- 06 там. 2018 00:00
- 283
Ұры емес, қоғам кінәлі ме?
Теледидарда немесе бас қосқан жиындарда қоғамдағы келеңсіздіктер талқыланып жатады. «Ұрлық, алаяқтық көбейіп кетті, арсыздық, ұятсыздық өршіп кетті, қоғам бұзылып бара жатыр» деген сияқты тақырыптар қозғалады. Сонда біреулер «Ұры кінәлі емес, қоғам кінәлі» десе, екіншілері «Ұрламағанда қайтсін енді, жоқшылық бас сауғалатқанда амал бар ма?!» деп әңгімеге май тамызып отырады. Негізінде, ойлап қарасақ, ұрлық пен кедейліктің еш байланысы жоқ. Ауқатты отбасыдан шыққан ұрылар мен әлімжеттілік қылатын баскесерлер елде жетіп артылады. Қаншама кедей отбасылар бар адалдық шеңберінен шықпай, ар-ұят, адамгершілік қағидалары аясында берекелі ғұмыр кешуде. Біреудің ала жібін аттау ойларына да кірмейді.
Ал қоғамдағы келеңсіздіктердің шешімін халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жақсы түсіндірген екен: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар.»
Иә, адалдық пен ар-ұят бір-бірмен тығыз байланысты қасиет. Мәселенің бәрі тәрбиеге келіп тіреледі. Ата-бабамыз «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген емес пе?! Сондықтан бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлу керек. Бала-шағаға кішкентайынан ешкімге қиянат жасамауды, ешкімнің ақысын жемеуді, адал болуды, ар-ұятты болуды жақсылап үйрету керек. Адал болуды, ар-ұятты санасына сіңіріп өскен бала ешқашан ұрлыққа, опасыздыққа бармайды. Өзіміз де ар-ұятқа жіті мән берейік. Ар-ұят түзелсе, қоғам да түзеледі.