- 08 қаң. 2024 00:00
- 283
Ағыбай мен Құнанбай (І нұсқа)
Шұбыртпалы Ағыбай батыр бір жұмыспен Сүйіндік Мұсаны іздеп үйіне барса, Мұса тобықты Құнанбайдікіне кетті депті. Құнанбайдың үйіне барса, Құнанбай мен Мұса сөйлесіп отыр екен. Сәлем беріп үйге кіріп келгенде, Мұса сәлемін алып, Құнанбай елемепті. Ағыбай қамшысын тізесінің астына басып күтіп отырып, Мұсамен сөзін бітіріп болған соң, Құнанбайға:
— Сәлем бердім алдыңа,
Қабыл көріп алдың ба,
Көзіңнің қырын салдың ба?
Мынау келген мейман кім деп,
Сілкіп көрпе салдың ба?
Екі көзің алдыңда,
Осындай сопы болдың ба?
Есіктен келген тондыға
Тонды деп көңілің толды ма?
Оп-оңай тонды болды ма?
Өзін-өзі зор тұтқан,
Пайғамбарды қор тұтқан
Ібіліс малғұн оңды ма?! —
деп үйден шығып кетіпті. Құнанбай «бұл кім еді?» деп сұрағанда, «бұл — Ағыбай батыр» депті. Құнанбай артынан тұра жүгіріп шақыртқан екен, атқа мініп қалған Ағыбай батыр артына қайырылмай жүріп кетіпті.
Оқуға кеңес береміз:
Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы