Үштілділік – жаһандануға бір қадам
Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды.
Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді
Жаңа заман, жаңа ғасыр орнағалы ширек кезеңде өткен жоқ. Десек те, осы уақыт аралығында индустриалды-инновация, жаңа технология үстін-үстін дамып, қарқыны көз ілестірер емес. Бұл ретте, аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекет аузын аңдыған «қасқыр» елдерден қалыс қалмауы керек. Алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде, иық теңестіру үшін алдымен тіл білудің маңызы зор. Етенеге жақсы таныс елімізде үш тұғырлы тіл саясатын қолға алғанымызға да көп уақыт бола қоймады. Бұдан қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық болып қалмасақ та, тіл білу біздің пайдамызға шешілері анық. Қай кезеңді алсақ та, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар дамыған елдердің қатарынын бой көрсетіп, өзінің коммуникациялық және интергациялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Бір ғана мысал, ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тіл білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбінесе салық төлеуден босатылған көрінеді.
Тіл білу біздің қалауымыздағы дүние емес, ол – заман талабы. Әлем елдері бір-бірімен бәсекелесе отырып, халықаралық тілдерді білу маңызды деп санайды. Ал, біз дамушы мемлекетпіз. Сондықтан, бірнеше тілде сөйлей де, жаза да білетін ұрпақ тәрбилеуіміз дамуға бірден-бір көпір екені даусыз. Осы ретте, президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын. Хош. Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолдану керек деп даурығудың әсте пайдасы жоқ. Сынамалап еніп келе жатқан шет елдің қаңсығы бұл жолы бізге таңсық емес. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренуіміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл өте сәтті шыққан ұсыныс. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние.
Әңгімені әріге созбай, турасын айтайық. Бүгінде Елбасымыздың тапсырмасымен үштілділік орта білім беру мектептеріне енгізілу үстінде. Мақсаты – дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл – Израиль мен Эстонияның деңгейі. Яғни, біз жоғары технологиялы, жоғары білімді, халықаралық қызмет көрсету туралы айтып отырмыз.
Еліміз тәуелсіздік алғалы 25 жыл толып отыр, бұл дегеніңіз ширек ғасырды артқа қалдырдық деген сөз. Бүгінде қазақтай ел бар екенін әлем мойындап, төрткүл дүниеге танылып жатқан тұста тұралап қалуымызға болмайды. Қолымыздан келгенше қарманып қалуымыз қажет. Өзгенің қоқысын құйып, санамызды улағанша, тіл үйреніп, тірлік еткеніміз пайдалырақ болар еді.
Адамның миы өте күрделі жаратылыс. Оны зерттеу мен тексерудің маңыздылығы жоғары. Дәрігерлер екі және үш тілде оқитын балалардың 7 жылдан соң миындағы нейрондық байланыстар санының бір тілділерге қарағанда әлденеше артық болатынын дәлелдеген. Бұл қандай да бір қосымша оқытусыз болады. Бала туа сала жүктемесі көп ортаға тап болады да, жеті жылдан соң оның потенциалы бір тілді қатарластарына қарағанда арта түседі. Бала оны өзі байқамауы да мүмкін. Ми да соған сай автоматты түрде жаттығып отырады. Ағылшындар 20 жыл бұрын екінші тілді міндетті оқытудан бас тартты. Олар әлемнің онсыз да ағылшын тілінде сөйлейтінін білді. Бірақ, осы зерттеулердің нәтижесі жарияланған соң, олар міндетті түрде екінші тілді оқыту жүйесін енгізді. Осы ретте көп тілде оқытуға математиканың қолайлы екені де дәлелденіп отыр. Жалпы айтқанда, көп тілді балалар табысты болады. Біздің балалар да әлем бойынша көп тілде оқытуға неғұрлым дайын балалар болады.
Тіл – тіні нәзік құбылыс. Ол ұлттың жаны, рухы, тамыры іспеттес. Елді жаулап алам десең алдымен тілін жойсаң жеткілікті. Ұлттық менталитетіміз, санамыз бен болмысымыз да осы тілге кеп тіреледі. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте деген тәмсіл бар. Десек те, қазір өз елінде жүріп өз тілін қор санайтындар жеткілікті. Тіпті, арамызда өте көп. Ана тілін менсінбей, аяқасты етіп, өзге тілде бұлбұлша сайрайды. Бұл – мәдениетіміз бен санамыздың төмендігі. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте дегенді ұрпағымыз естен шығармаса игі.
«Ұлым тіліңді жаман сөзден, көзіңді жамандық бағудан сақта. Ұлым, сөзіңді жүрегіңмен тербеп, содан соң айт, бұлай етсең баршаға сүйкімді боларсың. Ұлым, біреуден жаман сөз естісең, оны жүрегіңнің жеті қарыс түкпіріне тұт, оған жаман болар, саған жақсылыққа қайтар», - деп дана Хикар ұрпағына аманат еткен өсиетті берік ұстансақ, құба-құп.
Қызылорда қаласы
№4 С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Рахманбергенова Анар Бекназаровна