Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Асу да асу бел еді

Ұлы таудың иығына шықсаң көңілге мұң кіретіні рас. Ұлы тарихтан қашанда мұң тебеді. Екі алпауыттың айтағына еліріп өзін өзі оқ пен отқа айдаған, ақыры өзін өзі жоқ қып тынған қалмақ трагедиясы бір ғана қалмақтың мұңы ма? Қазақтың қасіреті аз ба еді? Енді ғана тәуелсіз ел болдық деп отырмыз. Алда қандай заман бар? Екі империяға пұшпағымызды тістеткен екенбіз. Тісін батыра бермей соған тояттаса — садақа! Болашақта не күтіп тұр?..

...Біз Бөгенбай асуында тұрмыз.

— Сонау көрінген Науа, оның арғы бетінде Қатынсу, — деп Дидаш қолын созды. — Бүгінде Науаға бара алмайсыз, Қатынсудан ат суара алмайсыз, — деді. — Абайсызда бара қалсаңыз, казактар атыңызды аударып алып, қалтаңызды қағып, артыңыздан ыңқитып бір тебеді де айдап салады.

Біз тәуелсіздік алдық деп бөркімізді аспанға атып жүргенімізде Ресей бір етегімізді кесіп әкетіпті. Бабамыз жайлаған төр жайлаумен қол созып қана, саусақ шошайтып қана көрісетін болыппыз. Бір болыс елдің үштен бірін, Қосағашты отызыншы жылдары бір кесіп әкетіп еді, он мың Қаратай жат болып әлі күнге сонда отыр. «Катунь» деп езуін шүршитсе де Қатынсу өзегімізді жарып шыққан өзеніміз, Бұқтырманың егізі еді, Ресей оны теріс ағыза алмаған соң жағасынан қазағымды кейін лақтырып тастап, Ақа-Лақадағы (дұрысы Ақ Лақ) сақтың көне зираттарын да бауырына басып алыпты. Көзіне түскенге жармасып болып еді, енді көріңе де жармасты деген осы.

Дидаштың балалығы сонда, Науада өткен. «Тас моншасы» да сонда қалды. Балалық шағының базарын саусағына іліп тұрған ендігі түрі мынау. Жер ыстық, ел бөтен. Кеше ғана су ортақ, ну ортақ дегенге сеніп, бейғам жүрген момын қазақ бөксе басар бөстегін сыпырып әкеткендей шоңқайды да қалды. Империя жүз жиырма жыл өткенде Николай патшаны Қаратайдың есіне тағы салды. Обырдың өңеші осымен бітелсе жөн-ау...

...Біз Бөгенбай асуында тұрмыз. Он сегізінші ғасырда. Жоқ-ау, жиырмасыншының аяғында. Жиырмада тұрған біз. Онсегізге жетелеп тұрған қанжығалы Бөгенбай. Кәдімгі Қабанбайдың сыңары. Бөгенбайдың асуына көтерілсең дүниенің төрт бұрышын көргендейсің, Алтайдың ұлылығы көз алдыңа келгендей, етектегі Маралды Көл көздей-ақ.

— Бұл асуды «Тар өткел» деп те атайды, — деп Шаймерден Дидаштың түсіндірмесіне тағы бір сөз қосты. — Сонау Жоңғар шапқыншылығынан қалған атау. Қалай десе де бұл биік үш бірдей батыр — Қабанбай, Бөгенбай, Көкжал Барақтардың табаны тиіп, қылыштарын қалмақтың қанына бояған Тар өткел...

Бұқтырманың бойында жоңғарлар қатты қырылып, Бөгенбай бастаған қазақ қолы қалмақтарды суға тоғытса керек. Бірде жаңбыр, бірде қар қара күздің кезі екен, жаудың үзік-созық шашырандысын өкшелеп жеткенде тау басына тоң тұрып, қабыршақ мұз қатыпты. Соғыса жылжыған әскер соңынан көшін ертіп, ежелгі қонысына ел қона бастаған. Әскер жорықтан, халық қорлықтан қажыған, айналып қайта шаппасын деп Алтайдың қуыс-қуысына қамап алып қалмақтарды жойып жіберу керек деген Қабанбайдың шешімі болған деседі. Жаудың жан-жағынан тосқауыл жіберіп, негізгі қолдың қос қанатында Бөгенбай мен Көкжал Барақ жүрген екен. Осы шайқаста Шеруші Тайбұғаның аты шыққан. Соңғы асуға киіз төсеп, күл төгіп өткен, кейін Бөгенбай асуы атанған «Тар өткел» осы. Әр төбенің басында тас қорым — қалмақтардың моласы, қалғанын Қатынсу жұтқан. Қазақтар шеит болғандарды елге апарып жерлеген. Ерекше ерлік көрсеткен Тайбұғаға бүгінде белгі де жоқ, зираты Маямердегі мектептің астында жатыр. Ендігі қалған ұрпағы мынау бір тонна қаракердің белін майыстырып отырған жарты тонна Шаймерден.

Жеңістен соң Қабанбай Ергенектінің ежелгі отаны — Төр Алтайға Қаратай елін орналастырып, Жәнібек батыр бастаған Абақ керейлерді Өр Алтайға асырып жіберген. Жаугершілік пен дұшпан барын ескеріп, шекараны тығыз ұстауды күні бұрын ескерсе керек. Жалпы ол жау тылында қараша халқын қалдырмаған, жалтарғанда жасақпен бірге ала кетіп, өкшелеп қуғанда соңынан ерте жүрген, бұл оның тактикалық бір әдісі болса керек: артында ел тұрса әскер шегінбейді, шабуылдап қуғанда жаудан босаған өңірді халықпен толтыра қою, бұл да жарлықпен бірдей «жер менікі» дегеннің белгісі.

«Тар Өткелдің» басы таз. Сүрлеудің сұлбасы — тас қорым. Кезінде ат аяғы үшін әдейі төселген. Тастан да суық желі бар. Сонау бір сұрапыл заманның ызғарын алып қалғандай. Бөгенбай асуы иен. Дәл осы биікке үш батырға бір белгі керек еді: кезінде ел қорғаған бабаларымыздың ең болмаса тас мүсіні ел шетінде, жел өтінде, тағы да жатқа қарап, жау бар ма деп тұрса ғой...

Камера да шаршапты. Дидаш та шаршапты. Саусағын шошайтуға да шамасы жоқ па, әлде тіл астына тастап жіберген бір атым насыбайдың маужыры ма, көзі жұмулы, басы салбырап, салпайып отыр. Сірә көкейінен жатта қалған «Тас монша» мен Науаның сағынышы кетпеген болар. Әлде үш бірдей батырдың еңбегінің еш кеткеніне өкініп отыр ма?.. Тәйірі, көршіге кеткен садақа, ол жақта да Ойманың мен қазағың отыр, Қытайға бір облысқа тең жеріміздің шұрайын ойып беріп жатқанда «Тас монша» да сөз бе екен!..

Шабанбай бос жатыр. Дидаш пен Шаймерден кешегі ел отырған жайлаудың жұртын сипап келе жатыр. Жұрт дегеніміз — малшылар еді. Кезінде тамам Қаратайдың өрісі болған Шабанбай Совет дәуірінің соңғы жылдарында да мыңғырған мал еді. Мал дегеніміз қой еді. Бұл өңір қойдың тұяғынан тозған. Қойдың тұяғы таудың тасынан тозған. Жүні бұтаның басында қалған. Шабанбай жылқы мен бұғының өрісі еді. Қойда жетпіс жеті атасының есесі кеткендей есепсіз көбейтіп, жылқыны жаудың малындай Хрущев құртты да бұғыны шарбаққа апарып қамады. Есесіне жүз қойдан елу қозы, әр қойдан жүз грамнан жүн алды. Өз аяғымен оттайтын, атамекенге қайырусыз-ақ тоқтайтын жылқы жарықтықтан неге жерігенін кім білсін? Елуінші жылдардың ішінде, шаруашылықтарды ірілендіру науқанының кезінде елу мың жылқысы бар колхоздарда елу тұяқ қалған жоқ, ту биенің құны тумайтын шыбыштың бағасына жетпей қалды. Шабанбай қойды жек көреді. Қой жүрген жерге қотыр болмаса, тұяғымен жерді тоздырғаны, құмалағымен шымды күйдіргені болмаса оған аң да жоламайды. Алтайдың аристократы аңы мен жылқысы еді. Кәзір екеуі де жоқ. Аңы Қытай мен Ойманға ауып кеткен. Ойманымыз — Ресей, Таулы Алтай автономиялы облысы. Қатынсудың бойынан қазақтарды теуіп тастап, түгелімен қорық деп жариялап, атты казактар аңдып жүр. Мұндағы аты жоқ қазақтар жаяу-жалпы жүріп-ақ аңға тыныштық бермей, күндіз-түні тарсылдатқан соң қашпағанда қайтсін. Қазақтар емес-ау, келімсек кезбелер мен туристер, облыстағы төрт қала, оның сыртында Германиясы, Голландиясы, мұхиттың арғы бетінен Америкасы бар ма-ау, қызыл көрген құзғындай қаптап жүр, Марқаның жағасынан қалашық та салып алыпты. Мұзарт барысы, таутеке, күдір, бұғы секілді қызыл кітапқа жазылған сирек аңдарды аюымен қоса бытырлатып қырып барады. Тек қасқырға ғана бостандық, бірақ аңшысы қасқырдан да қаскөй. Лицензия беретіндер тым жомарт, шенеуніктер тиым салған құжаттарды бір қолымен басып отырып, екінші қолымен долларды санап алатын сияқты. Аң байқұс өзалдына, дәрілік шөптердің тамырына дейін күйедей жалмап, аю сорлыға өт толтыратын түйнек қоймай топырақты қысыр қалдыратын түрі бар.

Шабанбай бос жатыр. Шекара да бос жатыр. Сонау Шындығатайдағы жетім застава болмаса, қылт еткен аттың құлағын, шошаң еткен мылтықты көрмейсің. Сақшыда доңғалақ жоқ. Доңғалақта пынзын жоқ. Елге кедейлік кірген соң сақшыдан да кетеу кеткен сияқты. Қарын тойғызудың қамы, күнкөрістің күйбеңі уайым болған соң ел шеті иен, шарбаққа қасынған қыршаңқыдай сүйкене-сүйкене қотанымызға сұғынып кеткен екі бірдей мемлекеттің жиегіне қысқара-қысқара құрыдымға айналған сақшыларды бүріксең жетер ме. Оның үстіне жерің тау болса, тауың ит мұрыны өтпейтін жыныс болса... Шіркін, баяғы заман қайда! Асу-асуда отряд, бұта-бұтаның түбі солдат, шыр еткен бала тұрмақ , пыр еткен торғайды да қағып түсіретін қызыл жағалы мергендерді айтам да. Өзімізді аңдығанда жолбарыстай едік, өзгеден сақтануға келгенде мысықтай болғанымыз өкінішті-ақ.

Шабанбай бос жатыр. Ел қызығы бір басқа. Жердің көркі бір басқа. Шабанбай көптен бергі жарасын жазып жатыр. Желден басқа сыбдыр жоқ. Судан басқа сылдыр жоқ. Тырс етпеген тыныштықтан Маралды Көл селт етпей қатып қалыпты. Шабанбай малынып тұр. Қарағайы қалғып, қайыңы жусап, шалғыны аяқтыға жол бермей жапырылып жатыр.

— Қой кеткелі Шабанбайдың көзі ашылды, — деді Дидахмет.

— Жердің көркі мал емес пе, тіске сыздық қалмаған соң оның несі жақсылық? — деп атқосшы жігіт шамырқанды.

— Суға балық шыға бастады, — деп ақталды Дидахмет.-Қойды каралинге тоғытады, қой бұлақты былғайды. Кезінде арық біткеннен аққайранды көйлекпен сүзіп, көнекпен тасушы едік, он жыл бойы он балық ұстап көрдің бе?

— Қойды кәзір инемен емдейтін болған, — деді Шаймерден. — Балықтың жоғалуына қой ғана кінәлі емес шығар, балық тұрмақ қарлығаштың қайтып келгеніне де екі-ақ жыл болды.

