Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Соғыстың соңғы жесірі

Хадиша тағы да күтіп жатты. Жанындағы орыс кемпір қорылдап ұйықтап қалды. Байғұс, жақсы адам. Ақкөңіл. Тек түнде қорылдайтыны қиын. Хадиша бұған да үйреніп, еті өлген.

Екеуі бірнеше жылдан бері бір бөлмеде. Жетім қарттар үйінде бас-басына бір-бір бөлме қайда. Екі-екеуден, кей бөлмелерде үшеуден, төртеуден жататындары да бар. Ольга байғұс жатағын жиі ауыстырды. Басқа көршілермен сыйыспайды. Себебі: қорылдайды. Қорылдың емі жоқ. Сондықтан көршілер үстінен арыз түсіреді. Жетімхана бастықтары оны басқа бөлмеге ауыстырады. Онда да тұрақтамайды.

Тұрақтап, байыз тапқан жері — осы Хадишаның қасы. Түні бойы қорылдап шығатын кемпірді кім жақсы көрсін. Бірақ Хадиша ешкімге арыз айтқан жоқ. Өйткені, Хадишаға бәрібір. Ол түн баласы ұйықтамайды. Қорылдан ұйқысы бұзылып жатқан жоқ. Ол күндіз мызғып алады. Түнде көз ілмейді.

Ол күтіп жатады. Антына берік. Баяғыда абысыны Ақшаймен ұрсысып қалғанда:

— Жүз жыл күтемін! — деп қаны қатқан.

— Ақшай да кесірлі еді-ау, марқұм. Несі бар Хадишаның жүрегіндегі жараны тырнап. Байыңды енді күтпей-ақ қой, енді келмейді деп.

Сөйткен Ақшай да әлдеқашан өліп қалды. Хадиша әлі тірі. «Жүз жыл күтемін!» дегені Құдайдың құлағына шалынып, Хадишаның ғұмырын әдейі ұзартып қойғандай. Екі көзінің нұры сөніп бара жатқаны болмаса, әл-әзір ешкімге масыл емес. Өзі жүріп-тұра алады.

Ольга да Хадиша шамалас, қартайған кемпір. Хадишадан айырмашылығы — семіздігі. Кәрі кісі де осынша семіреді екен-ау. Несіне жетісіп, не жеп семіреді — белгісіз. Жетімхананың тамағы адам семіртерліктей емес. Аста-төк дәнеңе де жоқ. Тамағы тақыл-тұқыл. Ольга домаланып қалған, денесі іркілдек. Қорылдайтыны содан шығар.

Хадиша кейде оны түртіп оятады. Ольга бауыздаған жылқыдай тым қатты қорылдағанда Хадиша қорқа бастайды. Үзіліп кетер ме екен деп, төсегінен тұрып барып жай ғана түрткілейді. Анау «аһ-а-а» деп шошып оянады.

— Әй, Өлгә, бір қырыңмен жатсаңшы, — дейді.

Орыс кемпір есін жия алмай, төсектен аяғын салбыратып отырып қалады. Әлден уақыттан соң:

— Менде қыр бар ма, байғұс-ау, — деп өз денесін өзі қос қолымен айналдыра сипалап шығады. Содан соң, «О, боже, о, боже», деп болар-болмас шоқынып, жастыққа қайтадан қисаяды.

Терезеден бұлдырап, жан-жағына кірпіктерін тікірейтіп, оттар жылтырайды. Хадиша төсегінде отырып, сол жымың-жымың жылтырақ оттарға шала соқыр көзімен қадала қарап қалады. Сарғыш оттар арасынан кейде бір өшіп, бір жанып, жасыл, қызыл оттар көз қысып, ойнап тұрғандай көрінеді.

Бұл көше қиылысындағы бағдаршам ғой. Бірақ бөтен, мүлде бөгде дүние сияқты. Сол бейтаныс дүниенің арасынан өзі күткен Мақсұт шыға келетіндей Хадиша терезеден көз алмай қалады.

Аспан қараңғы. Сірә, күздің соңы шығар, аспанды аждаһадай аунақшыған қара бұлттар қаптайды да тұрады. Жауыны көп. Жаңбыр терезені тырсылдатады. Терезе жылап тұрады. Терезеден тарам-тарам жас сора-сора болып ағады.

Хадишаның да іші уілдеп жылайды. Бірақ, көзінен жас шықпайды. Жылай-жылай көзінің жасы сарқылып, кеуіп қалған.

Хадиша туасы ауылда өскен адам ғой. Жан-жағының бәрі аспанмен тірескен таулар болатын. Дүние-әлемнің бәрі осы таулардың арасы ғана деп ойлайтын. Кейін-кейін мектепке барды. Сонда мұғалім айтты: дүние бұл таулардың арасынан мың-миллион есе үлкен. Осы таулардың ар жағында талай-талай елдер бар. Тілі басқа, түрі басқа адамдар бар, — деп. — Адамдары құмырсқадай құжынаған қалалар бар, — деп.

Енді міне, сексеннің сеңгіріне шыққанда Хадиша сол қалалардың бірінде жатыр. Кішкентайынан көріп өскен таулар бұл жақта жоқ. Тауды сағынады. Көбінесе түсінде көреді.

Ауылдағы мектепте Хадиша Мақсұтты тұңғыш рет көрді. Бірден жақсы көріп қалды. Екеуі бір партада отырушы еді. Содан ғой Хадиша қазір ұдайы ыңылдап ән салады:

Жақсы құлын білінер жорғасына-а-ан,

Ғашық болдым мен саған он жасымна-а-ан.

Мақсұт-ау, қарақ-ай,

Өмір өті-і-іп барады-ай.

Хадиша осылай деп Мақсұтын күтіп жатады. Мейірімсіз, безбүйрек Мақсұт келмейді. Міне, алпыс жыл болды әлі келмейді.

Кейде Хадиша өзін-өзі кінәлайды. Иә, бәленің бәрі Хадишаның өзінен болды. Бұған кінәлі неміс те емес, соғыс та емес, дәл өзі. Мақсұтқа қатты еркелеуші еді, наздана беруші еді. Екеуінің тұңғышы Жанат туғанда Мақсұт Хадишадан:

— Қалағаныңды айт. Сен маған перзент сыйладың. Қарымтасына не сыйлайын? — деп сұрады.

— Сонау биік шыңның басында еңлік гүлі бар дейді. Соны сыйла, — деп назданды Хадиша.

Содан сол Мақсұт еңлік гүлін іздеп кете барсын. Бір күн өтсін, екі күн өтсін... Бір жыл өтсін, екі жыл өтсін... Алты жыл өтсін, алпыс жыл өтсін...

Сол жоқтан Мақсұт әлі жоқ. Хадиша да қызық қой: таулардың баурайында дүниеде сирек кездесетін Керік қызғалдағы тұрғанда, шыңның басындағы еңлік гүлінде несі бар?

Өзінше еркелегені ғой. Тым назданып кеткен ғой. Тәлпіш деуге келмейді. Назды. Адам байғұс қол жетпеске құмар. Құмар да емес, құштар. Қол жетпеске құштарлықты Құдайдың өзі де қаламайды ғой. Анау Икар деген бір тауфихсыз Күннің өзіне жетемін деп, аспанға ұшып, Күнге жақындай бергенде күйіп кеткен жоқ па? Аспанға ұшсаң — ұш. Бірақ Күнге жақындап нең бар? Адамға нысап керек. Нысапсыз болсаң, налаға қаласың. Құдай нысапсызды қаламайды.

Керік қызғалдағы тұрғанда еңлік гүлін аңсаймын деп, Хадиша енді қаншама қасірет шекті. А, бәлкім, Хадиша еңлік гүлін мүлде аңсамаған да шығар. Бақыттан басы айналғанда айта салған әзілі шығар.

Бақыттан басы айналған да жаман. Бақыттың өзін аялап, баға білмесең, бақыт басыңнан ұшып кетуі оп-оңай. Соны соңынан түсінген Хадиша қазір сықырлауық темір төсектен аяғын салбыратып отырып:

Мына заман — қай заман — қысқан заман,

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман,

Мақсұт-ау, қарақ-ай,

Өмір өті-і-іп барады-ай, —

деп ызыңдайды. Абайсызда үйге кіріп кетіп, қайтадан далаға шыға алмай, терезені тепкілеген ара сияқты ызыңдайды.

Хадишаның темір төсегі терезенің түбінде. Көзі бұлдыраңқы, шала соқыр болса да мезгілді меңзей алады. Сыртқа үңіліп еді, қала шамдарының сары кірпіктері шаншыла тікірейіп тұр екен. Шам сәулесін бүркемелеп әлдене жыбырлағандай болады. Қалың шыбын қаптап ұшқандай. Шыбын ұшатын кез емес. Күн суытқан.

«Қар жауып тұр екен», — деп ойлады Хадиша.

«Қыс түсті. Бұл қыстан да аман шықсам, мүмкін, Мақсұтты тірімде көріп қалармын» деп қойды Хадиша.

Хадиша Мақсұттан айырылғалы бері қанша қыс өткенінен адасып қала беретін болды. Тек жетімхананың медбикелері оған бір уыс гүл ұстатып, «туған күніңіз құтты болсын» дегенде ғана, өзінің сексенге толғанын, Мақсұтты көрмегелі алпыс жыл өткенін аңғарды.

Медбикелер берген бір уыс гүлді ұстап отырып, баяғы еңлік гүлі есіне түсті. Мақсұтты сол гүлге жұмсап жібергені ойына оралды. «Ай, сорлы басым, еңлік гүл менің не теңім. Есіл ердің обалына қалдым ба?» деп қойды.

Терезенің ар жағында қардың қапалақтап, жапалақтап жауғаны анық көріне бастады. Мұнарланып, бұлдырап көрінгенінің өзін де, көзімен емес, көңілімен сезді.

Терезе сыртына бір шымшық қонғандай болды. Үстіне түскен қарды қанатын қағып, мамығын қобыратып, сілкініп-сілкініп, түсіріп тастап, әлденеге шиқ-шиқ етіп қойды.

Онысын Хадиша анық естіді. Соқырлардың Құдай жанарын алса да, саққұлақ қылады. Адамның бір кемістігін бір жетістікпен толтырғандай болады.

Баяғыда, соғыс жылдарында Хадиша Мүсірепхан қайнысына таң қалушы еді. Мүсірепхан су қараңғы соқыр ғой, бірақ ауылдың адамдарын анадайдан, алыстан танып қояды: дауысынан, жүріс-тұрысынан. Тіпті пысылдап дем алғанынан, қақырынып жөтелгенінен...

Соқырлардың бір көзі — қолындағы таяғы. Мүсірепханның алқорыдан кесіп алған қызылкүрең таяғы болушы еді: өзі салмақты, өзі қатты. Жолдасбек құрдасы білдірмей бұқпалап келіп, Мүсірепханның құйрығынан теуіп кеп кетпек болады. Ойнаған түрі. Бірақ оған Мүсірепхан дайын тұрады. Жолдасбектің бұқпалап келе жатқанын әлдеқашан біліп қойған. Аппақ шел басқан көздері аспанға қарап, түк басқан ауызы әнтек ашылып қалады. Ештеңе сезбеген болып, аңқиып тұрады. Жолдасбек таяқ сілтер жерге жетті-ау дегенде шалт бұрылып, артындағы Жолдасбекті алқоры қызыл күрең таяқпен салып кеп қалғанда, Мүсірепханды бір теуіп қашпақ болған Жөкең қара тұмсығына тас тиген төбеттей қаңсылайды да қалады.

Мұны көріп тұрған Хадишалар ал кеп бір мәз болып күледі дейсің.

Сөйткен Хадиша, соқыр Мүсірепханның қылығына күлген Хадиша енді өзі әзге айналды. Екі көздің алды тұмшаланады да тұрады. Кіреукеленіп, былшық басып қалғандай. Орамалмен ары сүртеді, бері сүртеді — ашылмайды.

Жапалақтап жауған қар тыйылар емес. Кей-кейде ұйытқып-ұйытқып жел соққанда терезе алды ақ түтекке айналады. Терезе алдына қонған шымшықтың мамығы қобырап кетеді. Шымшық шиқ-шиқ етеді.

Хадиша құстың тілін білмейді. Білмесе де сезеді: шымшыққа пана керек, жылы керек, тамақ керек. Ішке кіргізіп алайын десе терезе жабық, шынысы бітеу. Медбикелер таяуда ғана терезенің жыртығын жамап, тығындап, тас бекітіп тастаған.

Хадиша көрші төсектегі кемпірді таяғымен түртіп оятады.

— Әй, Өлгә, тұр-әй, таң атты. Стабай, стабай.

Көрші кемпір темір төсекті безілдетіп, бері қарап, ауыр аунап түседі де:

— Не болған керек саған? — деп қотыраш қазақшасымен тіл қатады.

— Ана шымшықты қара, птитса, птитса...

Көрші кемпір бурыл шашы буда-буда болып, іш көйлегімен төсектен ырғала тұрып, терезенің алдына барып, Хадишаның үстінен асыла сыртқа үңіледі.

