Ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы көркем жазуға баулу
Ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы көркем жазуға баулу
В.А.Сухомлинский баланың өмір есігін, оның шығармашылық қабілетін ашатын ойын іс-әрекеті деп қарастырған. Баланың ақыл-ойының қалыптасуында ойын іс-әркетінің болмауы мүмкін емес. Яғни, баланың кез келген іс-әрекетінде ойынның бөліктері болуы маңызды. Сол секілді баланың бастауыш сыныпта көркем жазуына ұсақ қол моторикасының маңызы зор. Баланың көркем жазуымен қатар сөйлеу тіліның дамуы қол саусақтарының қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру үшін жаттығу, ойын жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды.
Ұсақ моторика дамуының бала жасына байланысты ерекшеліктеріне келер болсақ: 5-6 жастағы бала (1-сыныпқа барған бала) - суреттерді жиектеп ұқыпты қия алуы, әріптер мен сандарды жаза алуы мүмкін. Бірақ дұрыс, көркем жазу үшін бұлшық еті қалыпты жетілген болуы маңызды ол үшін ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған жаттығулар көмектеседі.
Балалардың ұсақ моторикасын дамытуда тақпақпен бірге жасалатын саусақ жаттығуларының орны ерекше. Ерте кезден қазақ халқымызда бұған да ерекше назар аударған. Мысалы, “Қуырмаш”, “Санамақ” т.б. ойындарды ойнатудың баланың ұсақ моторикасын, көру-қозғалыс тепе-теңдігін сақтауда, зейін қою, есте сақтау, санау қабілеттерін дамытуда маңызы зор.
Қазіргі таңда ата-ана қолдың икемі мен ұсақ моториканың даму деңгейін мектепке барарда ғана байқайды. Бұл енді мектепке баратын балаға ауыр кезең. Жаңа ақпараттарды қабылдаумен қатар, икемге келмейтін саусақтарымен қарандашпен жазып үйренуі керек. Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны козғалу, козғалыс - әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала козғалысы дәл және нақты болса, оның берілген ақпаратты дұрыс танып, қабылдауы терең бола түспек.
Көркем жазуға саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналаудың өзінің көп көмегі тиеді. Саусақ театрында кейіпкерлерді қимылдату арқылы баланың бұлшық еттерінің дамуына, қозғалыс жасауына әсерін тигізеді. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан- жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс-қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, берліген сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар, балалар екі қолын қимылдата отырып, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді.
Саусақ ойындарының нәтижесінде бала нені үйренеді?
— Баланың сөйлеу тілі жетіледі.
— Қимыл қозғалысы артады.
— Икемділігі артады.
— Логикалық ойлауы дамиды.
— Танымдық деңгейі артады.
Жаттығулар мен ойындар өз нәтижесін беруі үшін ата-аналар үшін бірнеше ережелерді білу маңызды:
— Сіздің балаға орындауға беретін іс-әрекеттеріңіз баланың қызығушылығын тудыруы керек. Әйтпесе, ол сіздің айтқаныңызды орындамайды. Берілген іс-әрекет оның жасына сәйкес болуы керек, ал жаттығулар ойын түрінде жасалуы керек.
— Балаңызбен белсенді қарым-қатынаста болыңыз. Баланың мектептен бөлек үйде сабақ алу өте маңызды, өйткені бала үшін сіз ең жақын адамсыз. Бірлескен сабақтар оны ынталандырады және қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі.
— Баланы жиі мадақтаңыз. Балалар үшін олардың не істеп жатқанын мақұлдау өте маңызды. Сабақтар өте қызықты болса да, бала сіздің оған деген мадақтамасын естімеген болса, ол сіз көрсеткен немесе айтқан іс - әрекетке деген қызығушылығын тез жоғалтады.
— Жаттығуды тым ұзақ жасамаңыз. Баланы шамадан тыс жұмыс істеуге әкелудің қажеті жоқ, әйтпесе сіздердің бірлескен іс-әрекетті орындауға құлшынысы қашады.
Қорытындылай келе, баланың білім алуы тек қана мектепте алған біліміне байланысты емес оның отбасында алып жатқан тәлім- тәрбиесіне де қатысты. Яғни, тәрбие мен білім екі жақты бірге берілмесе қиын болатындығындай, ұсақ қол моторикасын дамытпай көркем жазуға үйрету, нәтижеге жету жолындағы ұзақ жолды таңдаумен тең.
Автор: Телеубай Назерке Шәріпқызы