Үшеуінің де сөзі рас. Шығыс Қазақстан Республикадағы экология жөнінен ең бір құдай ұрған аймақ. Қай жерден түсті метал қазылса, жағаласып уран жүреді. Уран жүрген жерде радияция бар. Үш қаланың маңында көмілмей жатқан пәленбай жүз мың тонна рудалық қоқыстың өзі-ақ Алтайды тұншықтырып болды. Оның үстіне Қытай да іргеміздегі Лоб-Норда атом бомбасын күнде дүңкілдетіп балшыққа қи қосты. Кене деген жануарың бұрын да өріп жүретін еді, көршіміздің «арқасында» мутант пайда болып, енді шаға қалса кісі өлтіретін болды. Тау болған соң бұлт оралады. Орманды болған соң ылғал бар. Ылғал көлеңкеге шөккен радионуклидтерді жер де жұта алмайды, жел де қуа алмайды, тұнады да жатады. Жаңбыр мен қар, ертеңгі мен кешкі шық бұлаққа сорғымағанда қайда барады? Бұлақ өзен мен көлге құймағанда қайда барады? Қарлығаш кетсе, қауыпты сезгені. Қайтып келсе — қайырымен. Бірақ адам сорлы қарлығаш емес қой. Ал Қаратайдың адам екені рас болса, Төр Алтайынан өлсе кетпейді. Ауылда бір ай жатқанда екі жүз түтіннен бес адамға топырақ салдық. Бесеуі де рактан кетті. Бір айда шыр етіп бір сәби дүниеге келген жоқ. Бір ай деймін-ау, бір жылда келіп пе екен? Қаратайдың қатындары қалжа жегісі келмей қағынып жүр.

Қаратайдың ежелгі кәсібі мал еді. Қаратай мал бағуды білетін еді. Баяғыда Қаратайдың қарағайы мен қара малы таласып өскен. Қалың жылқыдан жер көшкен. Жеті ата жерге таласпаған. Жерден жауды ғана аластаған... Бүгінде бақшасына тауық түсіп кетсе де Алтайды басына көшіретіндер бар деседі. Кім біледі, көз көрсе де көңіл сенгісі келмейді-ақ...

Ақсу Маралды Көлден басталады. Маралды Көл қар суы мен жаңбырдан жиналған тастай суық тұщы көл. Аққайраңы Ақсуды бөгейді деуші еді. Бұл елге судағының бәрі аққайраң: форель де аққайраң, хайрус те аққайраң. Ақсудың аузында жалғыз «джип» тұр еді. Судан шыққан бүлдіршіндей екі сәби бізге қарай тұра жүгірді, аршыған жұмыртқадай аппақ жас келін жайраңдап қарсы алды. Маралды Көлді бір көріп қайтуға, кәусардай ауасынан бір сіміріп қайтуға келген серуеншіл жас отау екен. Ініміз қайықпен көл ортасында жүріпті. Менің құрдасым Дәулет қармағын оқталып, шай қайнағанша деп Ақсуға кетіп еді, шай қайнағанда қайтып келді. Ұстағаны өзінің шүметейіндей жалғыз шабақ, шабақ та емес-ау, кілегей. Әкесі Дидаш көлді көргеннен балық-балық деп таңдайы салқ-салқ ете қалып еді, қақтаса бір кілегей екеуін де қарқ қылатын болды. Әйтеуір сәтіне қарай келін шырақ майға бөккен сырбаз балықты астауымен алдымызға қоя салды.

— Құрдас, сенің анау кілегейің қазанға симай қалатын болды-ау, — деп едім.

— Байқараның Жарылғастан еншісі бөлінбеген, бәрібір мына астауды бірге тауысамыз, — деп Дидаш ұлын бір әзілден қорғап қалды. Сөз тапқанға қолқа жоқ.

Шабанбайдың бұлты кесек әрі тентек. Жарқырап тұрып жауа салады, шарқылдап тұрып төбеңді тескендей қылады. Күн бұзылайын деп тұр екен.

— Келін шырақ, тезірек қайтыңдар, жол нашар, жаңбыр жауса мынау қайқаңнан шыға алмай қаласыңдар, — деп ақыл қосқан болдық.

— Сен Өскелеңге тарт, ағайын келе жатыр, қамдансын, — деп Ниязбек атқосшы жігітті шақырып алып тапсырма берді.

Жел тұрмай шөптің жұпар исі аңқып, балқарағайдың шашақ бүрі ысқыра бастады. Маралды Көлдің беті жыбырлап, айдынын шыбын қытықтағандай тітіреніп жатыр екен. Аспанда бұлт болмаса да төбеде ерсілі-қарсылы қозғалыс бар, көк күмбезінің боз шатырын әлдебір құдіретті қол шайқап тұрғандай. Жәй жаңбыр емес, нажағайлы нөсердің белгісі. Әзірге көкжиектен көтерілмей жатса керек. Көкжиекті көлегейлеп тұрған көкшағыр таулар болса керек.

Алдымен қозғалатын бір тонна қаракер, қарнымен жол жиегіндегі бидайықты тербетіп барады. Қаракердің қарнын жер сыздырған үстіндегі жарты тонна Шаймерден.

Бұрын да малшылар Шабанбайға таласа көшіп келіп, аспанның реңі, шөптің нілі бұзыла топырлап ойға түсетін еді. Артында сары жұрттан басқа дым қалмайтұғын. Жайлау үңірейіп, тоналып, ит сүйреген тулақтай борша-борша боп құлазып қала беретін. Бүгінде қойнау-қойнауға ел қона бастапты. Селкем болса да әр қуыста селтиіп «избушка», кәрі қойдың тісіндей ырсиып шарбағы, түтіндеп моншасы тұр, бұрынғыдай жұла қашатын, қиратып әкететін совхоз дейтұғын «жаудың» мүлкі емес, әркімнің меншігі, әркімнің жылда келіп қонатын құт мекені. Көңілге тоқтық әкелетін осы. Заман тыныш болса мал да бітер, жан да өсер, жайлау тек малдың өрісі емес, жеті ай қыста көң-қоқырға қамалған ауыл жұртының жаз бойы сергіп қайтар , көңіл семіртіп қайтар «курорты» ғой. «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» дейтін сағыныштың орны толмаса да әйтеуір уақытша болса да малшы қауымға алданыш.

Өскелең ырымға болса да аты жақсы. Кім атаса да ниеті жақсы. Заты да жаман емес. Шабанбайдың төрінен ел іргесіне жақындап, белес-белес боп созылып жатқан кең жайлау. Қараорманды күзеткен қарақшыдай жан-жағыңнан қаумалаған қарағай артыңнан қалмай ереді де отырады. Сылдыраған бұлағы қалғып кеткен көңліңді бөледі де отырады. Осының бәрін кемерлеп, етек-жеңді тұйықтап сонау етекте Шорнауаның Шу өзені жатыр. Бұлтсызда Алтайдың күні шақар, әп-сәтте қарып түседі. Содан ба, биіктен қарасаң өзен біткеннің бәрі де жалтырап, аппақ сүт болып, кейде қатып қалған аппақ қар болып көз қарықтырады. Аттылыға өткел бермес Ақбұлқақ аспаннан сарқырама болып жауғанда, төбеден түсетін Аққаба айран болып жөңкілгенде, Ақсу Шабанбайды қақ жарып Бұқтырмаға жер тесіп жеткенде Алтай аққа мелдектеп жатқандай көрінеді. Алтайдың тұла бойы толған ақ, әр емшегі саулап тұрған сүт қой.

Алтайдың үні — сыбызғы. Сыбызғының үні — Алтай. Сыбызғыны мыңның біреуі ғана тартады. Көрінгенге ермек емес, қасиетінен қорқады, сонсоң да қорламайды. Күй атасын қусақ, онсегізінші ғасырда — Саймақ, онтоғызыншы ғасырда — Шерубай, жиырмасыншы ғасырдағы арқалының соңғысы Оразғали мен Шанақ ағамыз еді, олар да аруақтарға барып қосылды. Бүгінде Алтай сыбызғыны сағынып отыр. Қаратайдан қурай ұстайтын біреу шыға ма деп.

Сыбызғының үні — зар. Сыбызғының үнінде жерге деген сағыныш бар. Жер!.. Жер!.. Жер!.. Саймақтың «Сары өзені», «Айрауықтың ащы күйі», «Аққабаның толқыны», «Туған ел, қош-есен бол»... Әйтеуір жер аңсамай сыбызғының үні шықпайтындай, жер сағынбай күйшінің арқасы қозбайтындай...

... Шерубайдың жалғыз қарындасы ұлықсатсыз сүйгенімен арғы бетке қашып кетіпті. Өкпесі қара қазандай күйші қарындасын іздеп ат ізін салмай қойған екен. Ертеңгісін сауынға шыққан қарындасы биелер құлағын салып иімей қойғанда құлын ұстап тұрған күйеуіне:

— Ойбай, дайындал, ағам келе жатыр! — депті.

— Оны қайдан білдің?

— Биелер иімей қойды.

Жылқы желді күні сыбызғының үнін көш жерден естиді дейді. Барымташылар айсыз қараңғы түнде меңсіз қара ат мініп, жалғыз-жалғыздан шығып, бірін бірі сыбызғының үнімен табады екен... Ертеңгісін жинала бастаған құдалар Шерубайды ел орнына отыра күтіп алыпты.

Өскелеңді көргенде мен Дидахметтің «Жер аңсаған саратанын» есіме алдым. Бұл елге түйелі бай бітпеген. Бірақ түйе жарықтық өле-өлгенше туған жерін сағынатын көрінеді. Қырық бесінші жылы соғыс аяқталғанда сонау Берлиннен Маңғыстауды тауып келген саратан кезінде Адайдың да атамекені болған Алтайды іздемеді деймісің. Адайлар Бозашыға жеткенше жеті өзеннен өтіпті. Соның бірі Бұқтырма болса, екіншісі Ертіс шығар. Кім біледі, Дидаштың саратаны Маңғыстаудан қашты ма екен? Әйтеуір сыбызғының үні елін есіне салғаны рас. Әйтеуір Дидаштың Есболғаны туған жердің топырағына асыққаны рас. Арғы беттен асықты ма, әйтпесе жатта қалған Жазотырдан ба, әйтеуір жалғыз ұл мен жалғыз жардың зиратынан да атамекен қымбат екен... Есболған сыбызғының үнімен жарысқан... Алматыда жатып-ақ көрпемізді көкірегімізге тарта беріп атамекеннің амандығын тілейтініміз рас.

Әкім Тарази Алтайға қатарынан бірнеше жыл келіп қайтты. Ел бетін көре қалсам, азаматтардың алдымен Әкімнің амандығын сұрайтын әдеті. Кезекті бір сапарымызда:

— Тау саған таңсық емес, орман орыста да көп, бұл елдің адамынан не байқадың? — деп сұрадым.

— Қалың қазақ оңтүстікте дейміз, қазақылығы мол дейміз. Бұл елдің айырмасы — зиялы қауымның интеллектісі, әсіресе әдебиетке тісі бататын зеректігі басым екен, — деп бір қойды. — Бір аудан тұтас бір ру болғандықтан ба, бір-біріне деген ағайыншылығы қатты ұнады, — деді. — Әрі қарапайым, әрі қалтасына тыққан тасы жоқ.

Танымайтын көзге бәрі таңсық. Мүмкін солай шығар. Мүмкін аласы мен құласы Әкімнің көзіне түспей қалған шығар. Құдандалы жегжат болған соң ба, әлде дос-жаранды сол жақтан таңдаған соң ба, менің де ағайындарым Дулатияда жүрген сияқты болады да тұрады.

Өскелеңдегі ағайын ағаштан үй көтеріп үлгермепті. Басында шатыр, бауырында бала-шаға, алдында бір отар қой, екі үйір жылқы. Көңілі көлдей, көлеңкеге көлдей дастархан жайды. Жырғап отырып өтті-кеттіні жыр қылдық. Жаға жайлауда, есік көзінен басталатын шүйгіннің, шайыры аңқыған самырсынның иісінен-ақ кайф боп қасқарайтып тастаппыз. Қарағай басын жел шалмай, ошақтағы от та шалқымай дүние тырс етпей тынысы біте қалып еді...

Түн ортасында аспан шарқылдап жерге құлап, от ойнап, қара нөсер құйып берсін. Жасын жарқ еткенде қара жер қақ айрылғандай жамбасың дір ете қалады да жайлау дүркірей көшіп жөнеледі. Әйтеуір қой байқұс пыстай, екі-үш кебенек шатырға сүйкеніп, тығылатын пана таппай зар еңіреп еді, оған құлынның шұрқыраған шіңгірі, биенің үрейлі кісінесі қосылды да төңірек азан-қазан болды. Қара қосты қара тұтқан екі айғыр үйірлерін осы маңға айдап келсе керек, қысырдан қасқыр тартқан екі қулық бар екен, екі айғыр үйіріне қоспай бірі сатырлатып ары қуады, бірі бері қуып, дүрсілдеген тұяқ дүбірі біз түгілі Өскелеңге тыныштық бермеді. Қасқырдың тісі тиген тұяқтыны айғырдың үйірге қоспайтынын естігенім бірінші.

Түнгі сағат үште Дидаш пен Дәулет, Нияз бен Шаймерден тысқа шығып кетіп еді. Сеңсең тұлыптың астында бұйығып жатып ұйқтап қалыппын. Елең-алаңда оянсам жаңбыр әлі төгіп тұр, бірақ іңірдегідей емес, аспан тыныш, оты таусылып, ашуы басылған сияқты. Судан шыққан суырдай Дидашы мен Дәулеті, Ниязы мен Шаймердені де мен жатқан шатырды шырқ айналып дірдектеп жүр екен.

— Оу, жігіттер, не болды?

— Жамбасымыздан су жүріп кетті.

— Су жүргені несі?

— Мен осылай боларын білгем, — деді Дидахмет. — Білдім де бар текеметті сіздің астыңызға төсеп, төсекті өрге салып бергем.

— Білсең неге айтпадың? — деп Шаймерден дау шығарайын деді. — Кеше шатыр тігерде айнала мор қазып тастау керек еді... Жалғыз ағаңды ғана күйттегенше...

— Жайлауға жылына бір шыққанда жамбасынан су өтсе, бұтыңдағы жалғыз шалбарыңды шешіп беріп, елге жалаңбұт қайтар едің. Онанда маған рахмет де.

Рахметті Шаймерден айтпаса да «рахмет» менің ішімде қалды. Жылына бір дүркін атамекенді аралатып қайтатын інілерімнің барлығына Аллаға шүкір. Осының өзі-ақ ішімде жатқан ескі бір күйді түрте кетті...

... Нұрзағила әпкем күз жақындағанда мені соқыр торы биеге мінгізіп, жетектеп алып Шабанбайға тартатын. Балқарағайдың жаңғағын соғып, оны үгітіп, ұшырып, заготживсырьеге өткізіп, содан түскен тиын-тебенге көйлек-шалбар тігеді де мектепке шыт-жаңа киіндіріп жіберуші еді. Төртінші класта оқып жүрген кезім, шаруаға да жарап қалғанмын. Колхоздың пысылдақ өгізі мен жауыр тырақысынан босай қалсам, қасына ертіп алады да шөп шабады. Менің көз алдымда қалғаны: ыс басқан қара шәугімді мосыдан түсірмей, түс әлетінде иваншай қатқан қара шайды танауы тершіп сораптап кеп отырғаны, алып шыққан аздаған шайнаманы аузына салмастан менің алдыма итеріп қояды да анда-санда бір күрсініп, мен бұрын естімеген әңгімелерді айтып отырғаны. Тәтем ескіше хат таныған, әптиек пен құранды тауысқан. Соғыс кезінде майданнан келген хадимше жазылған хаттарды оқитын да жалғыз өзі еді. Маған айтатын әңгімелері діни тақырыптағы көне қиссалардың мазмұны болса керек. Соңғы рет Шабанбайға аттанарда апам:

— Биыл балқарағай қысырап қалыпты деседі ғой, бармай-ақ қойсаңдар қайтеді, — деп қарсы болды. — Күз де келіп қалды, бозқырауға қалсаңдар босқа тоңасыңдар.

— Әкесінің жайлаудағы жұртын көріп қайтсын, мен қартайған соң мұны кім апарар дейсің. — Тәтем болмастан ақыры мені алып жөнелді.

Каменканың тұсынан (кәзіргі Мойылды, бұрынғы казактардың поселкасы) судан атпен өтеміз деді. Осының алдында ғана Алтай аяқ-астынан шамырқанып, шарқ-шұрық нөсерлетіп берген. Бұқтырма құла тартып құтырып жатыр екен. Қайықшы екеу. Екеуінің қолында екі сүймен. Біздің Бұқтырма ескек дейтұғын мәдениетіңе көнбейді, қайықтың тұмсығы ілінсе болды, жұла жөнеледі де төңкеріп жібереді. Тәтем қайыққа отырды да мені атқа мінгізді. Көзін доғала басқан соқыр торы бие сушыл еді, бір аттап, екі аттап мимырттап келе жатқан, бір кезде жүзе жөнелгенде су белуарымнан асты. Зәре жоқ. Сасқанда тәтеме қараймын. Қайықты бірі тұмсығынан, бірі құйрығынан тірей итерген қайықшылар да ағыспен төмендеп кеткен екен, тәтем екі қолын ербеңдетіп маған бірдеме деген болады. Су сарылынан құлақ тұнып қалған, бие байқұс әлдебір дөңеске келіп тоқтады да кәдімгідей күрсініп салды. Ердің қасынан тас қылып ұстап отырмын, суға қарама деп тәтемнің айтқаны бар, екі көзім аспанда, сонда да басым айналып, көктегі қалықтаған бір қырғи құйындай шиыршық атып тура менің төбемнен түсетіндей. Не заматта торы бие тағы да малтып жөнелді. Әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда жағаға да іліндік-ау. Соқыр байқұсқа айтар сөз жоқ, бірақ ол маған өкпелі сияқты, түспейсің бе енді дегендей дүр сілкінгенде үстінен ұшып кете жаздадым. Сол кезде тәтем де жеткен екен, «мен саған не дедім?» деп айқайлап аттан жұлып алды. Мұнысы несі дегендей бетіне қарап едім, жылап тұр екен. Сөйтсем, үзеңгіні басып отыр, әйтпесе ағын ерді аударып жібереді депті, ал мен дүңгәна суға тиген сайын аяғымды көтере беріппін ғой. Жылап тұрған әпкемді көріп көз алдыма апам елестеді. Япырай, мен суға кетіп қалғанда тәтем ел бетін қалай көрер еді?..

Тырмысып Ақтомармен шығып келеміз. Жарбиып соқыр биенің үстінде жабысып отырмын. Бір жағым құз, бір жағым тау, етекке қарасаң есің шығады, биікке қарасаң теңселіп келе жатқан бие емес, тау тербетіліп тұрғандай жаның түршігеді. Тәтем таяқты беліне көлденең қыстырып алып алда келеді. Тұқырайып басын жерден алмағанына қарағанда әлі де жылап келе жатқан секілді еді. Тағы да шешем елестеді. Құлағымда: «Мына жалғыз өліп қалса, мені тірідей көміп кетіңдер!» деген сөзі. Енді бірде ақтүтек боранда Қырмызы тәтемнің: «Күләш, кет, кет! Андағы баланы өлтіріп аласың!» деген айқайын естігендей боламын. Япырау, мен соншалық қымбат болғаным ба? Бірақ мен өзімнің бағамды сезінгенім жоқ, шешем мен әпкелерімді аядым да қарағаннан қарап жылағым келді. Жыладым ба, жоқ па, білмеймін, әйтеуір осыларды босқа қинағанша өзімді шешем мен үш қыздың бодауына қиғым келіп еді. Дәл сол сәтте дүнияда маған осылардан қымбат ешкім жоқтай көрінген. Жалпы Қаратайда әке көрген бала кемде-кем. Жесір жеңге, жесір әпке, жесір шеше. Бәрі жесір. Бәрі жетім... Көзбен көрмеген соң ба, әкенің қадірі онша емес. Боқтаса қалса да әке байқұстан дым қалдырмайды. Әйел жұрағатына тіл тисе оққа қарсы шабуға бар. Әлдеқашан сүйегіне қына шығып кеткен әкемнің жайлаудағы жұртын көрсетемін деп тәтемнің жетелеп келе жатқан түрі мынау. Талдыбұлаққа жетіп бір қондық: мынау бие байлайтын жер еді, мынау үй тігетін орын болатын деді. Көкала Айғырға жетіп бір қондық: бұл жерде бір жұма отыратынбыз деді. Көкжота деді. Шашты деді. Таскүрке деді. Төр жайлауға жеттік деді. Бәрі де елсіз-күнсіз иен жұрт. Бәріне де бір-бір күннен түнедік. Бізді күтіп отырған ешкім жоқ. Айран таусылды. Торсықтың өңезін шайқап іштік. Дұрысы — маған ғана шайып берді. Арпаның қатып қалған соңғы бәтерін бір үзімнен бірнеше күнге созып, тұманың тастай суына жібітіп жегізді. Өзі балқарағай шағады. Шағады да дәнін жинап маған ұсынады. Сорым-ай десеңші. Осыншама азапты басына тілеп алып не жетті десеңші.

Төр жайлауға жеткен соң балқарағай соқтық. Қайта-қайта өрмелеп жүрмес үшін тәтем қатар тұрған екі самырсынды таңдайды да теңселтіп тұрып бірінен екіншісіне секіреді. Құлап кетесің деп мені ағаш басына шығармайды. « Төбеңді бүршік ойып кетеді, арман тұр, арман!» деп айқайлайды. Қар жаусын мейлі, жаңбыр жаусын мейлі, самырсын түбіне тамшы түспейді, салбыраған бұтақ итарқа қостан да рахат. Соған қарамастан тәтем от жағып, тоқым мен пішпекті менің жамбасыма төсеп, барын үстіме жауып, аяқ-басымды қымтайды да шоқ түсіп кетеді деп таң атқанша қасымда аңдып отырып балқарағай үгітеді. Шабанбайда аю көп, итқұс та бар, иен жайлауда үшеуімізден басқа тірі жанның жоқтығын сезе ме, соқыр торы бие көзі көрмесе де отқа емініп, мөлиіп кеп тұрғаны. Ертеңгісін үгіткен балқарағайды кептіріп, кебегін ұшырып қаптайды да жалғыз өзі атқа теңдегенде талдырмаш адамның зілдей мөшектерді қамыстай лақтырғанына таңқалатын едім. Қанша жүк артсаң да міз бақпайтын мес торы қайқаңдай бастағанда тәтем: «енді үйге қайтсақ та болады» дегенде қуанғаным соншалық, аттың алдына түсіп алып томпаңдадым-ау. Әпкемнің қырсықтығы, бір алған бетінен өліп кетсе де өмірі қайтпайтын. Таудың өрінен де шаршайсың, еңісінен де шаршайсың, қара саныңнан жан кетіп, сең соққандай салдырайды да қалады. Содан Шаштыға жеткенше бір минут аяқ суыттырған жоқ.

Әлде егерь, әлде обьездчик, жап-жас қатыны бар сақалы кауғадай, өзі еңгезердей бір шал жалғыз үй отыр екен. Ауласына жасқана кіріп едік, «ой апай, қайдан жүрсіздер?» деп қазақтың екі бірдей жігіті жұрағатын көргендей шұрқырай амандасты. Кермеде тықыршып екі жарау ат байлаулы тұр. «Званый гость к обеду» деп орыс та болса қауға сақал қатыны екеуі де қабақ шытпай қарсы алды. Соған қарағанда екі жігіт билігі бар адамдар болса керек. Бұғы атып әкелген екен, терісін жайып, етін жел қақтырып қойыпты. Расында «царский обедтің» үстінен түсіппіз. Дастархан көкөніс, қақтаған төстіктен майысып тұр еді, оның үстіне буын бұрқыратып бұғының жас етін алып келді. Балсырасы және бар. Сырасын қайтейін, жүз жыл қызыл көрмегендей табаққа сұғындым да кеттім.

Күн қайтты. Біз де қайтатын болдық.

— Апай, күн бұзылайын деп тұр, түнге қарай жаңбыр жауса, Шабанбайда қарағай біткенге жай түседі, қона кетіңдер, — деп екі жігіт жігі-жапар болды. Көне қоятын тәтем бе:

— Қаршадайымнан Шабанбайдың қарағайын санап өскенмін, жаңбыр жауса еріп кетпеспіз, — деп қырсықты да қалды.

Бұлт ілінсе жылдың төрт мезгілінде де Шабанбайда күн күркіреп, аспан жарқылдап жөнелетін әдеті. Оған таңқалып таңдай қағатын ешкім жоқ. Тауды тіреп тұрған тас емес, шөгіп жатқан кенді метал еріксіз жай тартады дегенді бүгін ғана естіп жүрміз. Терістен тулақтай бұлт шығып еді, қас қағымда төбеміз алай-түлей болды да кетті. Желмен қосыла желігіп ұрған қиғаш нөсер дүниені тіліп түсіп, жер-көкті күңірентіп жіберді. Аспан жарқ еткенде тығылатын тесік таппай, шарқ еткенде милығыңнан балғамен ұрғандай шөкелеп отыра кетесің.

— Таста тізгінді, аттан аулақ кет! — деп бір жақтан тәтем айқайлайды.

Өзім қайда қашарымды білмей алақтап жүргенімде:

— Қарағайға жолама, самырсынға тығыл! — деп тағы айқай салады.

Шаштының қарағайынан ит тұмсығы өтпейді, оның қайсысы қарағай, самырсыны қайсы екенін сайтан біліп пе, ана ағашты бір құшақтап, мына ағашқа бір жармасып қу жанымды қоярға қоныс таппай жүгіргенімде арт жағымнан шап беріп ұстап алды да бетімді көкірегіне басып, басыма күпәйкесін жаба салды да жүрелеп отыра кетті. Тау көшіп, төбе жортқандай Шабанбай астаң-кестең. Шабанбай дүркіреп көшіп жатыр. Жер де, көк те мөңкіп жатыр. Дүниенің жарқылы сырмалы күпәйкені тесіп түсіп, жанарыңды кесіп түскендей. Жарқ еткен сайын: «бисмиллаһи, бисмиллаһи» деген тәтемнің күбірін ғана естимін. Осы бір «бисмиллаһи» жанымызды сақтап қалатындай ішімнен, айта түссе екен деп тәтеме тығыла түсем. Бір кезде күрс-күрс мылтық атылды. Аспанның шарқылынан мылтықтың тарсылы үрейлі екен, есімізді тез жиып атып-атып тұрдық. Сол тарсылдан дір еткен орман тым-тырс тұна қалды да нөсердің құйрығы собалаңдап қашып барады екен. Жел шайқаған шырақтың жапырағындай жалп-жалп бір өшіп, бір жанған айдың жарты күлшесі түйдек-түйдек қара бұлттарды тілгілеп батысқа қарай безектеп жөнелді. Ту сыртымнан әлдене күрсінгенде аю кеп қалды ма деп зәрем ұшып еді, қараңғыны тесіп шыққан соқыр торының басы екен, ес болар жанашырды иісінен іздеп табатын жануар барқыт танауын жыбырлатып қолымнан түртті.

Кіші-кірім өзенге айналған жалғыз аяқ сүрлеуде тиянақ жоқ, аяғыңды шалыс бассаң жалп етіп ұшып түсесің, «тәңір бір жауса, терек екі жауады», жағасындағы ағаш біткен тиіп кетсең желкеңнен тамшы сорғалатып, самырсынның инедей бүрі бетіңді осқылап қарадай шапалақ жейсің. Алдыңғы жақтан тәтемнің нобайын көрем, анда-санда:

— Келе жатырмысың? — деп қояды.

— Келе жатырмын ғой.

Келе жатырмын. Өздігіңнен жол таппаған соң осының өзі де амалсыздық, дұрысы дәрменсіздік шығар. Соқырға таяқ ұстатқандай алдыңда жетектейтін жанашырың болса салпақтап ере бермегенде қайтесің. Өз басым жетекке көп ердім. Алдымен апам, одан соң апайларым Нұрзағила, Зағи, Қырмызы, одан соң бір әкеден тумаса да туғандай болған ағайындарым, жетектеп жүріп қаршадайымнан ел танытты, жер танытты, қылаяғы еңбекке де жетектеп қосты: атқа мінгізіп, аяғымды үзеңгіге салды, қолыма шалғы ұстатты, айыр ұстатты, балта ұстатты, мүмкін қалам ұстатқан да осылар шығар... Студенттік кезімде соңғы торпағын сатса да Зағи мен Қырмызы тәтем ай сайын ақша жіберіп тұрды. Жетектің жібін енді үздім-ау деген кезімде үшеуі бірдей: енді биік астауға иегіңді жеткізіп ал, біз міндетімізден құтылдық, байдың қызығын көрмеген, бақыттың не екенін сезбеген біздерге енді түктің де керегі жоқ деп үстеріне менен суыртпақ жіп ілмей кетті. Тек бар сұрағандары, Зағи қайтыс болғанда: құлыным, біз өлгенде де келіп топырақ салып кет десіп қырық градустық аязда баспалдақ үстінде қалтырасып қала берді. ...Балғын ауылындағы әкемнің жалғыз қарындасы Нұрбала тәтеме бармағалы көп болып еді. Әуелі күңкілдеп ұрысқан болды да жетектеп алып жөнелді. Ертеңгісін шыққаннан күн байығанша ауылдың әр түтінін адақтатып, өлген-жіткендерге түгелдей құран оқып, үйге келгенде:

— Осы мен өлетін шығармын, шаршап қалдым, — деді.

— Нешеге келдің?

— Сексенге.

— Сексен беске жеткенше өлмейсің.

— Ендеше соған дейін жүре тұрайын, тек сен мен өлгенде топырақ салып кетесің.

Ет-женді, жүзіне әжім де қонбаған кемпірлердің көріктісі еді, тура сексен беске толғанда: апайың қайтыс болды деген телеграмма алдым. Келдім. Топырақ салдым. Не болды деп сұрадым. Келіні мұғалім болатын, күліп отырып айтқаны:

«Мектепке жиналып жатыр едім, балаларға сорпа жасап беремін деп қаздың жүнін жұлып отырған, есік көзінен тоқтатып алып: мен бүгін өлетін шығармын, Қалиханға телеграмма беріңдер деді. Әзілі таусылмаған жан еді, мен де қылжақтап: алдымен өліп алсаңшы дедім. Саусақтарымнан жан кетіп қалды, көрдің бе деп қолын жайды, бетінде уайым да жоқ, құдды мені суға жұмсағандай жайбарахат қала берген. Жарты сағат өтпей, апам ауыр жатыр деп балалардың бірі жүгіріп жеткені. Есіктен кіре бергенім сол еді, оң жаққа төсегін салып жатып қалған екен: делегрәм бердің бе деді. Сасқанымнан, бердім деп едім, сол бойда жүрді де кетті.»

Шыбынсыз қоңыр күз еді. Ертеңгісін тұрсақ тізеден қар, аспан шұп-шұбар, қапалақтатып тұр. Адыра қалғыр «перестройканың» кезі. Көлік жоқ, бар көлікте пынзын жоқ. Қырмызы тәтем екеуміз алты шақырымдық Нарынға жаяу тарттық. Былай шыға бере тәтем артына бұрылып, шұбар шымылдыққа тесіліп тұрды да:

— Өлгеніңе!.. Осы біздің тұқым атаулы боранды күні өлетін әдеті! — деді. Деді де мені жетелеп жөнелді. Боранды күні өлген кім еді?.. Әкем боранды күні өліпті. Шешем өлгенде саңылаусыз нөсер еді. Зағи боранды күні өлді... Өзі де боранды күні өліп, Алматыдан Алтайға ат аяғы жетпей топырақ сала алмай қалдым.

... Шыбынсыз жаз еді. Біздің тұқымнан біреу өлетін мезгіл емес. Қаратайдың қатындары саталап тастаған «Көкшолақтың» салонын тырмалап жатқанмын. Әрине, саталайтын Қаратайдың сиырлары, соны балшылдатып басып келіп сылап кететін қарындастарым мен келіндерім. «Көкшолақты» көрсе болды, көрші ауылда абысыны толғатып жатқандай жабыса кететіндері бар. Қарға адым аттаса ақша сұрайтын ағайындардан бүгінде қайырым жоқ. Асығыстан кебісін теріс киіп жиен қарындасым келді де:

— Сені әлгі Нұрзағила тәтең тезірек келіп кетсін депті — деді ентігіп.

— Барып қайтқаныма екі-ақ күн, не боп қапты?

— Қайдан білейін, сенен басқа ол үйге ешкім бас сұға алмайды, Асқар Астанада деген, көп болса жалғыз өзі шайын іше алмай отырған шығар.

Қасымда Қанымбек, алпыс шақырымдық Ақсуға «Көкшолақтың» өкпесін ырқылдатып жетіп барғанбыз. Расында шайы бұрқылдап қайнап тұр екен. Дастархан жаймай әңгіме бастамайтын әдеті. Алдымызға мүжілмеген жамбастың мырза басын қоя салды да тоңазытқыштан «Парламентті» суырып алды.

— Біз ішпейтін едік.

— Оны мен сендерден сұрамаймын, — деп екі рюмканы мөлдіретіп тоса қойды. — Түс көрдім, сақалы аппақ қудай бір шал келді де, мені танимысың деді. Шырамытып тұрмын, бірақ атыңызды ұмытып қалыппын деп едім, ендеше саған менің жасымды берсін деп бата берген менмін, уақытың таяп қалды, дайындала бер деді. Біздің шалдар тоқсан үште, тоқсанның жетісіне келмей өлмейтін қырсықтығы бар еді, мен биыл тоқсанның үшіндемін, тоқсан жетіге дейін сүйреп жүре ме деп қорқып отырмын.

— Бүгін бойжеткендей несіне асықтың, тоқсанның жетісіне жеткенше күте тұр.

— Қашан болса да мені әке-шешеміздің қасына апарып қой.

— Әке-шешеміздің жатқан зираты ескіріп кеткен, бір кезде басын қайта көтерейін дегенде, «өзің жалғызсың, ескі моланы жаңартпа» деп болмаған сен едің ғой. Әрі ойлау жер, қыс түсе қызыл су басып кетеді.

Әпкем ойланып қалды. Бетіме ұзақ қадалып отырды да:

— Онда екі ауылдың ортасында, Катоннан шығаберісте жатайын, — деді, құдды өлетініне өкінбейтіндей. — Ең болмаса ары өткен, бері өткенде бір аят құраныңды оқи саларсың.

«Ескім ұстады» деп анда-санда жатып қалатыны болмаса өмірі ауырмаған жан еді, отбасының тұңғышы болғандықтан әжесі Әзине мен атасы Рақыштың бауырында тәрбиеленіп, ер балаша киініп, ат құлағында ойнаған, өзінің еркімен ғана жүріп, өзгенің тілін алмаған бірбеткей, кішіні мүсіркемей, үлкеннің алдын кесіп өтпеген тік мінезімен тоқсан жеті жыл ғұмыр кешті. Кезінде байдың қыздары байға тию үшін де «селсебеттің» рұхсатын алады екен, соған да шапағат салмай, Айтқұл жездеммен қол ұстасып кете берген, содан қалған жалғыз ұл Асқардың қас-қабағына қарағаны болмаса, совет өкіметінің тәртібін де мойындамай, бақиға да қиналмай аттанды. Дүниеден өтер алдында:

— Мен де ақымақ болдым, сен де ақымақ болдың! — деді маған. — Сен білмейтін көп нәрсе бар еді, мен кейін айтармын деп жүрдім де, сен салақтық жасадың, енді міне сөйлеуге шама да жоқ.

Ол бала күнінен естігені мен көз алдынан өткенді жаттап алған зерек жан еді. Тілі жаңа шыққан сәбиден әкесінің атын білсе, жеті атасына дейін санап беретін. Менің ынжықтығымнан соның бәрін ол қара жерге ала кетті... Ол өлемін-ау деп өкінбесе де, оның өлгеніне мен өкініп жүрмін...

... Тоқсан жеті демекші...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама