Ашынған ана
— Қонайын деп едім, — деді есіктен бір жалба-жұлба әйел кіріп келді де. Жағы суалған. Бет-аузын айғыздап тілген әжім маңдайы мен екі көзінің құйрығында түйісіп жұлдызданып тұр. Ағарған әжім сызықтарының әрқайсысы бір-ақ тілектің ізі екенін ешкім аңғарған жоқ. Жарылған еріндерін тас жұмып алып, үй иесіне от шашқан қара кезін қадады да, жауап күтті.
Жырым-жырым жеңінен білегіне дейін көрінген қайыстай қап-қара қолын көсеу ме дерсің. Мүйіздей қара саусағының біріндегі күміс сақина өзгеше жарқырап көзге ұрады.
— Қай жақтыкі боласыз? — деді үй иесі әйелдің батылдығын ұнатпай. Оның үстіне, кәр көзділеу адам "қонайын деп едім" дегенді жақтырмады. Әйелдің қажыған жан, қалжыраған жайын ұға алмады.
— Сендей үй бикештері қайныдан басқа елді білмейтін. Айтсам да біле қоймассың. Айтсам кейін айтармын, әуелі "қон" деген сөзіңді айтсайшы! — деді әйел манағыдан көрі де батылырақ түрде.
Үй иесі кесек сөздерден бастырылып қалды білем, қайыра жауап бере алмай:
— Қонам десең енді... — деп былжырады да, өз әйеліне қарады. Оның қыпылықтаған көздері "мына бәледен сен құтқармасаң, маған от шашып жібере ме, қайтеді..." деп тұрды әйеліне.
— Е, қонсын. Қоныңыз, — деп әйелі меймандостық көрсетгі. Қыр арқасы мен жағасынан басқа дымы қалмаған құп-қу қамзолын босағаға іле тастады да, келген әйел көсеудей қолын отқа қақтап жатып:
— Тоңып келдім. Алыстан келем, сорлы басым! — деді. Бастапқы сөзден беті қайтып қалған үй иесі күбіжеңдеп сөйлескісі келген пішін көрсетті де, еш нәрсе сұрай алмады. Көгендегі қозыдай болып отқа төніп отырған балалар қорқып, кейін шегініп кетті. Үй әйелі жалма-жан бір тостаған ұнды алып илей бастады да, әрі-бері қыбыжықтап отырып:
— Сыңайласым, арып-шаршаған адам көрінесің, көзіміз үйренсін, жеңіңді айта отыр, — деді.
— Айтам, шырағым, айтам. Мына үй қожаңның тауы шағылып, жаны жасып қалды білем. Мені бір мыстан кемпір деп отыр ғой, сірә! — деп самайына түскен қара бурыл шашын құлағынан асырып қайырып тастады да, сөзіне кірісті:
Үй әйелі нан баттасқан қолымен самай шашын жинай беріп бір "сылп" деді де, қолын көтерген бойы аузын ашып қатып қалды.
— Бала ананың бауыр еті ғой, отқа да, суға да сүйреп салады екен. Өзегіңнен үзіліп түскен балаң үшін қалай отқа түспессің? Былтыр әлі солдат алатында жалғыз ұлым он бесте еді. Алтыбас деген байдың сиырын бағуға жарағалы екі-ақ жыл болған. Екі жылдан соң:
— Қарағым, екі жылғы табан ақыңа бірдеңе берсе, алып кел деп балама тапсырсам:
Жиырма бірге келген баласы болыс еді. Оңбаған неменің көзі құтырған иттің көзіндей екі түрлі болып, бірі тарғылданып, бірі қанталап тұрған, шашы үрпиген бір пәле еді өзі шақылдаған. Байдың баласы бөрінің бөлтірігіндей келетін әдеті ғой.
— Ақы бермесең кетем, — деген баламды жонын, сыртын бірдей ғып сойып салыпты. Содан соң балам қашып үйге келген.
— Е, бұл белгілі жай ғой. Ақысын ала алмаған жалғыз менің балам ба, тәңірі! — деп әйел аз тоқтап, қайта сөйлеп кетті:
— Сүйтіп отырғанымызда, солдат алатыны шықпас па... Аттының қамшысы, жаяудың таяғы қашан да бізге тиеді ғой.
— Қапия қатынның баласы да ілігіпті, — деп дүңк ете түсті.
— Қой, менің балам жас емес пе? — дейім. Жаманат өтірік бола ма, балам ілекті де кетті... Жұртпен көрген ұлы той, әуелі отыра бердім. Баламның жастығына ішім ауырса да, жұрттың барлық бозбаласы барады дегенсін, жалғыз елде қалып, үйірге салушы ма ем, барсын дедім.
Күн өтті, ай өтті. Бір уақытта елдің іші ала тайдай бөлініп адам басы дал болды да қалды. Жылағанда басы қазандай болған қатындардың біразы үн-түн жоқ, басыла қалды. Бірге жыласып, патшаны бірге сілесетін қатындарым қоя қойыпты. Мұндасайын деп маңына барсам:
— Қайтесіндер, Құдайдан күтіңдер, — дейді де теріс айналып кетеді.
Сұрастырсам, біз секілді құрым түндіктен басқаның көбі-ақ баласын босатып алған екен. Баласы босағандар кәдуілгідей бөлектеніп, іргесін аулаққа салып, жүре сөйлеседі. Көрінгеннің көзіне қарап:
— Ағайын, маған да жәрдем берсеңдерші. Жасы толмаған жалғызым көлденең ілегіп тұр ғой... — десем:
Салып болысқа бардым. Көз жасымды көлдей төгіп, болыстың әкесіне жалындым:
— Өмірімді есігіңнен алмайын. Тек қана салдаттан аман алып қал. Бұғанасы қатпаған жас бала арам өледі ғой, — дедім.
— Малымның санынан алған адамымның саны асып барады. Ала алмаймын, — деді. Керілген кермиық жас қатыны бар еді.
— Қара үйге бар. Бұл үйге кісі келеді, — деп айдап шықты.
— Мен кісі емей, итпін бе? — дейін деп кеудем бір қозып тұрды да, айта алмадым, шығып кеттім.
Алтыбас деп жай атанды деймісің, бұған менің өкімім өтпес дедім.
Одан шығып болыс баласына жалындым.
— Ел бассыз, қатын байсыз қалмас, барсын. Балаңның жасын қате жаздырған байыңнан көр! — деді де, поштабайына "мына қатынды шығар" дегендей ым қақты.
Ауылнай, билеріне де барам. Хатшыға да жалынам. Жылай-жылай құрғыр көз суалуға да айналды: жәрдем түгіл, сөзімді тындайтын да адам жоқ.
— Е, барсын. Шошқа етін жеп жақсы боп келеді, — деп хатшы келеке қылады.
— Өзің әлі байдан қалған қатын емес екенсің, балаңнан ұялып жүрген шығарсың. Өрісің кеңиді, барсын, — деді, болыстың қасынан қалмайтын бір қара сақал.
Бір күні Алтыбас байдың тезек арбасының қасында жатыр ем, біреу келіп арқамнан құшақтай алды. Іс-міс жоқ қаусырып әкетіп барады. Адам ба, сиыр ма, жұмысы жоқ, өңмендеп басып барады. Ұшып тұра келсем, әлгі болыстың қасында жүретін қара сақал екен. Аяғым аузына тиіп кетті білем...
— Жетім қыздан жесір қатын жақсы деп ем, бақыр басыңды алтын табаққа салайын десем... — деп телміріп отыр. Кеудеден итеріп кеп қалып ем, ыңқ етіп шалқасынан түсті. Тұра салып білегін білеулеп келе жатыр.
— Әй, қара сақал! Тек тиіп қара, қолында өлем! — деп анадай жерде жатқан балтаны көтеріп-ақ алдым. Ұялды білем:
Баламды босатар емес. Өзімді әбден сықаққа айналдырып болды. Көлденең қамшы қыстырып, шырт түкіріп жүргендердің бәріңе жалынам.
— Балаңды қоя тұршы... — деп мазақ қылады. Несің жасырайын, мен бір кезде "Айна көз" атанған сұлу едім, кейде сұлулық та сорыңа бітеді!
Енді қайтем? Қаныма қарайып болдьм. Бірақ қолымнан ештеңе келер емес. Тор байталға мініп балам келіп еді.
— Апа, қайтесің, еріккен жұртқа ойыншық болып. Бүйтіп сені сықаққа салғанша, солдатына-ақ барам. Қайт үйге! — деді. — Оның мені сықақтағанға күйіп-пісіп жүргені өзегімді өртей
түсті...
Баламды ертіп алып, болыстың үйіне тағы бір келдім. Баламның жастығын көздеріне көрсетіп, бар тілегімді де айтайын, алғыс-қарғысымды да аямайын деп келдім.
Алдында қымыз, ақ жастыққа шынтақтап болыс жатыр. Қымызын аузына апара беріп қара сақал маған бұқадай төне қарады:
— Біеке, тағы келді ғой байғұс... Сұбабын ал... Баланы кейін көрерміз... — деп жап-жас бала болыс маған қарады.
Мұндай арсыздықты бірінші рет естігендей едім. Балам құлағын басып, ата жөнелді.
Өзім, көзім қарайып, обалымды пышаққа артып, қанымды шашайын деп жүрген адам, сар кездікті жұлып алып, жүгіріп келіп шалқасынан жатқан болыстың жұтқыншағынан салып кеп жібердім. Сағалатып тұрып өкпе тұстан тағы бір-екі рет бұлғап-бұлғап алдым да, ұмтылдым-ай кеп қара сақалға! Болысқа пышақ салып жатқанымда көзі шарасынан шығып, қара сақал қалшиған да қалған. Пышақты өзіне ала оқтанғанымда:
Есім түн ортасында жиналды. Аяусыз жан, қанша тепкіні көтеріп, енді маған соның мөлшерін айтып жатыр. Екі аяғымды екі қазыққа, екі қолымды екі қазыққа керіпті де, білек пен қызыл асықтан тастай қып таңып тастапты. Шашымды аттың құйрығындай бұрап-бұрап, бесінші қазыққа байлапты. Балам Бақыт көрер ме, өзі де бір жерде керіліп жатыр ма, менің жатқан жайым осылай екен. Тепкіден басқа не істегендерін білмеймін... Жаны құрғырдың әлі шықпағанына көзім жеткен соң, өлімсіреген дауыспен:
— Қарашығым, қайдасың... — дедім ыңырсып.
— Ит жанды ит тірілді ғой! — деп қос қабаттаған қамшы бас-көзіме жауып кеп кетті...
— Құрсын, құрғыр өмір, бейнеттің жеті атасын көрді ғой бұл жұдырықтай бас. Бәрін айтсам жүректерің ұшар. Мына жасық байың үйінен үркіп кетер, көзі бақырайып кетті ғой, қысқартайын... — деді әйел.
Босағалы бүгін он күн. Қыстыгүні патша түсіпті. Одан соң бір патша болыпты. Қазір бәлшебек деген жұрт билеп тұр қаланы деп, түрмеден шыққан соң естідім: өздерін тани алмадым, бізді босатқан солар екен.
— Енді түрмеге бұрынғы түрмешілердің өздері жататын болады! — дейді екен олар.
Алдына әлдеқашан қойылған шай мен жылы, жұқа нанға әйелдің қолы әлі бір тиген жоқ. "Енді түрмеге түрмешілердің өздері жататын болады!" дегенде — "сен бұл сөзге түсінемісің?" дегендей, әйел үй иесінің бетіне бір қарап еді, оның
көзі төмен қарай жылт ете түсті.
Енді, міне, "жүрегім алып ұшып келеді!" дегенде көзінің қарашығында ойнаған от сәулесі ортада маздап тұрған оттың өзінен де артық жарқырап кетті. Іргеге бұққан балалар қозғала-қозғала әйелдің қасына келіп, тізесіне де асылып, аузына да қарап қалыпты. Манадан бері "балам" деген сөзді әйел осы балалар жайында айтып отырғандай.
Әйел түн бойы өмірінің қараңғы түкпірлерін қазып, көп әңгіме айтты. Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған ана еді...