— О, боже, бедняжка, замерзла! — дейді даусы барқыраңқырап, — Оныки уледи, уледи. Нет это не воробей, шимшик емес ол.

— Енді не, байғұс-ау?

— По моему, иволга.

— ЬІбылғы деген не тағы да?

— Оныки уяси бутак ушында.

— Е, құдай, зарғалдақ десеңші. Судың жағасында өрім талдың бұтағының ұшына ұя салады. Біздің сайларда көп болушы еді.

Ольга аздап қазақша біледі, Хадиша аздап орысша біледі. Сөйтіп-ақ бес жылдан бері бірін-бірі түсініп-ақ келеді. Түсінбегенін ыммен, қимылмен жеткізеді.

Үкіметтің мұнысына да шүкір. Қартайған ғаріптерге, қарт жетімдерге жетімхана тауып берген. Әйтпесе, Хадиша кімге сыяр еді. Қартайған абысыны, соғыстан жалғыз ұлы Қайрақ қайтпай қалған Гүлшапия Табан қайнысының босағасында жатып, жаназасы да шығарылмай, иманы да үйірілмей, ит өліммен дүниеден өтіп кетіпті.

Мақсұт пен Хадишаның шексіз махаббатынан қалған Жанат тірі болғанда Хадиша бүйтіп жетімханада жатпас еді...

Медбике Гүлбану келіп Хадишаның көзіне дәрі тамызды. Көзінің қышығаны сәл саябырлады.

— Көп жаса, қызым, бақытты бол, — деді Хадиша, — Бірақ сәлден кейін қайта қышығанда: — Қу жанымды қоярға жер таба алмаймын. Бұл соқыр көздің қышымасын біржола жоятын дәрі табылмай ма, қарағым? — дейді.

Гүлбану не дерін білмей қалды. Әзірге табылғаны осы. Бұдан күштісі бар ма, жоқ па, оны дәрігер біледі. Бұл — бар болғаны медбике.

— Апа, шыдай тұрыңыз, табылып қалар, — дейді Гүлбану.

— Сөйтші, қарағым, әйтпесе, соқыр көз не шікәрам, жұлып алып тастағым келеді. Осыны ойып алып тастаса қайтеді? Ондай амал жоқ па, қарағым?

— Олай демеңіз, апа, көзіңіз жазылып кетеді әлі, — дей салады Гүлбану, оған өзі сенбесе де.

Жақсы сөз — жарым ырыс. Хадиша көзін ойғызып тастау райынан қайтқандай болады.

Сыртта боран екілене түскендей. Сыртқы дүние тұп-тұтас түнек. Түнек Хадишаға таңсық емес. Ол түнекке үйренген. Боранның үдегенін азынаған, боздаған үнінен, терезеге лекілдете соққан екпінінен сезеді.

Құлағы сақ. Көз орнына Құдай құлақ берген. Ақ дауылдың уілінен Хадиша ғарыш күйін тыңдайды. Ондай күйді Қорқыт Ата да, ЬІқылас баба да шығара алмаған-ау. Арқаның ақ дауыл күйі басқаша, ғалами күй. Аспандағы мың-миллион әруақтардың қосылып айтқан хорындай, әрі таңғажайып, әрі қорқынышты.

Бір жағынан сол хор айтушылардың арасында болғысы келеді; бір жағынан сұп-суық, беймәлім дүниеден шошынады. Шошынса да бір ынтызарлық басым. Бәлкім, сол хор айтушылар арасында Мақсұт та бар шығар деген сиқырлы үміт.

«Сені алпыс жыл күттім, Мақсұт. Бұл сұм дүниеде келмесең келмей-ақ қой. Енді мен сені ана дүниеден, Шын Дүниеден іздеймін, әдірәм қалғыр», — деп қояды Хадиша ызасы келгенде.

Артынша сүрленген сағыныштан іші-бауыры елжіреп, ақ дауылға қосылып, ыңылдап ән салады.

Сен зарғалдақ, Мақсұт-ау, мен зарғалдақ,

Екеумізді дүние қойды алдап,

Арамызда алынбас қамал жатыр,

Өтер ме едім қамалдан жұлдыз жалдап.

Мақсұт-ау, қарақ-ай,

Өмір өті-і-іп барады-ай.

Ольга кемпір басын көтеріп:

— Сен не зарғалдақ, зарғалдақ! Сен не, иволга, что ли, — деп қояды.

— Иә, ыбылғы, өзің ыбылғы, қараң қалғыр, — деп Хадиша жастыққа қисая кетеді.

Сөйтіп жатып, өзге бір өмірдің өзегіне кіріп кетеді. Баяғы өзінің қоржын тамы екен дейді. Баяғы Мыңбұлақ. Қоржын тамның жамау терезесін тарсылдатып, Шақпақтың ақ бораны азынап тұр екен дейді.

«Е, жарықтық, Шақпақтың бораны ерінсе екі күн соғады, желіксе жеті күн тұрады» деп қояды Хадиша.

Бір кезде сықырлауық есік өзінен-өзі ашылып кетіп, қарлы жел лап етіп, үйдің жылуымен араласып, ақ буға айналады.

Ақ буалдыр арасынан мұнарланып бір сұлба байқалғандай болады.

— Мақсұтпысың? — дейді Хадиша. — Есікті жаба келсеңші, үйдің іші суып кетті ғой. Мен сені келеді ғой деп күтіп жатыр едім. Жақсы болды ғой. Мен сені еңлік гүлін іздеп кеткен екен десем, соғысқа кетіп қалыпсың ғой. Сен қайтып келсең той жасаймын ғой деп бір құнан қошқарды бордақылап жүр едім, бұйырған екен, жақсы болды ғой.

Сұлба үндемейді. Не бері жылжымайды. Хадиша өзі барайын десе орнынан тұра алмайды.

— Қараң қалғыр, қу кәрілік-ай, быламық ішейін деген асым ба еді, бұ сексен жасайын деген жасым ба еді. Мешел боп қалдым, Мақсұт. Көзім де көрмей қалды. Бірақ мен сені танып жатырмын. Жылап тұрсың ғой, неге жылайсың? Қайта қуанбайсың ба, аман-есен өз үйің, өлең төсегіңе оралғаныңа.

Сұлба үн қатпайды. Хадиша екі көзін укалап-уқалап, қайта қарады. Сұлба дегені қатып қалған мұз сияқты. Мұз адам болса ол есікті қалай ашты? Әлде әруақ па? Елес шығар. Бірақ тұлғасы Мақсұттан айнымайды.

— Әй, кім де болсаң жақындасаңшы бері. Шыннан қатып қалған мұзсың ба, адамсың ба?

Сұлба не сөйлемейді. Не жылжымайды.

— Егер Мақсұт болсаң, тыңда. Әңгіме көп. Әлі есім дұрыс. Есептеп жүрмін. Мен сені көрмегелі алпыс жыл болды. Алпыс жыл! Сенен қалған жалғыз қыз Жанат бой жетіп, оны Терісаққандағы бір Бақа Қаңлыға ұзаттық. Одан бір ұл туды. Атын Арман қойдық. Көп ұзамай әкесі көкпарда аттан құлап, мойны үзіліп өлді. Артынша Жанат қызың ауырып өлді. Күйіктен өлді-ау, деймін байғұс. Кішкентай Арман менің қолымда қалды. Ешкінің сүтін беріп асырап, итшілеп жүріп өсірдім. Пәмиләсін «Мақсұтов» деп жаздырдым. Жалғыз сиырды сатып оқуға түсірдім. Оқуын да бітірді. Жұмысқа Арқалық деген қалаға жіберді. Жұмысқа тұрып, мені Арман өз қолына алды. Күн көрісіміз тәп-тәуір болды. Арман немереңді айтамын, сол Арман бізнес деген жерден ақшаны көп тауып, байи бастадық. Әне-міне үйленемін деп жүргенде, бақталастары оны да өлтіріп кетті. Айдалада, елден, туған жерден алыста жалғыз қалдым. Не деген жалмауыз едім. Жан-жағымның бәрін жалмап болдым, Мақсұт. Жылай-жылай екі көзім соқыр болды. Енді жылайын десем, көзімнен жас шықпайды. Қуарып, суалып қалды. Соқыр кемпірді үкімет жетімханаға өткізіп жіберді. Енді жатырмын қазынаның үйінде.

Осыны айтып бола бергенде Ольга оны түртіп оятып жіберді.

Хадиша есеңгіреп, аңырып біраз отырды. Жаңа ғана Мыңбұлақтағы қоржын тамда жатыр еді. Енді міне, Ақордадағы жетімханада отыр.

— Неге ояттың! — деп ұрысты Ольгаға. — Әдемі түс көріп жатыр едім. Мақсұт келіп еді...

— Ой, извини, пожалуйста, — үйелмендей семіз кемпір өртене жаздап қызарып кетті. Ұяттан беті қызарған адамда иман бар. — Сеники ұйықтап жатып сөйлеген, қатты жылаған. Содан мен оятқан.

— Әй, сорлығар, мен жылаған жоқпын. Міне, көзім де, жастығым да құп-құрғақ. Қайда жылаған, — деп семіз кемпірге өкпелегендей, терезе жаққа бұрылды.

Дүлей боран басылғанын сезді. Күн бұлттан шыққан ба деп қалды.

Терезе сырты қыбыр-жыбыр тіршілік белгісі бар. Ағылып жатқан мәшинелер-ау, сірә. Мәшинелер ағылып жатқан жолдың бер жағында қарайып адам сияқты бірдеңе көрінеді. Адам дейін десең, адамнан әлдеқайда үлкен.

Хадиша оны бұрын да байқайтын. Бірақ не нәрсе екенін ажырата алмайды. Діңгек пе дейді. Электрдің үйшігі ме дейді. Әрі десе күн тұнжырайды да тұрады. Кейде тұман. Кейде боран.

Бүгін ғана күн жарқырап ашылғаны. Бірақ бәрібір Хадиша әлгі заттың не екенін ажырата алмайды: Көзінің алды бұлдырап, сол қарайған біресе алыстап, біресе баяғы қалпына келіп, мұнартып қана байқалады. Ал, бүгін оны Хадиша қалшиып қалған Мақсұт па деп қобалжыды. Жаңа ғана өзі ұрысқан көршісіне бұрылып:

— Әй, Өлгә, анау не? Сенің көзің сау ғой, — деді.

Ольга ыңыранып келіп терезеге үңілді.

— Ол қайсы? Не сұрайды?

— Әне ұп-ұзын. Қарайып, қозғалмай тұр ғой.

— А,-а, ол қалай енди... памятник. Памятник неизвестному солдату.

— Солдат дейді? Қандай солдат? Тірі ме?

— Нет же. Памятник... Ну, казахша билмейд. Темир солдат. Улген. Билди? Улген солдат.

Хадиша шамалады. Енді шамалады.

— Е, қараң қалғыр, ескерткіш десеңші. Мен Мақсұт па деп қалсам. Әлгінде түсімде ол да осылай мелшиді де тұрды ғой.

Ольга соқыр көршісіне қарап тұрып-тұрып:

— Эх, бедняжка, — деп өз төсегіне барып отырды.

Хадиша соқыр көздерін ескерткішке қадады да қалды. Бұрын қалай байқамаған. Далаға шығып, жүруге жараса, сол ескерткіштің түбіне барып отырар еді. Сипап көрер еді. Бәлкім, өзі білетін бір-екі ауыз дұғасын оқыр еді.

Бірақ дәл қазір бармай-ақ қойғаны да жөн. Өйткені ескерткіш кейіпсіздеу. Жырым-жырым. Оны әуелі гипстен құйып, сыртын жез қаңылтырмен қаптаған ғой. Сөйтсе, осы таяуда ғана жез қаңылтырын әлдекімдер сыпырып, жыртып-жыртып алып кетіпті. Жезді, мысты, қалайыны, сым темірді қынадай қиып, сыпырып-сиырып алып кететін заман шықты ғой. Сатады екен. Сирағыңды сындырып сатқырлар! Ақша төлесе сирағын сындырып сатар-ау. Сатылмаған не қалды?

Хадиша оны білмей-ақ қойғаны жақсы.

«Көзді алғанша Құдай адамның өзін алғаны жақсы да» деп қойды Хадиша шинелінен айырылған ескерткішке қадалып отырып-отырып.

Бір нүктеге қадалып қарай берсең, жансыздың өзі жаны бар сияқты боп кетеді. Мүмкін, әлгі медитация дегенмен шұғылданатын көріпкелдердің фәни дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен әруақтармен сөйлесіп жүргені осындай шығар.

Қадалып қарай берген соң Хадишаға әлгі жалаңаш ескерткіш қимылдағандай боп сезілді.

— Әй, Өлгә, — деді көршісіне.

— Что тебе, старая?

— Қарашы, ана пәмитнігің тірі адам сияқты қимылдайды.

— О, Боже, еще чего не хватало, — деп Ольга төсегінен дөңбекши аударылып, аһылап-уһілеп, Хадишаның үстінен артылып, терезеге үңілді.

