- 08 жел. 2016 00:00
- 254
Астана оқушылар командасы 10 жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда бірінші орын алып келеді
Астана оқушылар командасы 10 жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда бірінші орын алып келеді. Бұл туралы дарынды балалармен кездесу барысында Астана әкімі Әсет Исекешов хабарлады.
«Астана мектептеріне 129 мың бала білім алуда, өткен жылы 117 мың болған. Елордада 67 мың оқушы түрлі шараларға қатысады, атап айтсақ, түрлі деңгейдегі ғылыми, спорт, зияткерлік олимпиадалар мен байқаулар. Бұл қуантарлық жағдай, өйткені балалардың тең жартысына жуығы өзін-өзі жетілдіріп, өзімен-өзі жұмыс жасайды деген сөз. Астана қаласы оқушылар командасы 10 жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда бірінші орынды және үздік команда атағын бермей келеді. Бұл - өте жақсы көрсеткіш», - деді Ә. Исекешов.
Оның айтуынша, 2016 жылы елордада 324 оқушы халықаралық олимпиада мен байқауларға, ғылыми жобаларға қатысып, 267 медальмен марапатталды. Бұл - 2015 жылмен салыстырғанда, жақсы нәтиже. Яғни, білім беру сапасының жақсы екенін көрсетеді. Оқу үдерістеріне инновациялық технологиялар енгізілді. 42 кабинет роботты техникамен жабдықталды.
Әкім 2015 жылы №№ 3 және 15 мектептерде «смарт-мектеп» жобасы іске асырылғанын атап өтті. 2017 жылы «электрондық күнделік» жобасы іске асырылады. Ол мектеп оқушыларын ауыр сөмке көтеруден арылтып, ата-аналардың оқу үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді.
Ә. Исекешов соңғы 25 жылда білім беру сапасын жақсарту үшін көп нәрсе жасалғанын атап өтті. Бүгінгі жастарда шетелде, зияткерлік мектептерде білім алуға, ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан, жаңа ұрпақ барынша білімді, оларға көп үміт артуға болады.