- 19 қаз. 2021 00:00
- 181
Ұстаздардың жұмысын жеңілдететін жаңа платформа іске қосылды
BilimUstaz педагогтер қауымдастығы қызметінің маңызды бағыттарының бірі — педагогтердің біліктілігін арттыру. Ол, негізінен, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және вебинарлар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Педагогтер біліктілігін арттыруға арналған онлайн-курстар bilimustaz.kz платформасында қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған әрі педагогика мен педагогикалық технологиялардың, мектеп психологиясының және цифрлық ресурстарды қолдана отырып оқытуды ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналған.
Мынадай өзекті тақырыптар бойынша тегін курстан өтуге болады:
● Білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайында педагогтің заманауи құзыреттерін қалыптастыру;
● Педагогтің цифрлық сауаттылығы: білім беру процесіне тиімді цифрлық құралдарды енгізу;
● Цифрлық сауаттылық;
● Бағалау және рефлексия;
● Мұғалімдерге арналған әдістемелік шеберхана;
● OnlineMektep-ті қолданып, қашықтан оқытуды қалай ұйымдастыруға болады? (мұғалімдерге арналған);
● OnlineMektep-ті қолданып, қашықтан оқытуды қалай ұйымдастыруға болады? (оқушыларға арналған);
● Әдістемелік шеберхана: мұғалімдерге арналған теория мен тәжірибе;
● Педагогика негіздері және оқыту әдістемелері;
● Инклюзивті білім беруге кіріспе;
● Microsoft OneNote сыныптың жазу кітапшасын қолданып, тапсырмалар құрастыру;
● Microsoft Teams бағдарламасымен танысу;
● Үйренуді үйрену;
● Эссе қалай жазылады?
«Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2020 жылғы 4 мамырдағы № 175 бұйрығына сәйкес «Білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайында педагогтің заманауи құзыреттерін қалыптастыру» (Абай атындағы ҚазҰПУ Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасымен бірлесіп әзірленген) және «Педагогтің цифрлық сауаттылығы: білім беру процесіне тиімді цифрлық құралдарды енгізу» бағдарламалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Сараптама кеңесінің сараптамасынан өтті.
Курстарды өткенде дәріс материалы, видео, оқыған тақырыптарды бекітуге арналған жаттығулар, өз бетінше оқуға арналған материалдар, зертханалық жұмыстар және әр сабақтан кейін өзін-өзі бақылауға арналған тест тапсырмалары беріледі. Сондай-ақ педагогтерге курстан кейін де қолдау көрсетіледі. Курс қорытынды тестілеумен аяқталады, егер одан сәтті өтсе, педагогке сертификат алуға (ақылы) мүмкіндік беріледі.
Онлайн-курстар мен вебинарлар өндірістен қол үзбей-ақ педагогтің біліктілігін арттыруға және өзіне ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерде оқуға мүмкіндік береді.
BilimUstaz қауымдастығының педагогтеріне ақпараттық қолдау көрсету үшін https://t.me/ustazbilimland телеграмм-арнасы іске қосылды. Онда мектептегі білім беру жүйесінің соңғы өзгерістері, цифрлық педагог үшін жаңа мүмкіндіктер, сондай-ақ республикалық маңызы бар тегін байқаулар мен вебинарлар туралы ақпарат беріледі.
BilimUstaz аттестаттаудан өту кезінде мұғалімдерді қолдау бойынша да үлкен жұмыс атқарады. BilimLand экожүйесінде педагогтің электрондық портфолиосын құру – осы жұмыстың бір бағыты. Педагог портфолиосы – мұғалімнің кәсіби деңгейін көрсететін материалдарды бекіту мен жинақтаудың цифрлық құралы. Сондай-ақ мұғалімдерге арналған BilimUstaz – коммуникация және тәжірибе алмасу алаңы (әдістемелік материалдар, цифрлық сабақтар каталогтері, бөлімді және тоқсанды жиынтық бағалау бойынша бақылау жұмыстары).