- 29 сәу. 2015 00:00
- 343
Тәшенов Жұмабек Ахметұлы
Кеңес елінің басшысы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып оны Ресейге қосуды жоспарына айтқан жауабын Жұмабек атамыз былай баяндайды: Мәймөңкені білмейтін басым; «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын» - дедім. Менің сөзімді естісімен-ақ бастықтың беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, маған жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды. Сәлден кейін: «Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның мынау. Бұл мәселені сендерсіз–ақ шешеміз. Кеңес елі бір мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Бұл жай пікір алысу еді», - деп реңінен ашуының қайтқаны білінді. Сонысын пайдаланып мен халқымыздың «шешінген судан тайынбас» дегені есіме түсіп, пікірімді жалғастырдым. «Никита Сергеевич, - дедім, - егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ», - деп ойымда жүрген Ата Заңымызда жазылған баптардағы тұжырымды айттым. Сөзімді жалғастырып: «Егер бұл заңдармен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беруден тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар»,-деп айттым. Далаға шыққан соң Д.А. Қонаев: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау»,-деді. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен Н.С.Хрущев та санасуға мәжбүр болып алғашқы ойынан қайтады.