғой...

— Алда тәңірі-ай, арманын-ай мынаның. Алады, неге алмайды. Кәзір мен Кенжегүл кемпірді шақырып келейін. Емдейді ғой... Жазылып кетер. Көп болса, Ахмет ұста сияқты бір аяғы жоқ болар...

Кіршеңдеу жаулығының астынан бурыл шашы будаланып, үйге Кенжегүл кіріп келді. Ақжолды көріп:

— Ахмет сорлы аяғының қайда қалғанын білмейді, мынанікі жоғалмапты, әйтеуір, — деп дереу іске кірісті.

— Басын тізеңмен басып тұр! — деп бұйырды соңынан кірген Хадишаға. Хадиша: «Қауып алмасын» — деп Ақжолдың басына бұрышта жатқан бос қапты жапты да, тізесімен емес, қолымен басты.

Тәуіп кемпір еркектерше белдігіне тағып жүретін қайыс қыннан кездігін суырып алды. Кездіксіз жүрмейді: дәрі шөптің тамырын қырқады, қызыл жантақ отайды, адыраспан кеседі...

— Байғұс-ау, аяғын шынымен кесіп тастайсың ба?—деді Хадиша Кенжегүлдің ойын біле қойып.

— Кеспегенде ше?

— Таңып қойса бітіп кетпес пе екен?

— Сүйегі талқандалған. Мен сынықшы емеспін, шөппен емдеуді ғана білемін.

Кенжегүл кездікпен жалғыз сіңірді қия бергенде, Хадиша көзін тарс жұмып, теріс айналып:

— Ахмет ұстаның ағаш аяғындай аяқ жалғауға болмас па екен?— деді. Кенжегүл оған алара қарап:

— Оны қайтейін деп едің? — деді.

— Әшейін, Барсхан мұны түлкіге салмақшы еді ғой, енді үш аяқтап түлкі алушы ма еді, — деді Хадиша менің кеудеме арман ұялатқанына енді өзі кінәлі адамдай басыла сөйлеп. Кенет даусын өрекпітіп, арқаланып кеткендей:

— Қараң қалғыр түге, керман сұм біздің ер-азаматтарымызды атып, аяқ-қолынан айырады. Мұнда болса Жуанқұл жұмыртқамды жеп қойды деп итті атып, аяқсыз қалдырады. Атқыш болса, соғысқа барып, фашисті неге атпайды?—деп Ақжолды атқан колхоз бастыққа кіжінді.

Кенжегүл Ақжолдың шолтиып қалған тұқыл аяғына киіз күйдіріп басқанда, күшік байғұс баж-баж етіп, бұлқынды. Бірақ Хадиша оны тырп еткізбей басып тұрған, Ақжол әлі әлсіз ғой, босана алмады. Кенжегүл оның тұқыл аяғын таңып тастады.

Жуанқұлдың Ақжолды неге атқанын енді түсініп жатырмын. Ақжол оның тауық қорасына кіріп кетіп, жұмыртқасын жейді екен ғой. Оны Хадиша да біледі екен ғой. О баста жұмыртқамен ауыздандырған өзім кінәлі екенмін да...

* * *

... Көп ұзамай қар да жауар. Қызыл изенді ойпаңда қызыл түлкі алғашқы қарға аунап құлпыра түсер. Енді үш аяқты Ақжолмен оны қалай аулаймын? Ақжол пештің түбінде алдыңғы екі аяғына басын салып, көзін бір ашып, бір жұмып, сораң жасы іп-істік қара тұмсығына дейін сорғалай ағып жатыр. Түлкі қуа алмайтынына ол да өкінетін сияқты.

Терезе сыртында сүдігер қараяды.

Сүдігерде күрдек бас мия мен қызыл изен ызыңдайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама