Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Таң алдында айтылмай қалған сыр

Бұлар мінген ескі көлік қайта-қайта сынып, әбден титықтатты. Көлік тоқтаған сайын жолаушылармен бірге жерге түсіп, құмдақты-саздақты, сортаңды сұр топырақты кешіп әудем жер жүріп алады. Қыста қар көріп жарымаған даланың шөлдеп, талмаусырап жатқан келбетінен бе, өзінің жетім бота халінен бе, мұң торлап, төңірек түгел мүлгіген қимыл-қыбырсыз, тек әжім-әжім құмнан тұратын кеңістікке жанарын қадай түседі. Бүйірлері опырайып көрінетін шағылдар төбеден тіке түскен ыстық лепке балқып жатыр ма дейсің, маң даланың әр-әр жерінен тырбық құм бұталар, қияқ пен құмаршық көзге шалынады. Тісқаққан шопырдың қолының епсектігінің арқасында ыңырана қозғалған көлік алдан көрінген төбеге көтерілгенде құмның барынша тығыз екенін байқалды. Ауыр көлік шағылдың төбесіне көтерілгенде екінші жағындағы құм төменге қарай сырғи бастады да, ақыры құм дөңдері алыстап, көлік жайын жолға түсті. Ұзақ жолда ой серік.

***

Анасы оның қалқаны еді, сол қалқаны қирады, содан бері оқ тиген арқасы опырайып қалған, сол жараның орны жазыла ма, жазылса қашан жазылады, әлдеқайдан ескен суық жел сол жараға ұмсынғыш. Көңіл жақын деген адамдарға анасы туралы ұзақ-ұзақ айтқысы келер еді, бірақ, өздерін қалай ұстарға білмегеннен бе олардың бұл әңгімеден қашқақтайтынын байқаған.  Шешесінің қырқы жақындағанда тағы да ауылға  жиналды. Сол өзі тұрып жатқан астанасында әруаққа құран бағыштаса болар еді, бірақ, жан дүниесі ауылдастарының аңқылдаған көңілін, мұны жұбатқан, демеген алғаусыз ықыластарын аңсады да тұрды.

***

Шешесінің телефон шалып, «Астанаңа ертең түсем» дегені кеудесінде күй күмбірлетіп, ертелі-кеш ерсілі-қарсылы адам ағысы тоқтамайтын ескі вокзалға екі сағат бұрын дедектетіп әкелгенімен, вагоннан түсе сала өзіне ұмсынған шешесін көрер көзге танымай қала жаздады. Етжеңділеу көрінетін орта бойлы шешесі көрмеген жыл жарым уақыт ішінде аласарып, шүңкиіп жүдеп кетіпті. Алакөбеңде өңі де сарғыштанып көрінді ме ау... Тек даусы ғана бұрынғыша. Қоңыр бояуы жоғалмаған сол дауыстан шешесінің көл-көсір мейірі төгіледі.

Нығарлап сала бергеннен сырмасы бұзылып, тігісінен сөгіліп кеткен тоқбүйір сөмкені кепкен етке толтырып артынып-тартынып келген шешесі кірген бетте желкесіне сырғыған орамалын жөндеп үлгермей, бетіне мұздатқышта қатырып сарықағазға бірнеше қайтара ораған сары май салынып, астына қолдың құртын сықастырып, Астанада бәрі удай қымбат деп сала шыққан қалбырдағы сүт, тәтті-құттының салмағынан қолбауы үзілген тағы бір көк жолақты сөмкені балконға шығарып қойды. Өзі күншілік жерден жүгіріп келгендей алқынып, қара терге түскен.

— Мына балқаймақтан жесеңші, сен жесін деп шығарда жанталасып жүріп  қайнаттым.

— Жедім.

— Ойбу, бірішек болып қалғанбысың, еттен алмағаның не?

Мұның тәбетіне көңілі толмай тәмпіш танауын тартып қойып, біресе ана тәрелкені, біресе мына кесені мұның алдына тықпалай береді. Тап бір  тәулік жарым жол жүріп келген шешесі емес, бұл секілді. Ал, өзі аузына ештеңе салмайтындай. Қасығы да құрғақ. Дина болса ішпей-жемей тоқ, енді қайтсын, өзінің Астанаға келгеніне сегіз жыл, осы сегіз жылда шешесінің мұның артынан келіп тұрғаны осы. Бұған дейін үйдегі сырқат қызының қасынан ұзай алмайтын. «Сонда Гүлмираны кімге қалдырған»? деп ойлады іштей Дина.

— Шәйнегіңді ысытып жіберші, Динаш. Шіркін, шай деп пойыздың шәйін айтсайшы, сақылдап қайнап тұратын. Бала кезіміздегі шоқ самаурынның шәйі секілді тап. Бірақ, бар ғой,  Құдда-а-ай, пойыздарың не деген лас еді, одан үйін тек қонақ келгенде бір тазалайтын көрші Бибіштің үйі таза ғой, әлгі жолсерік дегенін кіргенде бір көргенбіз, жолаушысының бәрі тегіс қоңыр екенін көріп тұрса да, «досвидание» деп орысшалап, кетерде бір көрінді ғой, әй, бірақ...пойыз жинап тоңқаңдап жүрсе өкпесі қысылатын шығар, қарны да кебежедей екен өзінің, оның үстіне..., — шешесі самайының терін асықпай сүртіп алып әңгімесін жалғай түсті, — маған бұйырған жалғыз орын әжетхананың қасы болып,  шекем қысып, жүрегім айнып, әрең жеттім емес пе, оған әлгі бәрі жер-жерден пісіретін роллтон дегеннің иісі қосылғанда бар емес пе... тіпті әлем болды.

Дина аузы ашылып тыңдап отыр. Әсілі шешесі әңгімешіл адам. Пойызда қандай адамдармен танысқанын, «роллтон шашты» жас жігітті қыз екен деп ойлап «сіңлім, жақсы болды ғой, шүйіркелесіп шай ішсек те» деп айтып үлгермей, оның жігіт екенін көргенде «көтек» деп шошынғанын  жіпке тізгендей қылып айтып шыққанда еріксіз  жымиды.

— Құдай, жаным, неге жүдеусің? Жұмысың тынымсыз ба?

Жүдеумін бе, былтыр ауылға барғанда да сөйдегенсің. Мама, ал өзің... өзіңе не болған? Тіпті танымай қала жаздадым, — деп шешесінің әжімі көбейген, көнетоздау өңіне барлай қарады. Шешесі бір сәт ойланып кеткендей көрінген.

— Динаш, — деген шешесі шайын ақырын жұтып, — осы келгенде доғдырдың жолдамасымен келдім. Телефонмен бәрін айта алмайсың. Бір жағы сені көре кетейін, бір жағы қарала кетейін деп...

«Доғдырлардың жолдамасы» деген сөз Динаның құлағына біртүрлі оғаштау естілді. Бірақ, оның не жолдама екенін сұрауға батылы жетпегендей.

— Гүлмираның жағдайы қалай, оның қасында біреу бар ма?

— Саған айтпаған екенмін ғой... шешесі аз-кем бөгеліп барып сөзін жалғады, — Гүлмира  жоқ қой қасымда...

— Ол қайда? Динаның даусы оқыс шықты.

— Сені уайымдар деп айтпап едім... тапсырдым... .

