Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ХХІ ғасырдағы әдебиеттің зерттелуі

Жетекші: Жанатаев Данат Жанатайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент

Дайындағандар: Оралбек Нұрбибі, Серікова Айшуақ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары

XXІ ғасырдың қазақ әдебиетінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзіне дейінгі дәстүрлі қалыптасқан көркемдікді дамыта отырып, жаңа тұрпатты әдебиет туындады. Бұл сипатта XX ғасырдың 90 - жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең қамтылмаған ақтаңдақ беттерін зерделеп жазу үрдісі өрістеді. Сонымен қатар, көркем шығарманың мазмұны мен пішінінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан арылған хал-ахуал қалыптаса бастады.«Адам-қоғамның басты құндылығы» деп бағаланып отырған қазіргі жаһандану жағдайындағы әдебиетте қаламгерлердің жазушылық шеберханасындағы сабақтастық пен олардың көркем шығармаларында көтерілген мәселелерге соны ізденістер, жаңа көзқарас тұрғысынан қарау, қағаз бетіне түскен ой пікірлерді, ана тілінде жазылған әр жанрдағы туындыларды парықтау, пайымдау қажеттігі туындайды.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп жатқан көркем әдеби туындылар қазіргі заман келбетін шынайы бейнелеп, өткен тарихи тұлғалардың ұлттық мүдде тұрғысындағы ерлігін көркем әдебиетке әкелуін әдебиеттанушы ғалымдардың қазақ әдебиетінің бұл кезеңді «сан салалы, көп мағыналы, күрделі өмір кешкен қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі» деп бағалауы әдебиет тарихын белгілі бір кезеңге бөліп қарастыру заңды құбылыс екендігін айқындайды.Тәуелсіз ел әдебиетінің өкілдерін таныту енді ғана басталған тың тақырып екені баршамызға аян. Адам өміріндегі ең аяулы сезім, құдіретті қасиет - сүйе білу, жақсы көру, отбасын құрау, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы халық ауыз әдебиеті үлгілерінен бастау алып, ғасырлар бойы жырланып келеді. Бұл мәңгілік тақырыпты әр қырынан қарастырған зерттеулер баршылық, дегенмен мұны жаңа дәуір талаптары тұрғысынан көрсету,әдебиеттің алтын қорын жаңа ғасырдағы тәуелсіз ел әдебиетімен толықтыру,қазіргі қаламгерлер шығармашылығын оқытумен бірлікте қарастыру мәселесін толықтыру біздің зерттеуімізден орын алады.

Белгілі ғалым Д. Ысқақов: «Әдебиеттің тарихын жазу барысында, оны жасау жолдары қандай, оны дәуірлерге бөлгенде, қандай ұстанымдар басшылыққа алынады, қандай талаптар қойылады деген ыңғайдағы біраз сауалдар туындайды. Қазір әдебиет тарихын дәуірлеудің хронологиялық, азаматтық тарихпен орайлас, әдебиеттің өзіндік көркемдік дамуына қарай негізгі үш жолы белгілі. Осылардың ішінде көбірек қолданылып жүргені – алғашқы екеуі. Өйткені, әдебиет дегеніміз, халық тарихының көркем бейнесі, бейнелі шежіресі. Сондықтан да халық бар жерде оның тарихы бар десек, оның ажырамас бір бөлігі ретінде белгілі бір оқиғаның, болмаса қайраткердің өмірде болғандығын көркем бейнелеп, иллюстрациямен дәлелдей түсетін әдебиетінің болуы да – заңдылық. Сол себептерден де әдебиет тарихын дәуірлеуді қолға алған кездерден бастап, оның шегараларын жылдармен, немесе ғасырлармен анықтап отырған дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді», - дейді. Қазіргі қазақ романдарын тақырыптық, көркемдік тұрғыдан алғанда, соңғы жиырма бес жыл көлемінде қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдағы адамның түрлі әлеуметтік-экономикалық сипаттағы өзгерістерді, қоғамдық ауысулар мен жаһандық үрдістегі жанталасын, рухани кеңістіктегі ұлт мәселесі сынды ең маңызды мәселені алға шығарды. Тарихи кезеңдердегі қазақ халқының трагедиясы мен бүгінгі қоғамдағы тәуелсіз елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайындағы ұлттық проблемалар сабақтаса өріліп, ұлттық тіл, ұлттық болмыс, ең бастысы ұлттық идеясы прозада құр насихат, дидактикалық сарыннан арылып, ашық сипат алып, символикалық, тұспалды, кодталған, оқырманның өзіндік танымына қалдырылған жұмбақ әлем күйінде берілуі, авторлардың ағым-бағыттар бойынша ұстанған принциптеріне сәйкес көркемдік мәнге ұласты. Осындай көркемдік мәндегі көркем туындыларды жоғары мектеп бағдарламасына ендіріп, оқыту үдерісінде жүзеге асыру әдебиет пәні оқытушыларының кәсіби педагогтік шеберліктерімен ұштасып жатады.Сөйтіп, жоғары мектеп бағдарламасына енген тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетті оқытудың тиімділігін оның тақырыптық мәнділігін ашу арқылы дәйектей аламыз. Соңғы жылдары жазылған ғылыми талдау еңбектерде әдеби шолу мақалаларда қазіргі романдары тақырыптық тұрғыдан тарихи және заманауи деп жіктеліп көрсетіледі. Осы екі жіктемеде заманауи тақырыптар қоғам менадам, жаһандану жағдайындағы жеке тұлға мәселесі жоғары мектептегі әдебиетті оқытуда теориялық талдауларға арқау болып келеді. Романды теориялық талдауда замана шындығы, автордың өзіндік айқындамасы, кейіпкер келбеті, шығарманың көркемдік ерекшеліктері және әдебиеттанудағы маңызы өзара тұтастықта қарастырылады. Теориялық талдау әдістемелік талдауға ойысқанда дидактиканың талаптары басшылыққа алынады. Мәселен, ХХІ ғасыр шеңберіндегі қазіргі заманауи тақырыптарды көтерген романдар Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романы, М. Мағауиннің «Жармақ» (2009), Д. Досжанның «Ақ Орда» (2005), С. Елубайдың «Жалған дүние» (2003), Әлібек Асқардың «Бір күн, бір түн» (2008), Ә. Ыбрайұлының «Зауқайыр» (2014) роман-триллері, А. Әлменбеттің «Мимырт»(2013), Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» (2015), Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» (2013), Зияш Төлеуованың «Банкирдің өлімі» (2013) т.б. туындыларын элективті пән ретінде жоғары мектеп бағдарламасына ендіріп, оларды оқытудың әдістемелік жүйесін жасау үшін, алдымен теориялық талдау қажет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама