Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 56 минут бұрын)
Аш қасқырдың дәмесі

Неше күннен бері қанды аузына қара шыбын да ілінбеген бір қасқыр ауылды торып, қораға жақын келіпті. Жалғыз тал шиді паналап, жер бауырлап, жан-жағына алақтап, бір үйдің іргесіне таяпты. Үй ішінен жылаған баланың даусы шығады.

— Жылама, қой енді, жылай берсең, қасқырға бере саламын, — депті шешесі баласына.

— Менің аш жүргенімді ауыл кісілері де біледі екен ғой, енді жыласа, баласын маған бере салар, — деп дәмеленген қасқыр үйдің іргесінде жата беріпті. Баланың жылауын күтіпті. Сол отырғаннан таңға таянғанша отырыпты.

Бір кезде күткеніндей-ақ, бала тағы жылапты.

— Жылама, балам, қасқырға бермеймін, ол енді келетін болса, оны ұрып өлтіремін, — деп уатыпты шешесі.

— Адамдардан маған пайда жоқ екен, енді табанымды жалтыратайын, — деп қасқыр орнынан қозғала береді. Таң рауандап атып қалған екен, тұрып жатқан адамның көзіне түскен қасқыр тұс-тұс жақтан тап берген үлкен күштің өтінде қалады.

Баладан дәме қылған қасқыр ажалдың қармағына ілініп, терісі жайылып, тындым болады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама