instagram.com/whitehouse
- 08 сәу. 2026 01:00
- 26
Трамп Иранға жойылу қаупін төндіріп, «тұтас өркениет жойылады» деп мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты тағы да жойылу қаупін төндірді. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Бұл жолы АҚШ басшысы «бүгін түнде тұтас бір өркениет жойылады, оны ешқашан қалпына келтіру мүмкін болмайды» деген мазмұндағы хабарлама жариялады. Трамп бұл жағдайдың болғанын қаламайтынын, бірақ солай болатынына сенетінін айтты. Алайда, режимнің толық ауысып, орнына ақылдырақ, радикал емес адамдар келгеннен кейін, революциялық өзгерістер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Ол Ирандағы 47 жылдық жемқорлық пен зорлық-зомбылықтың аяқталатынын атап өтіп, Иран халқына сәттілік тіледі.
Бұған дейін Тегеран Вашингтонның Иран мен Израиль арасындағы соғыста отты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамаған болатын. Бұл туралы Иранның Пәкістан арқылы жеткізген құжатында айтылған.
Бұған қоса, АҚШ президентінің Иранға қатысты тағы да қауіпті мәлімдемелерінен кейін Иран дипломатиялық байланыстарын тоқтатқаны хабарланды. Иран Ислам революциясы сарбаздар корпусының аэроғарыш күштерінің қолбасшысы соғыстың жаңа кезеңі басталғанын, Fateh және Kheibar-Shekan зымырандарын ұшыру қондырғылары іске қосылғанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға «өте күшті» соққы беру туралы қауіп төндірген болатын. Осыдан кейін АҚШ армиясының Орталық қолбасшылығы ядролық оқтұмсықтарды тасымалдай алатын B-52 бомбалаушы ұшағының видеосын жариялады.