- 25 сәу. 2023 00:00
- 284
Хамелеонның түсі қандай?
(Бауле ертегісі)
Есте жоқ ерте заманда, Ньямье құдай шартараптағы адам, аң, жан-жануар біткенді шақырту үшін жұмыр жерге елшілерін жұмсайды.
Бәрі жан-жақтан жиылған соң, ол былай деп жалпақ жаһанға жар шашады:
— Айтыңдар, қане! Жерде не қалайсыңдар, әрқайсың? Рұқсат етейін.
Сонда, алдыменен адам әңгімеге араласады:
— Ат басын ауылға бұрып, сонда егін ексем деймін.
— Ал, біз ну орманға орнықсақ, — деді аңдар.
Тек хамелеон ғана тіс жармады.
— Сен не сұрайсың? — деді Ньямье.
— Былай ғой, — деді хамелеон. — Табаным тиген орынның барлығы маған тиесілі болса деген тілегім бар.
— Мақұл, — деді айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған Ньямье. — Онда, ойға алғандарың орындалсын.
Міне, содан бері адамдар — ауылда, ал аңдар — орман-тоғайда тіршілік кешіп жүр. Ал, хамелеон қайда барса да, сол мекеннің қызылды-жасылды бояуына еніп, өз үйіндегідей алшаң басып, емін-еркін жүретін көрінеді.
*Ньямье (Ньяме, Ньяма) — аспан құдайы, кейбір Батыс Африка елдері арасындағы басты тәңір боп есептеледі.
Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