Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 21 нау. 2026 00:30
- 26
«Атымды Бауыржан Момышұлы қойған»: Конституция есімді ақсақалдың тарихы
Қазақстанның тәуелсіздік тарихымен аттас есім иесі бар екенін білесіз бе? Конституция Нартбаева есімді ақсақалдың тағдырына қатысты қызықты оқиғаны бізбен бөлісті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституция Нартбаева 1958 жылы Түркістан облысының Жетісай қаласында дүниеге келген. Оның ерекше есіміне қатысты тарихы тыңдаушыны таң қалдырады. Зейнеткердің айтуынша, оның атын Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы қойған.
Есімнің тарихы
Конституция Нартбаеваның анасы оған дейін бірнеше сәбиін жоғалтқан екен. Әкесі Орын Сұлтанбеков ауылдың сыйлы азаматы болған. 5 желтоқсанда Конституция дүниеге келгенде, үйге Бауыржан Момышұлы келіпті. Сәбидің қыз екенін естігенде, қаһарман «Атын мен қояйын» деп, ерекше есім берген көрінеді.
Конституцияның отбасында өзінен үлкен Базарбек есімді ағасы және кейін туған сіңлісі болған.
«Атымды ауыстырғым келді»
Өз есіміне Конституция Нартбаева әр жерде таңданыспен қарайтынын айтады. Жас кезінде атын ауыстыру туралы ойлағанымен, кейін бұл ойынан бас тартқан.
«Құрбыларым мені Катя, Катюша деп атайтын. Банкке немесе басқа жерлерге барғанда, есімімді естігендер таңғалыспен қарайтын. Кішкентай кезімде «неге бұлай қойдыңдар?» деп, атымды өзгерткім келетін. Бірақ кейін азан шақырып қойылған есімді өзгертудің қажеті жоқ деген шешімге келдім. Міне, осы есіммен 68 жыл өмір сүрдім», – дейді Конституция Нартбаева.
Конституция Нартбаеваның екі ұлы бар. 40 жыл медицина саласында қызмет еткен ол, қазір немерелерінің ортасында Астана мен Тараз қалаларының арасында тұрып жатыр.