Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 9 сағат бұрын)
XIX ғасырдың ақырындағы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындары классик жазушылардың мәні

Ескі жазушыларды тексеріп, олардың жазғандарымен танысып білуге кіріскенде екі мәселені алдымен ашық айтуымыз керек.

1. Ескі әдебиетпен әбден танысып білу не үшін керек.

2. Қалай танысып білуіміз керек?

Міне бұл мәселелерге өз тұсында Ленин айқындап ашып жауап берген болатын.

Октябрь төңкерісінің алғашқы жылдарында, Бүкілодақтық комсомолдардың 20-жылғы съезінде Ленин төңкеріске дейінгі капиталистер, помещиктер, байлар билеген заманда туған ілімге, әдебиетке қалай қарау керек деген мәселеге түсінік беріп былай деген: «адам баласының капиталистік қоғамның, помещиктік қоғамның, чиновниктің қоғамның тепкісінде жасаған ілім, білім қазынасын жастар үйреніп, біліп алу өте қажет» деген еді.

Ол «Маркс өзінің төңкерісшіл ғылымын жарыққа шығару жолында, адам баласының капитализм тұсында орнатқан ілім іргесіне сүйенген» деген еді.

Мұны айтумен бірге Ленин әрқашан мынаны қосарлай ескертетін еді: төңкеріске дейінгі ескі қоғамның шығарған кітаптарындағы жазылғанның бәрін сол бойымен тұтас ала беруге жарамайды. Оны тексеріп, талдап, керексізін тастап, қатесін түзетіп алуымыз керек.

Ол кітаптарда жазылғанның бәрі ескіліктегі қоғам болып құралған таптардың дүниетануы екенін естен шығармау керек. Соның үшін ол кітаптардан сын көзімен қарап, талдап, керегімізді ғана алуымыз керек. Маркс осы осындай еткен, «адам баласының ақыл-ойымен табылған табыстардың барлығын Маркс сын елегінен өткізіп, сынап, мінеп, жұмысшылар қимылына салып тексеріп, байшылдық қалыптан шыға алмаған, байшылдық әдетпен ластанған, қысқа қол, тар тұсау адамдар шыға алмаған қорытындыны шығарды» дейді Ленин.

Данышпан көсемдеріміздің осы айтқандары көркем әдебиетте дәл келеді. Осыларға сүйене отырып өткендегі әдебиетімізге баға береміз.

Осындай пайдаланатын, пайдасы болатын өткендегі әдебиет мастерлері, көркем сөздің көрнекті шебер ұсталары — классиктеріміз Абай, Ақмолда, Қарашұлы Омар, Мәшһүр Жүсіп, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, тағы басқалар.

Олар бізге несімен пайдалы болмақ? Олар бізге не үйретеді?

ӨТКЕН ӨМІРДІ ТҮСІНУ ҮШІН ӘДЕБИЕТТІҢ МӘНІ

Өткен заманның ақын, жазушылары бізге сол заманды, сол өткенді білуге, түсінуге біраз жәрдем етеді. Ол бізге сондықтан да керек. Біз оны соның үшін де тексеріп білеміз. Өткендегі әдебиеттік классиктеріміз бізге өз заманымыздағы байшыл, бекшіл қоғамның тұрмыс қалпын, сыр-сыпатын бірсыпыра суреттейді, ол байлар, ақсүйек, бектер қожа болған заманда кедей, еңбекшілер, жарлы малайлардың қалай жасағандығын, қалай тіршілік етіп, қалай күн көргендіктерін көрсетеді.

Рас, өткенді білдіретін әдебиеттен басқа да тарих сияқты ілім бар. Тарихта өткендегі қоғамдардың шаруашылық, саясаттық тұрмыс күйлері қандай болғанын баяндайды. Хан заманында билер көсемдік қылған, бектік — бек сымақтық заманда қай тап қалай жасады, кешегі ұлтшылдық дәуірде қай тап қалай жасады, осының бәрі тарихқа не қосады? Бірнеше мысалдар келтірейік. Тарих өткенді, әрбір буын заманды дәлелдейді, дәлелдей сөйлеп жалпы түсінік беретін болса, Шортанбайдың, Абайдың, Қарашұлының, Мәшһүр Жүсіптің, Ақмолданың, Сұлтанмахмұттың тағы басқаларының шығармалары сол дәуірлерді суреттеп, сыпаттап көрсетеді.

Өткеннің суретін, тұрмыс қалпын, құлық, салтын көркемсөзбен сұлу суреттеп, анық ашық етіп көрсетеді. Мысалы: Шортанбайдың «Зар заманын» оқысаң, билеу табының әкімшілігінен айырылып зорлағанын білесің. Абайдың сөзін оқысаң: сары тонға оранып шолтаңдаған бай, байдың малын бағып жыртық күпінің ішінде бүрсеңдеген кедей көз алдыңа елестеп келеді. Сұлтанмахмұттың «Кедейін» оқысаң: байдың тепкісінде, капиталдың құлдығында езілген малайлар, кедейлер, жұмысшылар көз алдыңа елестеп келеді. Таптық намысыңды қоздырады. Таптық жаңа сезімді қорғап нығайтады, яки қосақтап қатын алған байды, 15 жасар қызды шырылдатып алған шалды көрсеткен Омар Қарашұлының өлеңін оқи қойсаң, адамдықтың қалпынан аттаған байды, шалды көресің...

Сөйтіп әдебиет бір оқиға арқылы сол сияқты сан оқиғаны, бір кісінің өмірі арқылы мыңның, миллионның әмірін көрсете біледі. Мұңдай қасиет әдебиетте ғана бар.

БҮГІНГІ ӨМІРІМІЗДІ ТҮСІНУ ҮШІН ӘДЕБИЕТТІҢ МӘНІ

Өткеннен қалған әдебиеттік мұралардың еткенді түсіну ғана емес, бүгінгіні түсінуге де көп көмегі бар. Мысалы, әлгі айтқан ақындардың шығармаларының мән, маңызы өткендегі өмірді түсіндірумен ғана бітпейді. Олар өткен, қалған, бүгінгі ішімізде жүрген ескінің сарқыншақтарымен күресуге де зор тәжірибе болады.

Сол, ескі шебер ақындардың шығармаларында көрсетілген ескі адамдардың құлаған таптың қалдықтары, олардың құлық және мінез-құлықтары арамызда әлі бар.

Мысалы, ақсақалдық, атқамінерлік, «алдауыш белсенділік», діншілдік, төрелік қараңғылықтың қалдығы, тағы басқалар. Бұлармен күресу үшін де ескі классиктеріміздің мәні өте-мөте зор.

ЕСКІ ӘДЕБИЕТТІ ҚАЛАЙ ОҚУ, БІЛУ КЕРЕК

Жоғарыңа қойылған екінші мәселеге көшеміз. Ескі әдебиет классиктерін қалай оқу, білу керектігін ашамыз.

Жоғарыңа біз, бұл мәселеге Лениннің қалай жауап бергендігімен таныстырып айтқан едік. Ол ескі мәдениетті, әдебиетті білім қазынасын сын көзімен қарап қана пайдалануымыздың керектігін айтқан еді.

Екі әдебиетті сын көзімен қарап тексеріп білу дегеніміз не? Әдебиетті сын көзімен қарап үйрену үшін мыналар есімізде болу тиіс:

1. Ескі ақын, жазушыларымыз өздерінің шығармаларын байлар билеген заманда жазды.

2. Кедей мен бай табының арасындағы неше түрлі тап қарсылығы тап күресінің жағдайында жазылды.

3. Тап көзімен қарағанда бұл жазушылардың әрқайсысы белгілі бір тапты, белгілі бір таптық жікті қолдап, сол өзі жатқан таптың сойылын соғады. Сол таптың әмірі болуын көксеп, сол таптың үстемдігі үшін әдебиетті құрал қылып күреседі.

Мысалы: мына айтылған ақындар — Шортанбай, Ақмолда, Омар өздерінің шығармаларында көбіне ескі бектің, бек сымақтық заманды көксеп, сол заманның іріп, шіріп, өліп, есіп бара жатқаңдығын көріп, қимай зарланады. Өліп бара жатқанына өкініш етіп көзінен жас, үнінен зар шығарады, жаңа заманға жөнді көндіге алмайды.

Ал, Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғырұлы олай етпейді, өткенді кеп көксемейді, байлық ұлтшылдықты жырлайды. Мәшһүр Жүсіп тіпті кедей табының зарын көбірек айтады. Өнер-білімді жырлайды. Сұлтанмахмұт кейінірек (1919 ж.) төңкерістің тепкісімен «Кедей» туралы да аздап жазады, бірақ мұнысы көпке бармайды, кедей мен байдың арасындағы қарсылықты оқу-білім шешеді деген қате қорытынды шығарады.

Міне бұл ақындардың шығармаларына анық, дұрыс түсіну үшін осы айтылғандар сияқты айырмаларын, өзгешеліктерін біліп алмай болмайды, біліп алғанымызда ғана бұл ақындарға дұрыс баға бере аламыз, олардың шығармаларын дұрыс пайдалана аламыз.

Өйткені осындай өзге бөліктерін, қайшылықтарын білу бүгінгі заманымыздың қалай туғандығын, қандай күрестің жемісі екендігін білдіреді.

ИБРАҺИМ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ (АБАЙ)

(1845 -1904 ж.ж.)

Ақынның балалық, шағы

Абай — Арғын Тобықты руынан, 1845 жылы Шыңғыс тауында туды. Абайдың шын аты Ибраһим. Қазақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған Абай атын толық атап кеткендіктен біз де Абай дейміз.

Абайдың әке тұқымы Тобықтыға басшы би болған, бай жуан ата. Үлкен атасы Ырғызбай да әрі батыр, әрі жуан би болып елді аузына қаратып өткен кісі. Осы Шыңғыс тауы қонысқа лайық, малға жайлы жер деп орын қылған кісі.

Онан соңғы атасы Өскенбай би, Абайдың өз әкесі Құнанбай жұртты аузына қаратқан, ел билеген ақсүйек байлар табының өз елінде көсемі болған азулы би байы.

Өз тұсында қазақ арасында мұсылмандықты жайып, дін, шариғаттың орнауына мықты еңбек сіңірген діншіл кісі болған.

Заманында өз табы — (өзі үшін) діннің мықты құрал екендігіне мықтап түсініп, ел арасына діннің тамырлап, тарауына арнап еңбек сіңірген.

Құнанбай өзге жұрт баласын орыстан қашырып тығып жүргенде өз баласын орыс мектебіне беріп, орысша оқытқан.

Абайдың шешесі — қазақ ортасында елді күлдіргі, қалжыңымен сөгіп, шешендікпен атақ алған әйгілі Қантай, Тонтаймен туысқан Тұрғанның қызы. Абайдың шешесі өзінің тұқымдарындай от ауызды — әрі бай, әрі жуан би, той-думан арылмайтын, ақын, жыршы, шешен, би кетпейтін ауыл болған.

«Атадан ұл туси дегі —
Ата жолын қуса деді...»

деген ескі нақыл бойынша Абай жас шағынан-ақ сөз тыңдап, сөзге үйір боп өсе бастайды. Осындай қожа, молдалар, билер, ақындар кетпеген ортада тәрбие алады.

Абайды ақындыққа ыңғайланған жағдайдың бірі осы сияқты. Он жастан он екі жасқа дейін ауылда мұсылманша оқып, сауатын ашып қана қоймай білімін кеңіте береді. Он үш жасқа шығарда Семейде молда Ризәнің медресесінде оқиды. Медреседе оқып жүріп Приходский школінен орысша оқып, 14 жасында сабақтан шығады.

15 жасында балалықты былай қойып үлкендер қатарында жұмыс атқаруға кіріседі. Өз тұсында ақылды, саналы, зерделі, шешен, көсем жігіт болып ел билігіне араласады.

20 жасында Абай халық ортасында маңдай алды шешен болады. Орақ ауызды, от тілді кісі атанады.

Абай жасынан-ақ, қазақтың бұрынғы салтын, қалпын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, ескі сөздерін, ескі билердің ережелі тақпақтарын, тапқыр, пішін сөздерін, биліктерін көп зерттеп, үйреніп, тексереді, көп оқиды.

Ескі мақал-мәтел, қазақтың өзінің бұрынғы өткен билерінің нақыл мысал өрнек етіп айтқан сөздерін көп зерттеп жаттайды. Бұрынғының барлық шебер сөздерімен Абай өте жақсы таныс болып, өзі де сондай сөздерге өмір бойы машықтанады.

Абайды сөзге, сөз өнеріне, шешендікке баулыған жағдайдың бәрі өмір бойындағы Абайды қоршаған — жуан көсем бидің, ірі байдың ауылы. Абай араб, парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді еркін оқып түсінетін болды. Заманында арабшаны, парсышаны, түрікшені Абайдан артық білетін ешкім болмайды. Шала, шапты оқып, шариғат айтып, мал тауып жүрген дүмше молдалар Абай отырған жерде қысылып, сескеніп сөйлей алмайтын болады.

Абай әлгі тілдерді жақсы білгеннің арқасында әдебиетін де көп оқитын болады. Сөйтіп, араб, парсы, түрік әдебиеттерімен де әжептеуір таныс болады.

Абайдың әдебиетке жақындауына бұлар да көп себеп болады.

Абай 14 жасында-ақ құрбы-құрдастарына арнап тәлкек, сықақ өлеңдер жаза бастаған. Құрбылары Абайдың өлеңдерін жаттап алып елге жайып жіберетін болған. Өлеңдері сол кезде мәнді, дәмді болған. Бірақ Абай өзін-өзі ақынмын деп санамаған, өзі жуан атаның баласы болған соң «кедейлер істейтін ақындық кәсібін кәсіп етіп», өзін-өзі ақын деп санамай, бері таман келгенше оның соңына түсуге арланатын болған.

Ол кезде қазақ ортасында ақындықтың қадірі де шамалы болатын. Ақындық — кәсіп еткен кісіге жоқшылықтан істеген кәсіп есебінде болатын.

АБАЙДЫҢ ОРЫСТЫҢ, БАСҚА ЕЛДІҢ ЖАЗУШЫЛАРЫМЕН ТАНЫСУЫ

Абайдың бойындағы қайнап жатқан қуат, зердесінің жарыққа шығып «жалпыға» жеміс болып шашылуына сол замандағы жер ауып жүрген орыс Халықшылары көп себепші болады. «Орыс әдебиеттеріменен таныстырып, өрісімді кеңейтіп, көзімді ашқан жер ауып келген Михаильс, Мекаводский, фольклор жинаушы Гиролсс деген кісілер болады» дейді екен Абайдың өзі. Шынында Абайдың сана-сезімінің ұлғайып, өлеңді өнер деп тануына, өлеңнің соңына шұғыл түсуіне әлгі айтылған кісілер көп көмек көрсетеді. Орыстың атақты ақын-жазушылары Пушкин, Некрасов, Салтыков, Толстой, Тургенев тағы басқа ақын, жазушы, сыншыларымен таныстырады. Олардың мұрат-мақсаттарының қандай болғандығымен де таныстырады. Сондықтан Абай өле-өлгенінше «менің әкемнен артық жанашырлық қылып дүниеге көзімді ашқан Михаильс еді» деп айта беретін болған.

Абай бала жасынан тырыстығының, зеректігінің арқасында орыстың өте көп жазушыларының шығармаларын оқып шықты, оқып қана қоймай өзіне керектерін пайдаланды.

Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың бірқатар шығармаларын қазақ тіліне ұғымды, жатық, әдемі ғып аударды.

Кей аудармаларының көркемдігі ана ақындардың түп сөздерінен кем болмаған.

АБАЙДЫҢ ҚАРТАЙҒАНДАҒЫ БІР АРМАНЫ

Абай елдің бар жұмысына қатынасты: болыс та, би де болды. Барлық елді өз аузына қаратып ескі билерше билеп отырғысы да келді. Бірақ Абайдың табы — билер-феодалдар табының әкімшілік дәуірі ол кезде өшкен еді. Сондықтан, заман Абайдың дегенін істетеді. Абайдың бір арманы осы болды. Жас кезінде тереңнен тексерерлік ілім оқи алмады. Қартайған кезіндегі бір зор арманы осы болды. Бұл туралы Абай мынадай өлең шығарды:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұрып тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Өзінің өмірінің үлгісін есінен алып, балаларының бәрін жастайынан оқуға берді, оқытты. Балалардың оқып білім алғанын өте жақсы көрді. Бұл туралы:

Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, чин алсын деп бермедім, —

деген.

Абайдың балаларының бәрі де оқымысты болған.

АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢІ

Абай өлеңді жазғанменен құнттап жинамайтын болған. Жазған өлеңдерін ел адамдары, өлеңші жігіттер жаттап алып, елден елге таратқан. Абайдың өлеңдері халық аузында мақал-мәтел орнына жұмсалып ардақталатын болған.

Абай өзінің өлеңіне қарағанда үздік жақсы екенін түсініп, халықтың оншалық бағалай қоймауына назаланып мынадай өлең айтқан:

Батырды айтсам, ел шарлап алған талап,
Қызды айтсам,қызықты айтсам, қыздырмалап.
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,
Тыңдар елдің бір сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ coған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап.

Абай өлеңді өнер деп түсіне бастаған соң өлеңге қоятын шарты да зор деп, қиын деп түсінеді. Өлең жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Екінің бірі жазған дәлду батпақ өлең де болмайды.

Өлең сөздің патшасы — сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс — сез жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы? —

дейді. Бұқар жырау, Шортанбайлар сияқты бұрынғы ірі ақындарға сын тартады. Міне, Абай өлеңге осындай шарт қояды. Осындай, осы айтқандай болып келген өлеңді, өлең дейді. Осындай қылып өлең жазған ақынды ғана ақын дейді.

Сөйтіп қазақтың атақты аты шулы ақыны Абай 1904 жылы алпыс жасында дүниеден қайтты.

Қазақ әдебиетіне ұлы қазына дерлік мұра қалдырды. Осы мұраны Ленинше ұғып, пайдамызға асыру біздің әдебиетіміздің міндеті.

АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ

«АТТЫҢ СЫНЫ»

Мынау «Аттың сыны» Абайдың сол замандағы жақсы деген атты тілмен, сөзбен суреттегені; жақсы суретші Абайдың осы сөзіне қарап отырып, оп-оңай Абай айтқан аттың суретін салып шығарар еді. Шебер жазушының бір затты суреттеп айтқан сөзіне қарап, сол заттың суретін жолдап алуға болады.

Aт қай заманда болса да керексіз мал емес, ат мықты көліктің, мықты құралдың бірі.

Абай заманы — ескі заман. Ол заманда ат өте-өте қадырлы болған заман. Онда осы күнгі Қазақ арасындағы пойыз отарба жоқ. Ауыл арасы, ру ішіндегі тап тартысы, жиын-той, дау-шар атқа байланысты еді. Ол кезде жаңа, өте-мөте одан арты замандарда да жақсы ат қазақтың бір қызының қалың малы еді. Осы күнге дейін айтылып келген «бір қыздық ат» деген мәтел сол замамндардан қалған.

Атқа арнап, ат болғанда осындай ат жақсы деп сол замандағы «Аттың сынын» сыншыларша жазды. Ат болса осыңдай ат болсын дейді. Әрине, әр дәуірдің бір нәрсеге қойған сынында белгілі айырмашылық болуға тиіс.

АҢШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Аңшылық осы күнге дейін маңызын жоғалтпаған кәсіп. Бірақ Абайдың айтып отырған, Абайдың әдемілеп суреттеп отырған аңшылығы біздің кешегі байлар билеген ауылдың аңшылығымен таныстырады. Солардың аңшылыққа беретін сабағымен, көзқарасымен, суреттеуімен таныстырады. Байлар билеген замандағы әлділердің ит жүгіртіп, бүркіт салып, ат шаптырып, ас беру суреттері Абайдың өлеңдерінде айқын көрінеді. Ақсүйектер, байлар аңшылықты тек қызық салтанат, атақ деп бағалаған.

Абайдың аңшылықты суреттеуі, Абайдың аңшылыққа көзқарасы, мырза байлардың көзқарасы екенін айқын көрсетеді.

ЖЫЛДЫҢ ТӨРТ МЕЗГІЛІ

Жылдың төрт мезгілі: жазғытұрым, жаз, күз, қыс. Абайдың көркем жазылған шығармалары Абайға шейін қазақ көркем әдебиетінде жаратылыс құрылыстары ұлы Ыбырай еді.

Құнанбайұлы Абай Алтынсары Ыбырайдан да толық әсерлі қылып суреттейді.

Жылдың 4 мезгілін бөлек-бөлек қылып суреттегенде Абай көркем әсерлі тілмен, жанды суреттермен пернелейді.

Жасарып, гүлденген жаздың түрін, әнін, махаббатын суреттейді.

Жаз суреттері, күлген, елжіреген күн. Масатыдай құлпырған жердің жүзі, әдемі киінген қыз-келіншек, жаңа шыққан гүл-бәйшешек, гүлге қонған көбелектер, «Сыбдыр қағып бұраңдап аққан су», қаршыға салған жігіттер, қырда торғай, сайда бұлбұл, ойнаған жастар, оң-сол ән-күй, балалаған мал, ойнаған бала... біреуі екеу болған шаруа, кешкен ел...

Шілде суреттері: көкорай шалғынға семірген мал, сыңқылдап күлісіп үй тіккен қыз-бозбала, жақсы атқа мініп келген бай, кілемнің үстіне қымызға отырған байдың үйі, байға жарамсақтанып малшыларға «малды әрі қайыр» деп ақырған ақ сақалды қарт, таңертеңнен асау мініп салпылдап келіп тұрған жылқышылар.

КҮЗ БЕЛПСІ

«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
Тоңғаны ма білмеймін, толғаны ма
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп бәйшешек жоқ бұрынғыдай
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш-қурай.

Бұрынғыдай жадырау, көлеңке іздеу жоқ, кемпір-шал құн-жың қағып, бала бүрсең қағып, жылы жер, жылы киім іздей бастаған.

Осы жерде Абай еріксіз кедей мен байдың күзгі тұрмысын қосып, күздің суретін талқылайды.

...Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінен кедейдің тұрсын күйі.
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Үй жылы киіз тұтқан айналасы
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Кедейдің күзгі қызықсыз халын суреттейді. Осы суық күзде бай сары тонға оранып от басында отырса, кедей дірдектеп, соның малын бағып жүреді. Баласы көзінің жасы ағып жүріп байдың баласын ойнатады. Бұл өлеңде осы теңсіздікті көрсетеді. Абай бұл теңсіздіктің аяғының бара-бара жақсы болмайтынын, байға да оңай соқпайтынын сезіп, кедей мен байды келістірмек болады.

...Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей
Бір қыс сақта, тас болма сен де о ғұрлы».

ҚЫС БЕЛГІСІ

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды.
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Міне қысты ақ сақалды мылқау қарттың суретіне теңеді, ол мылқау қартты қаһарлы қылып суреттейді.

Дем алысы үскірік аяз бен қар
Кәрі құдан. қыс келіп әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды...»

Міне Абай жылдың төрт мезгілін өстіп суреттейді.

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛІ, ТҮР ШЕБЕРЛІГІ

Тіл ретінен Абайдың шығармалары көп пайда береді... Қазақ тілінің барлық байлығын, барлық тұлғасын Абай шығармалары толық көрсете алады. Сондықтан да Абай шығармаларының мәні зор. Онан қазақ тілін сұлулар, көркем нақыштап, әдемі кестелеп, әсерлі жыр, сұлу күйлі өлең қылып шығару ретінде де А.бай үлгі ернек болатын үздіксіз шебер ақын екендігі белгілі. Бұл ретте Абай сөздерінің мәні зор.

Ескі тұрмыспен, ескі санамен танысу үстінде Абайдың шығармаларының мәні зор.

ҚАРАШҰЛЫ ОМАР

Жазушылық қызметі мен өмірі

Өмір баяны

Омар шамасы 1876 жылдарда Бөкей ордасы Талөкпе қысымында (қысым — қазақша бөлім) туған. Болысы Қырыққұдық деген жерде. Руы ең соңғы қазақ болған ноғайлы. Омардың әкесі Қараш момын шаруа адам болса керек, бірақ аталарының ауылы ноғайлының ішінде беделді, беделді ата дейді. Омардың әкесі жасында өлді. Бір әкеден Садық, Құспан, Омар деген үш ағайынды бала қалды.

Бөкей елінің ішінде, беріш дейтін руда Ғұмар кәлпе Жазықұлы дейтін ескіше оқымысты бір адам болады. Омар осы Ғұмар көлпеден сауатын ашып, оқу оқиды. Бұл молдадан сауаты ашылғаннан кейін, Қазан қаласының маңында Қашқар дейтін татар поселкесінде медресе ашқан Ысмағұл дейтін татардың молдасынан барып оқиды. Бұл сол кездегі қадімшілердің ішіндегі Ысмағұл қашқариқ атанған атақты молданың біреуі еді.

Ысмағұлдан біраз оқыған соң Омар бұрынғы Орал облысы Жалпақтал деген қалада медресе ашқан Ғұбайдулла Ғаликеев деген атақты ишанның шәкірті, әрі мұғалім болады. Ишан Омарға біраздан кейін ершат (дін жөнінен). Омар ел атынан духовный собранияға указной молда болып белгіленеді. Осы қалыппен 1905 жылға дейін келеді.

1905 жылдар Омардың пікіріне үлкен өзгеріс кіргізеді. Бұл өзгеріске себеп 1905 жылы болатын төңкеріс. Бұл төңкерістен Омар хабардар болады. Өйткені ишан болғанмен Омар құлшылықтан басқаны білмейтін ишан болмайды. Ол арабтың, түрлі татардың газет-журналдарын, «Уақыт», «Таржыман» сықылды газеттер оқиды. 1906 жылдың ұрандарын ол осы газеттер арқылы түсінеді. Бұл бір. Екінші — Омар «Өрнек» деген кітабында өзіне ишандық жолының қателігін түсіндірген бір адамға алғыс айтады.

Ол адам кәдімгі атақты Бөкейұлы Шеңгерей болады. Бөкейұлы Бөкей ханның барлық немерелері сықылды, Саратовтағы Кадетский корпусты бітірген, ғылымнан хабары мол адам екені белгілі.

Сол кісі Омарды ғылым жолына түсіруге үлкен көмектеседі. Осындай өзгерістерге жолыққан Омар, ең алдымен мешіттің қасынан орысша школ ашады. Мұсылманша оқуды жәдит жолына түсіреді. Мешітте сөйлейтін уағыздарын Қазақ тілімен сөйлеп, ұлтшыл пікір тарата бастайды. Қазақты білімге ұмтылтуға сөйлей бастайды. Омар Көркем әдебиетпен айналысады. Ең алғаш татар баспасөздеріне жазып жүреді де, артынан «Қарлығаш» дейтін өлеңдер жинағын шығарып, одан кейін «Өрнек», «Бала тұлпар», «Ата тұлпар», «Тұрмыс» деген кітаптар шығарады. «Шайыр», «Көкшелер» деген ақындар әдебиет жинағын бастырады. Бірнеше баспа мақалалар жазады. Осы бағытпен ол төңкеріске дейін келеді.

Төңкеріс болған соң Үкідей мүптіге қази ғып сайлайды. Сол қазылықпен жүріп ол 17-жылы Орынборда ашылатын Алашорданың съезіне кеп, Алашорданың үкімет молдасының біреуі болады. Осы кезде, бір жағынан «Қазақ» газетіне, екінші жағынан Бөкей ордасында шығатын «Иран» газетіне жазып жүреді. «Тұрымтай» атты төңкеріске қарсы өлеңдер жинағын шығарады. 18-жылдың басынан Бөкейде кеңес үкіметі орнай бастайды. Бұл кезде Омар біраз еліне барып жатады да, 18-жылдың сентябрінде кеңес ісіне араласады. «Ұранның» орнына шыққан «Дұрыстық жолы» дейтін газет пен «Мұғалім» деген журналдың коллегиясында қызмет істейді. Соларға бірнеше өлең, әңгімелер жазды. 19-жылдың ішінде қаладан кетеді де еліне барады.

1919 жылы ол коммунист партиясына кіреді. Елге кеткенде коммунист екен. Сонымен жұмысқа тиіп-қашып істеп жүргенде, 1921 жылы жазғытұрым Малай өзен деген қаладан шыққан бандылар Омарды үйіңде қылышпен шапқылап, өлтіріп кеткен. Омардың бізге бар мәліметі осы.

ОМАРДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Қарашұлы Омар 1921 жылы ғана, беріде өлгенмен, жазушылық өмірінің кемеліне келіп толған дәуірі төңкеріс алдындағы патшалық дәуірге қарасты. Омардың шығармаларының көбі сол дәуірде жазылып, сол дәуірде баспа болып шықты.

Омардың шығармаларының сапасының негізіне қарағанда, ақсүйек байлар табының ақыны екендігі айқын көрінеді.

Шығармаларында патша үкіметіне наразылық, көрсеткенмен, ол наразылығы әкімшіліктен айырылған, бұрынғы әкімшілігін іздеген ақсүйек — байлар табының көсемінің наразылығындай екені көрінеді. Бірақ Омар шығармаларыңда жаңалық әсерлер де күшті. Ол өнер-білім оқуға шақырады, кейбір ескі солдаттарға, ескі діншілдерге қарсы болды. Дінді жаңартпақ — тазаламақ болды. Бұл ұлтшыл-буржуазияшыл қозғалыстың әсерлері.

«БҰЛДЫРДА, БҰЛДЫР, БҰЛДЫР ТУ»

Омардың осы өлеңі 1914 жылдан бұрын жазылған өлең. Омар бұл өлеңінде ақсүйек хандар билеген дәуірді көксеп, соны арман қылады. Ол жаратылыс көркінен жайлау, кең қонысты сол хандар билеген замандағы үстем табының көксеуіндей қылып суреттейді.

«БАҚСЫЛЫҚ ҒҰРЫП, ЕЛДІ ЖЕР»

Бақсылық ғұрып, елді жер деп Омар ескіліктің ескі сеніміне ептеп соққылайды.

«...Таспа қара таңқы мұрт
Надан бұл құрсын...
Он бес жасар қызды алып,
Жарығы шыққан шал құрсын...»

дейді.

Солай деп Омар ескілікті, ескі діншілдердің мінін айтады.

ОМАРДЫҢ ЖАЗУҒА ҰСТАЛЫҒЫ

Омар айтайын дегенін суреттей, бейнелей, әсірелей, анықтай сөйлеп, жырларын түйдектетіп маржандай қылып шығарады. Жырларына қарағанда Омар қазақтың ескі әдебиетімен жақсы таныс екендігі көрінеді. Жырлардың ырғағы, екпінді тілі қазақтың ескі бай ауыз әдебиетінің мүсініндей болып келеді. Сондықтан оның тілі де бай.

Омардың шығармалары бізді ескілікпен таныстырады. Тіл шеберлік жағынан өрнек болады.

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

Жазушылық қызметі мен өмірі

Өмірбаяны

Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Павлодар уезі, Шідерлі ауданында 1893 жылы октябрьдің 15-де туған. Өз әкесі ІІІоқпыт, Торайғыр жетінші атасы. Атақты бай. Және оның әкесі Едіге би. Сұлтанмахмұт бір жасынан шешесінен жетім қалады. 6 жасқа толғанда, оны әкесі Шоқпыт ескіше «әліп-биге» үйретеді. Әкесінен «тіл сындырарлық» қана сабақ біліп, әр молдадан тиіп-қашып сабақ оқып, недәуір жыл жүреді.

12 — 13 жасында Мұқан молда дегеннен оқиды. Ол молда өлең шығаратын молда. Сұлтанмахмұт соған еліктеп сол жасында-ақ өлең жаза бастайды. Бұдан кейін Баянауыл қаласындағы Абдрахман молдадан оқып, ол молда өлеңге теріс қарайтын молда болған соң Сұлтанмахмұт бастап келе жатқан өлеңді біраз жыл тастап кетеді. Біраздан кейін ол молдамен ыңғайы келіспеген соң Сұлтанмахмұт оқуын тастап еліне барады да, сопылық жолына түседі. Сөйтіп жүргенде Тройцкиңден Нұрғали деген жәдітші молда кеп, Сұлтанмахмұт содан оқып пәнмен таныса бастайды. Білім дүниесінің есігінен сығалағаннан кейін ол қадымшыл (ескішіл) — діншілдермен араздаса бастайды. Осы кезде өлеңді де үдетіп жазады. Нұрғали Сұлтанмахмұтқа ілгері оқуға ақыл беріп Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып Яушов медресесіне кіреді. Бірақ оқи алмай, көзіне трахома ауруы пайда боп көзі жазылғанша оқудан шығып қалады. Осы кезде қаражаттан кемтарлық көреді. Сол кезде ептеп жөтеліп құрт аурудың белгісі білінеді. Көз ауруы кепке ұзамайды. Жақын шәкірттерінің жәрдемімен жазылып мектебіне қайта кіреді.

1913 жылдан бастап ол ұлтшылдық қозғалысына бейімделе бастайды. Сол жылы бірінші рет шығатын «Қазақ» газеті шығуына ат салысады. Біраз оқығаннан кейін мұсылман медреселерінің көңілдегідей білім ала алмайтынын біліп, орысша оқуға талап етеді. Бірақ ол тілегін орындауға қаражаты болмай, жаз елге қайтып, Тройцкіге келе «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералыұлымен танысып, «Айқапқа» хатшы болып кіреді. «Айқапта» ұзақ тұрмай шығады.

1914 жылы жаз еліне барып «Шоң серіктігі» деген ағарту серіктігін ашуға талап етеді. Бірақ өз аталастарында (Шоң тұқымында) оған жетерлік күш болмағансын, атақты Шорман тұқымына қол артқысы кеп, одан ештеңе шығара алмайды. Сол үмітсіздікпен, ар жағынан өзі қазақша оқып, бір жағынан Әбдікәрім деген сол елдегі ашық пікірлі бір адам ашқан орысша мектептің учителінен орысша оқыды. Әбдікәрімдікінде тұрғанда ол Әбдікәрімнің Бағила дейтін қызына ғашық болып ол қызды ала алмай қалғасын ол елден қайтып Зайсанға келеді де екі ай жатып «Кім жазықты?» деген өлең-роман жазып жібереді.

Сөйтіп жүріп ауруға шалдығады. Қалада тұруға мүмкіндік болмағансын, Тарбағатай еліне мұғалімдікке кетіп, ауруынан ол елде айыға бастайды. 1916 жылы июнь жарлығы шыққанда Сұлтанмахмұт елде боп, сол жақтағы ел Қытайға ауа бастағасын Семейге келеді де, Семейдегі орысша семинарияға кіруге талаптанып, орысша жағы нашар болған соң кіре алмай қалады. Содан кейін Том қаласына барып жоғарғы дәрежелы мектепке даярлайтын студенттер курсіне кіреді.

Бұл кезде тұрмыс өте нашар болады. Әйткенмен 16—17 жылдың қысында ол-пұл ғып оқып шығады.

Іске өте қызу кіріскендіктен, осы жыл ескі жөтел ауруы қайта қозады. Ең соңғы жазғаны «Кедей», «Қала ақыны мен дала ақыны», соңғысын бітіре алмай кетеді.

Февраль төңкерісі болғаннан кейін жалпы ұлтшылдық сарында болып жүрген Сұлтанмахмұт оқуды тастай беріп Семейге келеді. Ол кезде Семейде ұлтшылдық бағытына көсем боп жүрген азаматтардың «Алашорданың» облыстық комитетін құрғалы жүрген кезі. Сұлтанмахмұт сол іске белсене кіре кетіп, Семейдегі алашордашылардың облыстық съезін өткізісіп, комитет сайлағанда өзі комитетке кіші хатшы боп кіреді. «Алаш» ұранын көтеріп әлденеше өлеңдер жазады. Оның өмірден үміт үзгендігін толық көтере алмай, саяси пікір жағынан торықса, қайда баратқанын білмей жыласа, екінші жағынан ауру күші де көңілін жүдетеді. Әрі тән ауруы, әрі жан ауруы қабаттасқан Сұлтанмахмұт жылауға берілген бірнеше қиялшылдық өлең жазады.

Сұлтанмахмұт жөтелі 20-жылдың басында меңдейді. Сондықтан ол қызметті тастап еліне қайтып, төсек тартып жатады да ауруының салдарынан 1920 жылдың 21-майында қайтыс болады.

СҰЛТАНМАХМҰТТЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ТУРАЛЫ

«КЕДЕЙ» ТУРАЛЫ

Сұлтанмахмұттың «Кедей» атты поэмасы ең маңызды маңдай алды деген еңбегінің бірі. Біз орын тарлықтан «Кедейді» тұтас ендіре алмадық. «Кедейден» үзінді ғана алып, сонымен қанағаттандық.

«Кедей» — кедейліктің негізінде жатқан бірнеше негізгі себептердің сырын ашады. Кедейліктің, кедей болудың, байлықтың, бай болудың себептерін айтады. Бірақ орынсыз жүйелеп, қисындап, заңдастырып, қорытып аяқтай алмайды.

Жоқтықтан, кедейліктен құтылудың, байлардың қанауынан құтылудың жолын ашып көрсете алмайды. Кәдімгі байшыл ақындардың әдетінше оқу ғана керек, барлық мұқтаждықтан, кедейліктен, байлардың қанауынан оқу ғана құтқарады дегендей қылады, осыдан әрі кете алмайды.

Осы жерде Сұлтанмахмұт өзінің таптық сырын ашып алады. Қай таптың ақыны екендігін көрсетіп қояды.

«РУХАНИ ҚЫСЫМШЫ»

«Рухани қысымшы» әлгі өзіміз айтқан кедейдің бір буыны. Діннің шірік сырын ашады. Дін иесі молдалардың, олардың шариғат «тариғатының» таптық негізін ізденіп, байдың қамқоры, байдың ғана қорғаны екенін көз алдыңа елестетіп ап-айқын көрсетіп береді. Молдалар «Екі дүниесін берген» «Құдай адал сүйген құлына ғана бақдәулет береді», «Сен байдың ала жібін алма...» күніне сексен түрлі пәле көрсең сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп кедейді байға мәңгі құлдыққа көнуге үгіттейді. Байдың байлығын, кедейдің кедейлігін, дін-шариғат жолымен байдың пайдасына түсіндіреді.

Міне, діннің осындай байшылдық сырын Сұлтанмахмұт рухани қысымшы екенін «Кедейдің» үзіндісінде дәлді-дәлді мысалмен жырлайды. Кедейдің үстіне бай бір мысал болса, дін, оның иелері молдалардың екі масыл екенін бес саусағындай көңіліңе қондырып дәлелдейді.

Өлеңнің бір жерінде Сұлтанмахмұт алданған, діннің қақпанына түскен кедейлерге:

«...Байлардай берген ат пен асымыз жоқ,
Бере ме сол жұмақты молда бізге?.. —

дейді.

Күйінгенін аузынан шыққан жалынды сөз — молдаларды шарқырап өтеді... дінге наразылығын айтады.

«...Дүние де, ақырет те байлар үшін,
Шүкірлік қыл деп тағы бергеніне...» —

деп молданың кедейлерді желбуаз қылып айдайтынын айтады.

«ҚАЛАДАҒЫ ЖЕБІРЛЕР»

«Қаладағы жебірлерде» Сұлтанмахмұт байларға мақтадай жұмсақ, балдай тәтті тұрмыстың аралы мен «тозағы» кедейлердің басына арнаулы қарғыс қамыты екенін баяндады — кедейдің еңбегі екі ұшты: бір жағы байға бақ пен тақ, сырлы үй, сұлу күй, тәтті тұрмыс, қазына ақтарылған. Бір жағы кедейлерге ауыр-зіл, азап пен тозақ. Қиыншылық, қорлық, мұқтаждық, даладағы малшыға, кендегі жұмысшыға тірі көр, зіл мен бейнет... азап кедейге, бақыт байға арналған сияқты. Сұлтанмахмұт осы өмірдің құпия сырын ашады.

Байдың кілті еңбек. Еңбек малшы мен жалшыныкі, қалада шебер-жұмысшыныкі. Ендеше мұның азабы кедейдікі де, рақаты байдыкі. Осыған тоғанақтай-тоғанақтай сауалдар қойса да түп есебін ашып бере алмайды. Я аша алмайды.

«БАЙЛЫҚ - ҰРЛЫҚ, ЗОРЛЫҚ ЖЕМІСІ»

Сұлтанмахмұт «Кедейінің» бір түйін. «Байлық — ұрлық, зорлық жемісі» деген буынында шешіледі.

«...Ауылда «пәлен» деген, түлен деген,
Төленді ап, жегі атадан елді жеген.
Ұрлық-зорлық, өтірік бәрі де бар,
Өйткенмен кем боп отыр олар кімнен...»

Сұлтанмахмұт байлық осындай ұрлық, зорлық, өтірік, алдау, талан-тараждың жемісі. Болыстықтан, биліктен жиналатын пара-жәленің жемісі. Жеті атасынан осындай елді жегендер әлі бай, ешкімнен де кем емес, олардың, малдың, байлықтың Арқасында «аузы қисық болса да» оқығандар соларды жақтайды. Құда түсіп қызын алады...

Міне осының бәрін істетіп отырған кедейлердің табан ақы, маңдай тері — алтын еңбегі деген қорытындыға келсе де, сонан әрі ештеңе айта алмайды.

«...Бейнетқор адалдық пен кәсіп қылған,
Өмір бойы өтеді азап артып... —

деуден ары кете алмайды. Азаптан құтылу жолын ашып айта алмайды. Осы жерге тіреліп қалады.

Ойда, қырда тапқаны: бұл ұрлықтан құтылу үшін ұрлық қылу керек. Зорлық, зомбылықтан құтылу үшін сен де басқаға зорлық-зомбылық қыл... Залымдық... Залымдық деген қорытындыға келеді. Адасады. Төңкерісшіл төте жол таба алмайды. Байшылдықтың дарашыл, өзімшіл тар тұсауынан шыға алмайды.

«КЕДЕЙДІҢ» КӨРКЕМДІК БАҒАСЫ

Сұлтанмахмұт тез көтерілген ақын еді. «Кедей» Сұлтанмахмұттың 1919 жылы төңкеріс кезінде төңкерістің әсерімен әсерленіп жазған поэмасы. Оның үстіне Сұлтанмахмұттың қара басының өзі де көп мұқтаждық, жоқшылық көрген еді. Өлеңдері ыза, қайрат кернеген бойдан қайнап шыққандай, екпінді келеді.

Сұлтанмахмұттың «Кедейі» нақ осындай мәнді жазылған еңбегі. Жай поэмадан гөрі, жай көрінетін табиғат көріністерінен гөрі, өмірдің нақтылы суретін баяндау — Сұлтанмахмұттың «Кедейінен» көрінеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама