- 06 там. 2018 00:00
- 254
ШҚО-да 300-ге жуық IT-сынып ашылмақ
Биыл «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған жоба аясында облыста 277 ІТ-сыныбы ашылады. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған орай, 3 тамызда ШҚО-да білікті мамандар даярлайтын ІТ-орталықта БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өткен еді. Қазіргі таңда бұл жерде «Нұр Отан» партиясының тегін ІТ-сыныптары жобасын жүзеге асыратын 544 мұғалім оқып жатыр. Айта кету керек, ІТ-сыныптарының жаңа бағдарламасын Семейдің «Электр теxникалық колледжі» құрастырды.
Бүгінде барлық мектептерде 10+1 жабдықталуы бойынша кабинеттерге заманауи компьютерлер және 3D принтерлер орнатылу үстінде. Ал мұғалімдер белсенді түрде Электр теxникалық колледжі негізінде ашылған ІТ-орталықта оқытылуда. Бес аптаның ішінде ұстаздар тек визуалды бағдарламалау мен 3D модельдеу негіздерін ғана емес, Web-дизайн мен роботтандырылған жүйені де меңгереді.
Оқу процесі небәрі 5 аптаға созылады. Онда теориялық біліммен қатар практикалық жұмыста қарастырылған екен.
«Дәріс бағдарламасы ІТ бағыттың жан-жақты негіздерін қамтиды. Оқыту уақыты 5 аптаны құрайды. Оның үшеуі теориялық білімге жұмсалса, қалғаны тәжірибелік жеке жұмыстарына арналады», – дейді колледж директоры Азат Сәрпеков.
Тағы да айта кетерлігі,биылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша «1000 ІТ-сынып» ашу жоспарланып отыр. Бұл білім алушыларға болашақта өз септігін тигізбек.
«Осы жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы 22 жаңа жобаны қолға алды. Солардың бірі – бүкіл Қазақстан бойынша балаларды тегін оқытатын «1000 ІТ-сынып» ашу. Бұл жоба мемлекеттік стандартпен қарастырылған информатика сабағын алмастырмайды. Балаларға арналған қосымша білім және болашақта кәсіби бағдарлауда өз ықпалын тигізеді», – деп атап өтті «Нұр Отан» ШҚОФ төрағасының орынбасары Олег Чугунков.
ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, IT-сыныптарда оқыту бағдарламасы әр түрлі жасқа бейімдеіп жасалған. Мәселен, 3 пен 5 сыныптарға анимациясы бар ойын күйінде берілсе, 5-тен 8 сынып аралығы күрделілеу болады. Яғни, ІТ-бағдарламалауды үйретеді. Ал, 8 бен 11 сыныптарда практикалық нұсқада болмақ. Оған «Мехатроника», 3D бағдарламалау кіреді. ІТ-сыныптарындағы оқыту білім бағдарламасының вариативті бөлігі арқылы жүзеге асатын болады.
Дәріс аяқталған соң білім алушыларға арнайы сертификаттар беріледі. Оны қорытынды тапсырманы орындаған, бағдарламаны толық меңгерген мұғалімдер ала алмақ.