— Тук те қимылдамайды. Тобесинде шымшық отыр. Сол шошаңдай береді. Содан саған қимылдағандай болып коринеди. Может, это иволга.

— Зарғалдақ сонда отыр ма?

— Мен билмейди, зар-гал-дак, а может быть воробей...

Хадиша ойланды: «Қыста зарғалдақ мұнда қайдан жүреді? Ол жазған Мың-Бұлақтың сайларында, өрімталдың солқылдақ шыбықтарының ұшына ұя салып, зарлап отырушы еді. Астында мөлдір бұлақ ағып жатады. Солқылдақ нәзік бұтақтың ұшына ұя салуға мәжбүр еткен сұр жылан. Ұясын талқандап, жұмыртқасын жеп қояды».

«А, бәлкім, зарғалдақ Мақсұттың жаны шығар? Өлген адамның жаны әлдебір мақұлықтың, жануардың біріне ауысады деседі ғой. Әйтпесе, қыстың күні Арқада зарғалдақ жүре ме?»

«Кеше ақ түтек боранда неге ол менің тереземнің алдынан кетпей қойды? Мамығын жел жұлмалап, қобыратып, қалтыратса да кетпей қойды ғой. Мен сорлы соны неге түсінбедім? Терезені ашып жіберіп, үйге неге кіргізіп алмадым? Медбикелер терезенің саңылауларын мақтамен тығындап, желімдеп тастап: «ашпаңыз» деп ескертті-ау, бірақ».

Сірә, күн батып кеткен шығар. Өйткені, ескерткіштің ар жағындағы көше бойында қызыл-жасыл оттар көз қыспақ ойнай бастады. Қаран-құраң, әлденелер қимылдайды. Мәшинелер болар. Адамдар да жыбырлайды. Кілең сұлбалар. Анық, айқын көрінбейді.

Ескерткіш те қимылдап тұрғандай болады. Төбесінде шошаңдап отырған зарғалдаққа көз жетпейді. Көрінбей қалды. Тым кішкентай ғой.

Ол шыннан Мақсұттың рухы болса, онда ескерткіш те Мақсұттікі болғаны да. Оның ғазиз басы соғыстың қай жерінде қалды екен? Моласы белгісіз болған соң рух-зарғалдақ ескерткішін іздеп тапқан ғой. Рух жүйрік, рух зымыран. Сталинград пен Ақорда арасы зымыран зарғалдақ үшін «пішту» — қас қағым сәт.

Хадиша осылай ойлап отырғанда, ескерткіштің төбесінен бір изоқ оқтай атылып ұшып, терезенің алдына келіп түсті.

Зарғалдақ екен. Хадиша Мақсұттың өзін көргендей, кәрі жүрек кеудесін дүрс-дүрс соғып, қуанып кетті. Терезенің шынысын сексеуілдің жігеріндей семіп қалған саусағымен тықылдатып:

— Мақсұт, сенсің бе? Аман-есен келдің бе? — деді.

Екеуінің арасын терезенің қырау тұтқан шынысы ғана бөліп тұр. От бейнелі зарғалдақтың жылуынан қырау еріп, шыны бойынан жас сорғалады.

— Сен жылап тұрсың ба, Мақсұт? — деді Хадиша. — Мен де жылап тұрмын. Бірақ көзімнен жас шықпайды. Көзім суалған. Өмір бойы жылай-жылай, көз тамырым тартылып қалған.

Ерлері соғыстан қайтпаған мен құралпы келіншектер кейін байға тиіп алды. Бала сүйді. Тіпті әмеңгерлік жолымен жасөспірім қайындарымен некелесіп, он бала тапқандары да бар.

Ауылдың ақсақал-көксақалдары жиналып келіп, маған да сөз салды: — Ана Шалабай сенің қайның. Соғыс біткелі талай жыл болды. Мақсұт тірі жүрсе келер еді. Бәрі Құдайдан. Уақыт болса жүйрік, өмір өтіп барады. Дәуренің барда Шалабайға тиіп ал, — деді.

Мен:

— Мақсұт өлді деп естіп пе едіңдер. Бір жапырақ қара қағазы да жоқ. Үмітсіз шайтан деген. Мақсұт келіп қалса, мен Шалабай шірікке тиіп алсам, не бетімді айтамын? Байсырап кетіп едім деймін бе? Жер басып қалай жүремін? — дедім.

Сақалдары селтиіп, үн-түнсіз тарап кетті. Ақ таяғын бөксесіне басып алып, бүкірейіп жүретін Әбіш қайнаға:

— Ә-ә-ә, болмады, болмады, қойыңдар, — деп шалдарға сөз билетпей тоқтатты.

Сөйтіп мен сені алпыс жыл күттім, Мақсұт.

Кенет зарғалдақ аспан тілінде әндетіп:

— Жүр, кетейік, Хадиша, — деді.

— Қайда, байғұс-ау, Мыңбұлаққа ма? Мыңбұлақтағы үйің құлап қалған. Мұржасынан түтін шықпайды. Үнсіз меңіреу. Ауыл басқа жақтан көше салып алған. Сені мен мені білетіндерден қазір көзі тірі ешкім жоқ. Кейінгілер бізді танымайды. Сонда кімді пана тұтып барамыз?

— Бізді білетіндердің бәрі қазір аспанда, — деді зарғалдақ әндетіп.

— Әндетпесең, сөйлей алмайтын болғансың ба, Мақсұт? — деді Хадиша қобыраңқырап қалған бурыл шашын көк тарақпен тарап отырып.

Бұрын үсті-басына мұқият қарай бермейтін Хадиша кенет сыланып-сипана бастады.

— Сенің жалғыз қызыңнан туған немерең Арман мені бір күні театр дегенге алып барды. Сонда көрдім: әртістердің бәрі ән салып сөйлеседі екен. Опыра дей ме, опера дей ме...

— Аспанда да сондай, Хадиша. Ондағылар әндетіп, нәзік әуен салып сөйлеседі. Онда ақырып-жекіру, дөрекі қатты сөйлеу деген болмайды, — деді Мақсұт тағы да өте жағымды, жүрек жылытар үнменен. — Кетейік, Хадиша.

— Қайда, байғұс-ау?

— Жаннат Жұлдызға. Менің мекенім сонда.

— Менің қанатым жоқ қой, Мақсұт-ау.

— Қанатсыз ұшасың. Менің Кемпірқосақ деген пырағым бар. Соған мініп аламыз.

— Мені медбикелер далаға шығармайды ғой.

— Терезені аш.

— Құлап кетем.

— Құламайсың. Құласа тек сенің қабығың ғана құлайды. Өзің кемпірқосаққа қарғып мінесің.

Мақсұт айтса, Хадиша неге көнбесін. Терезенің тұтқасын тартып-тартып қалып еді, желімдеп қойған ақ қағаздар дар-дар етіп, терезе ашылды да, жаздан бері леп кірмей тымырсық тұрған бөлмеге ызғарлы салқын ауа лап қойды.

Ольга кемпір баж ете қалды:

— Что ты делаешь, старая?

Сөйткенше болмады, терезенің сыртынан құлпырма бір от жарқ етіп, шұғыла шашып, доғаша иіліп тұра қалды да, лезде аспанға көтерілді.

Қыстың күні аспанның о шеті мен бұ шетіне дейін иіліп тұрған Шұғыла-Кемпірқосақты көріп бүкіл қала шулады.

— Астафыралла! Астафыралла! — деді мұсылмандар.

— Господи! Господи! — деді христиандар.

Мешіттерде азан шақырылып, шіркеулерде қоңырау күңіренді.

— Ақырзаман! Ақырзаман! — деп шулады адамдар.

— Қыстың қақ ортасында, ақ қар, көк мұзда кемпірқосақ иілгенін кім көрген!

Құлпырма шұғыла бірте-бірте дөңгелене берді.

— Ұшатын табақ, ұшатын табақ! — Летающая тарелка! Летающая тарелка!

— НЛО! НЛО! — деп қала азан-қазан болды.

* * *

Жетім қарттар үйіне полиция лезде үймелеп қалды. Мәшинелер қиқуынан құлақ тұнды. Полиция терезенің тұсында, жаңа жауған ұлпа қардың үстінде жатқан адамды көрді.

Шалқасынан құлапты. Бурыл шашын жаяу боран желбіретіп тұр екен. Адамдардың аң-таң қалғаны: құлаған кемпірдің жүзі балбұл жайнап, келіншек кезіндегідей құлпырып, күлімсіреп жатыр екен.

Кейін оны мәйітханаға апарып, арулап жуғанда да, бет-аузын массаждағанда да, езуінен әлгі күлкі нышаны өшпей қойды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама