- 17 ақп. 2020 00:00
- 260
Асхат Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының айлығын арттыру жолдарын атады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жоғары оқу орындарының оқытушыларының айлығын арттыру жолдарын атады.
Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында баяндама жасаған вице-министр Мирас Дәуленов қазіргі уақытта 30 ЖОО-да оқытушылардың айлығы 30 пайызға көтерілгенін жеткізді. Десе де олардың орташа жалақысы төмен күйде қалып отыр.
«Мектеп мұғалімдерінің айлығынан ЖОО оқытушылардың жалақысы аз. Осыған байланысты ЖОО оқытушылары мектепке кетіп жатыр. Мұндай тенденцияның күшейіп бара жатқанын да байқауға болады. Сол себепті мемлекеттік ЖОО-ларда гранттардың санын арттыру көзделуде», - деді ол.
Бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы ЖОО оқытушыларының жалақысы өте төмен болып тұрғанын жеткізді.
«Мемлекеттік білім беру және ғылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде биыл гранттардың құны бірнеше есе өседі. Бұл қандай нәтиже береді? Біріншіден, біздің оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Ғылым саласында да қаржыландыру бірнеше есе өсіп жатыр. Сондықтан осы өзгерістің бәрі өзінің септігін тигізуі тиіс. Жалақы мәселесі бойынша тиісті жұмыс жүргізу керек. Біріншіден біздің университеттер (мемлекеттік университеттер бойынша) тиімсіз шығындарды қайта қарауы тиіс. Әртүрлі тиімсіз форумдарды, шараларды қысқарту керек. Президент қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берген болатын. Ол тек министрліктің аппаратына қатысты емес, ол квазимемлекеттік мекемелерге де қатысты мәселе», - деді министр.