- 05 ақп. 2020 00:00
- 270
Хакім ата туралы
Хакім Атаның анық есімі — Сүлеймен. Балалық шағында мектепке бара жатқанда басқа балалар сияқты Құранды мойнына аспай, қолымен астынан ұстап, құрметпен алып жүретін. Мектептен шыққанда да бетін мектепке қарай, артын үйге қарай беріп қайтатын. Бір күні Қожа Ахмет Ясауи мешіт табалдырығында отырған кезде оны көреді, әлгі әрекеті бұған ұнап қалады. Қожа сөйтіп баланың әкесі мен анасының ризашылығын алып, Сүлейменді Құран оқыту үшін жанына алады. Он бес жасына келгеннен кейін Қожаға шәкірт болады. Бір күні Қызыр әлейкумсәләм Қожаға қонаққа келеді. Қожа тамақ пісіру үшін шамалы отын әкелуге балаларды жұмсап жібереді. Отын әкеле жатқанда қатты жаңбыр жауады. Әкелінген отынның бәрі су-су болып қалады. Тек Сүлеймен киімін шешіп, отынды орағандықтан, ол әкелген отын ғана құрғақ болады. Соның арқасында басқа отындар да жанады. Қызыр әлейкумсәләм отынның неге құрғақ болғанын Сүлейменнен сұрайды. Ол себебін айтып береді. Қызырға бұл жауап ұнайды, балаға: «Бұдан былай атың Хакім болсын!» — дейді. Содан кейін аузына түкіреді. Сүлейменнің іші нұрға толады. Қызыр: «Қане, тұрма, рухани нәр шығар!» — дейді. Хакім Ата сол мезеттен бастап бірнеше хикметтер, өлеңдер айта бастайды.