Photo: Валерій Волинський (https://www.pexels.com/@2158518894) / Pexels
- 19 мам. 2026 05:00
- 17
Үш өңірде такси қызметі күрт қымбаттады
Елімізде такси қызметіне деген сұраныс пен баға бірдей өсті. Соңғы төрт айда таксимен жүрген жолаушылар саны 70%-ға жуық артса, баға да айтарлықтай көтерілді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бағаның өсуіне не себеп болды?
Finprom.kz сарапшыларының зерттеуі бойынша, 2026 жылдың алғашқы төрт айында такси қызметін пайдаланғандар саны 69,7%-ға көбейген. Бұл жалпы жолаушылар тасымалындағы таксидің үлесін 11,5%-ға жеткізді. Сарапшылар мұндай өсімді такси нарығының «көлеңкеден шығуымен» байланыстырады. Платформалық жұмыс жүйесі енгізілген соң, ресми кірістер мен жолаушылар ағыны артқан.
Қай өңірлерде қымбаттады?
Сәуір айында такси бағасы өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға өскен. Ең жоғары өсім Ақмола облысында байқалды – 45,3%. Одан кейін Алматы қаласы (27,3%) және Атырау облысы (25,4%) тұр. Астанада баға 18%-ға, Шымкентте 10,8%-ға көтерілді. Солтүстік Қазақстан облысында ең төменгі өсім – 2,2% тіркелді.
Мамандардың айтуынша, соңғы бір жылда такси бағасы ай сайын шамамен 1-2%-ға өсіп отырған. Өткен жылдың маусым айында бір ай ішінде 4,7%-дық күрт өсім болған.
Бағаның өсуіне жанармай мен автокөлік бөлшектерінің қымбаттауы, жүргізушілер жалақысының артуы және агрегаторлардың комиссиясының көбеюі әсер еткен. Сонымен қатар, жеке тасымал қызметіне сұраныстың артқаны және нарықтағы бәсекенің әлсіздігі ірі тасымалдаушыларға бағаны көтеруге мүмкіндік берген.