- 31 қаң. 2020 00:00
- 202
Үйректің сорпасы...
Қожанасыр төсек тартып ауырып жатып қалыпты. Қожанасырға білгірсінген тәуіп:
— Үйректің сорпасын ішсең, терлеп, түзелесің, жақсы болып кетесің? — депті.
Қожанасыр қойнына нанын тығып, қолына таяғын алып, ауылдың сыртындағы көлге қарай аяңдапты. Көлге жақындай беріп, көлдегі үйректерге көзі түсіпті. Қожанасыр қуанып кетіп, қолындағы таяғын бұлғақтатып:
— Е, Құдай, шипа бере гөр, тілегімді қабылдай гөр, — деп тұра ұмтылып еді, үйректер үркіп ұшып кетті. Қожанасыр қойнындағы нанын алып, көл суына батырып жей беріпті.
Сол уақытта бағанағы тәуіп тағы да кез болып:
— Не істеп отырсың, Қожеке? — депті.
Сонда Қожанасыр:
— Иә, сіз екенсіз ғой! Өзіңіздің айтуыңыз бойынша үйректің сорпасына нан турап жеп отырмын, — деген екен.