Шыныдан туған қозы
Тек қырсығынан сақтасын деңдер!..
— Қазақ — қазақ болғалы мұндайды кім көрген!..
— Япыр-ай, бір кезенген кезде кездесуін қарашы! Жоспарға шатағы тиеді-ау!..
— Түңілмей қоя тұрыңыз, мен әлі де ойын шығар деймін осынікі.
Босаға жақта өзара шүңкілдесіп отырған осы төрт адамның әңгімесі төрдегі ақ шапанды жігіт туралы еді. Жігіттің сөзге араласуға уақыты болған жоқ. Жәшіктің ішінен ұзын столдың үстіне әлденелерді алып қойып жатыр. Тыстан тұтқалы графинмен су алып енген қауға сақал қарт:
— Жуатыны жоқ қой, несіне сұрағансың, — деді де, графинді столға нығырақ қойды. Көңілсіз пішінмен стол үстіндегі нәрселерге көз жіберіп тұр. Сұқ қолымен иегін тықыр еткізіп мырс етті, бір уақытта:
— Әуреңе болайын! — деді сырт айнала беріп.
Жігіт, алдында жаюлы жатқан кітапқа анда-санда қарап қойып, өз ісімен бола берді. Бұралған, имиген шыны, жалтыраған темір, неше қилы резинкелермен стол үсті толы. Соларды жуып, майлап тұр. Үлкен бір операцияға дайындалған дәрігер тәрізді. Босағадағы төртеудің де, қиқиып тұрған қарттың да назары столға ауды.
— Несіне күйбеңдей береді. Істейтінін тезірек істеп тынса екен...
— Я, ойыны емес, шыны болды мұның, көрелік не де болса.
— Дәл осыдан іс шықты бар ма, мұрнымды кесіп берейін! — деді қарт, қолын қаттырақ сермеп тастап. Жігіт жымиып шалдың бетіне бір қарады да, босағадағыларға иек көтерді:
— Біреуін ғана алып келіңіз!
Таңқы құйрық қызыл саулық үйге енді. О да ештеңе түсінбегендей, көзі бадырайып, жан-жағына қарай береді. Әкелуші қойшы тұсақты ілгерірек итерді де, орнына барып қайтадан отырды.
— Отырмаңыздар! — деді жігіт. — Тамашаны көретін кез жетті.
Бәрі жігіттің қасына келді. Жігіт қауға сақал қартқа қырындап тұрып, дәріге батырған ақ марліні қолына ұстатты да:
— Әке, сіз тұсақтың астын тазарта беріңіз, — деп, бұрыштағы ағаш станокке қарай жүріп кетті. Қарт оған ештеме дей қойған жоқ. Бірақ, тұсақтың астын марлімен сүртіп жатып:
— Қазынаның нанын босқа-ақ жеген екенсің. Ой, шіркіннің оқуының түрін-ай!.. — деп күңк еткенде, қасындағылар да күлді. Жігіт те оларға сездірмей, теріс қарай беріп жымың ете түсті. Сол бетімен ол столдың үстіндегі қара резинканы келіп қолына алды. Резинканың үлкендігі де, формы да арбаның толкесіндей: жұп-жұмыр, іші қуыс, екі жақ аузы ашық.
Біріңіз қошқарға, біріңіз суға барыңыздар! — деді жігіт резинкені айналдырып қарап өткен соң.
Құйрығы тірсегін соққан, иір мүйіз, бұйра қошқарды біреуі барып алып келді. Буы бұрқырап қайнаған су келді. Қойшылар алғашқыдай емес, не де болса көріп тынайық дегендей, жүрістері ширай бастаған. Бірақ, шалдың қабағы әлі салыңқы, тұсақты тазартып отырып, көзінің қырымен жігіттің қолындағы резинкеге қарап қояды. Жігіт резинкенің ішіне ыстық су толтырды. Бір аузына кішкентай ғана шыны түтік әкеп тықты. Екінші аузы ашық. Резинке екі қабат. Су үстіңгі қабатта, астыңғы қабатта бос. Жылылығын өлшегенде қырық градус шықты.
Жігіт резинкені осылайша баптап болған соң, қарттың қолындағы қазақы тұсақты станокке әкеп енгізді де, тырп етпестей қып мойнынан ағаш қамытпен қысып қойды.
— Қошқарды әкеліңіздер!
Қошқар келісімен-ақ тұсаққа артыла түсті.
— Қап! Әттеген-ай! — деді қарт.Дері десе де, ұялыңқырап теріс қарап кетті. Қойшылар күлісіп мәз болып қалды. Қошқар артылған кезде жігіт қолындағы резинкесін тосып үлгірген еді, резинкенің үстіндегі шыны түтікке бір шай қасықтай тұқым құйылып қалған екен. Бұны қайтпекші енді? — дегендей қойшылар жігіттің бетіне қарап аңырып тұр. Қарт онша тақалмай ойқастай береді, анда-санда басын шайқауына қарағанда әлі өкініп жүрген секілді.
— Балам, мен қой жаққа барайын, — деді бір уақытта.
— Мынаның басы-қасында болуыңыз керек.
— Өздеріңіз-ақ реттей беріңіздер. Мен көретін іс емес екен.
Жігіт, өкпелеген балаша бұртиып тұрған әкесінің иығына қолын сап тұрып, жұбата сөйледі:
— ...Сізге бұл қазір жат көрінгенмен, ертең таныс боп кетеді... Қойды тезірек көбейту үшін тәжірибені ғылыммен үдетпесе болмайды, әке...
— Сонда қолдан жасамақ па ең қойды? Әй балам, шатасқансың.
— Қолдан жасаймыз деуге де болады. Мәселен, сіздіңше мынаның ішінде неше қозы тұр? — деді жігіт, шыныдағы тұқымды көрсетіп. Шал ойланбастан қайтарды жауабын.
— Егер ол құдайдың арнаған жеріне барса, сәті түссе бір не екі қозы болар еді. Енді шайтан да жоқ онын ішінде.
Жігіт әкесінін қызараңдаған бетіне қарап қойып, сықылықтап күліп жіберді.
— Құдайыңыз онда сараң екен, әке. Егер мен мұны ұнатып пайдалана қалсам, он-жиырма саулыққа жаратар едім де, кемінде он-он бес қозы алар едім...
— О-дойт дерсің! Қой, күпір болдың шырағым, — деді де, шал жігіттің сөзін тыңдамастан орнынан қозғалып кетті.
— Ешбір күмәні жоқ! Тек, туған қозыларды бағып-қаға біліңіз.
Шал шыдай алмай баласының қасына жетіп келді:
— Сен қозыны жасауды білсең, мен бағуды білемін! Ал, көрсет сол көп қозыңды!
— Тұра тұрыңыз, әуелі зерттеп алайын...
— Несіне зерттейсің, көк қошқардың қашырғаны қате кеткен емес... Мен кепіл, істейтініңді істей бер.
— Онысы рас, онысы рас!... — деп, қойшылар түгелімен шалдың сөзін қостай түсті. Жігіт сонда да иланған жоқ. Сіріңкенің бір шиін алды да, тұқымға ұшын ғана батырып, кішкентай тегіс шыныға бір ноқат салды. Тұқым ноқаты түскен осы шыны стол үстінде құрулы тұрған микроскоппен әрлі-берлі қараған соң қойшыларды шақырды.
— Қараңыздаршы, не көрінер екен.
Қарт кейіндеу қалды. Өзгесі жабырласып қарап жатты...
— Өй, жыбырлай ма, ең?!
— Соқпа өтірікті, жан бітті деймісің!
Міне көрші өзің.
— Астапыралда!..
— Осылар не оттап тұр! — деп бір уақытта қарттың өзі келіп үңілді микроскопқа...
— Қарамы ноқаттай-ақ еді, алақандай боп кеткен бе? Ә-ә, мұның да жаны болады екен ғой, дұрыс, дұрыс...
Қойшылар біресе микроскоппен, біресе жай көзбен қарап, екі көздің айырмасына таң қалысты.
