tengrinews.kz
- 08 нау. 2026 05:00
- 26
БАӘ Президенті: Біз соғыс жағдайындамыз
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Иранның шабуылдарына байланысты соғыс жағдайында, бірақ бұл жағдайдан бұрынғыдан да күшті шығатыны айтылды. Бұл туралы ел президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері алғашқы рет көпшілік алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шейх ел қарулы күштеріне «осы соғыс кезіндегі» рөлі үшін алғыс айтып, күш құрылымдарын «елге қызмет еткені үшін» мақтады. Сондай-ақ, БАӘ-дегі шетелдік тұрғындардың үлесін жоғары бағалады.
«Біз соғыс жағдайындамыз және мен оларға өз міндетімізді орындайтынымызды уәде етемін. Бұл жағдай бізге таңылды және біз өзімізді, отбасымызды және елімізді қорғау үшін әрекет етеміз», - деп атап өтті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян.
Саясаткер Тегеранның шабуылдары салдарынан зардап шеккен бес адамды, соның ішінде екі БАӘ азаматын, бір-бірден Үндістан, Судан және Иран азаматтарын аралап, жараланғандардың «біздің жауапкершілігіміз» екеніне сенім білдірді.
«БАӘ – тартымды, әдемі және үлгілі ел, бірақ алданып қалмаңыздар. БАӘ-нің терісі қалың және еті ащы – бізді жұта алмайды. Біз оңай олжа емеспіз», - деп атап өтті президент.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операция бастады. Өз аумағына жасалған соққыларға Тегеран Вашингтонның Таяу Шығыстағы одақтас елдеріндегі американдық нысандарға шабуыл жасау арқылы жауап берді.
Шабуылдарға ұшыраған елдердің қатарында БАӘ де болды. Соққылар әскери инфрақұрылымға бағытталғанымен, азаматтық нысандар да зардап шеккен. Мәселен, Дубайдағы «Бурдж-әл-Араб» қоналүйіне соққылар туралы хабарланып, «Бурдж-Халифа» зәулім ғимаратына ирандық дрондар ұшып келіп, Палм-Джумейра ауданына құлаған.
7 наурыз күні таңғы уақытта Иран Әскери-теңіз күштері БАӘ мен Кувейттегі американдық нысандарға дрондармен жаппай шабуыл жасады. Бұл Әбу-Дабидегі Әл-Минхад базасы мен Кувейттегі Әл-Адири лагеріне қатысты. Дубайда әуежай да шабуылға ұшырады.