Photo: VIOLA STUDIO PHOTO (https://www.pexels.com/@abet) / Pexels
- 19 мам. 2026 04:30
- 12
Әли Оқапов: «Қазір араласпаймыз» деген кезде өмірімнің бояуы кеткендей болды
Танымал әнші Әли Оқапов «Taboo» бағдарламасында өміріндегі қиын сәттердің бірін еске алды. Әнші әйелімен арадағы алғашқы үзіліс кезіндегі сезімдерімен бөлісті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасылық қиындықтар
Әли Оқапов әйелімен арадағы алғашқы келіспеушіліктерді еске алып, олардың мүлдем сөйлеспей қалған кезін сипаттап берді. «Ғашық болғанымды ұрысып қалған кезімде түсіндім. Мүлдем араласпай кеттік. Қазірдің өзінде балам мен әйелім Атырауда. Олар кеткенде менің өмірімнің бояуы кетіп қалғандай болды. Дәмсіз, қызықсыз болып қалды. Үйде тып-тыныш. Сол кезде де дәл осындай жағдай болған», – деді әнші.
Анасының ақыл-кеңесі
Әншінің айтуынша, екеуі араласпай кеткен кезде өмірінің мән-мағынасы жоғалғандай болған. Мұны байқаған анасы Роза Рымбаева ұлынан жағдайды сұрап білген. «Жоқ, біз қазір араласпаймыз, ажырап кеттік дедім. Сонда анам: «Жарайды балам, өзің білесің. Бірақ пікір ретінде айтайын. Ерке маған ұнайды. Ол сенің теңің сияқты», – деді», – деп бөлісті Әли.
Татуласу
Анасының сөзінен кейін Әли Оқапов әйелі Ерке Есмаханға барып, кешірім сұраған. Сыртта жаңбыр жауып тұрған сол бір сәтте олар татуласып, қайтадан бірге болған. «Содан гүлімді алып Еркеге бардым, кешірім сұрадым. Далада жаңбыр жауып тұрды. Татуластық, құшақтастық. Содан қайтадан өмірім түрлі-түсті бояуға енді», – деп әңгімеледі өнер иесі.