Ызғырық
Кеңес үкіметінің мұртын балта шаппай дәуірлеп тұрған шағы. Шіркін, пенде баласы сәл-пәл шыр бітсе, кешегі қажаған құйқасын ұмытып кете ме? Осы әңгіменің туындауына себеп — бір Жәлмен деген кемпірдің : — Мәгезіннің қара нанын ит-құсымызға бермесек, дастарқанға салып көрген емеспін! — деп барсынғанынан басталған-ды.
— Әй, шұнақ кемпір, күнде қой сойып, аузың ақ майдан арылмай отыр ма еді, әлде, кешегі ашаршылықта жеген «лабаданың» дәмін ұмыттың ба?! — деп жөушендіге ашу шақырмайтын әкем, сонда қатты кейіген еді.
Ел басынан қиын-қыстау небір заманның өткенінен үстірт қана хабардар бізге «лабада» деген бейтаныс та, мағынасы таңсық көрініп: - Әке, «лабада» деген не? — деп сұрағаным бар. Әкем мінезі томырықтау болғанымен көтермейтін сөзді әлгіндей салақтатпай, сілкіп тастайтын шорт мінезді, жайдарылығы ұстаса кеңінен көсілетін мол арынды адам еді. Қыдыңдап жүріп, әйтеуір, осы әңгімені айтқызғам.
— Отызыншы жылдың қарсаңында елдегі бар малды жиып, «мойынсерік» боп құрылдық — деп бастады әкем әңгімесін. — Қазақ десе бәрімізге тиеді ғой, әй, қызық-ақ халықпыз, «егін сал, мал асыра, бірігіп күніңді көр» деп қолқалап басымызды қосқаны сол еді, келер жазда бар ел тым-тырақай босып кетті. Сондағы барып паналаған жерін айтсаңшы: мына тұрған Шолақбұлақтың жырасы, Борлының сайы...кімнен жасырынам деп жүр екен ессіз жұрт! Сөйтіп Тастұмада үш-ақ үй қалдық. Артарға жүгі, көшерге көлігі жоқ нағыз тақыр кедейлер екенбіз. Біз қорқатын бұ дүниеде құдай да, құқай да қалмаған-ды. «Ел босты» деген хабарды естіп, Ойжайлау Лепсіден әскер шығыпты. Өңкей көк мылтық асынған, сары ала киімді солдаттар. Көше алмай жұртта қалған бізді есіркеп, «банды өлтіріп кетпесін» деп, қасымызға екі солдат тастап кетті. Өздері жыра-жыра, сай-сайды сағалап жүрген босқындарды жинауға аттанды. Колхозға артық мал-мүлкін бергісі келмей тайсақтаған ауқаттылар өздерімен бірге көптеген жалаң бұт кедей-кепшікті де азғырып, ілестіре кеткен еді. Ақыры, біразы сол жылы «арғы бет» асып, аса алмағандары сабылып Тастұмаға қайта оралған. Жалғыз біздің ауыл ғана емес, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен күн жалпы жұртқа жайылып, «іштен аштық шықты» деген суық қауесет те естіле бастаған-ды.
Үркінге ұшыраған елде қай бір береке қалар дейсің, қосанжарлап ұрған қуаңшылық та ыңыршағы шыққанның ашамайын арбитты. Інім Беделбек екеуміз тау асып кеткен Тоқпан дегеннің үйіне ие боп қалдық. Ол: «Астымдағы мініп жүрген атымды колхоз тартып алды» деп, өкпелеп Қытай асқан-ды. Өзі ел ішіндегі ауқатты, барлардың бірі болып саналатын. Қат-қат киіз бен тонға белшемізден баттық. Беделбек ол кезде он үш-он төртте болар, мен осы қу аяғымның сіңірі тартылып, шау боп қалғам. Ағайын-жұрағаттан тек Садуақас аға ғана бар. Олар да өз күндерін өзі әрең көрерліктей халде. Ден-саулығы да мәз емес. Аға — бір ауылға бас боп, елін асыраған батыр еді ғой! Алдыңғы бір жылдары сырттан жылқы айдап, барымтадан келе жатқанда жолай қуғыншылардың тосқауылына ұшырап, жалтара қашып құтылса да жалғыз оқ жауырынына қадалған еді. Содан бері суыт жүрістен қалып, үй күшік өмірге көшкен. Ал қалған ағайын-тумалар босқын кезінде тоз-тоз болып кеткен-ді. Әйтеуір, ноғай ішінде деген бір сыбыс қана білетініміз.
