Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 44 минут бұрын)
Заңдастырылған рэкет: Нотариустар 280 мың қазақстандықтың мойнына жалған қарыз ілді

Еліміздегі нотариустар соңғы үш жылда 280 мыңнан астам жалған атқарушылық жазбаны заңсыз шығарып, қазақстандықтардың мойнына жоқ қарызды ілген. Бұл әрекеттер арқылы олар коллекторлық және микроқаржы ұйымдарына 400 миллион теңгеге жуық қаражатты заңсыз иеленуге жол берген. Осы заңсыздыққа тосқауыл қою мақсатында депутаттар нотариат қызметі мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нотариустардың заңсыз әрекеттері

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Бақытжан Базарбек 2023 жылғы прокурорлық шара туралы актіні жария етті. Онда еліміз бойынша ондаған нотариустың жалған қарыздар, жалақылар және мемлекеттік сатып алулар бойынша атқарушылық жазбаларды заңсыз шығарып келгені айтылған.

«Көптеген нотариустар қарыз алушылардан жазбаша мойындауды немесе міндеттемелерді орындамағаны туралы тиісті дәлелдерді талап етпей, заңнан аттап кетті. Кейбір нотариустар микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен коллекторлардың пайдасына заңсыз түрде осындай жазбаларды шығарып, адамдарға жалған қарыз немесе міндеттемелерді жүктеген. Одан кейін жеке сот орындаушылары бұл сомаларды жаппай өндіріп алып, азаматтарды қорқытты», — деді Базарбек және осындай заңгерлердің есімдерін атап өтті.

Оның айтуынша, елде талаптарға сай келмейтін 280 мың жазба анықталған. Әрбір «солқылдақ» жазба үшін нотариус МҚҰ және коллекторлардан орта есеппен 5 мың теңге алған. Табыстың жартысын олар кейіннен тапсырыс берушілерге сыйақы ретінде қайтарған — үшінші тұлғалар арқылы МҚҰ қызметкерлеріне аударған немесе қолма-қол берген.

Заңдастырылған рэкетке тосқауыл

«Үш жыл ішінде бұл нотариустар МҚҰ және коллекторлық ұйымдардың қызметкерлеріне 400 миллион теңге аударған. Бұл енді нотариат емес, заңдастырылған рэкет! Бұған қоса, прокурорлық шара әлі орындалған жоқ. Тұлғалар жауапқа тартылмады! Қамаулар қайда? Қылмыстық істер қайда? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды!» — деп ашуланды Базарбек.

Ол ұсынылып отырған түзетулер нотариустардың жауапкершілігін қатаң күшейтуі керектігін атап өтті. Мысалы, жеке деректер туралы талаптарды бұзғаны үшін жаза енгізіледі, азаматтардың ЭЦҚ-сын үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады, сондай-ақ нотариустың мәмілеге қатысушылармен байланысы болған жағдайда қатаң шектеулер қойылады.

Өз кезегінде, мәжілісмен Нұрсұлтан Байтілесов заң жобасын ұсынып, енді атқарушылық жазба қарыз алушының тіркелген жері бойынша ғана жасалатынын хабарлады. Тұрғылықты аймақ сәйкес келмесе, автоматты түрде бұғаттау тетігі іске қосылады. Бұған қоса, нотариустар атқарушылық жазбаның көшірмесін міндетті түрде электрондық үкімет порталы және SMS арқылы жеткізілгенін тіркеп, қарыз алушыға жіберуге міндеттеледі.

«Заң жобасымен нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және басқа да қатысы бар тұлғалармен байланысын болдырмау үшін қосымша шектеулер белгілеу ұсынылады. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салынады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шарттары бойынша атқарушылық жазбаларды нотариустардың құзыретінен мүлдем алып тастау ұсынылады. Бұл мәселелер соттың қарауына беріледі», — деді Байтілесов.

Жаңалықтар

Жарнама