— Қайда?

— Өзі сияқты мүгедектердің интернатына бердім... қайтейін... Өзімнен болса күш кетті, тәлейінен көрер енді, қайтейін, қалай қылайын... басқа амалым болмады... даусы жарықшақтанған шешесі көзін сүртті.

Динаның бір сәтке іші-бауыры мұздап кеткендей болды ма ау... Жаңа ғана жайраңдап отырған шешесінің әп-сәтте жүдеп қалғанын көріп аяп кетті. Бұдан әрі сөз жалғанбады.

***

Гүлмира мұның өзінен үш жас үлкен әпкесі. Туабітті сырқат, ауылда Гүлмирадан басқа да нысаналы боп туған не ақыл-есі дамымай қалған бала-шаға  аз емес, оларды ел ішінде  полигонның балалары дейді. Бала дейін десең  жиырмадан асқан, ересек адам деуге санасы сәби қалыпта. Өзін қойшы, мектеп бітірді де кетті, мына шешесінің Гүлмира үшін көрмеген бейнеті аз. Бойы серейген тақырбас қара қыз адам танымайды, басы ауған жаққа лағып жүре береді. Бір қарағанда жауырынды, шалбарланып алған ат жақты бозбала дерсің. Тәбеті де жақсы, «тамаққа тойғанын білмейді» деп шешесі күңкілдеп жүретін, күші де мол, арпалысса анау-мынау жігітке әл бермейтін шамасы бар, талай бұған қолы батқан, тіпті жазатайым мертіктіре де жаздаған. Үйдегі шағылған терезе, күл парша болған айна, жыртылған тұсқағаз... Гүлмира өсе келе тіпті бой бермейтін болды. Ақыл-есінде ауытқушылығы бар деген диагнозы болғасын ба, дәрігерлер де сонша пейілін салып қарамайтындай. Санасында кінараты бар адамдарға құдай қара күшті еселеп бере ме, үйден шығам деп қарсыласқанда өзін тоқтатпақ болған шешесін соншама күш шығындамай ақ  сілкіп тастап кете беретін. Әлді қызына шамасы жетпей ызаланған шешесі кейде әбден жүйкелеп өзі кембағал жанды қолына түскен нәрсемен ұрып та жіберетін. Оған ұрдың ау деп қайғырып жатқан Гүлмира болсашы. Өткен жылдың басында бір аптаға демалысқа барғанда Гүлмираны кереуеттің аяғына сыммен байлап тастағанын көріп Динаның жүрегі ауырған.

Мұңайыңқырап отырған шешесінің көңілін ауламақшы болды.

— Ауылда не жаңалық?

— Не жаңалық болсын, баяғы бір тірлік. Ел күнін көріп отыр ілдебайлап, сиырдан баяғы қара сиырдың тұқымын ғана қалдырдым, малдың өзінен шөбі қымбат...  Айтпақшы, мен ауылдан шығатын күні Көптілеу деген болып еді ғой шетте, сол ұйықтап кетіп оянбай қалды. Соңғы кезде оянбай қалатындар көбейді, ұйықтап кетсем оянам ба, жоқ па деп ойлайтын болдық қой осы күні... әйелінің тіпті соны дұрыстап шығаратын жағдайы болмай ел болып жабылып көмді ғой.

— Тұрмыстары нашар ма?

— Нашар болмағанда... әлгі мүгедек баласының пенсиясына қарап отыр ғой...

— Ол қайсы еді?

— Е, құдай, Әлімхан деген баласы бар ғой.

Ескі заманнан қалған қамбаның бергі жағындағы тапал үйде тұратын туғаннан мылқау бала көз алдына келді. — Ол да жасы жиырмаға келіп қалған жігіт емес пе еді...

— Ия, үшінші кластан әрі оқымаған.

— Полигон ғой... шешесі күрсінді. — Бәрі сол полигонның кесірі. Гүлмираның да сырқаты да  содан. Менің де...

***

Ауылды ойласа жүрегі сазып қоя береді. Көктемде көз жетер жерді түгел жасыл кілем жапқан далада бұзау қайырып, жалаңаяқ жүгірген балалық шағын ойлайды. Ес біле бастағанда үлкендердің осы ауылдың ауасы улы, топырағы зәрлі, суы заһар деген әңгімелерін естігенде де соған илана бермейтін. Әйтеуір, білетіні осы аядай ауылда туғаннан дімкәс адам аз емес, анау үш үй әрі тұратын Асылбек деген жігіттің жасы қырықтан асқанымен бойы баланыкындей, туа бітті бір көзсіз туған Болат көкесі де сол полигонның құрбаны деседі.  Өздерімен ойнап өскен қыздардың ішінде қоян жырық кішкентай қыз болатын. Не айтып жатқаны түсініксіз болса да  бұлар оны түсінетін. Бала кезінде неге бұлай деген сұраққа онша ден қоймағанымен, жасы жиырмадан асқанда ауылын ойласа перзенттік сағынышынан бұрын, қараңғыда бейсауат адасып жүріп әне-міне опырылып кеткелі тұрған жарқабақтың басында тұрған  шарасыз адамдай қамығатын болды. Бұлардың ауылы дәл полигонның жанында, кеңірдегінен шыққан демі қашықтағыны құлатып, улы сілекейі жақындағанды балқытып жіберетін нағыз аждаһаның үстінде отырғанын ойлағанда: «Біз неге бұл жерден көшіп кетпейміз» дейтін, бірақ қайда көшеді? Бас көтерері тағы жоқ.

Полигоннан зардап шеккен экологиялық аймақтардың мәселесін көтереміз дейтін әртүрлі жиындардың қызығын көрсе жоғарыдағылар өздері көріп-ақ жатқан шығар, ал өздеріне шынымен жаны ашитын біреу барына сол ауылдағы адамдар сенбейді. Жерінің құнарлы қабатын улы қоқыс басып қалған ел бұл жерде тұруға бола ма, жоқ па, оны да білмей мәңгіріп, атақонысының бауырына жабысқан күйі әлі отыр. Қашанғы отырмақ? Бір амал қылу керек қой дейді ішінен. Неше ұрпақ ауысса да ел ішінде кемтар болып дүниеге келіп жатқандар әлі де бар, бірақ, олар полигонның зардабын тартқандар болып есептелмейді. Апыр-ау, соншама елдің ішінен біреу шығып, «сорға бола қонған Сорқұдықтан» жұртын алып шығар күн бола ма? Ол біреу кім? Қашан шығады? Бәрін қойшы, Гүлмира апасының мүгедектер үйіндегі жағдайын біліп қайтуға жүрегі шыдай ма?

— Менің қызымның обалы соларға! — деп күрсініп қалды шешесі мұның не ойлап жатқанын оқығандай.

— Мама, сен бұрын полигон туралы айтпайтын едің ғой, бір-екі рет сұрағанымда ұрсып тастағансың.

— Ол кезде әлі бала едің ғой, бәрібір, менің айтқанымды түсінбесің анық, деді шешесі ақталған үнмен.

— Өзің анық көрдің бе, киноларда саңырауқұлақ тәрізді деп суреттейді ғой.

— Саңырауқұлақты көрмесем де, зиянын көрдік қой. Бойыма осы Гүлмира біткен кез, — деп жалғады сөзін шешесі, — Бір күні жер дірілдеп, теңселгендей болды да, әп-сәтте аспанға көтерілген топырақ қап-қара боп жерге кері қонып, құм сапырған дауыл мүлгіп жатқан даланы астаң-кестең қылды. Сайға тақау отыратын Мағия кемпірдің қоржын үйі, Асан атаның қорасы, тонадайдан аппақ жұмыртқа секілді көзге түсетін жалғыз клуб, өзі де бір-біріне сүйеніскен мал қоралар қирап, су алып отырған құдығымыз ішіне түсіп пайдасыз болып қалды. Мына Ресейдің Волгоград облысының  ну орманында адам көзінен тасада Арзамас 16 деген құпия орын бар дейді білгіштер, осы біз тұратын жерде жиырмаға тарта қауіпті жарылыс болғанын біз қайдан білейік, алдындағы малының санынан басқаға ой жібермеген момын жұртқа оны кім айтсын ай...  Сонда дейм ау, ол кезде жаспыз ғой, экспедиция біздің жерде жұмыс жасап жатыр деді, ол не экспедиция, нені зерттеп жүргенінде құмның арасындағы елдің шаруасы болмайтын. Әйтеуір, сол экспедиция өзінің жұмысшыларына біз су ішіп отырған құдықтың суын бермей,  анау шекарадағы  Астрахан облысынан таситын көрінеді. Ол неге өйтеді деп ойланып, соған мән беріп жатқан тағы ешкім жоқ. Қайтесің, қазақтың момындығы өзіне сор... Сол жылы туған Гүлмира ақыры анадай болды ғой... Жарығым, не күйде екенін... бір Аллаға тапсырдым, шарасыздықтан сүйттім...

— Маған бір ауыз айта салсаңыз да болар еді, Гүлмираны тапсырғаныңыз туралы, — Динаның даусы өкпелі шықты.

— Алыста жүргенде уайымдамасын дедім, әрі айтқанда не істей аласың, қасына келіп баға да алмайсың. Оның үстіне соңғы кезде сырқаты күшейіп кетті, қажыдым. Іштен шыққан баласын интернатқа тапсыруға қай ананың жүрегі шыдайды дейсің, менің де шықпаған жаным тек әшейін...

Дина үнсіз егілді. Ия, ол кембағал апасын баға алмайтын, шамасы жетпейтін, бірақ, бәрібір интернатқа беруге қимас еді.

— Сенің әкең де, оның інісі де өмірден ерте кетті. Ақ қан ауруынан. Тек ол емес, сол маңдағы қойшылар отырған қонысқа барып жүрген шопырлардың бәрі де сол аурудан кеткен. Болат ағаңды өзің білесің, туғаннан мүгедек. Қанша дегенмен ауылдың фельдшерімін, сол кезде-ақ мұның бір сыры бар шығар деп ойлағам. Бірақ...

— Ауылда бір адам жоқ па осыны мәселе қылып көтеріп, жоғары жаққа жеткізетін?

— Е-е, қанша депутат келіп кетті, мәселені әп-әдемі көтергендері де болды, бірақ, сол аяғына дейін жалғаспай қалып жатады ғой. Содан кейін де қаншама адам өмірден өтіп кетті. Ой, дүние ай... Қой, қызым, жатып демалайық, түн ортасы болыпты.

Дина төсегіне жатқан соң әкесінің келбетін көз алдына әкелмекші болды. Бірақ, ес жиып үлгермеген сәби санадағы әкесінің келбеті су астындағы бейне сияқты бұлдырап жақындай түседі де, көмескі тартады. Шай көңілсіз жиналды, жолдан шаршап келген шешесінің пыс-пыс еткен дыбысын тыңдап жатқан қыздың кірпігі желімденер емес. Бүгінгі шешесінен естіген әңгімесі жүрегін қозғап, көңілін күпті қыла түскендей. Талықсып барып ұйықтаған ол түсінде біресе құм арасында асыр салған Гүлмираны көреді, біресе алыстан шаң берген саңырауқұлақ тәрізді түтінді қуып келеді екен дейді.

***

Астананың сан түрлі ғимаратына тамсанып, клиникаларына бас сұққанда шешесі тым жайбарақат еді. «Кілең қазақ бір-біріңмен орысша сөйлесетіндерің ерсі екен, ойпырмай, дәрігері де, медбикесі де ауылдан шыққаны көрініп тұр ғой, әрі кетсе облыстардан-ақ көшіп келген шығар, әлде орысша сөйлеспесеңдер шаруаларың шешілмей ме»? — деп таңырқаған да қойған.

Арада 2-3 апта өткенде шешесіне қойылған диагноз туралы естіген, бірақ мүлдем сенбеген. Мұның жар дегендегі жалғыз шешесіне ауыр дерт жіберетіндей Құдай мұнша әділетсіз емес шығар деген. Оның үстіне шешесінің жанарындағы байсал тартқан сабырлы қарасы да  әлі үміт бар дегізетін.

«Мүмкін, қате шығар, шіркін ай, осы жолы анализдерді қорытушы дәрігер шала сауатты біреу болып шығып, қойған диагнозы мүлде сәйкеспей шықса екен» деп те тілеген, сондай бір үмітпен, бір жағы далбасалап шешесін қайтадан ақылы, ақысыз тексерістен өткізді, бірақ, жоққа шығармақ болған сайын қорытындылар бірін-бірі растап, нақтылап, көңілді күпті ете берді. Бір-екі рет рет екеуінің театрға, концертке барғандары бар, өстіп жүргенде шешесінің келгеніне де үш айдан асты. Шешесінің күн өткен сайын тұйықталып, сырқаты мазалап, түнімен күрсініп шығатынын да біледі.

Кейде екеуі әңгімелескен болады. Онда да айтатындары ауыл, ауылдың адамдары. Дина Гүлмира апасы туралы айтудан ғана қашқақтайды, өзі де ішінен жүз уайым кешіп жүрген қамкөңіл шешесінің бір жағынан Гүлмираны да ойлап жүдеп жүргенін сезеді. Көңіл ауларлық әңгіме таптым дегенімен онысы да ауылға кеп тіреле беретіні бар.

— Күзде әріптесіміз тұрмысқа шығып, ұжымнан бірнеше қыз болып тойына бардық,  Алматыға.

— Алматының өзі ме сонда?

— Жоқ, ауылы. Бірақ, енді ауыл емес жұмақ дерсің тура.

— Ие, айта түссеңші.

Ауыл деген сөз құлағына жаққан шешесі жүзіне шуақ үйіріліп, «Алматы жақ болса нуы, суы мол шығар», — деп басын изей түседі.

— Ой, енді айтпаңыз. Жайқалған неше түрлі жеміс ағашы, жемістері көшенің ортасында, аулада төгіліп жатыр, таудың ауасы қандай, тынысыңды ашады. Жолдары да түп-түзу. Ауылдың ортасында мөлдір бұлақ ағып жатыр.

— Па, шіркін, соны айтсаңшы! Нағыз жұмақ қой онда.

Бұдан соң әңгіме жалғанбай, айтушы да, тыңдаушы да үнсіз қалды.

— Біздің ауыл да жаман емес қой, қандай жұмақ болса да өз туған жеріңе жете ме? Өзім әйтеуір, қайда барсам да сол құмға, қу медиен далама қайтқым кеп аңсап тұрам, — деді шешесі.

— Негізі бар емес, мама, басқа елдерде  экологиясы нашар деген жердің халқына өтемақы беріледі екен.

— Е-е, қоя бер, жоғарыдағылар шамасы келсе халқына өтемақы беретін ондай елдер туралы естімеуге тырысады, тіпті сол шетелің өз бетінше жарылқап, қайырымдылық жасап ақша аударып көрсінші, біздікілер соны қалай болғанда да қара халыққа бермеудің амалын жасап бағады, көрерсің. Білеміз ғой.

Қартаң әйелдің даусында сенімсіздік бар. Қажыған, әбден көңілі қалған бұл сарынды Дина соңғы кезде жиі байқайтын. Десе де ауыл туралы айтса болды шешесінің өңі кіре бастайды. Сағынып жүр.

— Негізі баяғыда, баяғы болғанда сол одақ кезінде дейм де,  біздің ауылды уран өңдейтін жерге айналдырмақ болған екен. Бірақ, үлкен кәсіпорын салуға қаншама дүние керек деп, оны әкелу үшін темір жол салмақ... Содан, әй, қойшы, соншама әуреге түскенше деп ядролық қаруды сынауға  берген дейді.

— Бұлай етіп жердің әбденту-талақайын шығарып, ешкімге керексіз қылып тастап кеткеннен гөрі сол уран өндірісіне айналдырса...

— Қой, олай деме!

— Несі жаман? Ауылдағы жастарға жұмыс болады, Атырауға вахтаға барып жүрмей өз үйінен жұмысқа барып келер еді.

— Е-е, қызым. Білмейсің ғой... Онда тіпті бұл күнімізге зар болып қаламыз ба...

Шешесі ойланып отырып баяу сөйлейді.

— Мен мектеп бітірген 1978 жылдары полигонды жара бастады, бірақ көрші Серікжан полигон 1966 жылы басталған деп қоймайды. Бірақ, ол білетін де шығар, сол сынақ кезінде экспедицияда жұмыс істегеннің бірі соның әкесі, ылғи ішіп жүретін адам еді, «экспедицияда болғанда болгардың шарабын ішіп, чехтың сырасын сыздықтатып, қолға түспейтін колбаса мен сары май жеп отырдық» деп өзі айтқан талай.  Су ластанып, топырақ улануы сол кезден басталған шығар,  жылқылар үйірімен құлап... далада өліп жатқан киіктерді өзіміз де талай көрдік қой,  обал-дағы ай...

— Айтпақшы, мам,  біздің ауылда осы полигонның зияны әлі бар-жоғын тексеру үшін екі жыл зерттеу  жүргізді емес пе? деді Дина бір мезетте.

— Е-е, әлгі комиссия ма... , олардың жұмысын қой, көз алдау әшейін... бұл жердің ластануына дәл қазір полигонның еш қатысы жоқ, ауру түрлерінің көбеюі адамдардың өмір салты мен әлеуметтік жағдайлардың толық шешілмеуінен деп қорытынды жасапты дейді.  Бәлду, бәлду бәрі өтірік деген ғой. Ойбу, әңгіме айтамыз деп түн жарымы болыпты ғой, Динаш, сен ұйықта. Ертең жұмысыңа тұруың керек. Ал, мен... ұйықтай алсам көрейін... деп бетін қабырғаға бұрып жатқан қартаң әйел тағы да өз ойымен болып кетті.

Ауылда үлкендерді былай қойып жастар арасында қан қысымы мен жүрек ауруына шалдыққандар көбейген. Сол жердің жаманды-жақсылы дәрігері болғасын біледі, радиацияның азғантай әсерінің өзінен қан тамырлары іш жағынан жарылып жатады, соңғы кезде гипертонияның өзі өзгеріп басқаша түр алғанының да тегін еместігін сезеді. Ол өзінің де сырқатын шамалайды, тек қызыма салмақ салмасам екен дейді. Гүлмира не күйде екен...

***

Шешесінің өңі қуара түскен сайын Динаның да көңілі жарым.

Онколог-дәрігер асқазан рагінің 4-кезеңінде ем жүргізудің күрделі екенін, егер ертерек келгенде қарын мен талақты алып тастауға болатынын, ал қазір дерт асқынғандықтан күрделі операцияның да көмектесу-көмектеспеуі неғайбілдігін, тек химияға иек артып отырғанын айтқанда қыз жылап жібермеуге тырысты.

— Дәрігер, түсінесіз бе, менің анамнан басқа ешкімім жоқ. Одан айырылсам... айтыңызшы, химия көмектесе ме?

— Ісікті бірнеше есе кішірейте алатын мүмкіндік химияда ғана бар. Бірақ, онда да аурудың кезеңіне байланысты. Менің тәжірбиемде жеті реттік сеанста 9 сантиметрлік ісікті 2-сантиметрге дейін түсірген жағдай болды. Қалай дегенмен де, біз тырысамыз, — деді дәрігер көзілдірік үстінен қарап. Оның кейпінде жанашырлық бар еді.

Ендігі жерде Дина анасына балабақшаның баласындай қарайтын болған. Дәрісін уақытында береді, бәрі тәртіппен, жас көкөністер үзілмейді, он бес шақырым жерге саумал ішуге апарып тұратын көлікті де тауып келісіп қойды. Қанты көп тәттілерді анасына да рұқсат етпейді, өзі де алмайды. Ұннан піскендерді де азайтты. Жұмыстан келіп күн өткен сайын әл-дәрмені сарқылып, дел-сал күйге түскен шешесін көргенде белгісіздік алдындағы үрейден ойлары әр жаққа ала қашып, өзінше бір амал іздеп таппақ болады, ақыры шарасыздықтан қалжырап көзі ілінеді.

— Қызым, өткен жолы енді пойызға мінбеспін деп асылық айтыппын, ол менің пойызға соңғы мінгенім екен.

— Олай демеші, мама. Егер ауылға барам десең ұшақ бар ғой, тек айтсаң болды. Бірақ, емді үзбеуіміз керек.

— Сен бекер әуреге түсетін болдың ау. Сені шаршамаса екен деймін.

— Мам, олай деме, сен өзің де дәрігерсің, адам ауруға ерік берсе, қандай керемет ем жасаса да нәтиже болмайды, кез келген ауруға қарсы ем адамның өз ішінен шығуы керек.

— Жаным ау... бұл аурудан миллионерлер де құтылмаған, рак дегенді жанның дерті дегенді бір жерден оқығаным бар, адам әлдебір қайғысын өз ішіне жия берсе онысы ішінде ұлғайып өсіп, ақыры бір жерден тесіп шыға ма деймін...

— Қайдағы қайғыны айтасың, мам... Мені қорқытпашы.

— Жә, қойдым... Шынымен де қайдағыны айтып кетіппін ғой. Айналайын, — деді мейірленіп, қызының самай шашын сипап. — Қазірден айтып қояйын, мені бағып, қасымда тапжылмай отырам дегенді ойламақ-ақ қой. Оған рұқсат етпеймін. Асты-үстімді тазалап, дәретімді төгіп жүргеніңнен ешқандай да рахат сезінбеймін. Одан да алаңдамай жұмысыңды жаса, бұрын қалай жүрдің, солай ештеңеге алаңдама. Осыны айтқан шешесі ширығып алғандай көрінді.

— Мам, неге олай дейсің? Бала не үшін керек сонда?

— Білем, жүрегің шыдамайды. Бірақ, ақыл-есім түзуінде айтып қояйын, мені бағам деп  жұмысыңнан айрылып қалма. Үлкен қалада жан бағу да оңай емес, жалдамалы пәтер, ас, су да, бәрі қымбат екен.

— Сонда не істейміз? Үйде сен ауырып жатқанда ештеңе болмағандай қалай жүрмекпін?

Ыршып кеткен көз жасын алақанымен сүрткен күйі шешесіне сұраулы жүзбен қараған.

— Ауырған адам, оның үстіне жаман ауру... Мына қуықтай пәтерің иістеніп тұрса... өзің жұмыстан шаршап келгенде тағы мені қараймын деп... ауруым жанға батқанда  төрттағандап тұрып басымды қабырғаға соқсам қаңылтырдай жұқа қабырғадан бәрі естіледі, көршілерің жүгіріп келіп есігіңді қақса...

— Мама, олай демеші. Керек болса қасыңа дәріңді егіп, жағдайыңа қарап отыратын күтуші медбике аламыз.

— Жоқ, масыл болғым келмейді. Мен сияқтыларды жатқызып емдейтін жерге барам. Саған бейнет болғым келмейді, сені қиналмай, жақсы өмір сүріп жүр-ау деп ойласам содан артығы жоқ мен үшін.

***

Паллиативті орталық деп аталатын жерге келгенде мұрнына  ашыған капустаның иісіне ұқсайтын иіс келгендей болды. Бұл жерде 21 күннен артық ұстамайды, тек қарайтын адамы жоқ, жағдайы қиын болса ғана ұзаққа қалуға болады. Төсекте жатқан шешесінің самайынан сүйген сайын көз жасы домалап,науқастың көңілін ауламақ боп әрнені айтып отырып, аз күннің ішінде оның бет терісі пергамент қағазына ұқсап бара жатқанын байқады.

— Менің бет-әлпетім неге сарғая бастағанын байқаймысың? — деген шешесі бұған сығырая көз салып.

— Маған соншалықты қатты байқалып тұрған жоқ, — деп жауаптан жалтарды бұл.

— Бұл менің ағзам дәріні қабылдамай жатқанынан. Өзі дәрігер адам бұл сөзді қиналысын білдірмей айтты.

— Жұмысың қалай өзіңнің?

— Бұрынғыша.

— Маған намаз оқуды үйрететін кітапты әкелдің бе?

— Ия, тіпті бірнешеуін алдым. Міне, суреттер арқылы көрсетіп, оңайлатып берген. Деуін десе де шешесінің ендігәрі аяғын нық басып намазға тұра алмайтынын біліп тұрды.

Шешесінің соңғы кездері діни хабарлар тыңдап, сүре жаттай бастағаны  Жаратушыдан жәрдем тілегендегі жанталасы ма, болмаса өзінше бағыты белгілі сапарға дайындығы ма, әлде  сүре жаттасам, біреуге жақсылық етсем, Құдай осы ісім үшін өмірімді сәл де болса ұзартар ау деген амалы ма, әйтеуір, осының бәрі Динаның жарым көңілін одан сайын жасыта түседі. Шешесі бірте-бірте бұдан алыстап бара жатқандай еді...

***

Сырқат әр кезеңде әртүрлі қалыпта көрінетін, кейде теріс қарап жатып алатын, кейде өзінен-өзі мінез шығарып, Динаның бетіне қарамай қоятын кездері де бар. Ондайда тастай қатып, қызының жылағанына да жібімейді. Мүмкін, қайран шеше маңдайына кембағалдық жазылған Гүлмираны сағынатын шығар. Бірте-бірте шешесінің алдан ғажайып күтіп  жүріп өмірдің соңғы қақпасына қалай тез келіп қалғанын білген сәтте қолындағы тәттісін әлдекім шапалақпен ұрып, озбырлықпен тартып алған  баланың қиянат шеккен күйін кешіп,  тұла бойын белгісіз ыза кернейтін мінезі де әлдеқайда жоғалып, жанына бір мамыражай жайлылық орнап, сабырлы күйге енді. Кейде сөздер оның кеудесінен жеп-жеңіл ағыспен шығып, толассыз құйылып жатады.

— Ажалдан қорықпайтын адамды осы жасыма келгенше көргенім жоқ. Бірақ, Динаш, ойлап қарасам, осы маған қойған диагноздың өзі соншама қорқатын да нәрсе емес екен ғой. Қайта бір есептен бұл да дұрыс болды ма деймін, жан бар жерде қаза бар, әйтеуір, сені жеткіздім... Тек Гүлмирам болмаса... қарғам ай, не күйде екенсің...

Енді қалған аз уақытымда өткен-кеткенді ойлаймын, әр нәрсені есіме алам, уақыт бар, саған айтатындарымды айтып кетем. Адам өлімге тәнін емес, жанын әзірлеуі керек қой.  Өзің ойлашы, Динатай,  қайта осының өзі жақсы емес пе, ал егер көшеде келе жатып, болмаса автобуста жүрегің ұстап аяқ астынан жөнеп кетсең не болар еді, құдай басқа бермесін, мен сол жүректен қорқам ғой, тіпті қоштаспақ түгілі жан-жағыңа қарап та үлгермейсің ғой. Айтарым... әйтеуір, ырымын жасап жерлесең болды, көрші-көлем, Болат көкең бар, көмектесер. Сен қиналып қалмашы тек, ботам...жалғызсың ғой...Құдай Гүлмираны да жарымжан қылып қойды, ол сау болса екеуің бір-біріңе сүйеніш болар едіңдер...

Шешесі әлі сөйлеп жатыр. Осының алдында ғана аппақ шөлмектей болып ерні кезеріп жатқан адамның басалқы қалпын тауып, ентікпей ақ сөйлеп жатқаны  дәрінің әсерінен әлде болмаса шешесінің ерік-күшінің мықтылығынан екенін біле алмады.

— Сұрайын дегенім... келгелі біреудің келгенін не бір жаққа кешіккеніңді байқамадым ғой... ықылас білдіріп жүрген  ешкім жоқ па еді?

— Жоқ әзірге...

— Жалғыз болма, қарғам, адал сүт емген біреу болса... көресің ғой. Диконай... бармысың?

— Ия, отырмын ғой, қасыңдамын.

Науқас бір сәт ұйықтап кеткендей болды.

***

Шешесі бұл көктемді өзгеше сезіммен күтті. Көктем шықса, терезені ұрғылап нөсер жаңбыр жауса ғой деген тілегін екі рет пе, әлде үш рет пе, күбірлей айтқанын естіген. Құдауанда, осы бейдауа сырқатқа шалдыққан адамның өз ішінде әлдебір тылсым бағдарламаға қосылған ерекше сағаты бола ма,  қысы көсіліп жатып алатын, қалың тоңы қапелімде жібімейтін қаланың да маңдайы шуақтанып, көктемнің лебі білінген шақта мұның шешесі де сарыла күткені әне-міне кеп қалардай әлденені күтіп, елегізіп, әсіресе, күн күркіреп, көктемнің алғашқы жаңбыры төгіп өткенде ширақ тартып, әлдебір қуанышты жақындатқысы келгендей күннің жадын сұрай беретінді шығарды. Күннен күнге өлеусірей жанған балауыздай сырқаттың қуаты түгесіле бастағанын көріп отырғаны да, зілмауыр тартқан басының ішіндегі бірін-бірі жаншып, бірі-бірі кимелеген ойлары да Динаны қараптан қарап қалжырата түскендей.

— Дәрігер, өтінем. Сіз оған көмектесіңізші. Ауруын жеңілдетіп...

— Біз ол кісіге морфий салдық, промедол да қолдандық.

— Тағы болмай ма?

— Жоқ, меніңше, қажет емес. Көріп тұрсыз ғой, тіпті 0,1 мөлшердің өзі қиын болады. Көтере алмайды. Сырқаттың мүлдем әлі жоқ. Қараңызшы, қатты арықтап кеткен.

— Енді не болады...

— Біз қолдан келгенді жасадық. Міне, қараңыз, үш литр глюкоза құйдық, бірақ, екі күннен соң анаңыз қайтадан әлсіреп қалды. Ең дұрысы... сіз оны қинамаңыз, —   деді дәрігер.

***

Бұл күні Астананың тұманы да жұқарып, ылғалды  желі ағаш  бұтақтарын орағыштап тұр еді. Тастардың жарықтарына, ағаштардың бүршік атқан жапырақтарына, шық себілген шөптердің арасына түн қараңғылығы жасырынған мезгілде Динаның анасы сыбырлай тіл қатты.

— Динатай...

— Бармын, мама, отырмын.

Анасының көзінде дәл осы сәтте көктем туғанда жер үстіндегінің бәрін шуағымен айналып-толғанған, жер бетіндегінің бәріне жылуын арнап, үнсіз мәпелеген табиғат ананың шексіз мейірімі тұнып тұрды.

— Күшім таусыла келді ау дейм... Айтып кетейін...

— Шаршап қаласыз, мама...

Бұл кезде алакөбеңденіп тұрған терезе пердесінің шетінен ай көрініп тұрған еді. Көкте баяу жүзген ай көл бетінде қанатын жуған жалғыз аққуға ұқсап көрінеді. Бүгін ол да мұңаятындай.

— Сөзді бөлме. Ішімде кетпесін... бұдан әрі арқалай алатын емеспін, ауырлап...

— Динаның жүрегі дүрс-дүрс соқты. Шешесі не деп кетті, әлде адам уақыты жақындағанда сандырақтай бастай ма? Анасының сыбырлаған үні біртүрлі қорқынышты естіледі.

— Мен күнә жасадым, қызым ай, мамаң ... қателесті ғой, — дегенде арқа-басы мұздап кетті. Шашырап қатар-қатар сызық түскен көздің шетінен сорғалаған жас ақ бурыл самайды сипай жылжиды.

Бұл сөз Динаның тұла бойын лезде суытып, бір сәтте ішіне бықсып жанған шаланы тастап жібергендей.

— Мам... не деп кеттің? Демалып алшы...деді өзі дірілдеп кеткен қыз.

— Мен.. Әсия жеңгең біледі... Әсиядан сұрарсың...

— Дина... мені құдай кешірер ме екен? Кешірер ме екен...

***

Бір уақта шешесі мұның қолынан алып, өзіне қарай тарта берді.

— Мам, саған не болды?

— Менің қасымда басы қабақтай бір бала жүр, — деп алқынды ақ шашты әйел.

— Басы неге сонша үлкен? Мынау сол емес пе? — деді ерні кезерген күйі.

— Мама! Шошынған қыз қалшылдап кетті.

— Ол мені алып кетпекші...  сен... қасымда болшы...

Шығыс жақ қызылжолақтанып, соңғы жұлдыз да жоғалды, кең дүниені шапағымен аялаған күйі күн алқызыл бояуын жағып, күллі дүниенің әрін кіргізген мезетте Динаның анасы соңғы демін алды.  Осы сәтте оның қабағы жанына тілеген тыныштығын тапқандай жазыңқы күйде еді. Өзін бір сәтте туу биіктен ұшып түсіп, мың сан бөліктерге бөлініп қалғандай сезінген Дина бұдан әрі не істеу керегін білмеген. Ол туу биіктен құласа да есін жиып, өзінің кішкене сынықтарын тауып, құрап алуы тиіс болатын.

***

Бір жағына қарай бұратылып, емпелеңдей басып келе жатқан адамның бет-жүзі анық емес секілді, кір терезені қалай болса солай айғыздай сүрткендей көрінеді. Тағы екі қадам, одан тағы бір қадам жақындағанда барып бейшараның бет-жүзінің тым-тым сәтсіз жаралғанын көріп жүрегің зырқ етер еді. Көрген сайын адамның жүрегі шым етіп, түсі қашып қалтырай тоңған соңғы жапырақтай болып жаны мұздап кететін көрініс өзіне бала кезінен таныс. Өзінің әкесінің інісі болса да осы кісіден қорқатын. Адамға зәредей қиянаты жоқ адам да соны сезе ме, қарындасына жақындай бермейді. Тағдырдың өзі айғыздап тастаған кескіннің қорқынышты жері бір жақ езуі сөгіліп кеткендей төменге созылған ауыз да емес, түбінен алып, аузы-мұрнын түк қалдырмай көктеп шыққандай шұнақ құлақ та емес, оң жақ көздің орнына ерсі біткен төмпешік еді. Құдайтағаланың қырсық шалған дүниені көріп-тануға бір көз де жетеді дегені ме, бір көзі кем болса көретін сұмдығы да аздау болар деп топшылағаны ма, әйтеуір, осы ағасын жалғыз көзбен жаратыпты. Өз бетінше пайда болған бітеу жара секілді, не жарылмайтын, не қоймайтын, сығырайып болса да өмірі ашылып көрмеген сол бітеу көздің иесі мұның Болат көкесі. Тек сол жақ көзі ғана жылт-жылт етеді.

— Қарындасым, ай, жеңешемнің артының қайырын берсін, — дегенде кеңсіріктен қоңқ еткен дыбыс шықты. Жыртиған жалғыз көзден жас домалады. Бірге жыласқан бірді екілі-ағайыны бар, қайғысын көтерісіп қаумалаған ауылдастарының арқасында  шешесін ақ жуып, арулап жерге берді. Той түгілі өлімнің дастарханы да бәсеке болған елірме аурудан құм арасында бұйығы жатқан бұл ауыл әзірге аман еді, бәрі өз жолымен, шама-шарқына қарай жайғастырылды. Болат көкесі сойыс малын әзірлеп, бүкіл жоралғысын жасап тыным табар емес.

***

Шешесінің қырқы өткеннен кейінгі шай үстінде де мұның шешесінің жақсы адам екені, қолының шипалы болғандығы, осы ауылдың баласының көбін бір өзі аман-сау босандырып алғаны  айтылды. Анасы туралы әңгімелер Динаның кеудесін жылыта түседі.

— Абысыным соңғы кездері сырқаттанып жүргенін де білдірмей кетті ау, әлі сене алар емеспін, тіпті кім ойлаған, біз оны қызына қыдырып барып, шәниіп жатқан шығар деп ойлап едік, Астанаға барып төсек тартып, елге сүйегі келеді деп ойладық па? — деп егілді алыстан туысатын Әсия жеңгесі.

— Жә, сабыр енді... Динаның көңілін одан әрмен босатпай, — деп басу айтты Болат көкесі.

— Өзі сезген де шығар сырқатын, қанша дегенмен доғдыр ғой, бірақ, Гүлмираны қараймын деп өзіне көңіл бөле алмағаны рас. Бәрі де жазу ғой, Алланың жазуы...

Ал, Динажан, қайратты бол, уақыт емдейді ғой деп жұбатты ауылдастары құран оқылып,бет сипаған соң. «Уақыт емдемейтін шығар, тек бос қуысты күнделікті тірліктің бітпейтін күйбең естеліктерімен толтыратын шығар» деп ойлады.

***

Күн түске тырмысса да ауыл мүлгіген қалпы, көшеде бір жан жоқ, күн төбеден тік түсіп тұр. Әсия жеңгесінің үйі бір қарағанда адам тұрмайтын үй секілді, қақпа ашық жатыр, үретін ит жоқ. Бұл барғанда Әсия жеңгесінің ұлын жуындырып болған беті екен. Қырық жылдан бері жүрмейтін ұлын жетектеумен келе жатыр. Бұл ауылда Бекен сияқты туа сала тәлейіне мүгедек болу жазылып, ешуақытта аяғы күс-күс болып ойнап, жуа теріп, құмаршық қағып, жалаң аяқ жусан кешіп көрмегендер қаншама? Азғырдың құйқалы шағылдарының арасына заһарлы уын сыналап жіберген тажалдың құрбанына айналса да олар осыған мойынұсынған.   Әрнені айтып көз жастарын сығып алған мұңлықтар әңгімені шай үстінде жалғады.

— Жеңеше, осы полигонда сынақ жүргізуді мүлдем тоқтатты ма, жоқ па? — деді Дина біраз үнсіздіктен соң.

— Оны бір Құдай біледі.

— Зияны әлі де бар сияқты ғой...

— Енді... кім біліпті...

— Папам да, оның інісі де ақ қан ауруынан кетіпті. Кеше мамам да... Ауылдағы ауыратын балаларды сауықтыру жағы қалай осы? Өздеріңіздің мәселелеріңізді айтып жүрсіздер ме?

— Е-е,бізбен кім санасып жатыр дейсің сол...  Әсия жеңгесі шыныаяқты екі қайтара сүрткіштеді.

— Менің таңғалатыным — баяғыда осы жерде сынақ жасағанда өз жерінде не болып жатқанын біздің ауылдағылар мүлдем білмеген  дейді, мысалы, сіз білдіңіз бе?

— Ядролық сынақ деп қазір айтып жүр ғой, ол кезде қайда білейік? Кім айтады оны бізге, надан жұрт, ештеңе білмей жүре берсін дейді ғой... аузың қайсы десе мұрнын көрсететін байғұстар деп... Кейбір жерді қоршап тастады, «ол жерге бармаңдар» деді, болды, біздің ауылдың адамдарына не, момын халық қой, «өзіміздің жеріміз емес пе, неге баруға болмайды?» деп сұрады дейсің бе біреуі. Менің білетінім, сол жылдары өзіне қол салғандар да көп болды. Азғырды бертін келе жапты ғой. Ол жылдары артық әңгіме айтпайтын да, айтылмайтын. 1979-1981 жылдары Құрманғазы ауданының Азғыр жағында  үкіметтің малы да, жекенің малы да жаппай қырылып жатты. Бағымдағы мал өз алдына, маң далада өзімен өзі жортып жүрген киіктер де үйірімен арам қатыпты. Соның бәрі, құдай біледі, полигонның кесірі.

— Сонда соншама мал қырылғанда оның себебін анықтайтын маман болмай ма, олар келмей ме, тексеріп зерттемей ме,  мұның себебі полигоннан деп біреуі айтпаған ба?

— Мамандар не десін, баяғыша анықталмаған аурудан өлген деп ақпар береді-дағы. Қай жылы Атыраудың тонна-тонна балығы қырылып қалғанда «мен өлген балық  көрмедім»  деп көзін жапқан министрдің қасында күні үшін қалтырап отырған жай мамандарға сот бар ма? Қызым, жайшылық па, сен бүгін мені сұраққа алдың ғой тіпті.  Көнетоз жаулығын түзеген Әсия жеңгесі күлген болды.  

— Менің келгенім... Әсия жеңеше... Мамам қайтыс боларының алдында бірдеңе айтқысы келді, бірақ, үлгермеді... әлде айта алмады ма... Әйтеуір, Әсия жеңешеңнен сұра, сол біледі ,соған ғана айттым деді.

— И-и, жаным ай десейші...Не айтпақ болды екен?

— Мен күнә жасадым деді. Менің мамам жақсы адам ғой, ол кісі бір күнә жасады дегенге... сене алмаймын.

— Күнә... кім періште дейсің бұл өмірде? Күнә тірінің бәрінде бар шығар ау.

— Шамасы күнә деп Гүлмираны интернатқа тапсырғанын айтқан шығар дедім. Бірақ... қайтыс болар алдында «басы үлкен бала жүр, сол емес пе?» деп, ол маған түс көріп ұйқысырап не ауруға шыдамай  сандырақтағандай көрінді... Ия, сол күні... қайтыс боларының алдында ғой...

Әсия қолымен текеметтің өрнегін сызғылап, құнысқан күйі отырып қалды.

— Ол не сыр, менің білуім керек пе, жоқ па... Әйтеуір, мен күнә жасадым деді. Содан бері мазам жоқ. Қыздың даусына діріл араласты.

— Айналайын ай... Анаң жақсы адам еді ғой. Сырлас едік. Оның Гүлмирасы, менің мына ұлым сырқат, қайғымыз бір болғасын бір-бірімізді жақын тартып, сырымызды жасырмайтынбыз. Мені біледі десе сол сырды сенің де білгеніңді қалаған шығар. Әлде соңғы сәтінде арылғысы келді ме екен...

— Ол не сыр? Неден арылмақшы? Жеңеше ай, жұмбақтай бердіңіз ғой.

— Анаңның Гүлмираның алдында көрінген ұл баласының аты Ерсін еді, әкең мен Сағи көкеңнің қасындағы кішкентай төмпешікті көріп жүрсің ғой, алты айдан асқанда баланың туа бітті сал екенін білді. Және жүрегінде ақауы бар деді облыстағы враштар.  Аллам ай, өзі титтей сәбидің титтей жүрегінде тесік болады дегенді де естідік қой. Сол Ерсін ақыры  әкесінің артынан ермеді, жасқа толар-толмаста ауруы меңдеп үзілді. Одан кейін Гүлмира туды, ол да, менің ұлым да туғаннан ауру болды. Ол кезде баланың сырқаты полигоннан деген ой миымызға  кіріп шықпайтын. Қара жер хабар айтып бармасын, сіздің үйдегі қайынаға ішіп алған сайын мырсылдап жылайтын. «Өзім әкеден жалғыз байғұс едім, кілең ауру бала табатын болдың ғой сен қатын» деп анаңның онсыз да жаралы жанын инемен піскілеп шабақтай беретін.  Ішпесе өзің білесің, жақсы адам еді ғой. Гүлмира екіге толған жылы сенің анаң тағы да ащы көжеге жерік-тұғын. Ойбу, несін айтасың, сол жаз  ерекше ыстық болды ғой, күн қатты ысығаны ештеңе емес, қызуы алабөтен өткірленіп, адамның миын да, бүкіл денесін де түйреп өтетін. Ел ішінде Ресей жақтан ұшқан ракеталар бұ жаққа құлап, гептил төгіліпті деген әңгіме аракідік айтылып қалатын. Айы-күні алыс болса да аудандағылар сенің анаңды қоярда-қоймай қалаға жіберді. Өзі де дәрігер, бірдеңе дұрыс емесін сезген сияқты, маған уайымын айтқан. «Баланың басында суы көп, және ол өсіп барады» депті әрі-бері тексеріп. Мүмкін, қате болар деп үміттендік. Әйтеуір, ауылға баласы шетінеп кетіпті деген хабар жетті. Артынан өзі келді ғой жүдеп-жадап. Кейін маған айтқан сыры ғой: «Толғақтан кел-қайт, кел-қайт болып, әбден сорым қайнап, қиналып, адам төзгісіз азаптан есімді жиғанымда көргенімді айтсам... алла ай...басы шар секілді, беті бір уыс баламды көрдім. Көрдім де шошыдым. Қайтадан талмаусырап кетіппін. Адам өз баласын құбыжыққа теңемейді, бірақ, басы шар секілді, көзі жыртиған тіршілік иесін құшағыма баса алмадым. Бұны апарсам онсыз да маңдайын  босағаға ұрып жүрген күйеуім бейшара шерменде болып басы ауған жаққа безіп жоғалар деп қорықтым да... мен сорлы басы шар тәрізді ұсқынсыз жаратылыстан бас тарттым» деп еңіреп еді маған. Мамаң ауылға сәби шетінеп кетті деп келгенде арағын ішіп, ләйліп жүрген байғұс күйеуі одан «шетінеген ұл ма еді, қыз ба еді» деп те сұрамапты ғой. Соның бәрі күйік. Сені алданыш етті ғой, осы жақтан шыққан күйшінің атын қойды Дина деп, өскен сайын бағуы қиындай түскен Гүлмираның қайғысы бар, сонда  да қиындық көрдім демейтін. Мықты адам еді ғой марқұм. Фельдшер болғасын ауылдағы мүгедек балаларды қарайды, соларды көрген сайын жаны жаситын, «баяғы өзім тастап кеткен бала бар ма екен» дейтін...

— Динаш ай...

Дина бір сәт естігенінен есін жия алмай отырған.

— Жылама, қарғам... Өзің сұрағасын айттым. Анаңның кінәсі жоқ, тәлейіне жазғаны да...

— Маматайым ай... жаным, анашым, көрмегенің жоқ екен ау... деді қыз  солқылдап.

— Бұл анаңның жылдар бойы көкірегіне шемен боп қатқан қайғысы, айта алмаған шығар... сен оны кінәлама, айналайын, — деген күйі Әсия қызды басын бауырына тартты.

— Жоқ, Әсия жеңеше... мамамды кіналай алмаймын, сол кезде не істерін білмеген шығар... Гүлмираны тастап кеткен жоқ қой, ол үшін қанша азап шекті...

***

Сарғайып кеткен тұсқағаздың әр жер-әр жерден жыртылғаны, түкпір бөлмедегі терезе көзінің ойығы Гүлмираны еске салып, кеңсірігі ашығандай болды. Үйдің ішінен ыстың иісі шығады. Өзінің өрекпіген көңілі ме, әлде шешесі болмағасын жатырқап, секемшілдікке билетті ме, бойынан діріл жүгіріп өтті. Бір сәт демін ішіне тартып тынып қалды, шешесінің аяқ дыбысы естіліп... сәлден соң біреу есікті тартқылағандай болды. Шынымен де әлдекім демін ішіне тартып, үнсіз бақылап тұрғандай...

Терезенің оң жақ  бұрышындағы тумбоның үстіндегі нешетүрлі түйме салынған вазаны аялай сипап, қасындағы бір буда жіпке қол созды. Шешесі теледидар алдында отырса қолынан сымы мен жібін тастамайтын. Ескі серванттағы нешетүрлі бокалдар ұсталмаған күйі шаң басыпты, шешесі Динаға «бұл бокалдарды сенің тойыңда ұстаймыз» дейтін... Серванттың жоғары бөлігіндегі тізіле жиналған кітаптардың көбі медицинаға қатысты, кейбіреуінің шеті қайырылып қалыпты. Соңғы кездері күнтізбе жинайтын болған ба, ана жерде де күнтізбе, мына жерде де. Ілетіні керек пе, жыртатыны ма... Байғұс шешесі мұның демалысқа келем деген уақытын есептеп, әлдебір  ерекше оқиғаны күткен тәрізді. Әлде өзінің сырқат екенін сезді ме екен...  Әйтеуір, күнтізбені жинай берген... Анашым... байғұсым ай... Осылай ойлауы мұң екен, Динаның ішінен бірдеңелер үзіліп-үзіліп жатты.

Тысқа шыққасын да туған үйіне ұзақ қарап тұрды, ыстықтан жарылып, көк сыры көшкен қақпаның есігі ашық-шашық жатыр. Өткенде мән бермепті,  әгін көктемгі жаңбыр шайып, қабырғасы айғыздалған жазғы сарай мен қақпаға қарама-қарсы жердегі қораның да күйі кеткен.  Кейде шығыстан, кейде батыстан жел соқса құм басып, оппа құмның осы бір обыр мінезінен зәрезап болып, сексеуіл отырғызса сеп болар еді дегенді көбірек уайым еткен  жұртын қалдырып, жолға жиналды. Гүлмираға барғанда ала барайын бір қалта құрт салып, Болат ағасының үйіне барып, үйдің кілтін қалдырды.

— Мына үй өзіңізге аманат, аға. Бір қажетіңізге жаратарсыз.

— Қой, қарындасым олай деме, отырған үйім бар, амандық болсын, келіп тұрасың ғой. Тірі болсам келесі келгеніңде шамам келгенінше үйіңді жөндеп қоярмын. Жолың болсын, қарындасым, ағамнан қалған көзсің ғой, аман жүр. Ауылда бір жаман ағам бар еді деп... ойла... Не дейін...

***

Телефонындағы анасының бейнесіне ұзақ үңілді. Ең жақын адамын жоғалтқаннан кейінгі сыздаған хал бұрынғыдан сәл бәсеңдейін депті, бірақ, біржола жоғалып та кетпейді екен. Қызарып батқан күннің шұғыласына шомылған күйі анасының бейнесі мұның жанынан алыстай түседі. Жасы 25-ке шықса да ол әлі де өзін ну ормандағы биік-биік ағаштардың ортасында сілейіп тұрған күйде елестетеді, қайда бұрыларға білмейтіндей.  Айнала тұтасқан қараңғылықта қасына анасы келсе деп армандайды. Әлдеқайдан алып-ұшып жеткен анасының қойнына тығылып, иісін алар еді, екеуара айтылмаған қаншама сыр қалды десеңші. Ол іші-бауыры сыздап отырып, әрі қарай да өмір сүруге күш табуы керектігін түсінді. Шешесі бардағыдай.  ...мұның сынған қанатын түзеп берерлік періштесі қай жақта ұшып жүр екен...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама