- 15 ақп. 2020 00:00
- 213
Ұры мен Қожанасыр
Бір күні Қожанасырдың дорбасын ұрлап кетеді. Жұма намазы күні Қожанасыр мешітке жиылған жұрттың алдына шығып, бар даусымен айқайлап:
— Менің дорбам жоғалды. Тезірек қайтарыңдар, әйтпесе мен ойлаған бір әрекетімді жасаймын, — дейді.
Ұры қорқып, дорбаны Қожанасырдың ауласына тастап кетеді.
Келесі күні ауылдастары «дорбаны таптың ба?» деп сұрайды.
— Таппай ше, — дейді Қожанасыр. — Кеше біреу менің аулама тастап кетіпті.
— Егер дорбаны қайтармаса, не істер едің? — деп сұрайды көпшілік.
— Ақ қоржынды қақ ортасынан бөлер едім де, екі дорба жасар едім, — депті сонда Қожанасыр.