Photo: Bia Limova (https://www.pexels.com/@bia-limova-1908542654) / Pexels
- 10 мау. 2026 13:30
- 29
75 миллиард теңге желге кетті: Әлихан Смайылов бюджеттің ысырап болғанын әшкереледі
Бюджеттегі миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалып, жоспарланған жобалар іске аспай жатыр. Бұл туралы Мәжілісте бас аудитор Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Айтуынша, былтыр бюджеттен 75 млрд теңгеге жоспарланған 99 жоба іске аспай қалған. Жалпы саны 600-ден асатын инвестициялық жобаның әрбір бесіншісі толық аяқталмаған.
«2025 жылы бюджеттің 2,4 трлн теңгесі бастапқы жоспардан ауытқып, басқа мақсатқа жұмсалған. Жыл бойына тиімсіз жұмсалған қаражаттың көлемі 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,7 есеге артып кеткен», – деді ол.
Палата төрағасы бюджет ақшасын игеру деңгейі жоғары болғанымен, нақты нәтижелер көңіл көншітпейтінін ашып айтты. Мәселен, орталық мемлекеттік органдар бюджет бағдарламаларының орташа алғанда 5%-ін, ал жергілікті әкімдіктер 33%-ін орындамаған.
Ұлттық көрсеткіштерге қол жеткізудегі кемшіліктер
Мемлекет белгілеген цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология бойынша 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.
Бюджет кірісіндегі проблемалар
Бюджеттің кіріс жағы да проблемаларға толы. Экономика өсімі болжамнан 9 трлн теңгеге асып кеткеніне қарамастан, бюджетке түсетін салықтық төлемдер 335 млрд теңгеге кем орындалған. Мұның себебі шенеуніктер салықтың көлемін тым жоғары болжап, ақыр соңында күтілген алым-салық толық жиналмаған.
«2025 жылғы бюджетке 2026 жылы түсуі тиіс 154 млрд теңге алдын ала есепке алынып кеткен. Сонымен қатар, шамамен 900 млрд теңгенің қосымша құн салығы (ҚҚС) қайтарылмай қалған. Осындай жағдайлар бюджетте жоспарланған 244 млрд теңгенің бөлінбеуіне және қарыздардың көбеюіне әкелді», – деді ол.
Салық төлеушілер тарапынан сотқа шағымдану саны да артып барады. Соңғы төрт жылда шағымға түскен салық сомаларының жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілген. Көлеңкелі экономика көлемінің өсуіне байланысты бюджетке тиісті қаражат түспей отыр.
Квазисектордың бюджетке тәуелділігі
Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі күшейген. Былтыр осы секторға 812 млрд теңге бөлінген. Оның 57%-і конкурстан тыс мемлекеттік тапсырмалар ретінде үлестірілген. Бұған қосымша тағы да 1,4 трлн теңге мемлекеттік сатып алулар арқылы берілген.
«Бұл компаниялар бюджеттен алған ақшаны тиімді жұмсай алмай отыр. Есесіне олардың шоттарында сұралмаған қомақты қаржы жиналып қалған», – деді Смайылов.
Оның айтуынша, бюджеттен тыс қорлар да бақылаусыз қалған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сияқты қорлардағы ақша көлемі мен олардың тиімділігі туралы нақты ақпарат жоқ. Осы қорлар арқылы миллиардтаған қаржы бюджеттік бақылаудан тыс жұмсалуда.
«Мемлекеттің ақшасы халықтың ақшасы. Сондықтан әрбір теңге есептеліп, әр қаржының нәтижесі қатаң бақылануы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.