Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ашық оқу қызметі. Жаратылыстану. "Гүлдер"

Мақсаты: Өсімдіктер туралы білімдерін кеңейте отырып, гүлдердің түрлерімен таныстыру. Гүлдердің атауларын, сырт келбетін, жеке құрылымын ажыратып, атай білуге үйрету. Танымдық қабілеттерін дамыту. Гүлдерді күтіп баптау ережелерімен таныстыру. Табиғатты қорғауға, адамгершілікке, ұқыптылыққа, бастаған ісін аяқтай білуге тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдері: Түсіндіру, слайд көрсету, сұрақ - жауап, сергіту, мадақтау.
Көрнекіліктер: Слайд: бөлме, дала, емдік гүлдері, еңбек құралдары.
Жүру барысы:
Шаттық шеңбері:
Жарқырап күн де ашылды,
Айналаға гүл шашылды.
Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз,
Қайырлы күн! Біз сүйкімді баламыз.
Таңғажайып сәт: (топқа Маша келеді)
- Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Тәрбиеші: Амансың ба, Маша. Қош келдің! Қолыңдағы не?
Маша: Менің қолымдағы – бөлме өсімдігі. Мен мына гүлді үлкен де, әдемі етіп өсіргім келеді, бірақ қалай өсетінін, қалай өсіру керек екенін білмей тұрмын, сендер маған осы гүлді өсіруге көмектесесіңдер ме?
Тәрбиеші: Маша сен ренжіме, сенің қолыңдағы гүл жасанды, сол себепті ол гүл өспей тұр. Ал, біздің балаларымыз сізге табиғи гүлдің қалай өсетінін көрсетеді.
- Балалар біз әрқашанда үлкендерге көмектесуіміз керек, сондықтан қазір Машаға гүлді қалай отырғызып, баптауға болатынын көрсетіп, көмектесеміз. Алдымен мен гүлдер туралы түсінік беріп өтейін. Сіздер мұқият қарап, тыңдап алыңыздар!
Тәрбиеші: - Гүл дегеніміз - өсімдік, олар өмір сәні, табиғат көркі. Гүлдер терезелердің алдына сән бергенімен қоймай, бөлме ауасын тазартады, адамдарға жақсы көңіл - күй сыйлайды. Гүлдердің де жаны бар,
адамдармен сөйлескендей олармен де сөйлесіп, өз ілтипатыңды білдіріп, баптап, күтіп, сүйіспеншілікпен қарап, еркелетіп тұру қажет.
Гүлдердің құрылысын қарайықшы: тамыры, сабағы, жапырағы, тостағаншасы, күлтешелері, аталығы мен аналығы. (слайдпен)
Дидактикалық ойын: «Гүл құрастыр»
Шарты: Балалар гүлдің құрылымын атап, құрастыруы керек.
(Балалар ойынның шарты бойынша суреттерді рет - ретімен орналастырады).
- Гүлдердің ұзақ уақыт ауырмай, жайқалып тұруы үшін не істеу керек?
- Күтіп - баптау керек. Гүлдерді жұлмау керек. Гүлдерді баспау керек.
Гүлдер өсіп тұрған бөлмеде біз өзімізді қуанышты сезінеміз, көңіліміз көтеріңкі болады. Олардың көптеген түрлері болады. Түстері де әр түрлі болады.
Гүлдер үш топқа бөлінеді: дала гүлдері, бөлме гүлдері, емдік гүлдері. (Слайд арқылы көрсету).
Дала гүлдері: бәйшешек, раушан, қызғалдақ, бақбақ, астра. Бұл гүлдер көктемде, жазда өседі.
Раушан гүлі - хош иісті гүл. Бұл гүл далада өседі. Оны мерекелерде, сый құрмет ретінде беруге болады
Бөлме гүлдері: алоэ, кактус, фикус, герань. Бұл гүлдер жылдың төрт мезгілінде дебөлмеде өседі.
Гүлдің жақсы өсуі үшін жарық, ылғалды ауа және бөлме температурасы бірқалыпты, яғни жылы болу керек.
Емдік гүлдері: алоэ, анис, адыраспан, түймедақ, қалампыр. Бұл гүлдер бөлмеде де, далада да өседі
Алоэ гүлі - оның жапырақтары тікенекті болғанымен қолымызға кірмейді. Алоэның емдік қасиеті бар, егер де жүгіріп бара жатырып, жарақат алған жағдайда осы алоэ кескінін кесіп алып, жарақат алған жерге тигізіп біраз уақыт ұстап тұрсақ, жара жылдам жазылады. (Балалар тыңдайды.)
- Балалар, біз тәжірибе жүзінде гүлді қалай отырғызу, қалай күтіп баптау керектігін көрсетейікші. Кел, Маша, саған гүлді отырғызып үйретейік.
Тәрбиеші жетекші сұрақтар қоя отырып, балалардың жауабы арқылы Машаға гүл отырғызуға көмектеседі.
- Алдымен, гүлдің өскінін қиып алып, оның тамыры шыққанша суға салып қоямыз. Шелекке құнарлы топырақ салып, тамыры бар өскінді сол топыраққа отырғызамыз. Тамыры топырақтың астында болады, олар көрінбейді, гүлдердің су ішуіне көмектеседі, сондықтан да оларға су құйып тұру қажет. Гүлдердің тамыры дем алып тұру үшін, топырағын қопсытамыз.
Тәрбиеші Машамен бірге гүлге су құйып, топырағын қопсытып көрсетеді.
Тәрбиеші: Маша, енді сен балалардың жұмысын бақыла, қазір бәріміз бөлме гүлдерін отырғызайық. Алдымен бәріміз алжапқыш тағып алайық, содан соң алдымыздағы топырақ салынып тұрған ыдысқа гүлді отырғызып су құямыз. Гүлдерді отырғызу үшін оның тамыры болу керек, мұқият тамырын тексеріп алайық, тамыры болмаса гүл өсе алмайды. (Маша мен балалар гүлді отырғызады)
Тәрбиеші: Балалар Маша бізге гүл отырғызуға көмектескені үшін не айтамыз?
Балалар: - Рахмет!
Тәрбиеші: - Жарайсыңдар! – Енді отырғызған гүлімізді тобымызға апарып, терезе алдына қоямыз. Гүлдер күннің көзін жақсы көреді.
Жұмбақ жасыру:
Аналарға сыйлайтын,
Аралар бал жинайтын
Бұл немене, балалар,
Үзуге адам қимайтын. (гүл)
Айша
Қызыл жасыл гүл егіп,
Баптап, күттік, түрлеттік.
Қалмасын деп қуарып,
Апта сайын суардық.
Гүлдендірдік ауланы,
Аулада гүл қаулады.
Жания 
Құлпырған мен раушан гүлімін,
Жапырағым жайылған,
Сұлулық бар бойымда
Тамырым кең тараған.
Сайд Қазақстан – біліп ал,
Қызғалдақтың отаны.
Қызғалдақпен шықты ғой,
Біздің елдің атағы.
Маша:- Жарайсыңдар балалар! Сендер өте байқампаз балалар екенсіңдер. Енді гүлді қалай өсіру керек екенін білдім.
Тәрбиеші: Сау болыңыз! Мына гүлді сізге сыйлаймыз. Балалардың сізге сыйлаған сыйы, алғысы ретінде қабыл алыңыз.
Қорытындылау:
- Жарайсыңдар балалар! Бүгін бізге кім келді? Машаның гүлі неге өспеген? Сендер қандай гүлдермен таныстыңдар?
- Дала гүлдері, бөлме гүлдері, емдік гүлдері.
- Қандай дала гүлдерін, бөлме гүлдерін, емдік гүлдерін білесіңдер?
- Гүлдердің түстері қандай болады?
- Әр түсті, қызыл, сары, көк т. б.
- Жапырақтарының түсі қандай?
Бағалау. Өте жақсы, бүгін барлығыңыз да өте жақсы қатыстыңыздар!

Атырау қаласы, "Зейнеп, Амина және балапандар" бөбекжай - балабақшасы
Ортаңғы топ тәрбиешісі: Балмуханова Арайлым Сансызбаевна
Ашық оқу қызметі. Жаратылыстану. "Гүлдер"


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама