- 30 қыр. 2016 00:00
- 241
Нигериядан келген студент Президентке киіз үй жасау бойынша жобасын таныстырды
ҚР Президентінің Павлодар облысына сапары барысында Павлодар мемлекеттік университетінің (ПМУ) студенттері өздерінің бизнес-жобаларын таныстырды.
ПМУ-ға Нигериядан оқуға келген Ноа Салако көшпенділердің дәстүрінен шабыт алып, баламалы энергия көздерін пайдаланатын киіз үйлерді әзірлеу және оларды Африка елдеріне жеткізу жобасын құрды.
Этноүлгі элементтері пайдаланылған «Aikerim - design» аталатын заманға сай киім үлгілерінің желісі, «KoumIce» қымыздан балмұздақ шығару өндірісі сондай-ақ, «Tafella» талқан мен қоспадан жасалған қазақтың ұлттық десертін шығару бойынша студенттік стартап жобалар дәстүрлер тақырыбын жалғастырды.
Мемлекет басшысына ПМУ халықаралық стартап академиясының жобалары да таныстырылды. Олардың қатарында заманауи технологияларды, соның ішінде биогумусты пайдалана отырып, вирусқа шалдықпайтын картоп пен ірі бүлдіргенді өсіру бойынша әзірлемелер бар.
«Сапар барысында сондай-ақ, келешекте стартап жобаларды дамыту алаңына айналатын жаңа коворкинг орталығының ашылуы болды. Кездесу соңында студенттер Елбасына өз қолдарымен жасаған көбелек-галстукті сыйға тартты», - деп мәлім етті ПМУ баспасөз қызметінен.