Сол жылы қар көпке дейін түспей қойды. Жыл да қуаң боп, астық аз шыққан. Колхоз бір бос үйді қамба жасап, бар астықты соған жиған. Келесі жылға деген тұқымдығы, елге еншілеген там-тұмы, өкіметке өткізері де сонда.
Бір күні інім Беделбекті Андреевкаға базарға жібердім. Үйде тұз түгесіліп қалған еді. Тұз деген керемет қымбат. Тура ұшпай тұр! Келісі бес сом. Бір қараның құны! Ақшамыз жоқ. Тек Тоқпаннан қалған шыт-шұбыр, киіз-миіз ғана айырбасқа деп әкеткені. Беделбек бірге еріп кеткен елмен ілесіп, барған күні қайта оралмады. Келіп оның хабарын айтқан да ешкім болмады. Сұрастырар менде шама жоқ. Сонымен үш күн, үш түнге айналды, Беделбегімнің хабарсыз кеткеніне...
Бір құрсақтан төртеу едік. Шешеміз сол төртіншіге босанып жатқанда баладан кетті. Көп ұзамай әкеміз де өлді. Оның артынан аяғын апыл-тапыл басып жүргенде шешемізді жұта туған ұл да жоқ болды. Сөйтіп, ортаншымыз Күнбала деген қыз, Беделбек үшеуміз - әке-шеше, бауырдан айырылып, сопиып жетім қалдық. Үлкендері өзім, Күнбала да бой жетті, Беделбегім кішкентайынан естияр еді, қойшы әйтеуір, ептеп-септеп өлмес тіршілікке де қол жеткіздік. Күнбала тұрмысқа шықты. Інім екеуміз тағы сопиып жалғыз қалдық. Ізінше өзім үйлендім, бірақ дәм-тұзымыз жарасып көп тұра алмадық. Қос тақылжырымнан сірескен бірдеңе жабысып, жүре алмай шоңқаңдап шау болдым. Бір жетім мен бір мүгедек кімге керек. Созсам қолым, аттасам аяғымдай жалғыз тірегімнен қапияда көз жазып, қан құсар халге душар боп, не ойларымды білмей үшінші түнді қарсы алдым.
Соноу күзді күні үйдің маңайындағы қурай-тікенді отындыққа орып алғанбыз. Мал жоқ болса қурай да бітік боп, қалың шығады екен. Кілет, одан ауыз үйді де істіктеп отынға толтырып қойғанбыз. Үй жылы. Астыда киіз, бір тонды басқа жастап, келесісін жамылып жайпақ кәннің үстінде ағайынды екеу айқасып жатушы едік. Егін орған уақытта екі қап бидай жинап алғанбыз, көрнеу ұстауға қорқып, кәннің астын үңгіп, ұра қазып соған жасырдық. Осының бәрін шаруалап жүрген сол қарғадай Беделбегім. Колхоз да күнделікті бір-бір кеседен деп өлшеп, тарысын үлестірген. Әйтеуір, өлмес күнге жеткізер деген азды-көпті дәм бар. Беделбегім келе қалса қарны ашып жетер деп тарыны молырақ бөктіріп, кән үстінде жантайып жатқам. Сан-саққа жүгірген ойымның ішінен жамандықты үркітіп, жақсылықтың бетін бері бұрмақ болған далбаспен арпалысып жатқанда көзім ілініп кетіпті. Талайдан тосқан тосын дүрсілден ұйқым шайдай ашылды. «Е, құдай, Беделбегім боса игі!» деп кән үстінен домалап түсіп, түрегелуге дәрменім жетпей есікке қарай еңбектей жөнелдім. Табалдырықпен екі ара айлық жолдай көрінді-ау, сонда! Есік көзінде домалап жатқан менің үстімнен түскен Беделбегім: «Ағатайым-ай!» деп бас салды. Аңырасқан екеуміз тоқал тамды басымызға көтердік. Майын үнемдеп әдейі сығырайтып қоятын ондық шамның пілтесін көтеріп, қазан астына от тастап, бөккен тарымды жылытып Беделбекке бердім. Қарны аш екені түтіккен түрінен көрініп тұрса да, сұғанақтанбай биязы ішіп отырған інімнен: «Ойпырай, осынша күн қайда болдың?» деп ас соңына тағатым жетпей сұрадым. Ол маған көзінің астымен қулана қарап, жымиды да қойды. Бірнәрсені бітіргенде, немесе бүлдіргенде өститін ғадеті бар еді. Елден қалып, құр бекер көше кезбегенін ішім сезгенмен не деп жорырымды білмей далмын.
...Базарға барған соң ол апарған заттарын айырбастап, азғана тұз алыпты да, сосын ары қарай Мекелаевка түсіп кетіпті. Сондағы бір ауқатты орыстың үйін торуылдапты. Қызыл аштық — мал-жанынан айырылған қазаққа ғана жаудай тигені болмаса, шөп-шаламын жеп жүре беретін өзге жұртты маңайлай қоймаған-ды. Алып шыққан амалын қарасаңшы: ұзын таяқтың ұшына біз қадап, тақтайдың саңлауынан бұзаулы сиырды кезек-кезек піскектеп, бүгелек қуғандай қораны тас-талқан ғып далаға бір-ақ атқызады. Содан сиырдың құйрығынан ұстап алып, артынан піскектеп, өкпесі талғанына қарамай құстай ұшады. Енесінің соңынан торпағы да қалыспай қоса еріпті. Күндіз далдалау жерге бой тасалап, малды жайып, торпақ пен қоса таласып сиыр сүтімен жүрек жалғап, сонымен түнделетіп жеткен түрі осы екен.
Сиыр мен бұзауды кілеттің бір бос қуысына қамап, мөңіремесін деп ауыздарын мықтап тұмшаладық. Тап сол түні сойып аларлық шама да, құрал-сайман да жоқ еді. Алланың рахымы түсті ме, әйтеуір сол түні қапалақтап қар жауды. Сол жауғаннан қатарынан үш тәулік төпеледі. Түсер ізге деген қауіпті — қалың қар мүлдем өшірді. Ертеңіне соғымның қамына кірістік. Үйде бір ескі қылыштың сынығы жататын. Тоқпан деген кісі өте бір ұқыпты адам екен: қайрақ та, аяқ буатын арқан да табылды. Күні бойы қылышты қайрап, қылпылдатып қойдық. Күн батысымен сиырдың басын кілет ортасындағы діңгекке байлап, екеулеп жүріп өлдік-талдық дегенде әрең құлаттық. Терісін сыпыруға күш жетпеді. Тері-мерісімен мүшелеуге тура келді. Етті көрнеу жерге сақтай алмайтын болған соң, есік алдындағы тау боп үйілген күресін астына жасырдық. Иісіне келіп, аршып жер дейтін ит екеш ит те жоқ, тек әрекідік ашыққан қасқырлар ғана ауыл маңын торуылдап кететін. Ендігі баққанымыз осы, етті — өзгені қойғанда иесіне бере қоярымыз екіталай.
Алғашқы күндері ішек-қарын асып жеп, сорпа-су ішіп қарық болдық. Ауыл ішінде қатынас сирек. Бәрі де қатықсыз қара суға телміріп, біреуге бөліп берер ештеңесі болмай, шықпа жаным шықпамен отыр. Және олар Беделбек екеумізді өлетіндер санатына қосып, әйтеу, көз жұмған күні бір апарып көмерміз деген ойда жүреді екен. Осы кезде етектегі ашыққан жұрт арасынан ішінара шетіней бастағандар да бопты. Мен — мүгедекпін, Беделбегім — әлі жап-жас. Біз өлмегенде кім өлмек!? Осындай тұжырымға белдерін бекем буған ағайын-туған, ауылдастар біздің үйдің түтіні өшер күнді көрерміз деген пиғылға жығылғандай талайға дейін ат ізін салмады. Бәрібір «сақтықта қорлық жоқ» демекші, етті түннің екінші ортасында ғана асамыз. Сиыр өте семіз боп, желін майы бар, әйтеуір, үлкен жәшік толы май түскен.
Түнде тыңқиып тойып алып, түске дейін кән үстінде айқасып ұйқыны соямыз. Оянған соң қалған-құтқан тамақты жылытып ішіп, түн ауғанша тағы отырамыз. Тамақ тоқ болған соң, көңіл де тоқ. Етті күнде жей бергеннен кейін, іштегі жыланның беті де қайтады екен. Кекірігіміз азып, бұрынғыдай емес, тамақты да тартына ішетін болдық. Іш майланып қалған секілді. Жеңіл-желпі, оңайға шығарып қойған етімізді еңсеріп тастадық. Енді қырсық қылғанда жілік шағатын балта табылсайшы!
Мен бір күні екі дорбаны ортасынан буып, мойныма қоржын құсатып асып, ауылға шықтым. Таяққа сүйеніп, шойқыраңдап, қайыр сұраған боп жүрмін. Кездескен жерден балта іліп кету еді — мақсатым. Әу баста приемшіктің үйіне кірдім. Көзіме балта түспеді. Әйелі дорбама бір тостақан тары салды. Сосын Шәкөшке деген мелисанікіне бардым. Аты Рахымжан еді, бойының кішкентайлығын мінеп, ауылдағы қатындар солай деп кеткен. Ол үйден де ұрымтал жерде көрнеу жатқан балта көре алмадым. Бір табақ ұн, жарты таба нан берді. Осының бәрін шоқаңдап үйге апарып тастадым да қайта оралып, Садуақас ағаның үйіне соқтым. Шәй ішкелі жатыр екен: «Кел, шайға отыр!» деп дастарқанға шақырды. Екі-үш кесе шай ішкен соң, тамақ буын-буыныма түсіп әлсіреген адамша қисайып жата кеттім. Басымда жаман түлкі тымақ, милықтата кептеп киіп алғам. Екі бетім қып-қызыл нарттай, сеп-семізбін. Соны байқамасын деп істеген амалым да, тегі аштықтан да адам ісіп-кеуіп, толып кетеді ғой.
Садуақас аға жалғыз сиырын күндіз алдына шөп салып қораға қоятын да, түнде ауыз үйіне ұстайтын. Ашыққан жұрт арасында ұры-қары да көбейген. Сол сиырын суғарайын деп, шай ішкен соң тысқа шықты. Мәлиман жеңгем де артынан екі шелегін ұстай ілесе кетті. Үйде тек осы әпкең-Нұрбала ғана қалды; сонда үш-төрт жасар, тілі анық шыққан кезі. Қисайып жатып есіктің көзіндегі балтаны байқадым. Нұрбала өзімен-өзі ойнап отырған. «Әкетайым, анау балтаны әперіп жіберші.» деп едім, жарқынымның жүгіріп барып әкеле қойғаны. «Мә, аға.» деп тура қолыма ұстатты. Жалма-жан дорбама салып, қойынға сүңгітіп жібердім. Енді басқа ештеңенің керегі жоқ. Бірақ сыр білдірмейін деп, аға-жеңгемнің келуін күтіп жата бердім. Біраздан соң олар да оралды. Азғана тары, екі бөлек борша орап берді. Рахметімді жаудырып мен кеттім. Үйге келсем Беделбегім манағы ұннан нан пісіріп жатыр екен. Балта тауып әкелгеніме ол да қатты қуанды. Сөйтіп, жілік шағып, майын жеп, кемігін кеміруге де қол жетті.
Түскі мезгіл еді. Түннен қалған асты жылытып, ортаға енді ала бергенде Садуақас аға жетіп келді. Біздің өлі — тірі екенімізді өз көзімен көргісі келген болуы керек шамасы. «Аға, төрге шығып асқа отырыңыз!» деп екеуміз төмен ысырылдық. Аға дастарқанға жайғасып, туралған еттен жеді. Сосын рахмет айтты да түрегеліп, кәнге құйрық басып біраз отырды. Жілік шаққан балтаны күнде жасырып қоюшы едім, бүгін қара басып көрнеу қалдырыппын. Балтасын танып, еңкейіп алды да ары-бері қарап, сипап жүзін көрді. Баттасқан май. Тағы біраз өстіп үн-түнсіз отырды. Беделбек екеуміз де тым-тырыспыз. Енді қайтер екен деп қас-қабағын, қимылын бағудамыз. Әлі де шағатын жілік бар; біздегі басты уайым сол. Садуақас аға балтаны алған орнына қайта қойды да ләм-мим деместен шығып кетті. Үйіне барған соң жеңгеме: «Ұят болды, масқара! Ана екеуін өледі деп алдын-ала көрін қазып жүрсек, биыл қыс өлетін түрлері жоқ екен!» депті, бірақ ет жегені жайлы тіс жармапты.
Сөйтіп қысты да еңсеріп тастадық. Түнде ет жеп, күндіз түске дейін ұйықтаймыз. Сиырдың ұсақ-түйек жілік, қабырға, омыртқаларын тауысып та қалдық. Терісінің өзі де игере білсең ас. Әдемілеп үйтіп, ыстық суға сап, жақсылап қырып, қайнатсаң, дәмі аузыңнан кетпес тамаша тағам болып шыға келеді. Тайыншаны ары ұстауға жағдай болмады. Аннан-мыннан жиған шөп-шаламымыз да сарқылды. Ақыры оны да сойдық.
Тағы бір күні, түннің талай ортасы болған, етті қазаннан енді түсіріп жатқанда есік айқара ашылып:
— Ассалаумағалайкүм, кеш жарық! — деп біреу әппақ буға оранып, сайтандай кіріп келді. Жырық атанып кеткен Мәндірбай деген екен.
— Уәләйкүмсәләм, кісі етін жейтін болсаң төрлет!-деп, мен оған орын нұсқадым. Қолымда сынық қылыш, етті сонымен қиқалап тураушы едік. Жырық шынымен тіксініп қалды. Мен болары болды, енді несіне жалтақтаймын деп түйдім де: — Кел, қорықпа, малдың еті! — деп арбиған омыртқаның біреуін алып көрсеттім. Ол әбден тойғанша жеп алды да рахметін айтып, жөніне кетті. Беделбек екеуміз екі ұдай күйге түстік. «Япырай, бұ Жырық енді қандай лаң бастар екен?!» Аузының желі бар еді. Айтқандай-ақ ертеңінде елге жайыпты. Бірінші, ауылдық Кеңеске барып: «Сиыр сойып, ет жеп жатқан жерінен үстінен түстім!» депті. Кеңес Шәкөшке мелисаға хабарлайды. Ол: «Қой, мүмкін емес! Осы әнеукүні ғана дорбасын асынып, қайыр сұрап біздікіне келіп кеткен.» дейді. Сондағы шаш ал десе бас алатын жандай шап шолақ етектер: «Бару керек! Тінту керек!» деп өкірештейді. Шәкөшке мелиса ары-бері ойлап, былай деген екен: «Ар-ұят деген қайда!? Анау болса мүгедек, інісінің түрі анау, аша көтеруге де жеткен жоқ. Өздері өлейін деп жатқан сорлыларды тінтеміз деп обалына қалармыз. Сандырақты доғарыңдар!» Мелисаның сөзі-сөз. Желөкпелер сап тиылады. Таяқтың дөдесін Жырық жепті!
Біраз күн өткесін, кілең белсенділер бір үйге жиналып, арақ ішіп отырады. Сөзден сөз шығып: «Осы, оларда рас ет болса, бір асымдық сұратып алайықшы» деп келіседі. Өздері де әбден таң-тамаша болған көрінеді. Сиыр жоғалды деп іздеу салған ешкім жоқ, япырау, аспаннан түскен не мал, өйтпесе етті қайдан жеп отыр!? Ақыры Шәкөшке айтыпты: «Мен қағаз жазып берейін, берсе маған береді». Сол үйдің қолды-аяқты бір баласына қағазды ұстатып, тапсыр деп жұмсайды.
Беделбек базарға кеткен. Тағы тұз түгесілген. Айырбасқа деп біраз піскен еттен алған. Үйде жалғызбын. Сонымен әлгі бала келді. Қолында бір жапырақ қағаз, анадай жерден қорқып тұрып әрең ұсынды. Бізден бала екеш бала да қорқатын халге жетіппіз. Қағазда былай деп жазылыпты. «Сәке, Ана жолы Жырықтан рас па, өтірік пе бір хабар естіп едім, бірақ сіздің көңіліңізге қарап мән бермегенмін. Егер сол рас болса, Мұқанбайдың үйінде бір топ ауыл азаматтары бас қосып отыр едік, соған азғана тіске басар бірдемені мына баламен беріп жіберсеңіз. Сәлеммен, Рахымжан Есболатұлы!»
Қағазды оқып, бүктеп жан қалтама салдым да, жанымда жатқан қылышты алып: — Апырай, Беделбектің жоқ болғанын қарашы, мына баланы ұстап-ап сойып жейтін едік! — деп тап бердім. Бала жер-көкті басына көтере аттандап, шыбын-шіркей ұша жөнелді! Барып көрген-білгенін айтыпты. Шәкөшке: «Көрдің бе Жырық, егер рас болса ол менің бетімді қайтармас еді, сенің тағы бір бастап жүрген кезекті лаңың екен ғой — бұл! Тапқан екенсің тіресетін теңіңді!» деп Жырыққа тағы шүйлігеді.
Артынша аман-есен тұзын арқалап базардан Беделбек те оралды. Болған жайды баян еттім. Екеуміз ары кеңесіп, бері кеңесіп ақыры: «Қой, азғана ет беріп көрейік» деп келістік. Төс сүйегін етегіне дейін екіге бөліп, бір-екі сүбе қабырғадан, қалбағай омыртқа және үлкен бір кесек ет қосып Беделбекке арқалатып жібердім. Мұқанбай қамбашының үйінде бәрі әбден улап отырған үстінен түседі. Талқажау еткендері тарының құрғақ талқаны ғана екен. Беделбек кіріп барғанда бәрі орындарынан ысырылып: «Төрге шық, шырағым! Төрлет!» депті. Беделбек сәлемдемені тапсырады. Қамбашы сол арада: «Айналайын, ертең ауданға астық жөнелтпекші едім, сыбағаңды сонда аларсың, ал бүгінше мына бір пұт бидайды ала тұр!» деп дорбасын бос қайтармапты.
Ертеңінде Беделбекке манағы дорбаны ұстатып, қамбаға қайта аттандырдым. Мұқанбай: «Өй, енеңді ұрайын, саған дорба әкел деп пе едім, кәне, барып қап әкел!» деп ұрсып қайтадан қайтарады. Тоқпаннан қалған қоқыр-соқыр көп дүние ішінен қап та табылды. Аузы алты қарыс нән ала қапты қолтықтатып қайта жібердім. Аямай-ақ нығарлаған екен, сүйретпеге салып әрең әкелді.
Содан етті тартыншақтамай ел-жұртқа да үлестіре бастадық. Күресін астында сиырдың жарты етінен астамы жатқан, бүткім ауыл қаужаңдасып, қарық болды да қалды. Өзіміз де тоқпыз.
Қар еріп, күн жылынайын деді. Енді машаққа бір ілінсек — өле қоймаспыз. Жыл — жауын-шашыны мол, жақсы болды. Егін бітік шығып, ел ырысқа кенелді. Беделбегім приемшік боп жұмысқа орналасты. Артынша Кеңестің хатшылығына көтерілді. Өкімет үй бас сайын бір-бір тайынша, үш қойдан үлестірген. Шала байыдық та қалдық. Е, тамаша-ай, бізге тиген үш қойдың біреуі — қазақы, қара қой болатын. Сол жылы егіз қозы тапты. Келесі жылы тағы егіз. Алдыңғы тоқтылар мен басқа қойлар да қоздады. Қарап отырсаң, ырыс келейін десе аяқ асты екен. Тағы бір құнажын сатып алдық, онымыз буаз боп шықты. Қойшы әйтеуір, дәулетті үйлердің біріне айналдық. Мен ұсақ малдардың біразын сатып, ақша жасап, Алматыға барып үлкен дәрігерге қаралдым. Екі айдың жүзінде ауылға құлан-таза айығып қайттым. Өстіп өзді-өзіміз боп, елмен енді теңесіп келе жатқанда бір бүйірден қанқұйлы соғыс киіп кетті. Мен еңбек әскеріне алындым да, Беделбек соғыстың қайнаған тура ортасына аттанды. Қырық екінші жылы Ленинград қоршауынан шықтық деген бір ғана хабар тиіп, артынша Прохоровка деген селоның түбінде болған ұрыста қаза тапты деген қаралы қағаз жетті.
Ал өзім қырық жетінші жылы бірақ оралдым. Ақмола-Қарталы темір жолын салдық. Шлябін соғыс зауытында істедім. Әйтеуір, бұйырған дәмді біраз таттық. Қырық сегізінші жылы осы шешеңе үйлендім. Қырық тоғыз мүшелімде сені көрдім. Сен туған кезде ел-жұрт соғыс зардабынан сәл-пәл арылып, бет-жүзіне қан-сөл жүгіре бастаған еді. Содан мал бақтық. Шешең екеуміз пешенемізге жазылғанды бірге көтерісіп, кәртейіп, зейнетке шықтық. Осы әңгіме неден шықты өзі?
— Әне бір кемпір қара нанды менсінбей, «лабаданың» дәмін ұмытқанынан.
— Иә, иә, солай екен ғой...
— Әке, «лабада» деген не?
— Лабада деген — кәдімгі қарасораның дәні, сырты қап-қара да, іші аппақ болады. Бөккен тарыға, бидайға кенеуі молайсын деп қосып жейтінбіз. Солай қарағым... Кеңшілік те — басқа қонған бақ тәрізді, кесел түртіп бүгін нан тепсең, ертең көңірсіген құйқаға зар болмасыңа кім кепіл?!