- 29 қыр. 2016 00:00
- 227
Алматы облысының әкімі үздік жыл мұғаліміне көлік мінгізді
Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева Алматы облысы бойынша «Жылдың үздік мұғалімі - 2016» байқауында бас жүлдені қанжығалады. Ұстаздар мерекесіне орай өткен салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Гүлхан Елубайқызына жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
«Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің химия және биология факультетінің маманы болып, бүгінде бойымдағы білімімді шәкірттеріме үйретіп, оқытып жатқанымды мақтан тұтамын. Мен өтте бақытты ұстазбын. Еңбек жолымды бастап, осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 14 жыл болды. Ұстаздардың төл мерекесі құтты болсын!. Шын жүректен құттықтаймын!»,- деді өз қуанышымен бөліскен Гүлхан Елубайқызы.
Ұлағатты ұстаздардың мерейін асқақтатқан салтанатты шарада сондай-ақ «Үздік балабақша» Қарасай ауданы «Бота» балабақшасы , «Үздік ауыл мектебі» - Ақсу ауданы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп, «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» - Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі, «Үздік сынып жетешісі»- Қапшағай қаласындағы №3 орта мектептің ұстазы Жансая Нарымбаева, «Орта білім беретін үздік ұйым» - Қапшағай қаласының орта мектеп гимназиясы үздіктердің қатарынан танылып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Шараға қатысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов барша мұғалімдерді бүгінгі мерекелерімен құттықтап, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатқа толы еңбектеріне жеміс тіледі. « Ұстаз - қоғамдағы ең құрметті мамандықтың бірі. Өйткені, ұстаз шәкірттің жүрегіне білімге құштарлықты, Отанға сүйіспеншілікті ұялатады. Қазіргі таңда облыста 2011 жылмен салыстырғанда білім саласының бюджеті 2 есеге ұлғайып, 148 млрд.теңгені құрады. Тәуелсіздік алғаннан бері Алматы облысыныңда 174 жаңа білім беру мекемесі салынды», - деді А. Баталов.
Сондай ақ шара барысында «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі үздік үш ұстаз Мария Галиева, Панар Иманғазива және Ермек Алмабековке табыс етілді.