— О, тоба, былай қарасаң қақырық, былай қарасаң жыбырлаған құрт!
— Бұнысына нануға болады. Ал, қолдан қашырамыз, пәлен қозы аламыз дегені былшыл! — деді қарт даусын көтеріңкіреп! — Баяғыда пайғамбардың бірі осындай шыныдан туыпты дейтін, ол құдайдың құдіреті ғой, содан соң, естіп отырғаным осы...
Жігіт қойшылардың сөзіне құлақ қоя қойған жоқ, тұқымды зерттеп жатты. Тұқымға қарап отырып, жазып алған сөздерін байыптап шыққан соң:
— Мақтаған қошқарларыңыз қозыға әке болудан қалған екен. Басқа біреуін келтіріңіздер! — дегенде, қарт жаман намыстанды. Екі көзі баласына қадалып, шатынап шығып барады.
— Мал көрмеген сасық, мал танушы ма едің сен! — деді ілгері аттап келіп. — Міне менен сұра.., Тіпті артылғаны қате кеткен емес сол жануардың!..
— Я, қошқарда кемдік жоқ, шырағым, белгілі қошқар ғой ол... Есебіңнен жаңылсаң өзің білесің, — деді басқалары.
Қойшылар бірі бастап, бірі қостап көк қошқарды аспанға көтерді. Ол қашырған талай саулықтың аты аталды, одан туып қой болған қозылардың қазір қайсысы қайда жүргеніне дейін айтылды. Көк қошқардың бауыры құт екені, мал басы екені күмәнсыз көрінеді. Жігіт сонда да болған жоқ, өз дегенін істеді. Басқа бір қошқар алғызып, соның тұқымын тағы да зерттеуге кірісті...
Бөлменің іші енді тым-тырыс бола қалды, тек қабырғадағы сағаттың соққан тырсылы ғана естіледі. Күн әлі шыққан жоқ, сағат жетіден ауып барады. Қойшылар көк қошқардың намысын жыртып томсарып-томсарып отыр. Құдайдың «құдіретімен» ойнаған, әсіресе, бауыры құт жануарды үйірден шығарып тастаған осынау жігіт, кешегі өздері мойнына мінгізіп өсірген Сәтен қарттың жалғыз баласы болмай, басқа біреу болса, әлдеқашан қуып жіберетін еді. Амал не, биыл қойдың бәрі қысыр қалатынына да «көздері жете тұра» жігіттің ықпалынан шыға алмады.
— Енді бір қараңыздаршы, — деді жігіт, өзі қарап, жазып әбден болғаннан кейін. Бұл жолы қойшылардың бірі ғана орнынан тұрды, өзгесі қозғалған жоқ.
— Ойбай, шабақша ойнап жүр! — деді қойшы микроскопқа қарап жіберіп. Қойшылар біртіндеп келіп қарай бастады.
— Ей, мынаның құрты тулап жатыр!..
— Быж-быж қайнауын-ай, өңкей қара бас қой деймін өздері.
— Көрдіңіздер ме, — деді жігіт, — мақтаған қошқарларыңыздың тұқым құрты әлсіз, сұйық... бала болуы неғайбыл еді. Ол бұрын мақтаулы қошқар болса да, үйірге салудан енді қалған. Ал, мына қошқардың тұқымы тура ұйып қалады!.. Кәне енді қолдан шағылыстыра бастаймыз...
Қойшылар ашық мойындамаса да, «осының сөзінің де жаны бар-ау» дегендей бір-біріне қарасты. Жігіт, жарқыраған ақ темірді станоктегі саулықтың артына әкеп қыстырды. Темірдің аузынан қойдың іші қызарып көрініп тұр. Жігіт әбден абайлап қарап өтті. Содан кейін тұқым құюлы шыны түтікті қолына алып, түтіктің бойындағы цифрларды есептеп алған соң, түтікті қойдың ішіне еппен апарды да, бір тамызып қалды. Қой тыпыр ете түсті...
— Босатыңыздар, болды!
Станоктегі қойды босатып, екінші қойды әкелер кезде, шал манадан бергі ызбарлы реңкін өзгертіп, баласына жалтақ-жұлтақ қарай берді. Оның қазіргі пішіні, күштінің қолына түсіп, сауға сұраған адам секілді. Сөйлегенде даусы дірілдеңкіреп шықты:
— Қарағым, айналайын. Сәмет, — деді баласының шыны ұстаған қолын мықтап ұстап. — Айналайын өнеріңе құлдық. Тіпті, керемет көрсеттің сен осы арада. Бұныңның құрт екенін кім білген!.. Бірақ, ақылға келші: биыл кезенген жылым еді, құдай тек кесірге жазбасын, бір тоқты қысыр қалмайды... Жүз қойдан жүз елу қозы алуға серт бергенімді білесің ғой... Мына шыныңды енді салуды тоқтата тұр. Қойдың бәрі қысыр қалса, масқара дағы! Әуелі жаңағы тұсақ қоздасын, содан кейін қалай салсаң, олай сал. Алдымен планды орындау жағын қарау керек. Сонан соң өнеріңді көрсете бер, айналайын...
Сәмет әкесінің қамқорлық сөзіне көзінен жас аққанша күлді. Дәл қазір әкесі оған есі жөнді енбеген жас бала тәрізді көрінді. Аяды, біресе адал ниетіне көңілі тасыды. Әкесін мойнынан құшақтап тұрып:
— Мен осыны, сізді сертіңізге жету үшін, планды асыра орындау үшін істеп отырмын. Егер күманды болсам, істемеген болар едім... — деді де, әкесін баласындай жаурынға қағып, есікке қарай қозғап жіберді.
Шал қайтып сөз таластырған жоқ.
— Тәңірім бір нәрсеге бастаған шығар, жүріңдер! — деп қойшыларды ертіп шығып кетті. Оның көзі жетпей, амалсыздан көнгенін салбыраңқы иығынан-ақ Сәмет байқаған еді. Бұлар оңашада не сөйлесер екен деп есіктен тыңдап қалса:
— Жігіттер, өз қолыңды өзің кесе алмайды екенсің, бала жеңді. Бірақ, шыныға сеніп қой қысыр қалмасын, оңашада қошқарды жіберіп - жіберіп алайық... — деп тұр әкесі.
— Біздің де көп қасарыспағанымыз сол!..
— Жоға, өзгесі дұрыс-ақ болсын. Қойды бір жылдың ішінде екі рет қоздатамын, бір қасық асылды он — жиырма қойға жаратамын дегеніне миы бар кісі нанар ма!?
— Әу, болыңыздар, — деген Сәметтің даусы естілді.
Қойшылар наразылықтарын іштеріне сақтай жүріп, қойларды станокке әкеле берді. Сәмет бір қошқардан бір ретте алған тұқымды он-жиырма тұсаққа жаратып отырды. Қолдан шағылыстыру науқаны осылайша жүріп жатты...
II
Сәмет келген «Еңбек» колхозының қой фермасында мыңға тарта қоздайтын қой бар. Аз күннің ішінде соның бәрі қолдан шағылыстырылып болды. Қойды қолдан шағылыстыру бұл колхозда тұңғыш рет қолданылған тәжірибе болатын, оның үстіне мың қойдың 15 проценті екінші рет шағылыстырылды, сонда бұл қойлар бір жылда екі рет қоздамақ. Бірақ, жаңа техниктің әкелген жаңалығы қойшылардың көкейіне қона қойған жоқ. Алдымен өзінің әкесі Сәтен қарт қылды ғой қылықты. Жиырма бес қоймен бірге өскен Сәтен, баласына қанша сене тұрса да, қолдан құйған тұқымның қозы боп шығуына сене алмады. Сәмет жұмысын бітіріп, ауданға жүріп кеткен күні таң сәріден тұрып қой қораға барды. Бұрын қай уақытта келсе де, еркін қимылдайтын ерке қарт (қойшылардың бастығы ғой), бұл жолы қой қораның қақпасын ашуға батпай, жан-жағына алақтай берді. Үлкен кісінің қуыстанғаны қызық екен, жападан-жалғыз жүріп сөйледі:
— Ертелі-кеш қарап қоймасаң бола ма, бұрын шыны салғанды көрмеген жануарлар... — деді қораға еніп бара жатып. Еніп қалған соң қойлардың бәрін қарап өтті, әсіресе, арт жағына назарын көбірек аударды. Өзгеріс табылмады. Содан кейін қошқар қорасына келді де, бәрін айдап шығып, қойларға әкеп қосты.
— Бұнсыз малдың да, адамның да күйті болушы ма еді, тәйірі! — деді қарт көңілді бір демдегендей болып. Қораның терезесінен колхоз жаққа қарап қояды. Тезірек шағылыстырып алып, көзге түспей, қошқарларды қайта қамай қоймақ. Бірақ қошқарлар сасатын емес. Әр қойды бір тіміскілеп жүрді де, біріне артылмастан маңқиып-маңқиып тұрып қалды.
— Жаны жануар, жанып жібер!... — деп Сәтекең әр қошқарға бір жалынады, бірақ, бірде-бірі тілін алмады.
— Е, тоба, — деді қарт жағасын ұстап, — бұзылғаны ма, соған-ақ күйті басылып қалғаны ма?
Сәтекең таңданып тұрғанда екі-үш қойшы үстінен түсті.
— Ертерек қолға алған екенсіз...
— Құдай біледі, шап ете түскен шығар!
— Бекер істеткен екенбіз, бала бүлдіріп кетіпті! — деді оларға Сәтекең, өкінген пішінмен, — құлшынып келеді де, қалт қарап тұрып қалады. Сірә, шыны күшін алып кетсе керек.
Қойшылар «алданғанына» қатты өкінді. Қой біткен қысыр қалады деген қауіп күшейе түсті. Әттең, Сәметтің білместігі, өз қолын өздері қалай кессін, егер басқа біреу болғанда дереу ауданға барып, сазайын тартқызбақ еді. Енді, өздерін өздері жұбатып, ақырын күтпек болды...
— Егер бұл, сәті түсіп, іс бола қалса, — деді Сәтекең, тек сонда ғана көзі күлімдеңкіреді, — қораңды осы бастан кеңейте бер. Мың қой қашып кетті ғой, оның жүз елуі екінші рет қоздайды. Кәне, өздерін қоса есептеңдерші... Бұл неткен етек алған көп мал!..
— Көресіңдер, қоздаса бірі қалмай тегіс қоздайды, қоздамаса, бәрі де қоздамайды, осы бастан айтқаным.
— Япыр-ай, бәрі бірден қысыр қалса масқара-ау!
Қойшылардың ойындағы үміт пен қауіп жеңісе алмады. Біресе қозыға байыды, біресе қозыдан жұрдай болды. Әйткенмен, ойдың қауіпті жағы басым болып баpa жатыр еді, Сәтеннің ақырғы сөзі төнген қауіпті кейін бір серпіп тастады.
— Жігіттер, өкінбелік, болар іс болды. Азар болса, бір ай, жарым ай кенже қалар, буаз, қысырын кешікпей-ақ білеміз ғой...
— Тәйірі, желінін бір ұстағанда-ақ белгілі емес пе...
— Міне сонда қошқарды жібере қойсақ бәрібір қысыр қалмайды. Қайткенмен планды орындау керек. Әйде, қойды өргізелік енді! — деп Сәтекең қақпаны қайырып тастады.
Күн шашырап шығып келеді. Фермадан бір ізбен шұбаған қой, былай шыға бытырай -бытырай беткейдің бетін алып кетті...
III
Сәтен қарттың күдікті ойы күн санап тарқай берді. Ол кісінің тілімен айтқанда «шынымен қашырған» қойдың бәрі желіндей бастаған. Қойдың жаппай балалайтын уақыты тақалып келеді. Сәтекең қоздауға жақындағандарын табыннан бөліп те үлгірді, оларды оңашалап күтіп жүр. Әйткенмен көңілінен бір түйткілі кетер емес. Қой қоздайтын үйде қойларға қарап, таяғына сүйеніп тұрып:
— Бұның енді қозысы қандай болар екен... — дейді қасындағы қозышы әйелге. Әйелдің Сәтекеңді мысқылдағысы келді:
— Енесіне тартса — таңқы құйрық, қылшық жүн, әкесіне тартса — ұзын құйрық, бұйра жүн болады-дағы, оның не күманданатыны бар.
Сәтекең көзін аларта әйелге бір қарады да, мұрнын шүйіріп тастады. Әйел оны байқаған жоқ, Сәтекеңнің жайымен тұрып айтқан сөзін ғана естіді:
— Малдан: шала қозы, екі басты бұзау, қос кіндік бота... адамнан: шошқа туғанын да көргенбіз. Тек, сондайынан сақтасын.
Сәтекеңнің неден күдіктеніп тұрғанын әйел түсіне қалды да, ежіктей бастады:
— «Шыны, шыны» деп қоймайсыздар, сол қалай өзі, айтыңызшы?
— Жамалжан, қайтесің соны.
Мал өсіру техникасын біл деп жатқан жоқ па, ол не дегеніңіз.
— Басқа біреуден сұра, шырағым. Мен айта алмаймын, ұят өзі, өкінішті тіпті, жібермей тосып алады... — деп, Сәтекең жүре сөйлеген бойымен, қолын ербеңдетіп отырып далаға шығып кетті. Сол бетінде қозы қамайтын үйді, қозы өлшейтін таразыны, шарана сүртетін шүберекті барып көріп, жаңа төлдің жабдығын сайлап жүрді. Бүгін қойдың алды қоздамақ, төл басы қай түрде боларына көзі жетпеген Сәтекең, алғашқы қозыны көруге ынтыққаны сонша:
— Қой тыпырлады-ақ, дереу мені шақыр, — деген Жамалға.
Қарттық болжауы қате кеткен жоқ. Түс ауа берген мезгілде Жамалдың:
— Сәтеке, Сәтеке! Жүр-жүр... деген даусы естілді. Қолын бұлғап жүгіріп келеді өзі. — Қозы, қозы, алдыңғы екі аяғы көрінді!..
Сәтекең жүгіріп келіп, қоздағалы жатқан қойдың арт жағынан еңкейе қарап тұра қалды. Алқынып тұр.
« Я, сәт! Басы да шығып қапты-ау!.. Әзір дұрыс... Aha, кеуде жағы кәдімгі қозы екен, арты қандай болар...деп тұрды да, өз бетінше туғанына шыдамай, қозыны сопаң еткізіп суырып алды.
— Нағыз қозының өзі! — деуге-ақ мұршасы келді, содан кейін далаға атып шықты. Ферманы аралап жүгіріп жүр.
— Сүйінші, сүйінші! — деді көрінгенге қол бұлғап. Қойшылар тұс-тұстан ұшып келеді.
— Қозы ма анық?!
— Дені дұрыс па?!
— Қозы, нағыз қозы!..
Бәрі анталап жас қозыны ортаға алды. Сәтекеңнің екі езуі екі құлағында, ойқастап шалқақ-шалқақ етеді.
— «Ақыл жастан, асыл тастан» деген осы, жігіттер, Сәметжанның шынысы құт болған жоқ па? Енді жүз саулықтан жүз жетпіс бес қозы алатын болдық. Ха-ха-ха! — деп қарқылдағанда шалқалап барып қайта түзелді. Әр қайсысы бір ұстап мазасын кетіре берген соң, Жамал қозыны орап алып, таразыға тартуға жөнелді.
— Онысы несі, қозы көрмегендей түге! — деді кетіп бара жатып.
— О-май-ау, шыныдан туған қозыны көрген шығарсын бұрын.
— Сәтеке, тұрмаңыз, табельге жаздыру керек енді. — «Шыныдан туған» деп атап жаздырыңыз...
— Сол шыныны енді біржолата сатып алайық та, отыз алтыншы жылы өз қолымызбен салайық!..
Қойшылар мәз-мәйрам боп, колхоз басқармасына қарай кетіп бара жатты...
1935 жыл.