Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Түркия мен Армения 30 жылдық араздықты ұмытып, татуласуға бет бұрды

Түркия мен Армения арасындағы 30 жылға жуық уақытқа созылған саяси және экономикалық текетірес аяқталып, тарихи бетбұрыс жасалуда. Екі ел көршілік қарым-қатынасты нығайтып, жаңа ізгілік көпірін салуға кірісті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми Анкара Арменияға қарсы бұрын енгізілген экономикалық шектеулер мен санкцияларды алып тастап, жабық тұрған шекара қақпаларын ашуға белсенді кірісті. Бұл қадам 1993 жылы Бірінші Қарабақ соғысы кезінде армян күштері Әзербайжанның Кәлбажар ауданын басып алғаннан кейін Түркияның құрлықтағы шекарасын жабуынан басталған еді. Сол кезден бері Армения жартылай блокадада қалып, аймақта «қатырылған қақтығыс» күйінде отыз жылға жуық уақыт өтті.

2020 жылғы бетбұрыс

Нағыз өзгеріс 2020 жылдың күзінде, Екінші Қарабақ соғысы кезінде басталды. Түркия бұл жолы Әзербайжанға әскери тұрғыдан ашық қолдау көрсетіп, заманауи әскери техникаларын ұсынды. Соғыс аяқталғаннан кейін Әзербайжан жоғалтқан аумақтарын қайтарып алды. Түркия Кавказда жаңа ықпал ету орталығы ретінде орнықты.

Кейіннен, 2021 жылдың соңында Анкара мен Ереван татуласу жолдарын іздеп, арнайы өкілдерін тағайындап, келіссөз үстеліне отырды. 2022 жылы Армения түрік тауарларына қойылған эмбаргоны жойып, Түркиямен тікелей әуе қатынасын орнатты. 2023 жылы Армения басшысы Никол Пашинян Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұлықтау рәсіміне қатысты. Ал 2026 жылдың наурызында Turkish Airlines Ыстамбұл-Ереван тікелей әуе желісін іске қосты.

Түркия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Өнджү Кечели 11 мамырда екі ел арасындағы тікелей сауданы бастау бойынша дайындықтар аяқталғанын және ортақ шекараны ашу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Транзиттік сауданың заңдастырылуы

1990-шы жылдардан бері Түркия компанияларына Арменияға экспорт жасауға тыйым салынған болатын. Сауда үшінші елдер арқылы, қосымша шығындармен жүріп келді. Ендігі жаңа ереже бойынша кәсіпкерлер саудада «Сатушы – Түркия, сатып алушы – Армения» деп ашық жаза алады. Бұл сауданың заңдастырылуына үлкен серпіліс береді.

Армения Сыртқы саяси ведомствосының баспасөз хатшысы Ани Бадалян бұл қадамды елдер арасындағы қалыпты қарым-қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадам деп атап, алдағы уақытта шекараның ашылып, дипломатиялық қатынастар орнайтынына сенім білдірді.

Армения парламенті вице-спикері Рубен Рубинян Гюмри мен Карс арасындағы теміржол қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатқанын хабарлады. Бұл теміржол желісі де 1993 жылдан бері істемей тұрған еді.

Ани көпірін қалпына келтіру

Екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтірудің символдық қадамы ретінде тарихи Ани көпірін бірлесіп қалпына келтіру туралы келісім жасалды. Бұл көпір 1993 жылы екі ел арасындағы шекара жабылғанда қиратылған болатын. Енді бұл көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Халықаралық дағдарыс тобының директоры Нигар Гөксел бұл процестің екі ел үшін де тиімді (win-win) болатынын айтты. Оның айтуынша, шекараның ашылуы Арменияның оқшаулануын доғарып, халқының әл-ауқатын арттырады. Сондай-ақ, бұл Түркияның Кавказдағы рөлін нығайтып, Әзербайжанның Нахчыванмен байланысын бекітеді. Бұл сауда, логистика, туризм және энергетика салаларында жаңа мүмкіндіктер тудырады.

Сонымен қатар, «Зангезур дәлізі» жобасы аясында Армения арқылы Әзербайжанның Нахчыван эксклавы мен негізгі аумағы арасындағы байланыс нығайтылады. Бұл жоба Қытайды Еуропамен байланыстыратын Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) бір тармағы болып саналады.

Жаңалықтар

Жарнама